Сенбі, 27 Сәуір 2024
Араша 1987 3 пікір 17 Қаңтар, 2023 сағат 14:04

Жетісудағы жер дауы: Ақсақалдар зар еңіреп жүр

Жетісу облысының Матай ауылында жер дауы көтерілді. Даудың арты сотқа жеткен. 16 қаңтарда облыстық соттың судьясы Гүлнар Бектұрғанованың төрағалығымен сот отырысы өтті.

Сот отырысына тек жауапкер тарап келген, ал шағымданушылар онлайн режимде қатысты. Байланыс қайта-қайта үзіліп, сот процесіне кедергі келтірді. Жиналған қауым көпшіліктің қазақ тілді азаматтар екенін айтып, соттың қазақша өтуін талап етті. Бірақ судьяның айтуынша, арызданушы тараптың адвокаты шағымын орысша берген, сондықтан процесс орыс тілінде өтті.

Жуанның жұдырығы жүйкемізді жұқартты

Өткен жылдың желтоқсан айының басында ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындарға арналып, Матайда ауылында жер конкурсы өткізілген. Конкурс нәтижесінде қолында малы бар азаматтардың әрқайсысы 500-600 гектардың айналасында жер учаскесіне ие болады. 2016 жылғы Жер кодексінің жекелеген нормаларына жарияланған мораторийдан кейін бірінші рет өткен бұл конкурста қарапайым ауыл тұрғындары өз үлестерін алып, мәз-мейрам болып тарқасады. Алайда, жер астынан жік шықты дегендей, ауылдың 20 шақты азаматы шала бүлініп, «конкурсты заңсыз өтті» деп сотқа шағымданған. Содан бері ауылдың берекесі қашты. Жағалай орналасқан көрші-қолаң, ағайын-туыс бір-біріне алакөзденіп, екіге жарылып отыр.

Ақсу ауданының әкімдігі берген ақпаратқа сәйкес, 2022 жылы ауданда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге 7 конкурс өткізілген.  Егінсу, Суықсай, Қапал, Қаракөз, Қызылағаш, Қарасу ауылдық округтері бойынша жалпы 197 жер учаскесі конкурсқа шығарылды. Көлемі 27 128 гектарды құрайды. Оның ішінде 462 гектар суармалы егістік, 1318 гектар тәлім егістік, 54 гектар шабындық, 25 294 гектар жайылым жер.

«Матай ауылдық округі бойынша 69 лот шығарылған. Тұрғындар тарапынан түскен шағымға байланысты қазіргі уақытта сот процесі өтіп жатыр. Сот шешімі негізінде жұмыстар атқарылмақ», - делінген хабарламада.

«Тойымсыз. Қанағатсыз. Пойызды тоқтатамыз»: Жетісу облысында бүтін бір ауыл бұрынғы полиция қызметкеріне бола сот табалдырығын тоздырып жүр

Ауыл тұрғындарының айтуынша, осы дауды ұйымдастырып отырған – бұрынғы құқық қорғау органының қызметкері Марат Өмірбек деген адам. Ол заңды өткен жер конкурсына қанағаттанбай, өзінің мал шаруашылығымен айналыспайтын 20 шақты туыс-туғанының атынан арыз-шағым бергізген. «Оның мақсаты – өзіне тағы қосымша жер алу», - дейді тұрғындар. Сотқа Матай ауылының ақсақалдар алқасы бастаған, конкурс бойынша жерге ие болған азаматтар келіп, қатысты.

Толғанбек Мұсағұлов, 70 жаста:

– Конкурс өткен соң, нәтижесіне қанағаттанбаған Марат деген жігіт арыз жазып, ауылдағы ағайынды бір-бірімен өштестіріп, ру-руға бөліп, араға жік салды. Ол жігіттің істеп отырғаны дұрыс емес. Арыз жазушы 20 шақты адамның бәрі өз туысқаны. Солардың атынан өзі жер алғысы келіп отыр. Оның онсыз да 5,5 мың гектар жері бар. Біз мұны жақсы білеміз. Ал қалған ауыл тұрғындарының әрқайсына 500 гектардың көлемінде жер тиіп отыр. Конкурс әділ өтті. Мыңдаған гектар жері бар адам адалынан алып отырған азаматтардың жеріне таласып отыр.

Жеті адам ұялып, арызын қайтарған еді. «Біз жер алуға қатыспаймыз, біздің құжатымызды алып, атымыздан арыз жазып жіберген, біз мұны білмедік», - деді. Бірақ сөздерінен тағы айнып отыр.

Сотқа жүгінгендердің жетеуі арыз-шағымын қайтарып алған, бірақ бүгінде олардың екеуінен басқасы арыздарын алмайтын болып шешкен. «Оларға қысым көрсеткен сияқты» деп болжайды Матай ауылының тұрғындары.

Ақсақалдар әділдік іздеп жүр

Қыдырмолда Еспенбетов, 80 жаста:

– Алтыншы желтоқсанда жер бөлу мәселесі бойынша аудан орталығында конкурс өтті. Сонда біздің ауылдың басым бөлігі жерге ие болды. Оның көпшілігі мал шаруашылығымен айналыса бастаған жастар. Кейінгі кезде сиыр, жылқы сатып алды. Конкурс нәтижесіне кейбір азаматтар қарсы шығып отыр. Конкурс болған соң жеңіс те, жеңіліс те болады. Біз осы жерге конкурста жеңген азаматтарды қолдауға келіп отырмыз. Мәслихат тағайындаған комиссияның шешімін өз күшінде қалдырса екен деген талабымыз бар.

Егер мәселе шешімін таппаса, қолымыздан келетін барлық мүмкіндікті пайдаланамыз, керек болса Президент әкімшілігіне де барамыз.

- Жер комиссиясының 69 лот бойынша өткізген конкурсы 97 пайызға орындалып, қарапайым адамдар жеңімпаз атанған. Бір адамың кесірінен жастар екіге бөлініп жатыр. Осыларды сабырға шақырып тоқтатумен жүрміз. Жеңімпаз атанғандардың бәрі де Матай ауылының өсіп-өркендеуін қалайды. Матайда бізде шабындық жоқ, егіндік жоқ, бір темір жолмен осы мал шаруашылығы ғана. Темір жолдың көп салалары қысқарып та жатыр. Сондықтан мына жастарымыздың көбі мал шаруашылығына ауысып жатыр. Қызылқұмды жерде тұрамыз. Суармалы жер де жоқ.

Конкурсты даулап жүрген Өмірбек Сембекұлы деген жігіт. Оның жері де, малы да бар. Тіпті, малды бордақылау үшін бұрынғы әскери бөлімшені де өзіне алып алған. Осының бәрін қанағат тұтпай тұр бұл бала. Жастарды сабырға шақырмасақ Матай екіге бөлініп тұрмыз. Енді бір-бірінің қанын ішіп, сүйектерін мүжитін шаққа жетіп отыр. Сондықтан да, біз ақсақалдар балаларларды сабырға шақырып шапқылып жүрміз. Егер осы соттың шешімі әділ шықпаса, онда жоғары жаққа шағымданамыз. Өмірбек Сембекұлы деген жігіт бұрынғы полиция қызметкері Ол жастарға қазірдің өзінде сот біткеннен кейін де аяқтарыңнан шалып, күн көрсетпейміз деп қоқан-лоққы көрсетіп отыр. Ол тіпті 7 жылдан бері Матай ауылының әкімі болып отырған жас балаға да көрсетпеген қорлығы жоқ. Түрлі-түрлі «подстава» шантаж жасап келеді. Өйткені әкім ауыл үшін жанын беріп конкурсқа кіріскен. Ол жігіт көп жерге иелік ету үшін 20 адамның куәлігін өзі алып алып, арыз түсірген. Заңсыз. Олар қорқып үндемеген еді. Енді ішіндегі 7 адам жерге қатысуға өздерінің өтініш бермегенерін айтып, қайта қарсы арыз жазды. Сот арасында онлайн өтеді. Бәрің бір кабиентте отырыңдар дейді. Ал қарсы тараптың адвокаты орыс. Оның арызына бола бүтін бір ауыл сотта орысша сөйлеуіміз керек пе? Қорлық қой. Өздері онлайнда, аударамасы да естілмейді. Ал мына жақтан 69 қазақ отырмыз қатысып, осы енді заңды ма?, - деді Ақсу ауданы Матай стансасының тұрғыны Дария Доспаева.

Оның айтуынша, соттасып отырған бұрынғы полиция қызметкері ауыл әкіміне, конкурспен жер алған азаматтарға қоқан-лоқы көрсеткен.

Адвокат Азамат Сіләмов: «Іске прокурардың қатысуын сұраймыз», - дейді. Жер комиссиясының құрамы осы уақытқа дейін өзгермеген.

– Аудан бойынша өткен 7 конкурс заңды да, Матайда өткен 8-ші конкурс заңсыз болмақ па? Біз олай ойламаймыз. Конкурстың өту барысы бейнетаспаға жазылды, ашық өтті. Жер комиссиясы қаулы шығарып қойды. Сол қаулыны заңды күшінде қалдыруын сұраймыз, - дейді құқық қорғаушы.

Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов бәрі сот шешіміне байланысты екенін айтады.

– Сот жер комиссиясының шешімін не бұзады, не қалдырады. Сол кезде барып, қол қоя аламын, - дейді ол.

Сот процесі аяқталған жоқ. Келесі сот отырысы ақпан айының 3-іне қалдырылды.

Abai.kz

3 пікір