Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Тарих 2410 5 пікір 21 Желтоқсан, 2023 сағат 14:10

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманындағы Түркістанның саяси ахуалы

????????????????????????????????????

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама»,- Құба қалмақтары 1723 жылдың көктемінде тұтқиылдан тыныш жатқан қазақ жұртына шабуыл жасап қырғынға ұшыратқан трагедиялық жорықтарының басталуына қойылған есім. XVIII ғасырдың 20 жылдарындағы қазақ тарихының күрделі кезеңдерінің бірі болып саналады. Бұл қасірет 1723 жылы бастап 1727 жылы өз шегіне жеткен еді. Сондықтан биыл (223) аталған қасіретке 300 жыл толып тұр. Қазақ тарихының бұл трагедиялық оқиғаны бастан өткізіп жатқан жылдары яғни XVII-XVIII ғасырлардағы ішкі және сыртқы саясаты қандай бағытта болғанын зерттеп, зерделеу аса маңызды мәселелердің қатарында орын алады.

Бұл оқиғаға қатысты қазақ хандығының тарихи процессін анық ұға білу үшін қазақ хандарының билік құрған жылдарын шартты түрде есте сақтап қойған жөн. Онда: 1. Керей хан (1465-1473), 2. Жәнібек хан (1473-1480), 3. Мұрындық хан (1480-1511), 4. Қасым хан (1511-1521), 5. Мамаш хан (1521-1522), 6. Тайыр хан (1522-1531), 7. Бұйдаш хан (1531-1533), 8. Тоғым хан (1533-1537), 9. Ханназар хан (1537-1580), 10. Шығай хан (1580-1582), 11. Тәуекел хан (1582-1598), 12. Есім хан (1598-1628), 13. Жәнгір хан (1629-1652), 14. Тәуке хан (1680-1715), 15. Әбілқайыр хан (1718-1748), 16. Тұрәлі хан (1747-1786), 17. Абылай хан (1771-1781), 18. Уәли хан (1781-1819), 19. Жаһангер немесе Салқам Жәнгір (1821-1847), Кенесары хан (1802-1847) қазақ хандарын 2015 жылы қазақ хандығының 550 жылдық ұлықтау тойында осылай белгіленген кесте берілді.

Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама қалмақтардың қазақ жұртына қанды жорығын зерттеуші ғалымдар үш себепке байланыстырады. 1. Тәуке хан қайтыс болған соң қазақтың үш жүзі бір-бірінен алшақтап, ынтымағы ыдырады. 2. Есесіне қазақтар жоңғарлардан қалмақтарды ажырату үшін Торғауыт хандығын (1633-1771) Құба қалмақтары деп атаған. Олар XVIII ғасырдың басынан бастап ішкі алауыздықтарын азайтып, ішкі ауызбірлігін нығайта түсті. 3. Қалмақтар 1715 жылдың орта тұсында орыстарда тұтқында жүрген Ренат есімді швед техник маманын қолға түсіріп зеңберек құю технологиясын меңгеріп алды. Сонымен қару-жарақтың жаңаша дамыған түріне ие болды. Сонымен бірге орыс патшалығына бағынышты болып жүріп, патшалықтан әр түрлі әскери-саяси қолдау тауып жүрді. Міне аталған үш фактор елдер тарихында қашанда жеңіс пен жеңілістің басты себептері болып саналады. Өйткені әрдайым бір елдің ішкі факторлары сол елдің тағдырын тағайындайды, ал сыртқы факторлар өзге елдің тағдырына ықпал етуші факторлар болып есептеледі. Сондықтан Тәуке хан қайтыс болғанда жоғарыдағы хандардың кестесіне қарағанда Әбілқайыр хандық таққа отырғанша үш-төрт жыл бойы қазақ хандығы бассыз қалып, саяси өліара жылдарды бастан өткізді. Бұл да бір елдің саяси басқармасының жоқтығы әскери-қоғамдық қуатының әлсіреуінің басты себебі болғандықтан айтылған үш себепке төртінші себеп яғни саяси жүйенің күйреуі болып қосылады.

Тарих бойынша түркілер Тұраннан Түркістан атанған кеңістікте ішкі тақ таластарын тоқтата қойған жоқ. Шыңғыс ханның жеңісті жорықтарының соңында Алтын Орда мемлекеті қыпшақ даласы мен Кавказдарды біртұтас өз бақылауына алды. Ал мауереннәһр, Кашғар, Харезм өңірінің бір бөлігін 1227-1359 жылдар аралығында билеп тұрған шағатай хандығы да Әмір Темірдің шабуылдарына шыдас бере алмай Мәуереннәһрді тастап кетті. Шағатай ханның ұрпағы саналатын Тоғлықтемір ханның мұрагері Ияис қожа да Әмір Темір мен әмір Құзғын барластың немересі әмір Үсейіннің одағынан жеңіліп, Мауереннәһрді тастап кетуге мәжбүр болды.

Алтын Орда мемлекетінің билік тізгінін Тоқтамыс хан 1380-1395 жылына дейін Әмір Темірдің тікелей қолдауына ұстап отырды. Бірақ саяси санасынан гөрі биліктің алдамшы елесі оны сауатсыз жақын әмірлері мен кеңесшілерінің орынсыз насихаттарын тыңдап, үлкен қателіктерге ұрындырды. Осыдан Қыпшақ даласы мен Кавказ, екінші жағынан Мауереннәһрде құлдырауын тоқтата алмады. Әмір Темір мен Тоқтамыс ханның арасындағы саяси-әскери қатынастар жайында менің: «Зафарнама» шығармасындағы қазақ сөзі мен тарихы атты мақалаларым Ана тілі газетінде 2023 жылдың 14 қыркүйегінен бастап алты нөмірінде екі апта аралықпен жарияланды. Аталған мақалаларым Шарафеддин Әли Йәздидің «Зафарнама» кітабын незізге ала отырып «Зафарнама Шами», Хафиз Әбру, Ибн Арабшаһ тағы басқа Әмір Темір мен оның әулеттері билік құрған кезде жазылған жазба деректер және француз, иран, түркия, араб, ресей ғалымдарының зерттеу тұжырымдарын пайдалана отырып жазғанмын.

Түркістан тұтастығы ішкі тақталастың салдарынан ұдайы құлдырау үрдісінен таймай Мауереннәһрден шағатай династиясы қуылған соң Әмір Темір әулеттері бір жағынан өзара таққа бәсекеге түскен заманда Жошы хан ұрпағынан болған Шейбани хан Әмір Темір әулеттерін Мауереннәһрден қуып шықты. Сөйтіп Шейбани хандығы құрылды. Мына жақтан Алтын Орда мемлекеті Тоқтамыс ханның тоқтаусыз Әмір Темірге қарсы шабуылдарынан Әмір Темірді Өріс хан немересі Барак ханды қолдап таққа отырғызуға итермеледі. Барак ханның 1426 жылы билігі құлаған соң: «XV ғасырдың 30-70 жылдарында орталығы Төменгі Еділ бойында болған Алтын Орда біржолата ыдырады да, оның бөлшектеген орнына бірнеше жаңа мемлекеттер пайда болды, олар: Қырым хандығы, Қазан хандығы, Астрахан хандығы, Сібір хандығы, Қазақ хандығы, сондай-ақ басқа да бірқатар саяси бірліктер – Үлкен Орда (Еділ мен Днепр арасындағы далада), Ноғай Ордасы, (орталығы Жайықтың төменгі ағысы өңіріндегі Сарайшықта) болған еді». Сондықтан Алтын Орда мемлекетінен бастау алған Қазақ хандығы мемлекеті Алтын Орданың жалғыз саяси мұрагері болып келеді. Осылайша Жошы хан ұрпағынан Мұхаммед Шейбани хан (1451-1510) Мауереннәһрде, Қазақ хандығы Қыпшақ даласына иелік етіп мемлекеттерін құрды. Бірақ Мұхаммед Шейбани тарапынан 1500 жылы құрылған хандық 1599 жылы Пірмұхаммед II Шейбанимен аяқталды. Есесіне қазақ хандығының ғұмыры 1847 жылына дейін жалғасты. Шейбани хандығының хандары:

1. Мұхаммед Шейбани (Шейбек хан) 906 / 1500

2. Көшкүнші хан 916/1510

3. Әбусаид 937/ 1530

4. Обейдолла 940/1533

5. I-Абдолла 946/1539

6. Әбділәтип 947/1540

7. Наурыз Аһмет 959/1551

8. I-Пір Мұхаммед 963/1555

9. Ескендір 968/1560

10. II-Абдолла 991/1583

11. Әбді-Мүмін Шейбани 1006/1598

12. II- Пір Мұхаммед Шейбани 1007 /1599

Қазақ хандығы кең байтақ жерін ғасырлар бойы қорғай алғаны оның аса парасатты саясатының арқасында жүзеге асты. Мемлекет күрделі құрылым болғандықтан бір сәт қапы қалуды кешіре алмайды. Сондықтан Тәуке ханның қайтыс болғаннан кейінгі өліара саяси жылдарда халықтың саяси ынтымағына өлшеусіз зақым келтірді. Оның құнын қалмақтардың бейқам жатқан қазақтарға тұтқиылдан шабуыл жасап, қазақ даласын қан көліне айналдыуымен төленді. Оның зардабы азды-көп жалғасын тауып келе жатыр. Алайда қазақ хандарының аса парасатты жүргізген саясатын жоққа шығаруға болмайды.

Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама трагедиясы Абілқайыр ханның ерлік пен саяси санасының өрісті екенін көрсетті. Оның ізін Абылай хан неше викторлы саяси ұстанымы арқасында қазақ халқын аса қауіпті саяси-әскери иірімнен аман алып қалды. Алайда ресей патшалығы аңын аңдыған аулашы болғандықтан Түркістанда өтіп жатқан түрлі саяси оқиғаларды бақылауда ұстап отырып, оның ішкі алауыздығынан іштей іріп-шіруін күтіп жүрді. Соңында нақты саяси ұстанымының арқасында көздеген межесіне жетті.

Өйткені Мұхаммед Шейбани Мауереннәһді бір тұтас бағындыра алмағанын байқаймыз. Ол тек қана «Бұхара хандығын» 1501-1785 құрды. Өзі 1510 жылдың 1-ші желтоқсан күні Исмайыл патшамен Мәрв шайқасында қаза тапты. Бірақ хандығы ұрпақтары тарапынан жалғасты. «Хива хандығы» 1511-1920, «Самарқанд хандығы» 1701-1876 Шейбан әулеттер тарапынан құрылып, күйреп кеткендері Түркістан ыдырауының соңғы саяси аялдамасы іспеттес болды. Қазақ хандығы Түркістан тұтастығын немесе саяси үстемдігін ресей патшалығынан бір өзі қорғап тұрғандай көрініс беріп тұрды. Өйткені Мауереннәһр оған арқа сүйер тау бола алмады. Ондағы хандықтар өзара қырылысып жатты. Майда хандықтарға бөлініп кеткендігінен ресей патшалығының оп-оңай жеміне айналды. Әуелі Бұхара әмірлігі 1868 жылы ресей әскерінен жеңіліп қалды. Сол жылдан Самарқанд саласы Ресей бақылауында болып, Бұхара әмірі саяси тәуелді қолбалаға айналды. Ресей патшалығы Хива хандығын да 1873 жылы өз саясатына бағындырды. Қоқан хандығы өзбек, қазақ, қырғыз, тәжік және тағы басқа ұлыстардың ортақ қимылы арқасында 1709 жылы құрылды. Бірақ оны да 1876 жылы орыс патшасы өз ырғына көндірді. Одан кейінгі саяси процессте барлығы ресей патшалығынан коммунист кеңес одағының саяси бұғауына ілініп, “Қызылтабан шұбырынды”қасіретті тағдырын тәуелсіз Ел болғанша жалғастырды.

Біз Түркістан тарихын түркінің бір тұтас тағдыры деп қарайтын болсақ, Мауереннәһрдің шағын хандық пен әмірліктерге бөлшектеніп кеткенінің кесірінен Түркістанның саяси, экономикалық, қоғамдық, мәдени кеңістігін қорғаудың ауыр саяси-әскери жүктемесін қазақ хандығының иығына жүктелді. Өйткені Мауереннәһр таққа таласып, іштей шіріп жатқанда қазақ хандығы ерлене кеудесін отаршыл орыс патшалығының сан түрлі саяси, мәдени, экономикалық, психологиялық жорықтарына қалқан етіп тосып тұрды. Миллиондаған жандар шейіт болды. Енді XXI ғасырдың құшағында саяси көрсанадан құтылуға және жаңаша ойлануға мол мүмкіндік бар. Ол үшін мемлекеттік мүдде басты меже, назарда тұруға тиіс. Әлем тәжірибесі алдымызда көл-көсір сабағын жайып қойған заман. Мәселен Франция мен Британия саяси мүдделілікке қарай 1337-1453 жылына дейін 116 жыл ымырасыз соғысып келген. Олардың екіара соғыстары тарихта Англия-Франция арасындағы жүз жылдық сағыстар деп тіркелді. Міне сондай жауластық жылдарын саяси ақылмен ауыстырып, өркениетті ел ретінде өзге Азия, Африка елдеріне саяси-экономикалы, мәдени-психологиялық үстемдігін жүргізіп келеді. Енді түркі халықтары оянбай саяси ұйқыда қала берсе, келешек ұрпақтан ұят және оларға обал. Сол себептен бұдан кейін келешегіміз үшін түркі тарихының ащы сабағын есте сақтап жүргеніміз абзал. Бір анық оқиғаны баяндай бергенше оны кеңінен Түркістан кеңістігінде түркілік мүддеге бір тұтас зерттеп, зерделегені жөн. Түркі ғалымдары түркі тарихын бір тұтас обьект етіп қарастырмаса, ешбірі түркі ғалымы аталық тарихын бөлшектеген бөліктерінен анықтап, анығына бара алмайды. Ислам тарихын түркілерден ажыратсақ толықтай ұға алмайтындай, түркілердің тарихында бір-бірінен бөлшектеп қарастыру олардың әлем өркениетіндегі орнын анықтап ала алмайды. Сол үшін түркілерді бір-бірінен ажыратып, жат қылу отарлау саясатының ең ірі ойындарының бірі. 571 жылғы Талас шайқасында қытай қосыны мен мұсылман халифаты соғының әскери қуатына дем беріп отырған қарлұқ түркілер болса, Түркістан кеңістігінде ислам дінін түркілер тарапынан өз қалауымен еркін түрде қабылдауына жол ашты. 1258 жылы Бағдат мұсылман елдерінің саяси-мәдени, білім мен ғылыми астанасы болып тұрған Құлағу тарапынан жауланды. Оның кейінгі жорықтарына басты бөгет болған қыпшақ түркілері Әйін –әл-Жәлут шайқасында тоқтау салды. 1453 жылы оғыз тобынан болған Осман әулеттері Ыстанбұл қаласын бағындырып ислам туын әлем аспанына желбіретті. Осындай түркілердің ірі бастамаларында түркілердің барлық қауымдары бір армияның сарбаздарыда қатысты. Қарап отырсаң тағдыр барлық түркілерге әлем өркениетіне үлес қосу үшін тарихтың әр дәуірі не кезеңінде мол мүмкіндік беріп отырды. Сол үшін тарихтың бір оқиғасы жеңіс туын желбіретсе, бір оқиғасы жеңіліспен саяси ой өрісті кеңейтуге негіз қалайды.

Сол себептен «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» әр бір түркі халқының трагедиялық тарихи сабағы. Сондықтан бұл тарихи сабақты қазір түркі Елдері мұқият зер салып оқуға тиіс. Қазақ үшін ұлттық және мемлекеттік мүддесін қорғауда дамудың екі қанаты: а) гуманитарлық сала, ә) технологиялық салада қатар ілім-білім алуды ұлттық құндылықтармен қамтамасыз етуді қолға алу керектігі және «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама»,- қасіретінің дәрістері: а) қазақ тілі, діні, ділі ұлттың ынтымақ мәйегін нығайту; ә) жаппай қазақ қауымының ұлттық саяси психологияның қалыптасуы тікелей билік, буржуазия және қазақ интеллекциясының ұлттық саяси санасы қатар жетіліп, мемлекеттік мүддеге жұмылдырылу керектігі; б) түркі Елдерінің бірлестігі немесе одақтасуы, в) түркі елдеріндегі экономика саласындағы бәсеке заң шеңберінде адал, түркілік мүддеге сай жүзеге асуын қамтамасыз ету; г) түркі елдерінің саяси белсенділері тарихи тәжірибелеріне сүйеніп, орынсыз саяси басшылық ету бәсекесінен аулақ болуы, ғ) ішкі таза, жанашырлық бәсеке барысында түрлі келіспеушіліктен туындаған өкпе –ренішті үлкен мүдделіктер үшін кешірім жасаумен кек тудырудан сақтандыруға шақыру, д) ынтымақ жолында ұлттық-мемлекеттік мүддні қорғай алатын саяси ұстанымы берік тұлғаларды билікке алып келу механизмін жетілдіріп отыруды басты назарда ұстап отырған жөн. е) түркілерге ортақ тіл, ежелгі және ортағасырлық ортақ тарих, әдебиет, өнер, археологиялық ортақ оқулықтарын дайындау қажеттілігі. ж) түркілік саяси-экономикалық мүддені қорғап жүру мақсатында ауыспалы арнайы қауіпсіздік коммитетін құру керек. Сондықтан аталған үш саладағы жетекші тұлғалар қоғамдағы азаматтардың нақты жасалатын істерін назарда ұстап отыруды есепке алулары ләзім. Салт-дәстүрдің ұлттық және адамзатқа махаббат тудыра алатын мәйегін сақтау шарт. Қоғамды түрлі келеңсіз мәдени шабуылдардан қорғана алатын механизмін жүзеге асыру қажет. Қоғам мен адамдарды бір-бірінен ажырататын түрлі материалдық, мәдени, салттық тар шеңбердегі түсініктен азаматтарды арылту жобалар мектеп бағдарламасына енгізу керек. Міне осындай игілікпен ынтымақты басты назарда ұстайтын жобалар сабақ кестесінен шықпауын ескеріп отырған жөн. Өйткені түркі елдерінің одақтасу процессінің жүйелі алға жылжуына түркі елдерінің саяси билігі негізгі фактор болып табылады. Және түркі елдерінің бағы мен соры да сол саяси билік болмақ. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретінен асқан қасірет тарихи сананың оянбау қасіреті болмақ.

Ал Түркістанның ыдырауының соңғы саяси-әскери аялдамасының нағыз себеп-салдарының анық-қанығына тереңдеу зер сала білуіміз үшін сол кездегі біршама жазба деректермен танысып, қазақ тіліне аударып, зерттеу обьекті ретінде оларға зерделі түрде қараған жөн. Олай дейтініміз бұл трагедиялық оқиғаны тұтастай Түркістан тарихынан қарастыру шат. Мен бұл мақала аясында бірнеше тарихнамаларды таныстырғым келеді.

1. Мұхаммед ибн Араб Қатаған тарихшы. Оның туған жылы беймәлім. Бірақ Мұхаммед Шейбанның (Шейбек хан) немере бауыры Абдолла ханның (1487-1539) заманында өмір сүрген. Бірінші Абдолла Шейбани хандығының төртінші ханы болған. Қатағанның «мемлекеттерді бағындыру» (مسخرالبلاد) атты өте құнды тарихнамасы Мауереннәһр, Қыпшақ даласы, Хорасан өлкелерінің 1498-1610 жылдарында орын алған тарихи-саяси оқиғаларын хатқа түсірген еңбек. Бұл кітап негізінде Шейбани хан тарихы болғандықтан «Шейбандықтар тарихы» депте аталып кеткен.

Бұл еңбек Әмір Темірдің әулеттерінің Мауереннәһрдегі соңғы билік кезеңін және Иранда патшалық құрған Сәфи династиясы мен Шейбани хандығының арасындағы қарым-қатынастарды II-Абдолла қайтыс болған 1597 жылға дейінгі оқиғаларды баяндайды. Қазақ хандығының ұлы ханы Қасымнан кейінгі құлдырау заманымен сай келетін уақытта шейбани хандығы мен қазақ хандығы арасындағы қатынастарды да оқиғалар арасынан байқай аламыз.

Кітаптың ендігі бір артықшылығы оны «Шағын географиялық энциклопедиялық шығарма немесе түсіндірме сөздігі»,-деп атауға болады. Өйткені бұл кітапта тарихи мәліметтерден басқа көптеген жерде аймақтың географиялық жайын және кейбір қалалар туралы анықтама беріп географ ғалымдарға да шикі зат ұсынып отырады. Бұл кітап Мауереннәһр мен Иранда билеп тұрған Ысмайыл шаһ арасындағы саяси-әскери қатынастары туралы да көптеп мәлімет береді. Ондай әңгіменің барысында Әмір Темірдің әулетінен Үсейін Байқара өлген соң оның балалары таққа таласып, Хорасан өлкесінің астанасы болған Герат шаһарынан айырылып, Темір династиясы Мауереннәһрден соң Хорасаннан да біржолата айырылып қалады. Осы оқиғалар қазақ хандығы мемлекетінің төңрегінде өтіп жатқанда қазақ хандарының саяси ұстамын зерттеп, зерделеу өте маңызға ие.

2. Фәзлолла ибн Рузбеһан Хәнжи (1446-1521) Иранның Фарс правинциясында орналасқан Хонж қаласында туып, Бұхарада өмірден өткен. Оның негізгі еңбегі Мұхаммед Шейбанидің бұйрығы бойынша 1508 жылы жазған «Бұхара қонақкәдесі» (مهمانخانۀ بخارا) атты тарихи кітабын атай аламыз. Шығарма елу төрт әңгімеден тұрады. Оның отыз сегіз әңгімесі тарих жайында, он үш әңгімесі феқһ пен кәлам хақында, екі әңгімесі автор туралы, тағы бір әңгімесі құтпа мен алғы сөзге арналған. Бұл кітаптың Мұхаммед Шейбани ханның тарихи кезеңін баяндай отырып, сол кездегі Мауереннәһр, Қыпшақ даласының қоғамдық-әлеуметтік жай-жапсарын баяндап, мол мәлімет береді. Бұл кітаптың тағы бір құнды тұсы, оның авторы Түркістан мен Хорасанға жасаған саяхатында көп оқиғаларға, елдің тұрмыс-тіршілігіне куәлік еткен. Соның нәтижесінде барынша нақты қалалар, ауылдар, қамалдар, ғимараттар жайлы мәліметтер берген. Сондай-ақ қазақ халқының мал шаруашылығы, оның киіз үйлері, салт-дәстүрі, наным-сенімі, қонақ күту ғұрпы, аза тұту рәсімдері, сый-сияпаттары, түрлі тағамдары, көрісу рәсімдері туралы аса құнды мағлұмат берген шығарма. Сондай-ақ тәрбие мақсатында нихаттық өлеңдер, табиғаттың панорамасын сипаттау, мешіттер, сарайлар жайын сөз қылуда кітаптың тарихи құнын рухани-мәдени құндылықтарға да байытып отырады.

Бұл кітап әдеби тұрғыдан ерекше артықшылыққа ие.  Автор бұл еңбекте  адам, адамдық құндылық, қоғам, қоғамдық құндылық, табиғат, табиғаттың әсемдігін өз бойынан алып сипаттап отырады. Бұл шеберлігі сөз құдіретін жаңаша танып, зерделеуге тіл ілімі мамандарына мол мүмкіндік береді.

Жоғарыда айтқандай кітаптың отыз сегіз әңгімесі тарих тақырыбын қамтиды. Соның жиырма әңгімесі қазаққа қатысты екен. олар:

1. Қазақпен шайқасуға түрткі болған істер жайында әңгіме.

2. Бұхара сахарасы жолы арқылы Түркістан қалаларына бет алу жайында әңгіме.

3. Түркістанның бастапқы Арқұқ қамалына жету жайында әңгіме.

4. Арқұқ қамалынан кейін қазақ өлкесіне бет алу жайында әңгіме.

5. Осы жазбалардың хатшысының аурып қалуы және Сығанаққа қарай бет алу жайындағы әңгіме.

6. Түркістан қалалары мен Қазақ өлкесінде болған оқиғалардың жайы жайында әңгіме.

7. Бұрындық ханның әзірет халифа әр-Раһманмен дауласуы және қарсылық көрсету себептері жайында әңгіме.

8. Әзірет халифа әр-Раһманның Қазақ өлкесіне қарай бет алуы жайында әңгіме.

9. Қазақтың нанымы және істерінен мәлім болған жайыттар. Сондай-ақ оларды қырып тастауға берілген патуа жайындағы әңгіме.

10. Әзірет халифа әр-Раһманның Қазақ жұртына үшінші рет жиһадқа шығуының себептері жайында әңгіме.

11. Әзірет халифа әр-Раһманның Сығанақ маңынан Қазақ ұлысына қарай жорығы жайында әңгіме.

12. Әзірет халифа әр-Раһманның Қазақ қалаларының ортасында Қара Абдал жұртына еніп, Жаныш сұлтан уалаятына сұлтандарын жорыққа жөнелтеуі жайында әңгіме.

13. Сұлтандардың сұлтан Жанышпен шайқасы және жеңімпаз әскердің жеңісі һәм Жаныштың күйреп, ыдырауы, сондай-ақ оның ұлы Аһмет сұлтанның өлтірілуі жайында әңгіме.

14. Сұлтандардың қазақ Жаныш сұлтанның ұлысын тонауы және сұлтандық әскердің хан ордасына қайтып оралуы жайында әңгіме.

15. Әзірет халифа әр-Раһманның Бұрындық ханға қарай жорығы және Жаныш сұлтанның бауыры Таныш сұлтан ұлысын тонауы жайында әңгіме.

16. Қазақ өлкесінен Сығанақ уалаятына қарай достық жалауының күнінің шығуы жайында әңгіме.

17. Осы жазбалардың хатшысының Сығанаққа барған кезден бастап, Йәсі қаласында хан қызметіне жеткенге дейінгі жайы жайындағы әңгіме.

18. Әзірет халифа әр-Раһманның Сығанақтан Қожа Йәсеуидің киелі қабірінің зияратына баруы жайында әңгіме.

19. Әзірет халифа әр-Раһманның Хожент өзені деп танымал Сейһун өзенінен өтіп, Түркістаннан жұмақ іспеттес Самарқандқа қайтып оралуы жайында әңгіме.

20. Қазақты жеңген жылы Кәлат қамалын жаулап алуы жайында әңгіме.

3. Мұхаммед Әкімхан, таңдаулы тарих (منتخب التواریخ) атты құнды тарихи еңбегін жазған тарихшы. Оның кітабында Бұхара әмірлігі, Қоқан хандығы, Хива хандығы, Ауғаныстанның XIX ғасырдың бірінші жартысының тарихы жайында өте тұшымды мәліметтер берген. Бұл еңбекте қазақ жұрты туралы да тиісті мағлұматтар бар. Өйткені ол кездегі Мауереннәһр бір тұтас өлке түрінде қаралған. Автордың 1822-1828 жылдардағы сапарнамасы туралы жазбалары да назар аударарлық. Мұхаммед Әкімхан 1802 жылы Қоқанда туып, сонда оқыған. Сол үшін көптеген оқиғаларға жақыннан куәлік еткен. Ол 1806-1822 жылдары Қоқанды билеп тұрған әмір Омархан тарапынан көп қолдау көріп, шен мен беделі үстем болды. Өйткені аталмыш әмірдің өзі дарынды ақын болған, және түркі-парсы тілдерін жетік білгені үшін екі тілде өлеңдер жазған. Сол кезде жұрттың экономикалық-әлеуметтік жағдайының тәуір болуы, әмірдің мәдениет, әдебиетті қолдап жүруі Қоқан қаласының әдеби өрісін кеңейіткен болатын. Сондықтан сол жылдары Мауереннәһрде Қоқан шаһары мәдениет пен әдебиет саласында жарқын жұлдызына айналған еді. Мұхаммед Әкімхан осындай ортада өсіп, санасы қалыптасқан. Және ол әмір Омарханның жиені болғандықтан әдебиет сүйген сарай тәрбиесін көрген. Сарайда жүрген ол әмір Омарханмен талай жорықтарға қатысып, онымен үзеңгілес шайқастарда ерлік көрсеткен. Осылай ол Мауереннәһдің ішкі-сыртқы саяси ахуалымен жақын таныс болған. Сол үшін оның тарихи әсері сол заманғы Мауереннәһр жайындағы берген мәліметтері туралы шынайылыққа жақын дүние. Әлбетте сол үшін де баға жетпес шығарма.

Бұл кітаптың мәліметіне сүйенгенде: XVIII ғасырдың соңғы жылдары мен XIX ғасырдың бастапқы жылдары Мауереннәһрді билеп тұрған орталық билік болмаған. Сондықтан Мауереннәһр территориясы төрт хандық үкімет арасында бөліске түсіп басқарылып тұрды. Бұл хандықтар: Бұхара хандығы, Қоқан хандығы, Харезм хандығы, Кеш хандығы. Осылардың арасында ең қуатты билік – Қоқан мен Бұхара хандықтарында болған еді. Аталған екі хандықтың тұрғын халқы сұнни мәзһаб, тегі бір ел бола тұра араларында келіспеушілік жиі орын алып тұратын. Соның салдарынан араларында ұдайы соғыс, қырғын, бір-бірін аяусыз тонаулар болатын.

Мұхаммед Әкімханның әкесі қауымының беделді ақсақалдарынан болған және Кеш қаласында әмір Омарханның «шейх ислам» мәртебесіне ие болған екен. Оның анасы да әмір Омарханның қарындасы Нарботаби өзбектің тайпасынан қоқан хандығының әкімдерінің бірі болған.

Бұл тарихи кітаптың өзге тақырыптас еңбектерден өзгешелігі-онда: «шариғат пен тариқат жайында жазбағанынан бөлек ақылға қонымсыз наным-сенімдерді сынап жазған. Және өз заманының діндарларының алаяқтыққа ұрынғандарын ашық айтқан. Сондай-ақ өз тарихнамасында тіршіліктің өзгеше жақтары, қоғамның әлеуметтік – қоғамдық өмірі әсіресе әйелдер тобының тіршілігіне арнайы тоқталыпты». Кітаптың бұл мәліметтері түркі халқының отырықшы және көшпенді топтарының арасындағы өзгешеліктерін, артықшылық пен кемшіліктерін саралап, талдау жасауға қоғамтану және қоғамдық психологиясын зерттеуге жақсы материал бола алады.

4. Хафиз Тыныш Бұхари, Хивада Абдолла ханның сарай тарихшысы болған. Өйткені оның әкесі Мірмұхаммед ханның сарайдағы жақын қызметкері еді. Хафиз Тыныштың даңқын шығарған «Абдолланама немесе Шарафнама шаһи»,- атты тарихнама еңбегі болды. Тарихшының туған жылы белгісіз болса да, оның кітабында шығармасын 922 (1516) жылы жазғанын айтады. Соған қарағанда 956 (1539) жылы туған деп болжайды зерттеушілер.

Тарихты жазудағы ортағасырлық үрдіс бойынша Хафиз де Шейбан әулеттерінің ата тегін Нұх пайғамбардан соңғы пайғамбарға дейін баяндап берген. Содан кейін Ескендір ханның билік құрған кезеңін жазған. Сосын бірінші әңгімесін Абдолла ханның туған 940 (1533) жылынан бастап, оның өмірінің қилы оқиғаларын тілге тиек етіп, оның таққа отырған заманына дейінгі аралықты қамтыған. Екінші әңгімесі – Абдолла ханның билік құрған кезеңінің оқиғаларын баяндайды. Онда оның Мауереннәһрге жорықтары, шайқастары, жеңістері, Герат халқын қырғанын, Хорасан өлкесін майдан соғысы деп танып, ол өлкенің жұртының мал-мүлкін тәркілеуде адал деп қанапия мәзһабының ғұламаларының патуа берулері жазылған. Бұл әңгіме барысында Ирандағы сәфәви патшаларының бірі - I Тәһмасб шаһ туралы өте құнды мәлімет берілген. Және қазақтар туралы да мағлұмат келтірілген. Соңғы әңгімесі – автормен замандас сопылар, діни ғұламалар, әмірлер, ақындар туралы айтылған. Сонымен бірге Абдолла хан билік құрған кездегі салынған ғимараттар жайлы жазылған. Автор әуенді проза жанрына оқиғаларды әңгіме барысында мәснәви, қасида, рубаи өлең түрлерімен де баяндап отырады. Сондай-ақ сол кездегі тарихи оқиғаларға куәгер болған адамдардың әңгімелері, өзінің көзбен көріп, құлағымен естігендерімен Бұхараның саяси-қоғамдық, экономикалық және ғылыми-мәдени, әдеби өмірін баяндап берген тұстары да кітаптың құндылығын арттырып отырады.

«Абдолланама» қолжазбасы қазіргі уақытқа дейін толық нұсқасы түпнұсқалық парсы тілінде жарық көрмеді. Оның толық қолжазба нұсқасы жалғыз дана болып Британия кітапханасында сақталып тұр. Ол нұсқа 1304 (1887) жылы хатқа түскен қолжазба екен.

5. Мұхаммед Салиһтың (1455-1535) «Шейбанинама» жыр дастан кітабы да қазақтарға қатысты біршама деректерді берген. Мұхаммед Салиһ тарихшы, шейбани хандығынның сарай қызметкері болған.

Әдебиеттер:

  1. Мұхаммед ибн Араб Қатаған, «мемлекеттерді бағындыру» (مسخرالبلاد), текстолог: Надира Жалали, Теһран, «Мирас мәктуб» баспасы, Сан Петербург нұсқасы бойынша баспаға дайындаған, 1385 ж.
  2. Фәзлолла ибн Рузбеһан Хәнжи, «Бұхара қонақкәдесі» (مهمانخانۀ بخارا),- баспаға дайындаған: Мәнеушер Сутоде, Теһран, «Ілми-фәргәнги» баспасы, үшінші басылым, 1384 ж. 399 бет.
  3. Мұхаммед Әкімхан, таңдаулы тарих (منتخب التواریخ), Теһран, «Нигарестан әндише» баспасы, 1401 ж. 880 бет.
  4. Хафиз Тыныш Бұхари, «Абдолланама немесе Шарафнама шаһи» Ташкент, «Шарқ» баспасы, 1999 ж. 416 бет.
  5. Ислам әлемінің білім кітабы саиты.
  6. Укипедия: ашық энциклопедиясы.
  7. Мұхаммед Салиһ, Шейбанинама, С. Петербургь, 198 ж. 225 бет. Және қосымша беттер.
  8. Шарафеддин Әли Йәзди, «Зафарнама», түпнұсқалық парсы тіліндегі нұсқа, баспаға дайындаған: А. Орынбай, Ташкент, «Фән» баспасы, 1972, 1240 бет + қосымша беттер.
  9. Шарафеддин Әли Йәзди, «Зафарнама», орыс тіліне аударған: А. Ахмедова, Ташкент, «Фән» баспасы, 2008, 486 бет.
  10. Қ.А. Йәсауи, Хикмет жинағы: Даналық сыр, - баспаға дайындағандар: Мұхаммедрахым Жармұхаммедұлы, Мақсұт Шафиғи, Сәрсенбі Дәуітұлы. Алматы, «жалын» баспасы, 1998, - 656 бет. 18-19 беттер.
  11. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедиясы / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ж. 123-9, VI том.
  12. Рене Гроссе, Дала императориясы, аударған: Үсейін Мейкәде, Теһран, «Ілми-фәрһәнги» баспасы, 1987, 1016 бет.
  13. Әшірбек Амангелді, Көзқарас, Алматы, «Зерде» баспасы, 2015, 504 бет. /Күдігі көп Күлік шайқасы – 53,61 беттер/.
  14. Берекет Бақытжанұлы, Қырым татарлары кімдер?, Алаш айнасы газеті, 03. Наурыз. 2014 ж. /жанай/
  15. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, Тіл комитеті, 2008, 968 бет.
  16. Берекет Кәрібай, Қазақ хандығының күшеюі, (XV ғ. соңы - XVI ғ. алғашқы ширектері),- Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2015, -176 бет.
  17. Ибн Хордадбеһ, мәсалек вә мәмалек, аударған: Саид Хакрәнд, Теһран, «Мирас Меләл» баспасы, 1371 ж. 222 бет.
  18. Аһмет Шімшіргіл, Әмір Темір, Тимас баспалары, Ыстанбұл, 2021, 304 + суреттер 14 бет.
  19. Тұрсын Сұлтан, Алтын Орда, Алматы, «Мектеп», -баспасы, 2004, 176 бет.
  20. Абай Құнанбайұлы, шығармаларының екі томдық толық жинағы,- Алматы, Жазушы, - Т.2: Өлеңдер мен аудармалар, -2004, -336 бет.
  21. Harold Lamp, Термірлан-жаһан жеңімпазы, ауд: Жауаһар Кәлам, Құм, «Нилуфәрана» баспасы, 1389 ж. 304 бет.
  22. Әли Калбрад, тарих-и-қайрат, әссәһ таварих, саит: тарих ва тәмәддон ислами, 2018 ж.
  23. Низамеддин Шами, Зафарнама, «Бамдад» баспасы, 1363 ж. 368 бет.
  24. Үсейін Мир Жафари, Темірлер мен Түрікмендер, Исфаһан университеті баспасы, 1384, 381 бет.
  25. Хафиз ғазалдарының анықтамасы, Үсейінәлі Һерәви, III-том, IV-басылым, Теһран, «Сымұрғ» баспасы, 1375 ж. 466 ғазал.

Ислам Жеменей,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар