Сенбі, 4 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2244 0 пікір 14 Ақпан, 2013 сағат 05:12

ШҚО: Мұндай қар соңғы жиырма жылда жаумапты

«Мұндай толассыз жауған қарды осыдан жиырма жылдай уақыт бұрын көргенбіз. «Қаба жауған қар жаман» деуші еді атам қазақ, мына қардың беті тіпті бөлек екен. Шығынға ұшыратып жүрмесе жарар еді. Құдайым өзі сақтасын...» деп тәубесін қайта-қайта аузына алған қариялар күрт құбылған күн райының қас-қабағын бағып, мал-жанға амандық тілеуде. Ал табиғаттың тарпаң мінезіне қарсы әрекет қылатын өңірдегі барлық жауапты орындар болса, аяқтарынан тік тұрып тәулік бойы жұмыс істеуге кіріскен.

«Мұндай толассыз жауған қарды осыдан жиырма жылдай уақыт бұрын көргенбіз. «Қаба жауған қар жаман» деуші еді атам қазақ, мына қардың беті тіпті бөлек екен. Шығынға ұшыратып жүрмесе жарар еді. Құдайым өзі сақтасын...» деп тәубесін қайта-қайта аузына алған қариялар күрт құбылған күн райының қас-қабағын бағып, мал-жанға амандық тілеуде. Ал табиғаттың тарпаң мінезіне қарсы әрекет қылатын өңірдегі барлық жауапты орындар болса, аяқтарынан тік тұрып тәулік бойы жұмыс істеуге кіріскен.

Жұртты әбігерге әбден салған төтенше жағдайға байланысты аймақта арнайы штаб құрылып, жедел шаралар қолға алынған. Барлық іс-әрекетті облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өзінің тікелей қатаң бақылауында ұстап, басшылық етуде. Алай-дүлей ақ боран ауылды да, қаланы да қалың көрпесімен қымтап тастады. Әсіресе, облыс орталығы - Өскеменде ақпанның 11-і күні ұйтқи жауған қардың қарқыны адам шошырлық еді. Қарға адым жердегіні көру мүмкін болмағандықтан қала ішінде көліктердің қозғалысы баяулап, көшелерде кептелістер көбейді. Жолаушылар тасымалдайтын автобустардың әдеттегі жүру жиілігі бұзылып, кестеден кешігу басталды. Аялдамаларда тұрған адамдар қарасының көптігі соншалық, сирек қатынаған қоғамдық көліктерге сыймай қалып жатты. Өскемен қаласының әкімі Серік Тәукебаевтың өзі бас болып мұқым коммуналдық мекемелер тайлы-тұяғы қалмай қар тазалауға шықты.
- Қаладағы барлық жедел әрекет ету қызметтері, коммуналдық мекемелер тәулік бойғы күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілді. Біздің қазіргі міндет - тез арада көшелерді тазалап, көліктердің қатынауына мүмкіндік туғызу. Медициналық мекемелер мен дүкендердің үздіксіз қызмет етуін қамтамасыз ету, - деген болатын 11-ші ақпан күні кешкісін «Қазақстан-Өскемен» телеарнасы арқылы қала басшысы Серік Тәукебаев.

Оның айтуынша, қаланың аудандары мемлекеттік органдардың басшыларына бекітіліп, қадағалауға алынған. Барлық ғимараттардың меншік иелері, пәтер иелері кооперативтері, жеке тұрғын үйлердің қожайындары қатардан қалмай қар тазалауға жұмылған. Бұған салғырт қараушыларға әкімшілік шара қолданылмақ.
Сонымен қатар кеше шаһардағы мектептердің бәрінде (1-ден 11-сыныпқа дейін) сабақ өткізілген жоқ. Тиісті орындардың хабарлауынша, бір тәулікке жетпейтін уақытта Өскеменде жауған қардың қалыңдығы 60-85 сантиметрді құраған.

Облыстық жол полициясы басқармасының сақшылары да төтенше жағдайға байланысты дамыл таппады бұл күндері. Аталған органның Өскемен қалалық бөлімінің қызметкерлері көшелердің қарын тазалауға кедергі келтіретін жол жиектерінде «қаңтарулы» тұрған темір тұлпарлардың иелерін анықтап, оларды басқа жаққа орналастырумен, мәшинелердің кептелісін ширатумен әлекке түсті. Ресми ақпаратқа сенсек, бір күнде екі жол-көлік оқиғасы тіркеліпті.
- Жолдардың шетінде тұрған көліктер қар тазалаушы техникаларға үлкен кедергі. Сондықтан біз олардың иелерін тауып, телефон шалып, мәшинелерін алып тастауды ескертіп жатырмыз. Егер үйінде ешкім болмаса, әлгі көліктерді эвакуатормен жақын маңдағы аулаға апарып қоямыз, - дейді Өскемен қалалық жол полициясы бөлімінің бастығы Сергей Коваленко.

Ат құлағын көрсетпейтін ақ түтек облыс аумағындағы бірқатар күре жолдарды бітеп, ауыл мен қала арасындағы байланысты үзді. Мамандардың есебінше, аймақта қардың түсуі қалыпты мөлшерден 3-4 есе көп. Табиғаттың қолайсыздығына орай 11-ақпанда Өскемен қаласынан Қалбатау, Таулы Үлбі, Северное, Зырян, Семей, Шемонайха, Риддер бағыттарында қатынайтын жолдар жабылған.

Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, құтқарушылар тобы Ұлан ауданына қарасты ауылдардың бірінен сырқат адамды жедел жәрдем мамандарына жеткізуге көмектессе, Өскемен-Қалбатау тас жолының бойында сегіз адам мен 11 мәшинені қар құрсауынан алып шыққан. Бұған қоса «Нива-Марш» көлігімен ауыр науқастанған адамды дәрігерлер қолына әкеліп тапсырған. Күндіз-түні дамылдамаған құтқарушылар сондай-ақ, жәрдемге мұқтаж өзге де бірқатар адамдарға қол ұшын созып, қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Абырой болғанда адам шығыны жоқ.

Бүгінде облыс орталығындағы негізгі көшелер қардан «құтқарылып», қалаішілік қоғамдық көліктер кестеге сәйкес жүруде. Ал Өскеменнен Зырян, Қалбатау және Шемонайха бағытына жүретін жолдарға келсек, әлі жабық. Тек Өскемен-Риддер, Самар-Тарғын күре жолдары ғана ашылған. Қарды тазалау жұмыстары жалғасуда. Дегенмен облыстың таулы аймақтарында қар көшкіні түсу қаупі жоғары көрінеді.   

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1041
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 921
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 685
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 771