Сенбі, 27 Сәуір 2024
Дат 1386 0 пікір 14 Қараша, 2022 сағат 12:08

Президент мырза, базар саудагерлеріне араша түсіңіз!

Алматыдағы «Рахат» базарының айналасындағы шу әлі басылмады. Базар кәсіпкерлері 7 ай бойына жарықсыз отыр. Амалдың жоқтығынан генератор қосқан азаматтар осы уақытқа дейін 12 миллион теңге шығын көрген.

Заңгер Бақытжан Базарбек пен «Рахат» базары қарайтын «ТКМ» ЖШС-нің өкілі, заңгер Жамиля Туленова «Алматы қаласы әкімдігі заңды белшесінен басып, сот шығарған шешімді орындамай отыр», дейді. Бақытжан Базарбек осыған байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына үндеу жолдады.

Abai.kz порталы бұған дейін «Рахат» базары туралы бірнеше материал дайындаған болатын. Бұл дау 2022 жылы шешімін тапқандай болған. «Рахат базары» қарайтын «ТКМ» ЖШС мен «Алматы CPS» ЖШС арасындағы жерге байланысты тартыста сот «Рахат» базарының пайдасына шешім шығарған. Бірақ Алматы әкімдігі әлі күнге дейін, «Рахат» базарының жерін тартып алу әрекетін жалғастырып отыр.

«Мен «Жер аманаты» Республикалық жер комиссиясы төрағасының орынбасарымын. Президенттің сенімді тұлғасымын. Осындай жағдайда, ең алдымен президент Қасым-Жомарт Кемелұлының атына үндеу жасағым келеді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы, біз үлкен дода – сайлаудың алдында тұрмыз. Сіздің сайлауға арналған бағдарламаңыз бар. Оны іске асыратын командаңыз бар. Мен де сол команданың құрамындамын. Бағдарламаның негізгі мақсаты – халықтың жағдайын жақсарту. Ендеше «Рахат» базарында жұмысын істеп, күнделікті нәпақасын тауып отырған – өзіміздің қарапайым халық. Олар міндетті салығын төлеп, отбасын асырап отырған адамдар.

Құрметті президент, біз ұзақ уақыт соттасудың арқасында үлкен жеңіске жеттік. Соған қарамастан жергілікті атқару органы, яғни Алматы қаласының әкімдігі соттың шешімін бұрмалап, оны орындамай, кәсіпкерлерге қоқан-лоқы көрсетіп отыр. Сіздің бағдарламаңызға, саясатыңызға қайшы әрекет жасап отыр. Мен жер құқықтық қатынастарында заңды қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген азаматпын. Әлі де үлес қосуға дайынмын.

Сондықтан сіздің бағдарламаңыздың аясында, бір өтінерім, Алматы қаласы әкімдігінің тарапынан «Рахат» базарына жасалып жатқан заңсыз әрекетке тоқтау қояйық. Сіздің осы заңсыздыққа  араласуыңызды өтінеміз. Заңсыз әрекетке жол берген лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылуы тиіс. «Рахат» базары «ТКМ» ЖШС-нің заңды жер пайдалану құқығы қалпына келтірілуі керек. Әділеттілік орнасын», - деді заңгер.

Бақытжан Базарбектің айтуынша, «Рахат» базарының жерін тартып алу – Алматы қаласы әкімдігі мен Алматы қаласының жер қатынастар басқармасы, Сәулет қала құрылысы басқармасының бірлескен әрекеті.

«2022 жылы 25 қаңтар сот біздің пайдамызға шешім шығарғаннан кейін, Алматы қаласының жаңадан сайланған әкімі Досаев: «Рахат базарында» жүздеген кәсіпкер адал жұмысын істеп, салығын төлеп отыр. Оларға жер пайдалану құқығын берейік, деп айтатын шығар», - деген ойда болдық. Бірақ ойымыз іске аспады.

Керісінше Алматы қаласының жер қатынастар басқармасы, Сәулет қала құрылысы басқармасы бізге тарпа бас салды. Бәрімізге анық, олар Алматы қаласы әкімінің рұқсатынсыз өз бетімен әрекет жасай алмайды. Оларды үйлестіретін Алматы қаласының әкімдігі.

Сондықтан, менің пайымымша, Алматы қаласы әкімдігі топ болып жерді алып алмақшы. Қысым көрсету арқылы тартып алуды ойластырып отыр. Мен басқа амалды көріп тұрған жоқпын. Бұл дау Байбектің кезінде басталды. Содан жалғасып келеді. Байбектің кезінде бір зарладық, Сағынтаевтың кезінде екі зарладық. Досаев келді, біз әлі зар илеп отырмыз.

«Рахат базары» ешқандай заң нормаларын бұзған жоқ. Заңды бұзса, сотта тиісті материалдар болады. Тексерудің қорытындысы, протоколдар, уәкілетті органдардың бегілі бір материалдары болу керек. Ондай жоқ. Сотта әкімдік те, Жер қатынастары басқармасы да, Сәулет қала құрылыс басқармасы да ұсына алмады. Демек, біз жақтан заң бұзушылық жоқ. Жер кодексінің 37-бабына сәйкес, жер пайдалану құқығын беруде бізге басым құқық берілуі керек. Бірақ Алматы қаласы әкімдігі үшін «жер пайдалану құқығын беруде басым құқық» деген норма жоқ. Алматы қаласының әкімдігі үшін заң, жер кодексі деген ұғымдар жоқ. Олардың заңы тек қалталылардың құқығын қорғауға арналған», - дейді заңгер.

Заңгер Жамиля Туленова әкімдердің базарды жабу және «ТКМ» ЖШС-нен жер алу әрекеттерін жалғастырып жатқанын айтады.

«30.03.2022 жылы ешқандай ескертусіз базарда электр жарығы өшірілді. Оған себеп болған Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Г.Қоқабаеваның базарға келіп, кәсіпкерлердің алдында өз  билігін көрсету үшін жасаған әрекеті. Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Гүлнара Ахметжанқызы Қоқабаева «Рахат» базарын 1 ай мерзім ішінде босату талап етті. Сөзі сенімді болу үшін Жер комиссиясы «ТКМ» ЖШС-не жерді жалға алу құқығын бермейтінін мәлімдеді! Мұндай мәлімдемені 2018 жылы қала әкімі Б.Байбек жасап еді. Аудан әкімі неге сүйеніп өз құзырынан шығып аталған мәлімдеме жасағаны беймәлім. Бірақ, өтініш Жер комиссиясына жетпей ақ Жер қатынастары басқармасынан қайтарылды. Бұл ымыраның басында кім тұр?

15.04.2022 жылы базар аумағында экология бөлімінің маманы Нысанбеков Ерасыл қоғамдық дәретхананың септигін аудан әкімі Г. А. Қоқабаеваның «хаттама-тапсырмасына» сілтеме жасай отырып тексеруге келді. Аудан әкімінің орынбасары Д.Н. Әкежанов өз кезегінде «Рахат» базарына электр қуатын жалғау үшін ТП-ға қосылуға келісім бермеу жайлы көрші базар басшыларына нұсқау таратып отыр. «Рахат» кәсіпкерлері алдарына иіліп баруын мәжбүрлеп отырғаны анық. Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен 29 қазанына дейін РЭҚ-1 қызметкерлері «Рахат» базарының трансформатордан ажыратылғанын растайтын фотосуреттерді аудан әкімінің орынбасары Дамир Нұрсұлтанұлы Әкежановтың тапсырмасы бойынша телефон арқылы Жетісу ауданы әкімдігінің қызметкеріне жіберіп келетінінен хабардар болып отырмыз. 2022 жылдың 29 қазанында жіберілген фото есеп + 77074143231 нөміріне жолданған. Өткен кезең ықпалынан шыға алмай мемлекеттік қызметті сауынды сиырдың желініндей көрген мұндай әкімдермен мемлекеттік билікке өзгеріс енгізу оларға тағзым етуден аспайтын секілді.

Осылайша, ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап қазіргі уақытқа дейін базар генератордың көмегімен жарықпен қамтамасыз етіп отыр.Тиісті органдардың табалдырығын тоздырып бітірдік. Мәселе шешімін тапқан жоқ. Өз қотырын өзі қасып, нәпақасын айырып отырған кәсіпкерлер Жетісу ауданының әкімі Г. А. Қоқабаева мен оның орынбасары Д.Әкежанов қолдан жасап отырған әкімшілік тосқауыл кәсіпкерлерге 12 млн. теңгеден астам шығын келтіріп отыр. Бұл тосқауыл Қазақстан Республикасының Конституциясы нормаларына  «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Сыбайлас жемқорлық туралы» Заңдарының талаптарынан жоғары әкімдердің жеке амбицияларының салдары! Ал қала әкімі Е. Досаев бұл проблемалардан тысқары қалуды жөн санаған секілді», - дейді ол.

Оның айтуынша, осы оқиғадан кейін «Рахат» базарының өкілдері қала әкімі Е.А. Досаевқа жеке қабылдау туралы бірнеше рет жүгінген. Бірақ қала әкімінің жеке қабылдауына кіру мүмкін емес.

«Қала әкімі аппаратының қызметкері Адиханов Асылхан «регламент бойынша орынбасарлар не басқарма басшылары не орынбасарлар қабылдау керек» дейді. Регламент талаптарына сай ол сатылардан өттік. Базар жарықсыз деген мәселеге құлақ асқылары келмейді.

«АЖК» АҚ-да электр қуатын қосу талаптары бойынша «ТКМ» ЖШС-де құқық белгілейтін құжаты жоқ, сондықтан, мәселе шешімін таппай отыр.

Біздің алдымызда жергілікті атқару органдарының бар есігі жабық, осы заңсыздыққа жол берген шенеуніктердің заңсыз әрекеттеріне қатысты барлық шағымдар орындау үшін солардың өздеріне жіберіледі!» - деді Туленова.

Abai.kz

0 пікір