Жұма, 26 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 2374 2 пікір 29 Қараша, 2022 сағат 14:22

Путиннен бұрынғы һәм қазіргі қазақ-орыс қатынасы

Салтанатты ант беру мүрәсіміне қатысып, жаңа жеті жылдық президенттік өкілетін бастаған Тоқаев кеше Ресей мен Қазақстанның дипломатиялық қатынасының 30 жылдығына орай Маскеуге барды. Орыс басшыларымен кездесті. Ақорда мен Кремл екі тараптың бұдан кейінде етене достық байланысты жалғастыра беретінін мәлімдеді.

Кеңес одағы ыдыраған 31 жылдан бергі Ресей мен Қазақстан қатынасын Путиннен бұрынғы, яғни, Елцин кезеңі және Путин дәуірі деп екі сатыға бөліп қарастыруға тура келеді.

Елцин билігі кезінде орыс пен қазақ шекарасы шегенделді. Орыстардың Қазақстаннан атамекеніне қоныс аудару науқаны шегіне жетті. Қазаққа оң көзбен қарайтындары да, Жириновский сияқты қазақтардың өзара қазақша сөйлегеніне көндіге алмай кеткендері де болды. Елцин кезінде Кремльге бет түзеген ең ауқымды орыс көші бүгінгідей саяси, ұлттық мәселеге айналған жоқ. Оның көп ішінен таңдаған ізбасары Путин билікке келген соң жағдай өзгеріп сала берді.

«Тарихта қазақта мемлекет болмаған» деген Путинның қолайына құлаған тұңғыш президент Назарбаев «көшпенді қазақта шекара болмаған» деп салды. Орысша жазылған хатқа қазақша жауап жазғандарды соттаймын деп кіжінді. Орыстың жартысынан астамы көшіп кетсе де, олардың орнына шетелдегі қандастар көшіп келіп, өткеннің орыны толып, басым орынға шықса да, мемлекет құрушы, жер егесі қазақ ұлтының, тілінің саяси мәртебесін төмендетумен болды.

Елцин кезінде қағаз жүзінде қалған ҰҚШҰ-ға ресми мүше болуға қол қойылды. Жұрт қарсылығына қарамай, Қазақстан Еуразия экономикалық одаққа, Кедендік одаққа мүшелікке мойынсұнды. Николай патшаның бас көтерген орыс зиялыларын қазақ даласына жер аударғаны сияқты, елге ықпалды саясаткерлерді Маскеуге елшілікке жіберу сәнге айналды.

Бұрынғы Кеңес одағының тікелей мұрагері болып табылатын Ресейден ашаршылық, Сталиңдік қырғандарға саяси баға беруді, отарлық тарихты қайта жазуды талап ету былай тұрсын, қазақ елінің мәдени, рухани кеңістіген орыстың ақпараттық, интернет ресурстарына беріп қойды. Одан кімнің ұтып, кімнің ұтылып жатқаны айтпаса да түсінікті. Кремль Қазақстанның территориялық тұтастығына, елдігіне, егемендігене толассыз жасалып жатқан ақпараттық шабуылдарды «ресми биліктің көзқарасы емес» деп миығынан күліп, көрсе де көрмеске салып отыр.

Екі елдің 30 жылдық дипломатиялық байланысын атап еткен орыс пен қазақ билігі бұдан кейінгі қатынасы баянды болсын десе, мәдени, тарихи байланыстарға қайта бастан қарау керек. Қазақ билігі орыс билігіне бүгінге өткеннің көзімен емес, өткенге бүгінгі уақыт көзімен қарауды үйретіп, ұлт араздықты қоздырып келген патша заманынан бергі бір жақты жазылған оқулық, ғылыми еңбектерді қоқысқа тастауды талап ету керек. Сонда ғана екі ел басшысы өктем елдің мемлекеттік тілінде емес, өз ана тілінде пікір алмасып, терезесі тең болып, халықтың ортақ тіл табысуына ұйытқы болмақ.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

2 пікір