Жұма, 26 Сәуір 2024
Айқай 2595 1 пікір 20 Желтоқсан, 2022 сағат 12:57

Хәлің қалай, суретшілер одағы?

Көптен бері БАҚ беттерінде де, әлеуметтік желілерде де ҚР Суретшілер Одағының бүгінгі ахуалы турасында мақалалар жазылып, сан алуан пікір айтылып жүр. Одақ мүшелерінің мүшкіл хәлі, пайдаланылмай жатқан шеберханалар, жарияға шықпайтын қаржылық есеп, тастанды баладай тасада қалып жатқан жас суретшілер – осының бәріне дәлел-дәйектер келтірілген ақпараттар сайттарда да жарық көріп жатыр. Мәселенің мән-жайына қанығу үшін суретшілерге хабарласқан едік. Кейбірі жауаптан жалтарды, кейбірі: «Одақтың бізбен жұмысы жоқ, ендеше біз де ол туралы жақ ашпаймыз», деп жауап берді. Ал бізге пікір берген үш кісі де жақында СО-ның сьезі өтетінін айтып, бүгінгі жағдайлары қалай екенін жеткізді.


ДӘЛ ОСЫЛАЙ ЖҮРЕ БЕРСЕК, БАРЫМЫЗДЫ ЖОҚҚА ШЫҒАРАМЫЗ

Сембіғали СМАҒҰЛОВ,

Суретші, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:

- Құдайшылығын айтсақ, суретшінің қоғамдағы рөлі нөлге тең болып отыр. Неге бұлай деймін? Өйткені мен шет елдерге жиі барамын. Дамыған мемлекеттерге табаныңыз тие қалса, суретшінің рөлі ұшақтан түсе салысымен байқала бастайды. Географиялық, климаттық жағдайына байланысты қаланың көрінісі, асфальттар мен көшедегі белгілердің, баннерлер мен плакаттардың, ескерткіштер мен ғимараттардың бояуы – бәрі-бәрі алыстан көз тартып, кәсіби суретшінің қолтаңбасын айғақтап тұрады. Ал бізде ше? Бізде бәрі басқаша. Мәселен, бас қаламыздың өзі суық тартады. Өйткені көк – суық рең. Сұп-сұр аспан, сұр асфальт, қап-қара киінген адамдар, оның үстіне, туымыздың түсі көк деп жарнама баннерлерінің өзін сол түске бояйды – мұның бәрі адамның еңсесін езеді. Дегенмен Астана кешке таман әдемі көрінеді, себебі шамдар жанады. Неге бұлай десеңіз айтайын, суретшілерді маман құрлы, дұрысы, адам құрлы көрмейді. Бұның бір себебі арнаулы білім ошағының жоқтығында жатыр. Білім жүйесі дұрыс емес. Суретшілікті оқығысы келетін жастардың бірі театрдың, екіншісі музыканың қолтығында. Ал Қырғызстанда да, Өзбекстанда да суретшілер академиясы бар. Қазақстанда оның көлеңкесі де жоқ. Керек болса, бізде натура табу үшін ит әлекке түсуге тура келеді. Петерборда студент жылқының суретін саламын десе жетелеп алдына әкеп береді. «Бесігіңді түзе» деген қазақ. Қазіргі жағдайда осынау сөзді сәл өзгертіп «Оқу орныңды жөнде» десек, мәтелдің мәні өзгеріп кете қоймас сірә!

Суретшілердің жағдайы қордаланған, күннен-күнге қиындап бара жатыр. Сол үшін ҚР Суретшілер одағының төрағасы жүйелі сөз айта алатын маман болуға тиіс. Әрине, айтқан сөзін орындайтын кісі керек алдымен. Ол шығармашылықпен айналысатын суретшілердің жағдайын жасауы қажет. Содан соң көрмелер өткізу, алыс-жақын шетелдермен байланыс орнату жағы да ақсап жатыр. Ал дәл осы бағытта жүре берсек, барымызды жоққа шығарамыз.

Жақында СО-ның сьезі өтеді. Сол кезде жаңа төраға сайлаймыз. Кандидат болып үш кісі тіркелген екен. Мен Суретшілер академиясын ашу туралы бастама көтерген Жамбыл Нәтбаевты қолдаймын.

ОСЫ БАТПАҚТАН АЛЫП ШЫҒАТЫН АДАМ КЕРЕК

Ахметжан АХАТБАКИЕВ,

Суретші, Қазақстаның Еңбек сіңірген қайраткері:

- Келесі жылы Суретшілер Одағының құрылғанына 90 жыл толады. Бұрын өте абыройлы, бет-беделді, ғажайып суретшілер мүше болған одағымыз дүркіреп тұрған еді. Бірақ, қазір СО-ның жағдайы өте нашарлап кетті. Өйткені, бес жылға таяды, ешқандай конференция, дүниежүзілік көрмелер, пленумдер өтпеді, өткеннің өзінде естімедік. Ол былай тұрыпты, қаржылық есептер де дұрыс емес, нақты кіріс-шығыс туралы одақ мүшелері бейхабар. Шетелдермен қарым-қатынас сап тыйылды. Қала берді, министрлікпен де байланыс бар ма, жоқ па – білмейміз. Кей шеберханаларымыз тастанды: ішіндегі дүниелер сынып, ұрланып жатыр. Кей шеберханаларда, тіпті, су да, әжетхана да жоқ.  Жағдай өте нашар. Аталған уақыт аралығында басшы болған кісіміз әртүрлі мәселелер мен сұрақтарды бізбен ақылдаспай, өзі ғана шешті. Бұл – Суретшілер Одағының жарғысына қарсы әрекет. Мұның бәрі үлкен жиналыста, Одақ мүшелерімен келісе отырып атқаруға тиіс шаруалар емес пе еді?!

Желтоқсан айының 23-і күні сьезд өтеді, жаңадан төраға сайлаймыз. Бес жыл бойы осы қызметте болған Өмірбек Жұбаниязов өзін тағы да ұсыныпты. Жеке басым бұған қарсымын. Мен ғана емес, Одақ мүшелерінің көбі қарсы. Төрағалыққа кандидат болып жатқан қалған екі үміткердің бағдарламаларын оқып шықтым. Екеуі де мықты маман, сауатты азаматтар. Әрине, суретшілер таңдауын жасайды. Мен тек бізді осы батпақтан алып шығатын адам ғана жауапкершілігі мол істің басында жүрсе деп тілеймін.

ЖАС СУРЕТШІЛЕР ТЕНТІРЕП КЕТТІ

Толқын ТАБЫСБЕК,

Суретші:

- Суретшілер Одағы неге керек? Қоғамдық бірлестік сол ұйымға қабылданған адамдардың мәселелерін шешуге, жағдайын жасауға, бір-бірімен тәжірибе алмасу арқылы шеберлігін шыңдап, көрмелер ұйымдастырып, шығармаларын насихаттауға, шығармашылығының жаңа тынысын ашып, тыңнан жол іздеуге арналған. Әрине, солай болса ғана қазақ сурет өнерінің көкжиегі кеңиді, кеңге құлаш сермейді. Бірақ есеп беру үшін ғана көрме ұйымдастырған болып, қол қусырып қарап отыруға болмайды. Мұндай ұйымды басқаратын адам арт-менеджер болуға тиіс. «Біреудің көзі жақсы, біреудің өзі жақсы» деген қазақылық бұл жерде жүрмейді. Басшылыққа келген адам уәдесін берген екен, онда ол өз еркімен мойнына жүктеген міндеттемелерінің аясында Одақ мүшелеріне, тиісті органдарға атқарған істерін жария түрде айтуы, қорғап шығуы керек. Мерзімі тәмам болғанда уәдесінің тым болмағанда жартысын орындай алмаған басшы келесі бесжылдықтан дәмеленбесін. Орнына келген адамның көмекшісі болсын.

Қазір жас суретшілер тентіреп кетті. Шеберханалармен қамтылмаған, Одақтан көмек алмаған олар айына ең кемі 70-80 мың теңгеге шығармашылық жай жалдап, жанкештілікпен жұмыс істеп жүр. Мұндай ақшаға әлі келмейтіндер болса, жертөлелер мен шатырларды, қуыс-қуыстарды пана тұтып, қаламынан айырылмағанына ғана шүкір етеді.  Айтпақшы, симпозиумдар мен көрмелер ұйымдастырылып тұрады. Шетелдерде болатын осындай жиындарға да еліміздің суретшілері барады. Дегенмен бәрінде жүретін сол – саусақпен санап аларлық кісілер. Жастардың көбі мұндай «жақсылықтардан» шет қалып жатады. Мұның бәрі Одақтағы үйлестіру жұмыстарының нашарлығынан ғана хабар береді.

Мысалы, Жазушылар Одағы – біз секілді қоғамдық бірлестік, яғни, Мемлекеттің қамқорлығынан тыс. Олардың басшылығы үкіметке алақан жаймай-ақ түрлі-түрлі тендерлерге қатысып, меценаттармен байланысып, қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Жылына пәленбай әдеби бәйге, шығармашылық турлар, конференциялар өткізеді, Одақ мүшелерінің кітаптарын шығарып береді. Демек, ұйымдастырушылық қабілеттері мықты деген сөз. Тарихқа үңілсек, небір суреткерлерге Атымтай Жомарт азаматтар қолдау білдірген. Олар қазір де бар. Тек іздеп тауып, сөйлесу керек. Бұл кейінгі бес жылда төрағалық еткен Өмірбек Жұбаниязовқа ғана емес, еліміз тәуелсіздік алғалы бергі жылдардың бәріне қатысты.

Спортшылардың жеке залдары бар. Ал жас суретшілерді іздеп Алматыға бара қалсақ, ешқайсысында шеберхана жоқ. Осындай жағдайда отырып, олар өнерді қалай гүлдендіреді? Елімізде талантты жас суретшілер жетерлік. Бірақ әлем білмей келе жатыр. Негізі жағдай жасалса, небір жастарды көтеріп әкетер еді. Екіншіден, ішінен іріктеп ең талантты деген жастарға әр жылы ай сайын берілетін степендия тағайындау керек. Содан соң сол жастардың барлығы баратындай жылына бір рет симпозиум өткізу керек. Және, жылына бір рет үлкен көлемде көрме жасауымыз қажет, сол көрмеден мұражайлар коллекция сатып алуға тиіс. Үміт сонда ғана ақталмақ.

Суретшілер одағына түбегейлі өзгеріс, реформа қажет. Алдағы съезден осыны күтеміз!

Abai.kz

1 пікір