Сенбі, 27 Сәуір 2024
Өзгелер 2242 6 пікір 11 Қаңтар, 2023 сағат 12:44

Америкадағы алауыздық

Парламентке атпен шауып кірген қырғыз ағайындардың ереуіліне күліп жүргенімізде 2020 жылы 6 қаңтарда демократияның бесігі саналатын Америкада президент сайлауының дауыс нәтижесіне наразы болған Трамптың жақтастары Конгрес залына басып кіріп, арты адам өлімімен аяқталғаны белгілі.

Алдыңғы аптада президент Байден сол оқиғаның екі жылдығына орай дүрбелеңнің алдын алуға ат салысқан сақшылар мен Конгресмендерді екінші дәрежелі отан қорғау өрденімен марапаттады. Салтанатты жиында ол: «2021 жылы қаңтардың екісінде үлкен жетілік елдерінің басшыларымен кездестім. Әріптестеріме: «Біз оралдық», - дедім. Сонда олардың не айтқанын білесіңдер ме?! «Қанша уақытқа?!», - деп күлді...», - деді. Дүрбелеңде қайтыс болған күзет қызметкері Brian Sichunichтың ата-анасына президенттің құрметті азамат сыйлығын өз қолымен табыстады. Олар өз кезегінде одан бір күн бұрын дүрбелеңге Трампты айыптап сотқа бергенін, баласының құны үшін одан 10 миллион доллар төлем талап еткенін жеткізді.

Бұл кезде қарашада өткен орта мерзімдік сайлауда Конгрессте сәл ғана басым орынға ие болған республикашылдар партиясы төрт күн қатарынан төраға сайлай алмай, айдай болып жатыр еді. Өкілдер палатасының төрайымы болып келген Нанси Пелосидың өкілеті үшінші қаңтарда аяқталған. Қаны қызу Трамп өзінің жеке ресурсында: «Нанси тыныш ауылыңа қайт!» деп жазба жариялады. Трамп президент болып тұрғанда, оның Конгрессте жасаған қызметтік баяндамасын Нансидың екіге айырып жыртып тастағаны жүртқа мәлім. Өткен жылы тамызда Қытайдың қатаң қарсылығын елемей Тайуанға барған Нансиды мұқату Трампқа жеңіл болғанымен өзара араз партияластарын ауыз бірлікке шақыру қиынға түсті.

Конгресстегі демократиялық партия өкілінің барлығы республикашыл Кевин Маккартиды өкілдер палатасын басқаруға лайық деп тапса, оның 20 партияласы оның орнына басқа кандидант ұсынуды талап етіп, кері тартып тұрып алды. Журналистер Кевиннің сайлануына қарсылық көрсеткен респубикашылдардың телефонына Трамптың дамылсыз қоңырау шалумен болғанын  жеткізді. 15 реткі дауыс беруден кейін барып, Кевин өкілдер палатасының төрағасы болып сайланды. Трамп та терең тыныс алды. АҚШ Конгрессінде соңғы жүз жылда мұндай оқиға алғаш болып отыр екен.

Америкалықтардың ішінде оңшылдар мен солшылдардың текетіресі, ақ нәсілділер мен қара нәсілділердің араздығы бар екенін білеміз. Енді міне, партиялардың да өз ішіндегі алауыздығына куә болып отырмыз. Әлеуметтік желі пайда болғалы бері Америкада ғана емес Еуропада да демократияның ұсақталып, ұшқары пікір ұстанатын саясаткерлердің асығы алшысынан түсіп, сайлауда жеңіске жетіп отырғанына көз үйренді.

Сөз бостандығын басты құндылық санайтын Америкада пірік білдіру еркіндігі сақталғанымен төртінші билікті (Бұқаралық ақпарат құралдарын) алпауыт ғаламтор компаниялары уысында ұстап отыр екен. Қоғамдық пікір ауанын солар кімге ыңғайласа, мейлі саясаткер, мейлі басқа саланың адамы бол, олардың батасына кім ие болса ел алдында сүйкімді болады екен. Илон Маск: «Елдің түсіне кірмейтін қыруар ақшаға Твиттерді сатып алудағы мақсатым осы үрдісті өзгерту», - дейді. Оның мәңгілікке бұғатталған Трамптың тивттер аккаунтын қайта қалпына келтіруі – оңшыл, солшыл көзқарастырдың ешбіріне басымдық бермей, тепе-теңдікте ұстау қадамының басы екен. АҚШ-тың келесі жылғы президент сайлауы тіпті де қызық болайын деп тұр.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

6 пікір