Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2353 3 пікір 27 Желтоқсан, 2022 сағат 14:38

Заңгер: Орал қаласы әкімдігінің әпербақандығы мыңдаған адамды көшеге шығармақ!

Бүгін «Кублей» зауыты мен Орал қаласы әкімдігінің арасындағы сот процесі қайта жалғасты.  Бұған дейін мәлім болғандай, «Кублей» ЖШС өкілдері өндіріс аумағына жақын жерден заңсыз құрылыс нысандарын салуға рұқсат берген Орал қаласының әкімдігі мен қалалық жер қатынастары басқармасын сотқа берген.

Әкімдіктің өкілдері 30 жылдық тарихы бар алып зауыттың жанынан тұрғын үй тұрғызуға не себепті рұқсат бергендерін нақты түсіндіре алмай келеді. Заңсыздықтың салдарынан зауыт жабылып қалған жағдайда, өндіріс орнындағы 700-ден астам адам жұмысыз қалмақ. БҚО 3,5 мыңға жуық ірі шаруа қожалықтары өсіріп отырған малдың етін өткізуден қағылмақ.

Құқық қорғаушы Бақытжан Базарбек Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің жауабы «Кублейдің» дұрыстығын толықтай дәлелдеп тұрғанын айтады.

«Мамандандырылған экономикалық соттан кейін Үкіметке сауалхат жолдадық. Үкімет тиісті екі профильді министрлікке хатты түсірген. Ол ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты құрылыс және ЖКХ комитеті және ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті. Бұл ведомстволардың жауабы қолымызда.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты құрылыс және ЖКХ комитеті «өндірістік аймақта тұрғын үй салуға тыйым салынған» деп нақты көрсетті. Министрліктің сотқа жолдаған қорытындысында әкімдік бас жоспарды қатаң түрде бұза отырып, ондағы талаптарды елемеген жергілікті билік «Циалковский» тұрғын үйі бас жоспарға қарамай өзінің қаулысымен бекіткен деп заңбұзушылықтарды көрсетіп отыр. Яғни бұл заңбұзушылық әкімдіктің тікелей кінәсі және қолдан жасалған деп министрлік хатында көрсетті.  ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі заңсыздықты толығымен әшкерелеп отыр.

Ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сотқа жіберген жауабында «Кублей» зауытының санитарлық қорғау аймағы бар.  Ол аумақ кемінде 100 метр болуы тиіс және ол жерде тұрғын үйлерді салуға тыйым салынған. Демек, «Циалковский» тұрғын үй кешені заңсыз соғылған деп нақты көрсетіп отыр. Осы екі ведомствоның жауаптары негізінде сот шешім шығара салуы керек.  Бірақ, жоғарғы соттан «Кубейдің» пайдасына шыққан соттың шешімін қалайда бұзу керек деген тапсырма түскен соң, осыған әкелді», - дейді адвокат.

Бақытжан Базарбектің сөзінше, бұл жерде тұрғын үй құжаттарын заңсыз рәсімдеуден бөлек бюджеттің қаражатын талан-таражға түсіру де бар.  Ол үшін қылмыстық іс қозғауға болады. Заңсыз соғылған үйге мемлекет есебінен коммуналдық қызмет түрлерін қосып беру – бюджеттің ақшасын шашу. Себебі, 28 желтоқсан 2020 жылы БҚО сотының шешімі шыққан. Онда Орал қаласының 3 қаулысы да заңсыз шығарылғаны айтылған. Демек сол қаулы шыққан сәтттен бастап, коммуналдық жүйелерді орнататын мекемелер жұмысын сол сәтте тоқтатуы керек. Соттың шешімін орындалмады. Оралда заң жоқ, әділдік жоқ.

Электр энергиясы, ыстық және суық су, кәріз жүйесі заңсыз тартылған әрі қосылған. Өкінішке қарай бұған жергілікті прокуратура да ләм-мим дей алмаған. Коммуналдық қызмет түрлері берілгендіктен, соны пайдаланған құрылыс компаниясы әрі қарай пәтерлерді сата бастаған.  Осылайша, алданған халықты мемелекеттің өзі қоса тағы да алдап жатыр.

«Кублей» құқық қорғаушылары 11 рет өткен сот барысында Орал қаласындағы лауазымды тұлғалардың, қылмыстық топтың әрекетін әшкерелеген. Соның ішінде жалған құжаттарды әзірлеу, қызмет бабын асыра пайдалану, мемлекеттің бюджетін талан-таражға салу да бар. Дәл осы баптарды негізге ала отырып, оларды түгел тергеуге болады дейді.

Зауыттың санитарлық аумағына кіретін және кірмейтін үйлер бар. Зауыт құқығын бұзып тұрған 2,3 және 4-ш үй, ал сотқа келіп, «Кублейге» қарсы шығып жүрген 1-үйдің тұрғындарына бұл оқиғалардың тіпті, қатысы жоқ болып шықты. Бірақ, құрылыс компаниясы 1-ші үйдің тұрғындарын үгіттеп, «Кублей» зауытына қарсы қойған.

«Ендігі шығатын соттың шешімі «Кублей» зауытының барлық талап-арызын толығымен қанағаттандыру керек. Сосын құрылыс компаниясының иесі 2,3 және 4-ші үйлерден пәтер сатып алған азаматтардың ақшасын қайтарып беруі тиіс немесе басқа жерден пәтер беруі қажет.

Біз заңның негізіне сүйенеміз. Себебі «Кублей» зауыты бұрыннан бар және оның санитарлық аумағы анықталған әрі бекітілген.  Құжаттары бар. Ал мына үйлер 2020 жылы пайда болды. Бірақ сотқа келіп байбалам салып жүрген адамдар заң бойынша пәтер иелері емес. Меншік құқығы азаматтық кодексте жылжымайтын мүлік заңды тіркеуге алынған соң барып беріледі. Ал мемлекеттік тіркеуге алынуы үшін мемлекетке акті беріледі. Құрылыс компаниясы мен тұрғындар келісімі азаматтық кодекс шарты болып есептелмейді.  Өкінішке қарай, сотта байбалам салып, шу шығарып, тіпті, біздің жеке басымызды қорлап, қарғап-сілеп, жылаған-құлаған эмоцияларын көрсетеді. Бұл сотқа екінші тараптың қолдан жасап отырған қысымы. Сондай-ақ, «Кублей» зауытына және оның заңгерлері мен басшыларына жасалған психологиялық қысым. Сөйтіп мына істі өз пайдаларына шешкізгісі келеді. Бірақ, айғақтың бәрі біздің қолымызда.

Құрылыс компаниясының басшысы халықты жалған ақпаратпен үгіттеу арқылы соттың шешімін өз пайдасына шығартуды көздеп отыр.  Бұлай істеу әкімдікке де пайдалы.

Негізі бұл соттаспай-ақ шешілетін дүние. Өйткені, Ерменованың қарамағындағы жер телімі бөліп, рәсімдеуге болатын жер.  Сондықтан, сотқа келіп шу шығарып жүрген 1-ші үйдің тұрғындарына бұл мәселенің қатысы жоқ. Өйткені, олар 100 метрлік аумаққа кірмейді. Тек 2,3 және 4-ші үйге қатысты. Ал сот процессіне келіп жүргендердің басым бөлігі осы 1-ші үйдің тұрғындары. Ал Ерменова жерді бөліп, әлдеқашан ол азаматтардың үйін заңды түрде құжат беруге мүмкіндігі бар еді. Мұны тұрғындардың өзі де компаниядан талап етпейтін болып тұр. Ерменова осы тұрғындарды пайдалану арқылы заңсыз салынған өзге де үйлерге құжат алғысы келеді», - дейді Бақытжан Базарбек.

Заңгердің айтуынша, Сот шешімі зауыттың пайдасына шешілмесе, «Кублейге» ет, балық өткізіп отырған шаруа қожалықтары наразылыққа шығуға дайын отыр.

««Кублей» зауытына төнген қауіпті сөзбен жеткізу қиын. Бұның салдары өте ауыр жағдайларға алып келеді. Кәсіпорын жабылса, 700-ге жуық жұмысшылары, Ақтөбе, БҚО, Атырау облыстарында балықпен айналысатын және мал шаруашылығын жүргізіп отырған 3 мыңға жуық шаруа қожалығының адамдары көшеге шығып, жолды жабады. Себебі олар өнім өткізетін басқа зауыт таппай қалады.  Бір ғана соттың теріс шешімі арқылы қожалықтардың барлығы қаңырап қалады.

Ең сорақысы «Кублей» сияқты Қазақстанның әр өңіріндегі өндіріс орындарына да қауіп төнеді.  Яғни, өндіріс аумағынан құрылыс салу басталады. Олардың барлығы «Кублей» зауытына қатысты заңның әділ үстемдік құратын не құрмайтынын қадағалап, аңдып отыр. Екі жылдан аса соттасып, әділдік орнамаса, елдің «Жаңа Қазақстанға» деген үміті сөнеді.  Ауыр болса да, айтуға тура келетін жайт «Қаңтар оқиғасында» көшеге шыққан халықтың біразы әділетсіздіктен зардап шеккендер болды.  Құқық қорғау органдары, соттың, әкімдіктің әділетсіз әрекеттерінен әбден мезі болғандар еді ғой. Соның кесірінен далаға шықты. «Кублей» зауытының ситуациясы барлық әділетсіздіктің детонары болуы мүмкін», - деді адвокат.

Сот барысында әкімдіктің өкілдері мен заңгерлері «Кублейдің» заңгерлері сөйлегенде кекетіп-мұқатып, сот ісіне кедергі келтірумен болды. Сондықтан оларға Сот бірнеше рет бірнеше рет ескерту жасады. Сот ісі 13 томға жетті. Оның 9 томы тек «Кублей» тарапынан түскен дәлелдемелік құжаттар.

«Кублейдің» заңгері Жәнібек Башанов құжаттарды жеке-жеке оқып беріп, дәлел-дәйекті сот ісіне қосуды сұрады.

«Зауыттың санитарлық аумағының құқығы бұзылғандықтан, болашақта экологиялық экспертизаны рәсімдей алмай қалады. Осылайша «Кублей» алты ай ішінде банкрот болғанын жариялап, жабылуына тура келеді. Нәтижесінде оның өнімі дүкен сөрелерінен жойылып, кәсіпкерлер шетелдің қымбат консервілерін сатып алады. Мұның бәрі экономиканың кері кетуіне, әлеуметтік араздықтарға алып келеді.

Сондықтан Үкімет деңгейінде кәсіпорынның ерекше аумақтарында тұрғын үйді рұқсатсыз салуға жауапкершілікті күшейту керек. Кейінгі кезде заңсыз құрылыс жүргізу көбейіп кетті. Соның кесірінен салығын уақытылы төлеп, 700 - ден астам адамды жұмыспен қамтып, БҚО-ғы 3 мыңнан астам шаруа қожалықтарынан шикізат алып отырған «Кублей» зауыты зардап шегіп отыр.

Сондай-ақ Алматы қаласындағы заманауи технологиямен жабдықталған, 350 адамды жұмыспен қамтып, қала тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар азықпен қамтамасыз етіп отырған «Солнечный» сүт зауыты да осындай жағдайға ұшырап отыр», - деді заңгер.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1435
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1275
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1035
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1089