Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3590 0 пікір 18 Ақпан, 2013 сағат 05:13

Әзірет Барбол. «Қазақ» һәм бүгінгі БАҚ (басы)

«Қазақ» газетіне - 100 жыл

А.Байтұрсынұлы - 140 жыл

Алаштың адамының бәрі мәлім:

Кім қалды таразыға тартылмаған?

Дегендер «мен жақсымын» толып жатыр,

Жақсылық өз басынан артылмаған

****

Ақшаға абыройын, арын сатып,

Азған жұрт, адамшылық қылмай сыны.

Жаны ашып, жақын үшін қайғырар ма

Жаны мал, жақыны мал, малдың құлы?!

А.Байтұрсынұлы

«Қазақ» газетіне - 100 жыл

А.Байтұрсынұлы - 140 жыл

Алаштың адамының бәрі мәлім:

Кім қалды таразыға тартылмаған?

Дегендер «мен жақсымын» толып жатыр,

Жақсылық өз басынан артылмаған

****

Ақшаға абыройын, арын сатып,

Азған жұрт, адамшылық қылмай сыны.

Жаны ашып, жақын үшін қайғырар ма

Жаны мал, жақыны мал, малдың құлы?!

А.Байтұрсынұлы

ХХ-ғасырдың бас кезінде «Қазақ» деген атпен дүниеге келіп, небәрі бес жылдай жарық көрген «Қазақ» газеті ұлт тарихында аты алтын әріптермен жазылып, Ахаң айтқан: «Халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» бола білді. Алаш қозғалысының өкілдері - Әлихан, Ахмет, Міржақыптар басшылық жасаған «Қазақ» газеті өз маңына ұлттық интеллигенция өкілдерін шоғырландырып, негізгі идеясы - «Тәуелсіздік», «Ұлт азаттық», «Жер тағдыры», «Ел тағдырын» ту етті және соңғы санына дейін небір қиын қыстау, зұлмат замандар - патшалық отаршыл саясат пен большевизмнің қитұрқы әрекеттерін басынан өткерсе де о бастағы басты ұраны ұлттың ұлы мұраттары - «кемге кеңдік, ерге теңдік» саясатынан танбай өтті. Құрылтайшысы қазақтың өз арасындағы ойлы, қалталы азаматтарынан құралған «Қазақ» газеті жалпыұлттық мәселелерді шынайы әрі ашық көтере отырып, сол уақыттағы кез-келген ұлттық деңгейдегі газет-журналдардан әлдеқайда жоғары тұрды.

Газеттің «Қазақ» деп аталуы жөнінде газеттің бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлы: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесу, қызмет ету қазақ баласына міндет. ...Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенше, ғұмыр жеткенше істеп кетелік. Малша оттап, асап ішіп, халық үшін қам қылмай, қарын тойғанша мәз болып, мал өлімінде өлмейік» - дейді. Газеттің ең алғашқы санында шыққан «Құрметті оқушылар!» атты мақаласында Ахаң: «Әуелі газет - халықтың көзі, құлағы, һәм тілі».

Екіншіден, «Газет жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары, газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады».

Үшіншіден, «газет халыққа білім таратушы, олай дейтініміз газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімін молайтып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетпекші».

Төртіншіден, «газет халықтың даушысы. Яғни, газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады» деп, 1913 жылдың 2-ақпанынан 1918 жылдың 2-наурызына дейін яғни, бес жыл аралығында жарық көрген «Қазақ» газетінің мақсатын аңғартады.

«Қазақтың» алғашқы сандарынан-ақ газет отаршыл патша үкіметінің қудалауына тсүті. Сол уақыттағы отаршыл өкімет пен оның жандайшаптары, яғни, Орынбор губернаторы Сухомлин газетке 1500 сом көлемінде айып төлеуге немесе мақала авторын үш айға қамауға шешім шығарады. Қашанда жеке бастан ұлт мүддесін жоғары қоятын Ахаң ұлт мүддесі үшін айқасқа түсіп жатқан «Қазақтың» қаражатын шығындамай, губернатордың екінші шешімімен абақтыға кете барды.

«Қазақтар Шыңғыс хан мен Темірланның ордасының ұрпақтары, демек Америкада үндістер қалай жойылса, олардың да басына сондай сойқанды орнату керек», - деп Дума депутаты Марков атағандай «өлім ұйқысында» жатқан ұлт басына «сойқан» төніп тұрған заманда Алаш зиялылары «Керегеміз - ағаш, ұранымыз - Алаш» деп атқа қонған болатын. Ә.Бөкейхан: «Кітап жазып, газет-журналға мақала шығарып, Алашқа қызмет қылмасақ, басқа жол бөгеулі» - деп, «Қазақ» газетін шығуы «Алашқа қызмет» етудің басы төтеше жолы деп есептеді.

Алаш қайраткерлерінің және олар ашқан «Қазақ» газетінің қазақ халқына еткен қызметін бір ғана мақаламен қамтып шығу әрине, мүмкін емес. Сондықтан Алашорда зиялылары мен оның жаршысы болған - «Қазақ» газеті көтерген көп мәселенің бәрін емес, тек ағартушылық қызметі мен дәстүрлі дінімізді дәріптеп, қорғау жолындағы ұлт руханиятына қосқан сүбелі үлесі туралы білгенімізше жазып, ой қорытсақ.

ХХ ғасырдың ірі құбылысы -  Алаш зиялылары, олардың жаршысы - «Қазақ» газеті либералды демократиялық бағытты таңдады. Ал, сол ғасырда ғылым біліммен, техникасымен алға дамып, өсіп-өркендеген Еуропаның техникасы, ғылым-білімі заманауи талап үлгіден артта қалған қазақ қоғамы үшін әрине, ауадай қажет болатын. Оны да дер кезінде сезінген ұлт зиялылары «Қазақты өркениетке жетелейтін тек - Еуропа білімі, техникасы» деп атады. «Білім жарысы» атты мақаласында Ахмет Байтұрсынұлы: «Неше түрлі ғылым, өнер - бәрі де тіршіліктің ауырлығын азайту үшін, рақатын молайту үшін шығарған нәрселер. Ғылым, өнер артылған сайын дүниада бейнет кемімекші» дей келіп: «Еуропада, мысалы, Нобелепский білім жарысы бар. Бұл жарыста бәйгені ғылым ауданында иа әдебиет ауданында еңбек етіп, озған адам иа соғысқа қарсы һәм халық арасын жақындастыруға пікір жайған адамдар алмақшы. ...Еуропадай зор істеуге болмаса, бойымызға шағындап, «сабасына қарай піспегі, мұртына қарай іскегі» дегендей етіп істеуге болады. ...Жұрттың білім турасындағы істерін алға сүйреуге қолайлы һәм нағыз керек жолдың бірі, біздің ойымызша, осы», - деп жазды. Жазып қана қойған жоқ өзі атағандай «сабасына қарай піспегі, мұртына қарай іскегі» - деп, ағартушылық жолда өзі ұлтына аянбай қызмет етті. Мектепке қажетті оқулық жазды, оқуға қажетті керегін жоқтады, оқулық жаздырды, артта қалған елін алға қарай өркениет биігіне сүйреді. А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы» (1912) - қазақша жазылған алғаш әліппелердің бірі болса, «Әдебиет танытқышы» (1926) қазақ әдебиеттану ғылымының негізі саналады.

Бірақ, Абай айтпақшы, «Шығысым - Батыс болып кетті», бірақ «зарарынан қашпақ керек» деген қағидаға бекем болып: «Үлгілі еуропа ұлттарынан үлгі ал деп айтуға ауыз ұялып тұр» деді Ахаң, Шәкәрім, Мағжан, Смағұл, Сұлтанмахмұттар. «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз» - деп ұрандаған алашшыл ақын Сұлтанмахмұт: «Адам баласының ауыр күн көрістен құтылып бақытты болуына себеп болатын Европадағы ғылымды мен екі жікке айырып ұғамын, бірі - дене азығы, бірі - ар азығы. Дене азығы дегеніміз - осы күні адам баласының жеңіл күн көруіне себеп болып жүрген саймандар білімі. Мысалы, пароход, от арба, телеграмма, телефон, ұшатын аэроплан, көліксіз электрик яки пар қуатымен жұмыс атқаратын машина, тағы тағы сондайлар. Телеграмма арқасында атпен кісі жібергенде бір жылда алатын хабарымды бір сағат ішінде аламын, неше мың шақырым жердегі керекті кісілермен бір күннің ішінде тілдесемін. Бұл күн көрістің жеңілдеуі емес пе? Қалғандары да осы телеграмма секілді түрлі күн көрістің түрлі жағын жеңілдетеді. Дене дегеніміз бұлар болса, ар азығы дегеніміз - әділдік. Осы соңғы ар азығы - әділдік табылмай басқа дене азығы өнерлердің көбеюімен жалпы адам баласының күн көрісі ауыраймаса, жеңілеймейді, бақытсыздығы көбеймесе, азаймайды. Ар азығы ер жетпегендігінен Европадағы адам баласының күн көрісін, жеңілейтеді, бақытты қылады деген өнерлердің бәрі, адам баласының бірінің етін бірі жеуіне, бірінің қанын бірі ұрттауына жұмсап жатыр», - деуі не әсіреқызыл сөзбен советтік менталитетке, не әсіре діншілдікке, не большевизм дертіне, не ұлтшылдыққа ұрынбаған «екі әулие» - Лев Толстойдың: «мәдениетті жер жұтса, е, демеймін», Шәкәрімнің: «Не денеге, не жанға жайлы емес қой» немесе «Ғылымын ал, өнерін ал, мұны таста!» дегені болса керек! Өйткені бір ұлтшыл ағам айтқандай: «Ешбір заманда «Қарның тоқ болады. Көйлегің көк болады. Қатының қойныңда болады. Атың астыңда болады» деген «ұлттық идея» қазақтың қанын қыздырған емес. Жерім тұл болады, дін ұстауым мұң болады, тілім жым болады, қатын-балам күң болады» деген қауіп қана қамшылап тұрды намысымызды». Сондықтанда Алаш ардақтылары «туған жерімді, дәстүрлі дінімді, ана тілімді, мәдениетімді мансұқ етіп» «батысшыл» болып «разы кейіпте тұрғанша кие ұрсын, әруақ атсын мені!» деген  болар.

«Халықтың ісі машинаның тетігі емес, бұрап қалса, басқа жөнге түсетін. Жұрт жұмысы құмырсқаның илеуіндей жұмыс сияқты. Құмырсқаша жабыла тынбай істесек  өнеді. Бірі оны, бірі мұны істеп, илеуде қарап тұрған құмырсқа болмайды. Жұрт жұмысын да солай істесе, алға басады. Әр құмырсқа бәріне керек илеудің өсуі үшін күші жетіп көтерген шөпшегін апарып салады. Ұлтын керек қылып, халыққа қызмет етемін деген қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан келгенінше қарап тұрмай, кірісіп істей берсе, ұлт жұмысы ұлғайып, толықпақшы. Қазақтың іс қолынан келмейтіндеріне сөз жоқ, іс қолынан келетіндері де қарап жатыр» - дей келіп, Ахаң: «Жұртқа керегін білетіндер көп, істейтіндер аз. Білушілеріміз білгенімен қоймай, істеуге кіріссе екен. Білушілеріміз істеуші болса, оларды көріп, өзгелер де істер еді. Сөйтіп, көсемдер көбейсе, ерушілер де көбейер еді.

Біреу жұмыс қылайын десем, тұрған жерім жаман дейді, біреу маңайымдағы елім жаман дейді. Бұлардың бәрі де бос сөз. Абақтыдан жайсыз орын жоқ, онда да отырып жұмыс істеуге болады» - деп қандай жағдайда болсын ұлтқа қызмет етудің үлгісін әуелі өзі көрсете білді, одан соң басқаларға үлгі етіп айтты. Ә.Бөкейхан: «Түген деген хан, пәлен деген би, батыр өткен, ерлігі, еңбегі көп деп мақтанамыз. Олар сондай болса, қазақ неге сорлы? Біздің кемшілігіміз - әркім тарих арқалатқан жүкті белгілі жерге апармай, соңындағыларға тастап кететіндігі» - десе, Ахмет Байтұрсынұлы:

«Ұзақ жолға ниет қып бір шыққан соң,

Жарым жолдан қайтпаспын, қарындасым!»

Немесе:

«Мынау пайда, мынасы зиян демек,

Ол ерліктің ісі емес, сауда болар» - деуі Алаш қайраткерлерінің ұлттық мүдде жолына қаншалықты беріктігін, қай деңгейде бас тіккендігін көрсетсе керек. С.Сейфуллин айтқандай «Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары губернатор, соттарға күшін сатып тілмаш болып, кейбір оқығандары арларын сатып ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай, қызметтерін қылды».

1918 жылдың 30 шілдесіндегі «Жас азаматтың» №1 санында «Алаш азаматтарына!» атты мақалада Ахмет Байтұрсынұлы: «Алаш азаматтарының қайсысы қараңғы тар абақтыны көрді, қайсысы бұлт жамылып, мұз төсеніп қашып жүрді. Алаш үшін ажалдан тайынбады, басқа жұрттың большевигі біреу болса, Алашқа дегенде екеу болды. Өзімшілдікпен ұлт пайдасын сатқан жақыннан жат жақсы. ...Аяқтан, қолдан кісен, ауыздан қақпақ кеткен Алаш баласы өз құрылтайыңды көріп өлсең, арманың жоқ. ...Ақсақалдар, ағалар! Ақыл айтып жол бастаңдар! Баяғы ер күндерден сөз қозғап, жастардың жүректеріне қызулық жалынын салыңдар! Қазақ бір кезде кемеліне келген, өз алдына хандық құрып, билік жүргізген емес пе еді? Топ бастаған көсемі, сөз бастаған батыры бар емес пе еді? Дәулетті байлар мырзалар! Кісілік малда емес, қылған істе, бүгін бар дүние ертең жоқ. Әркім намысына қарай ұлтына қызмет қылуы тиіс.

...Жастар! Атқа мін! Басқа жұрттар көрсін! Орал, Алтай, Ертіс, Есіл, Нұра, Еділ-Жайық бойында шарқ ұрған арыстандай ақырған Алаштың рухының сөнбегенін көрсін!

Япырм-ай, кеше ғана емес пе еді 6 млн. Алаш баласының басы құралмай жер-судан айырылып пенде болып жүргені, мейірімсіз тас бауырдан рақым тілеп жүргені. Міне, Алашордаға жәрдем қылмасаңдар, ұранға қызбасаңдар сол көңілсіз күндерің алдарыңда даяр» десе, «Ау, Алаш! Сен кім? Сен жауынгер түріктің орнын басып қалған үлкен ұлысың, бабаларың ат үстінде жүріп, қылышпен өздерін дүниенің жартысына ие қылған, Стамбулды алған, Карпат тауларының қалың қамалын бұзған. Ер түріктің ер жүректі ұлдары, сілкін, қуан, ат-тұрманыңды даярлап атқа мін, жауға аттан! ...Осы заман ұлттардың тірі яки өлі болуы ашылатын қиын бір заман. ...Намыстан, жас Алаш! Ұлтыңның қадірлі ұлдарының қанын, кегін жіберме!» - деп жазды. Ал, 1918 жылы «Қазақтың» №262 санында:

Қара балуан Жәнібек!

Қаз дауысты Қазыбек!

Жетім қалған халқыңа,

Тұлға болып артыңа,

Кім тиянақ қазық ед?

Құнсыз болып еріміз,

Жесір болып жеріміз,

«Жан менікі» дей алмай,

«Мал менікі» дей алмай,

Ит пен құсқа азық ек.

Барын сатып таласқа,

Арын сатып қалашқа,

«Жұрт болалық» деген жоқ,

Жұрт қайғысын жеген жоқ,

Іріп-шіріп, азып ек.

Немесе,

Байлаттырған қолымды,

Бөгеттірген жолымды,

Жақыным бар, жатым бар,

Хабарлана жатыңдар!

Мен сендерге жүгіндім,

Төресі әділ қазы деп! - дейді.  «Жан менікі», «Мал менікі» дей алмайтын «Ит пен құсқа азық болған» заманда «Ел қорғаны Ерің қайда?» «Тура айтатын Биің қайда?» «Би бардағы Күнің қайда» - деп,  Қара балуан Жәнібек пен Қаз дауысты Қазыбекке «Төресі әділ қазы деп!»   «Мен сендерге жүгіндім» дейді. Яғни, «Жесір болған жері» мен «Жетім қалған халқын» өркениет биігіне сүйрейтін - «Еуропа ғылымы» мен «Қазақтың би бардағы күні» деп атаған.

«Дәреті жоқ аяқтар,

Қорсылдаған саяқтар

Былғамасын қасыңды,

Қасиетті басыңды! -

Дегеніміз болмаса,

Қазаққа не жазып ек?!» - деуінен, Ахаңның ұлт руханиятының көсемі екендігін аңғарып, «Дәреті жоқ аяқтар» мен «Қорсылдаған саяқтардан» Қазақтың «қасиетті басы» мен «қасын» қорғаған рухани тұлға ретінде де танимыз.

Жақын жерден жау шығып,

Мақұл сөзден дау шығып,

Дұшпан ұстап қолымнан,

Иттер тістеп тонымнан,

Маған тосу болған шақ.

Тұтқын болып тарығып,

Жалғыз жатып зарығып,

Ашу қысып, ойды алып,

От жайылып, бойды алып,

Дерт жүрекке толған шақ.

Қатты айтты деп кектемей,

Сыйынғанды тек демей,

Он екі имам әулие,

Жиырма сегіз әнбие

Қолда өңшең аруақ! - дейді. Яғни, Ахаңның сөзімен айтсақ, «Салынып дауға», «Сатылып жауға» «Болыстықты алысқан» немесе, «Қорыққанға қос көрініп, қойдай үрккен», «Дажалдың итханасына тығылған», «Құдайды да Құранды да ұмытып» «Лат, Манат ағашына бас ұрған» заманда:

Жолдар бар өзге,

Жоба бар сөзге

Жүрекке дөп, ойға жөн.

Жаманды жаман

Демекпін һаман,

Мейлің тула мейлің көн.

Иланбасам айтпаймын,

Иманымнан қайтпаймын» - деп, «сыйынғанды тек демей, «Он екі имам әулие» «Жиырма сегіз әнбиеден» «Қолдау» сұрады. Пірінен медет тіледі, ата-баба аруағынан аттамады. Бабалар салған жолды жалғап, Алаш ұлына осындай рухани мұра тастап кетті.

«Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын!» дей келіп Ахаң: «Баланы ұлша тәрбиелесең ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең құл болмақшы» - деп көрсетеді. «Бастауыш мектеп» атты мақаласында Ахаң: «...Бастауыш мектептер жалғыз хүкімет пайдасы үшін болмай, халық пайдасы үшін де боларға керек. Хүкіметке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі де бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, әр халыққа керегі - өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң, бастауыш мектеп, әуелі, миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек» - деп жазды.

Яғни, ұрпақ тәрбиесіне көңіл аударып, ұрпағын «қазақтың дінінен», «тілі», мен «жазуынан» айыруды көздеген «сұмдық пікір, суық қолдардан»  сақтаудың амалына ашық кірісіп: «қазақты басқа дінге аударудың», «жазуы мен қазақ тілін жоғалтудың» құр әурешілік екендігін айтты.

Ахаңның шәкірттерінің бірі болған М.Әуезов 1923 жылы: «Қазақ жастарының ардақты тәрбиешісі Ақаң сөйлегенде менің есіме «Қазақ» газетінің әуендері түседі. Біз ол күнде мектеп ішінде жүрген бала едік. Бірақ патша саясаты темір бұғаудай мойынға батып, қазақ жұртын әлсіретіп, «кедейді шалапқа мас қылып, байды қымызға мас қылып», елдігін жоғалтып бара жатқанын тұманды оймен сезуші едік. Көмескі жауы қазақтың бесіктегі баласының көзіне де елестегендей еді.

Сол уақыттарда «Қазақ» газетінің бетінен анда-санда оқып отырған әсерлі анық сөздер қауіптің пішінін айқын қылып көрсетіп, мектептегі жас балалардың сезімін түзу жолға беттеткендей болушы еді. Жас буынның жаңа туып келе жатқан әлсіз ойын «жол мұндалап», жетегіне алып бара жатқандай байқалушы еді. Мектептегі сабағын оқымайтын бала «Қазақ» газетін көрген жерде қадалып тұрып қалатын» - дей келіп, «Ақаң - еңбегі жанған жанның бірі. Істеген ісінің жемісі - артынан келе жатқан жастар. Оның арты Ақаң мектебіне тізіліп кіріп жатқан жас буын. Жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті Ақаңды өзінің басшысы санайды» - деп, жазды.

«Ақаң - еңбегінің жанғаны - артынан келе жатқан жастар» - деп, М.Әуезов айтқандай Алаш зиялылары - Ахаңдардың еңбегінің «жанғаны» ұлт мұратына басын тіккен артында келе жатқан жастар бар еді. Яғни, «Қазақтан» ұлтқа қызмет етудің озық үлгісін үйренген, Ахаңдардың ұлтшылдық рухынан нәр алған жастар сол уақытта-ақ ұлт мүддесі жолына сөзбен емес, іспен бас тігіп, «ұлт құрбаны» болып жатқан еді.

«Қабірге қойып, құран оқылып болғаннан кейін Шәкәрім ақсақал халыққа қарап сөз сөйледі: «Әлеумет! Мынау жатқан кім? Бұл ұлты үшін шыбын жанын құрбан қылған Алаш азаматының тұңғышы. Мұны өлді демеңдер, бұл күнгі һәм мұнан соңғы «ұлтым» деген азаматтар мына мен сияқты болып «ұлтым» деңдер деп өзінің ұлтшылдығын сөзбен емес, іспен көрсетті.

Марқұмның аты да Қазы еді. Қазы би деген сөз, Қазы билігін етіп кетті.

Қарағым Қазы, өліміңе өкінбе! Арманың жоқ, құдай алдында да, жұрт алдында да сенің орның бөлек.

Оқығандар! Жастар! Мынау жолдастарыңды ұмыта көрмеңдер. Мұның үй ішінің міндеті сендердің мойындарыңда. Бір кішкентай көзінің қарашығы (бір жасар ұл бала) қалды. Соны тәрбиелеп адам қылу, бәріңнің, барлық Алаштың мойнына парыз һәм өздерің де бұл уақиғаға қажымаңдар. Құдай тағала Алашқа шын ұл бергеніне бүгін ғана көзім жетті. Алпыс жасқа келгенде мұндай ұлт үшін құрбан болатын азаматты көремін деген үмітім жоқ еді. Көрдім енді, бүгін өлсем де арманым жоқ...» ,- деген Шәкәрім қажының жан тебіренісін 1918 жылы «Қазақ» газетінің №262 санында «Алаш құрбандары» атты мақаласында Ж.Жәнібеков жазады.

М.Дулатұлы, М.Әуезов, Ж.Аймауытұлы, С.Сейфуллин, башқұрт Заки Валиди Тоган, қырғыз Ишеналы Арабаев, Әбдікерім Сыдықовтардың Ахаңа шәкірт болуының өзі еңбегінің жанғанын көрсетіп, ұлтқа, жалпы түбі бір түркі жұртына істеген қызметінің нәтижесі болса керек.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір