Сенбі, 27 Сәуір 2024
Білгенге маржан 3339 5 пікір 10 Қараша, 2022 сағат 13:11

Жоңғардың құрамында қырғыздар болған ба?

«Жоңғарлардың жойылуы XVIII ғасырдағы ең ауқымды геноцид болды».

Тарихшы,  Марк Левен.

Қазақ елінің тарихында, жоңғар шапқыншылығы айырықша орын алады. Сонымен қатар, еліміздің жүріп өткен тағдыры талайлы тарихи жолындағы  басты геосаяси жауы ретінде көрсетіледі.

Көптеген тарихшыларымыздың ой - пікірінше, өз уақытындағы Жоңғар хандығы ойраттар деп айтылады. Осынау, кезінде арыстандай ақырған  империя болған Жоңғар мемлекеті солтүстігінде Оңтүстік Сібірден бастап, осы күнгі Қырғызстанға дейінгі, шығысында Ұлы Қытай қорғанынан, қазіргі Қазақ еліне дейінгі орасан – зор  аумақты алып жатқан. XVII ғасырдың алғашқы ширегінде ойрат деген атпен танымал болған Жоңғарлар, 1680 -1689 жылдары оңтүстік Шыңжаңдағы Қашқар өлкесін басып алады. Сондай-ақ, шығысында Моңғол атанған халхалық буряттарды жеңіп, біраз жетістікке жетеді.

«Жоңғар» сөзінің этимологиясына келетін болсақ, жунгар, зюнгар –  Шыңғыс хан әскерлерінің сол жақ қанаты. Оң қанат – бурунғар деп аталған екен.  Бірақ, кейбір тарихи деректерде «Жуун – гар» сөзі Қытайдың «қарақшы адамдар» деген сөзінің мағынасы деп келтірілген (Гольман Марк Исаакович, доктор исторических наук, востоковед.). Осы, Жоңғар хандығының шаңырағын көтерген және оның өсіп-өркендеуіне  айтарлықтай үлес қосқан Ойрат тайпасы.

Дегенмен, осы Жоңғар хандығының негізі болып саналатын ойраттар, сонау XIII ғасырдың басында, қазіргі Тува аумағынан келген. Қазіргі қырғыздар да өз заманында сол маңда тіршілік кешкен. 1653 жылы Қоңтайшы батыр өлгеннен кейін, оның ұлы Сенге таққа отырады. Бірақ, оның таққа келуіне, шешесі басқа інілері келіспей, қарсы шығады. Дегенмен, Хошут хан Очирту Цецен ханның қолдауымен, бұл тартыста 1661 жылы Сенге мақсатына жетеді. Алайда, 1670 жылғы төнкеріс кезінде, өзі де бауырларының қолынан қаза табады. Кейіннен, оның тағына келген Галдан, Жоңғар еліне билігін жүргізе бастайды. 

1681 жылы Галдан Церен Тянь – Шань тауларының сол жағындағы аумаққа және Қазақ хандығына шабуыл жасай бастайды. 1683 жылы Цэван Рабдан бастаған Галдан қоңтайшының әскері Ташкент пен Сайрамды алады. Олар, сөйтіп, Сырдария жағасына дейін жетеді. Осыдан кейін, Фергана алқабын ойрандап, кейіннен Тараз қаласын да өздеріне қаратады.

1698 жылы Галдан Церен бақилыққа кеткен соң, оның орнына келген Цэван Рабдан әскері бүкіл Орталық Азияны жаулап алады.

1727 жылы Цэван Рабданнан кейін, оның орнына келген ұлы Галдан Церен қазақтармен соғысын жалғастыра береді. Әрине, бұл Жоңғар мен Қазақтың  майдандасқан соғысының қалай аяқталғанын қай-қайсымыз да білеміз. Қытай генералы Пу Де бастаған армияның сұрапыл соққысынан, тек қана Жоңғар хандығы тұрмақ, арыстандай ақырған, ат үстіндегі жауынгер ел тұтастай қырылып, тарихтан жойылып кетті. Бұл, өз заманындағы сұмдық геноцид еді.

Өз кезінде, жоңғарлардың қолына түсіп және соларға қызмет еткен, кейіннен, шүршіттердің жорығы басталғанда, қытайларға өтіп, генерал Пу Денің қасында жүріп, осы қырғынның куәгері болған  швед офицері Юхан Густав Ренаттың «Джунгарсая степь» атты жазбаларында бұл оқиғалар нақты баяндалады. Оның Жоңғар хандығының аумағын көрсеткен, сызған картасы да бар.

Дегенмен, біздің айтайық дегеніміз, кейбір ғалымдардың пайымдауынша Жоңғар  атауы өз уақытында Қырғыздың – Чоңқыр деген (чоң қыр – алып қырғыз немесе үлкен қырғыз деген мағынаны білдіреді) сөзінен пайда болған дейді. Сол бір кездегі Ресей империясының саясатында,  Жоңғар хандығының құрамы Ойраттар мен Қырғыздардан тұрды деп айтылады және жазылады. Ал, Жоңғар мемлекетінің әскері болған қырғыздардың үлкен тобы, кезінде, қазіргі Қырғызстан аумағына, Енесай (Енисей) атырабынан ауып келіп, Қырғыз деген елге айналды дейді. Чоңқыр – Жоңғар хандығының негізгі елі түркі тілді ойрат пен қырғыз болды делінеді. Дегенмен, олардың қазақтармен еш тілмәшсіз өзара түсініскені туралы да мәліметтер бар. (А.И. Левшин "Описание Киргиз-Казачьих или
Киргиз-Кайсацких орд и степей"( 1832 г)).

Ойрат пен Қырғыздар түркі тілді ұлттар. Сондықтан, осы күнгі қалмақ пен моңғолды (буряттар) жоңғарлардың туысы деу өрескел қателік, қалмақ пен қазіргі моңғолдарды қазақтар тілмәшсіз мүлде түсіне алмайды, өйткені, екеуі де халха – хидан елінен,- дейді кейбір ғалымдар. Осы, А.И.Левшин қалмақтар туралы өте құнды деректер қалдырған екен. Бұл еңбектен көп нәрсені табуға  болады.

Жоңғар хандығы қырғын тапқан соң, әупірімдеп аман қалған кішігірім бөлігі Алтай тауларына барып тығылып, кейіннен орыстардың нұсқауы бойынша осы шөкімдей ғана ел, Алтайлықтар деп аталып, тарихқа енді.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

5 пікір