Жұма, 26 Сәуір 2024
Балаларға базарлық 1750 2 пікір 27 Желтоқсан, 2022 сағат 12:54

Ұстаз

Қызыл тіл

«Көкжидеде»  болыпты бір данышпан,
Ақыл сұрап келетін ел алыстан.
Келгендердің қайтармайтын меселін,
Ауру болса, анықтайтын кеселін.
Алаламай ұлтын, руын, нәсілін.
Айтып берген сауығудың тәсілін,
Әрбір  жылдың оймен барлап нәсібін,
Шаруаға дөңгеленткен кәсібін
Кеңес беріп, болашағын болжаған,
Содан да ел кенде емес олжадан.
Ел ішінде бірлік тауып жарасым,
Достық жалғап ауылдастар арасын,
«Бұл данышпан ырысымыз» деді елі,
Күннен күнге арта берді беделі.
Әділ болып әрбір айтқан шешімі,
Сол маңайға тез тарады есімі.

Өзі сезіп қасиетін бойдағы,
«Ұлдарымда бар ма екен?» деп ойлады.
Екі ұлы бар, бірі – қойшы, бірі – ақын,
Көрші ауыл – Көктеректе тұратын.
Бір күні ол болды ұлдарын сынамақ,
Ал ұлдары қай ісімен ұнамақ?
Не қозғады Көкжиденің ойшылын,
Келді үйіне үлкен ұлдың – қойшының.
Қой сойылды, үйітілген бас келді,
Іле-шала үйме табақ  ас келді.
Әке алдында ұлы сөйтіп ерледі,
Ал әкесі: «ең дәмдісін бер» деді.
Қасиетін білетін ұл дәмді астың,
Майлы жерін кесіп берді жамбастың.
Бірақ оған әке риза болмады,
Ал ұлының бары осы қолдағы.
Әкесінің қызық болды сұрағы,
«Енді дәмсіз жерін бер» деп сұрады.
Ұл қиналды, көп ойланса, ол да сын,
Ол ойлады: «бәлкім дәмсіз болғасын,
Бұған беріп жастайынан үйретті» -
Деп алдына қойды майлы бүйректі.
Ұл: «әкемді сыйладым» деп шаттанды,
Әке болса, көңілі толмай аттанды...

Шыққан әке қабақтары түйіле,
Түсті келіп ақын ұлдың үйіне.
Қой сойылды, үйітілген бас келді,
Іле-шала үйме табақ ас келді.
Әке алдында ұлы сөйтіп ерледі,
Ал әкесі: «ең дәмдісін бер» деді.
Ақын еді түсінетін жыр тілін,
Қой тілінен кесіп берді бір тілім.
Күлімдеді, сол баяғы  сұрағы,
«Енді дәмсіз жерін бер» деп сұрады.
Ақын сонда түсінетін жыр тілін,
Қой тілінен тағы берді бір тілім.
Әке үнсіз, отырды да толғанып,
Деді: «ұлым, мұның қалай болғаны?»
Сонда ұлы түсіндіре бастады:
«Бар ғой, әке, сөзіңіздің астары.
Құдіретті сөздер шығып тілімнен,
Сақтап қалсам шаңырақты бүлінген,
Сондай кезде тілден дәмді жоқ тегі,
Жылы сөзің – таза ауа, оттегі.
Өмір көрген бұл сөзімді ұғады,
Ащы сөз де қызыл тілден шығады» -
Деп ақын ұл әке алдында ақталды,
Ал әкесі риза болып аттанды...

Халық айтқан «буынсыз – деп, - қызыл тіл»,
Бірақ, бейпіл сөйлей берме, жөнін біл.
Біреулер бар, жорта мақтап бөседі,
Мақтан сүйер көңіл, шіркін, өседі.
Сүйреңдеген сүйір тілдің өсегі,
Отыз тістен соққан желдей еседі.
Сөздің мәнін түсінгендер, білгендер,
Басқа пәле бейпіл «қызыл тілден» дер.
Дұшпандарың бір мін болса ісіңде,
Тілін сұғып, батырады тісін де.

Мұның сыры тәрбиеде, білімде,
Жақсы сөз бар жақсы адамның тілінде.

Ақтық дем

Көкжиде, ол – менің туған ауылым,
Сағынамын кейде құмды дауылын.
Құм ұйытқыса бір керемет болады,
Құлағыңа, аузыңа да толады.
Туған ауыл ыстық саған сонда да,
Жас кезіңді еске аласың толғана.
Сол ауылда бір ағамыз бар еді,
Сұлу әйел сол кісінің жары еді.
Жеңгемізге жарасатын кербездік,
Білсеңіздер жараспайды ерге ездік.
Ал ағамыз тектілердің әулеті,
Асып-тасып жататұғын дәулеті.
Жеңгеміздің көркіне ешкім жетпейтін,
Оның сөзін ағам екі етпейтін.
Аузын ашса, орындайтын тілегін,
Ағамыздың жаулап алған жүрегін.
Ел ішінде беделді еді сол ағам,
Денесі зор құйылғандай қоладан.
Жастайынан айналысқан күреспен,
Жеңістері кетпейді әлі бір естен...
Бірде ағамыз алаңдатып халықты,
Қатты ауырып, төсек тартып қалыпты.
Уайымдап, болды халық әбігер,
Шет елдерден алдырылды дәрілер.
Өміріне туған кезде қауіптер,
Алдырылды емшілер мен тәуіптер.
Дейді олар ана жаққа шауып кел,
Ананы әкел, мыналарды тауып бер.
Тауып берді сұрағанын, керегін,
Білмеді олар науқасының дерегін.
Шақырылды жан-жақтан көп дәрігер,
Жастары бар, жасамысы, кәрілер.
Емдерінің бірі шипа болмады,
Туыстардың көңілі оған толмады.
Ауру меңдеп, байғұс қатты қиналды,
Алыстағы ағайындар жиналды.
Отбасының уайымға батқаны –
Отағасы әл үстінде жатқаны.
Әзілдейді: «сәл бөгелсе шығар дем,
Ауруменен белдессем, мен жығар ем»
Туыстары үзді одан үмітін,
Молда отыр дем салған боп күні-түн.
Тіршіліктен алыстады сол ағам,
Жатқан төсек кем болмады моладан.
Демі үзілмей салды оны азапқа,
Ажал оны айналдырды мазаққа.
Молда ойлады: «не ақылға сыймайтын,
Көңілінде біреуі бар қимайтын».
Сыр жасырмай айтар деген үмітпен,
Оңашада сұрады ол жігіттен.
Жігіт сонда жарылғандай ағынан,
Айтқан сөзі: «анашымды сағынам.
Әйелімнің сөзі улап санамды,
Үйден қуып шығып едім анамды.
Барған жері шағын қала Текелі,
Сондағы бір қарттар үйі – мекені.
Бұрын мұндай болмаған ғой қазақта,
Ажал мені айналдырды мазаққа».
Соны айтып, көздеріне жас алды,
Жылағаны емес еді жасанды.
Мұны естіп, молда анасын алдырды,
Баласымен оңашада қалдырды.
«Құлыным-ай» деп егілді анасы,
«Кешір, ана» деді сорлы баласы.
Қиналғанын ана сонда түсінді,
Аймалады арып солған мүсінді.
«Кешірем ғой, қалай сені кешірмен,
Әр күн сайын кетпей қойдың есімнен».
«Кештім» деді үш қайталап егіліп,
Омырауына жаңбыр боп жас төгіліп.
«Кештім» деген сөзді естіп жайланды,
Бәлкім демі осы сөзге байланды.
Рахаттанып, жүзіне нұр түзіліп,
Соңғы демі кете берді үзіліп...

Не түсініп, не білдіңдер, балалар,
Қасиетті – баласы бар аналар.
Ата-анаңды қадірлеңдер, сыйлаңдар,
Ардақтаңдар, жамандыққа қимаңдар.
Осы менің сұрайтыным өтініп,
Болашақта жүрмеңдерші өкініп.

Ұстаз

(аңыз-дастан)

Баласын ерте заманда
Медресеге ел беріпті.
Тапшы кезде маманға,
Жас мұғалім келіпті.

Білімді екен жан-жақты,
Білгірі сансыз саланың.
Білімімен шам жақты,
Көкірегіне баланың.

Балалардың талпынған
Зердесіне ой салды.
Алғыс алды халқынан
Мінезімен байсалды.

Білдірді ел ырзалық,
Құрметтеді ата-ана.
Үлкендерді ырза ғып,
Алып жүрді бата да.

Білім деген айдында
Еркін жүзген балықтай.
Балалардың алдында
Үйретуден жалықпай,

Сезіп  өзін бақытты,
Шытпапты бір қабағын.
Білгірлікпен оқытты
Жағырапия сабағын.

Алжебра есебін
Түсіндірген жайып кең.
Ұғынбадым  десе кім,
Айтып берген байыппен.

Ойға терең бойлауды,
Талап еткен баладан.
Пәлсапалық ойлауды
Ниетімен қалаған.

Он саусағы күйге епті,
Думандатты той күні.
Балаларға үйретті
Шахматты, дойбыны.

Баларадай гүліңнің
Бал шырынын сімірген,
Шәкірттері білімнің
Нәрін бойға сіңірген.

Медресеге баратын
Кедей-кепшік баласы.
Нақты білім алатын,
Көп білуге таласып.

Осы топта алайда
Ханның ұлы бар еді.
Үйренген кең сарайға,
Мектеп оған тар еді.

Оқытуға сарайда
Жетеді Хан  құзыры.
Әлде әке қалай ма,
Түзелгенін бұзығы.

Көрсін дей ме көзімен
Кедейлердің тұрмысын.
Көрсін дей ме өзімен
Салыстырып құрбысын.

Босқа өтті әр күні,
Түсінбеді ұл бірақ.
Күннен күнге тәртібі
Бара жатты құлдырап.

Ұлдарды өзі қатарлы
Кем санап, өзін зор тұтты.
Әйгілі Ханның қаһарлы
Ұлымын деп қорқытты.
Ұстазының сөзін де
Құлағына аспады.
Биік санап өзін де,
Әкесімен жасқады.

Мінезі де оңбады,
Айтқанынан қайтпады.
Мынау болды сондағы
Ұстазына айтқаны:

«Маған дауыс көтермей,
Жөн ғой ойланғаныңыз
Мақсатыңыз өтелмей,
Қыршын кетер жаныңыз».

«Сізге қанша айтамыз,
Бөлек біздің жолымыз.
«Екі» қойып байқаңыз,
Төртеу болса қолыңыз».

«Аласарып өріңіз,
Домаласын тасыңыз.
Әкеме айтып көріңіз,
Екеу болса басыңыз».

Бала сөзін қоймады,
Ұстаз білді талғамын.
Көрейін деп ойлады
Тағдыр басқа салғанын.

Кім түсінер бұл халін,
Басқа амалы қалды ма?
Шыдай алмай мұғалім,
Барды Ханның алдына.

«Алдыңызда құлыңыз,
Кешіріңіз, тақсыр хан.
Оқымайды ұлыңыз,
Сабағымды тапсырған».

«Бар ғой сіздей панасы,
Ерке демей не деймін.
Кем де емес санасы,
Баласынан кедейдің».
«Білімге деген арыны
Салқындаса не шара.
Жетіп тұрып қарымы,
Талпынбаса бишара.»

«Қамқорлық пен туғалы
Көргені тек сый-атақ.
Ал мінезі туралы
Айту тіпті ұят-ақ.»

Ызалы ұстаз күйінген,
Сөздері ащы өрілді.
Қабағы Ханның түйілген,
Қаһарлы болып көрінді.

Хан тұрғанда тағынан,
Қолында аса таяғы,
Адасып ұстаз бағынан,
Дірілдеп кетті аяғы.

Хан қасына келді де,
Еріндері жыбырлап,
Құлағына бірдеңе
Айтып жатты сыбырлап.

Ханның айтқан сөздері
Бәлкім шоқ боп маздады.
Шарасынан көздері
Шығып кете жаздады.

Байғұс ұстаз шошыды:
«Сізді қалай алдаймын?
Кешіріңіз, осыны
Мен орындай алмаймын.»

Білмей қалай басуды,
Толқып тұрған көңілін.
Хан айтыпты ашулы:
«Қымбат болса өмірің,

Мені тыңда енді сен,
Мен сөзіңді бөлмедім.
Хан болатын, сен білсең,
Мұрагерім ол менің.»
«Мейірімді, саналы
Болса менің бағыма,
Оның да бағы жанады,
Отырғызам тағыма».

«Топас боп, алмай тілімді,
Мазағына талайдың
Қалмауы үшін
білімді
Хан болғанын қалаймын».

«Тани алмай жақынды,
Қарғысын да талайдың
Алмауы үшін
ақылды
Хан болғанын қалаймын».

Ұстаз сонда түсінді,
«Мақұл» депті мойындап.
«Орындай алсам ісімді»,
Деген  күдік    ойында.

Айту қиын бұл халін,
Тірі шықты, ал бірақ,
Хан-сарайдан мұғалім
Қайтты басы салбырап.

Бір күдікті ойынан
Десе-дағы қуайын,
Үрей кетпей бойынан,
Шырмап алды уайым.

Түнде ілінбей кірпігі,
Ұйқысы түнеп қабақта
Жүргенде, Хан бір күні
Кіріп келді сабаққа.

Ханды айтса болғаны
Дүрсілдейтін жүрегі.
Осы күнді толғанып,
Көптен  күтіп жүр еді.

Жүзіне салмай кірбің із,
Сөзді айтты Хан тапсырған:

«Рұқсатсыз неге кірдіңіз?
Шығыңыз, кәні, тақсыр Хан!»

Осыны айтып, жігіттің
Жүзін алау шарпыды.
Көрінді шеті үміттің,
Ханның сөзі арқылы.

Айтты ма Хан есіркеп,
Болар, бәлкім, шын ұққан.
Хан иіліп, «кешір» деп,
Шығып кетті сыныптан.

Іс болды бір ғажайып,
Ұстаздың асып беделі,
Тәртіп бұзу азайып,
Ұстаздың болды дегені.

Хан ұлы ашпай қабағын,
Ойланды: «Ханға зекіді,
Оқымасам сабағын,
Қоя салар «екіні».

Сүмірейіп «екі» алсаң,
Хан алдында тұрасың.
Білімсізге қатал Хан
Қалдырмайды мұрасын».

Содан былай бәрі де,
Хан ұлы да өзгерді.
Мән беріп білім нәріне,
Оқимын деп сөз берді.

Орнады тәртіп, ептеп те
Көтерілді үлгерім.
Балалар осы мектепте
Өткізді жарқын күндерін...

Тәлім берген қыс-жазы,
Ұстазыңдай жан бар ма?
Шәкірт түгіл ұстазды
Құрметтеген  Хандар да.

Ұстазың болса дарынды,
Ол – мәуелі сая-бақ.
Балалар, ұстаздарыңды
Қадірлеңдер аялап.

Жақсы болса, ол – сенің
Ақылшың да, досың да.
Болашаққа мол сенім,
Ізгілік те осында.

Ұқсайтыны бар тіпті
Пейілі әппақ дәкеге.
Ұстанған қатаң тәртіпті,
Бола алады Әке де.

Білімді кім өшірер,
Сіңіп қалған санаңа.
Еркелетіп өсірер,
Бола алады Ана да.

Құмарт білім нәріне,
Ерте деме, кеш деме.
Түсіндіріп бәріңе,
Дәметпейді ештеңе.

Еңбегі үшін талайғы,
Ұнатпайды сыйды кім?!
Ол құрметті қалайды,
Керек емес сыйлығың.

Қылығыңа сүйініп,
Соған көңілі толады:
Көрген жерде иіліп,
Сәлем берсең болады.

Таза сақта арыңды,
Ар бар жерде – иман бар.
Балалар, ұстаздарыңды
Құрметтеңдер, сыйлаңдар!

Ыстық құшақ

Көкжидеде – жидесі көп өңірде,
Егіз сәби келген еді өмірге.
Екеуі де әлжуаз боп туыпты,
Соны көріп ана көңілі  суыпты.
Байғұс ана үмітін бір  үзбепті,
Дәрігерлер түрлі амал іздепті.
Инкубатор сәбилердің төсегі,
Екі бөлек  жеке жатқан деседі.
Жас сәбиге дем бере ме бұл тетік?
Қан тамыры анда-санда бүлк етіп,
Сезілмейді әлсіз алған тынысы,
Бір үмітті алыстатты мұнысы.
Көздер жұмық, қарамайды бір тігіп,
Баяу ғана қимылдайды кірпігі.
Сәбилердің болашағы бұлдырап,
Денсаулығы бара жатты құлдырап.

Не істерге амал таппай дәрігер,
Әкесі де болған дейді әбігер.
Тағат таппай туыстарға жүгіріп,
Барған екен көріпкелге жүгініп.
Ал көріпкел талап қойған ол тосын,
Әкел депті сәбилердің фотосын.
Емшіге де барған екен, ол да аса
Не айтады болжағаны болмаса.
Сорлы әкенің «силағаннан» ақ шашын,
Сыпырыпты жиған-терген ақшасын.
Жеңіл емес уәденің салмағы,
Дәрігерден басқа сенер қалмады.

Қарайды ана қос сәбиге түршігіп,
Сұлық жатты күнәсіз пәк тіршілік.
Үрейленіп, тебіреніп қарады,
Қос жауқазын көктей солып барады.
Атпай жатып таңы, күні батқандай,
Екі шырақ сөніп бара жатқандай,
Екі арман айдарынан жел ескен,
Асып бара жатты сағым белестен.
Екі қыран заңғар көкте қалықтап,
Бұлдырайды, көре алмады анықтап.
Содан ана бір шешімге бекінді,
Дәрігерден рұқсат сұрап, өтінді:
«Егіздердің бір деуші еді кіндігі,
Басқа амал қалмады ғой ендігі.
Қиналды ғой, не өлі емес, тірі емес,
Көз алдымда бұлдырайды бір елес.
Мынау жарық дүниеге сия алмай,
Бақилыққа бірін-бірі қия алмай
Жатқан шығар,  соны еске алайық,
Бірге болсын,  бір төсекке салайық.
Жаратушы алған шығар сынаққа,
Бірге келді, бірге барсын жұмаққа.
Құлындарым қиналмасын тек қана,
Бірге болсын» - деп көз жасын төкті ана..
Ананың бұл қабылданды сұрағы,
Бір камера енді егіздер тұрағы.

Ана көптен уайымдап жүр еді,
Бір нәрсені сезді ме екен жүрегі.
Өтті күндер, артта қалды бір апта,
Ана барды егіз жатқан тұраққа.
Сезіне ме тәтті ұйқыға батқандай,
Анасының құрсағында жатқандай,
Бір-бірінің қолдарынан ұстапты,
Бәлкім содан қуат алып, күш тапты.
Қуанғаннан ана келсе үш аттап,
Бірін-бірі жатыр екен құшақтап.
Сәбилердің тұрған құздың шетінде,
Қызыл шырай көрініпті бетінде.
Қуат  ала  бастағандай біртіндеп,
Тамырлары соққан екен бүлкілдеп.
Сезіліпті анық алған тынысы,
Бір үмітті жақындатты мұнысы.
Сәбилердің бойына қан тарады,
Мына өмірге көзін ашып қарады.
Дәрігердің еңбегі ғой ол енді,
Ата-анасы шын бақытқа бөленді.
Қос балапан әлсіз жатқан кешегі,
Тез сауығып, аяқтанған деседі.
Жатқанда өмір үстінде өткір пышақтың,
Шипа болған айқасуы құшақтың.
Бұл сөзіміз ірі ме, әлде ұсақ па?
Бір керемет қасиет бар құшақта.

Құшақтасу салтымыз бар ежелден,
Содан халық даналығын сезем мен.
Бірін бірі мақұлдарда, қостарда
Бір-бірімен құшақтасқан достар да.
Мәмілеге келген кезде құп алар,
Төс қағысып, құшақтасқан құдалар.
Болашақтан болған кезде үміткер,
Құшақтасқан қыздар менен жігіттер.
Дәрежеге жетсе құнын бағалар,
Құшақтасқан інілер мен ағалар.
Татулықпен қауышып тіл табайын
Деген оймен құшақтасқан ағайын.
Қайталасақ кетеміз бе ұсақтап?
Бір керемет қасиет бар құшақта.

Ал, балалар, мен бір ақыл айтайын,
Ағайынмен сыйласып жүр ай сайын.
Күнде көріп жүрсең-дағы, үш апта
Көрмегендей жан досыңды құшақта.
Мейлі жерде, мейлі көкте – ұшақта
Досты көрсең, атып тұрып құшақта.
Ниеті ізгі  адамдарды аяла,
Құшағыңды аш, жылуыңды аяма!...
__________________________________
... Сол қос ұлан туған жерде жүр дейді,
Кім екенін бірақ ешкім білмейді.

Тілеуғазы Бейсембек

Abai.kz

2 пікір