Сенбі, 27 Сәуір 2024
Білгенге маржан 6870 1 пікір 31 Қазан, 2022 сағат 15:19

ГУЛАГ-тың қорқынышты тарихы: 70 жылғы азап

1917 жылы Ленин негізін қалап, Сталин үлкейткен ГУЛАГ 1987 жылы жабылды. Қыста қақаған аязда үсіп, жазда масаға таланып, көктем мен күзде төпелеген нөсер жаңбырдың астында азап көріп, ауру мен аштыққа төзіп, ауыр еңбекке жегілген адамдардың көрінісі –Кеңес Одағының атақты ГУЛАГ лагерінің бет-бейнесі болды.

1930 жылдан 1953 жылға дейін бүкіл Кеңес Одағында 18 миллионнан астам ер мен әйел ГУЛАГ түрмесінің азабын тартты. Салыстырмалы түрде айтсақ, нацистік концлагерьлерде 1,65 миллион адам болған.

ГУЛАГ-тан аман қалғандардың берген деректері Холокост туралы естеліктермен сәйкес келеді.

ГУЛАГ сөзі еңбекпен түзеу лагерлерін басқару дегенді білдіреді. «ГУЛАГ» сөзі түзеу лагерлерінің бас басқармасының орысша аббревиатурасы. Уақыт өте ГУЛАГ сөзі еңбекпен түзеу лагерлеріне емес, бүкіл кеңестік репрессиялық жүйеге қатысты айтыла бастады.

1917 жылы Ресей империясын өз қолына алған Ленин (1870-1924) Сібірде мәжбүрлі еңбекпен түзеу лагерлері жүйесін құрды. Сталиннің өзі (1878-1953) мұндай лагерьлерде төрт рет болған. Бірінші ГУЛАГ лагері 1921 жылы Соловкиде құрылды. Лагерь Соловецкий монастырында орналасты.

Монастырлар түрме қызметін тамаша атқарды, өйткені олар шалғай жерлерде орналасқан. Көптеген шағын бөлмелерден тұрған. Шығыс Сібірдегі Колымадағы ГУЛАГ лагерлерінің бірінде өте көп адам өлді.

Ең ірі ГУЛАГ лагерлерінің бірі – Сібірдің Воркута қаласында орналасқан Воркутлаг. 1951 жылы Воркутлагта 73 000 адам қамалды. ГУЛАГ жүйесі өз тарихында 30 000-нан астам лагерьлерді қамтыған. Орташа алғанда, әрбір лагерьде 2 000-нан 10 000-ға дейін тұтқын болған.

1924 жылы Ленин қайтыс болғаннан кейін Сталин ГУЛАГ жүйесін едәуір кеңейтті. Тарихшылардың есептеуінше, 1930 жылдан 1953 жылға дейін (Сталин қайтыс болған жыл) 18 миллионнан астам адам ГУЛАГ тұтқынына айналды. Олардың шамамен 1,7 миллионы қайтыс болды.

Кеңес экономикасының он пайызы ГУЛАГ еңбек лагерлеріне тәуелді болды. Мысалы, Кеңес Одағындағы қалайының жетпіс пайызын ГУЛАГ тұтқындары өндірді. Пермь-36 деп аталатын соңғы ГУЛАГ лагері 1987 жылы желтоқсанда жабылды.

Бастапқыда адамдарды лагерьлерде жұмыс істеуге мәжбүрлеген жоқ. Адамдарды еңбек арқылы «түзету» философиясы дәл Сталин дәуірінде дамыды. Соловки тұтқындарының бірі Нафталий Френкель лагерьлерді «еңбек лагеріне айналдыру» идеясын алғаш ұсынған. Френкель «жұмыс істеп, тамақ же» жүйесін енгізді. Ауыр қол еңбегін атқара алатын тұтқындар жұмыс істей алмайтындарға қарағанда екі есе көп тамақ алды.

Осылайша, ГУЛАГ жүйесі әлсіз тұтқындарды өлім жазасына кесті. Кеңес өкіметіне қарсы шыққандардың барлығын, мейлі кінәлі болсын, болмасын, Кеңес үкіметі оларды азаптады.  ГУЛАГ тұтқындарының жартысы сотсыз түрмеге қамалды.

ГУЛАГ-қа тұтқынға алу мына схемамен жүргізілді: қамауға алу, жауап алу, жылдам үкім шығару, вагондарға мал сияқты тиеп алып кету, мәжбүрлі жұмысқа жегу, отбасын бұзу. Бірнеше жыл жер аударылғандар әдетте ауырып қайтыс болатын

ГУЛАГ-тың «алтын ережелерінің бірі» оны шекарадан алысқа салу. Сібірде көптеген ГУЛАГ-тар болды. Жағдайдың қатал болғаны сонша, күзетшілер қоршау салуға әуре болмады. Қашқындардың көпшілігі қатты суықтан не аштықтан өлген. Күзетшілер олардың мәйітін лагерьден бірнеше шақырым жерден тауып алып отырған.

ГУЛАГ-тың көптеген тұтқындары саяси және әскери тұтқындар болды. Мысалы, ГУЛАГ-та 4 миллион әскери тұтқын болған. Бірақ тамақ ұрлап не Сталинге сөз тигізгені үшін де ГУЛАГ-қа түскен тұтқындар аз болмаған. Одан да сорақысы, ГУЛАГ-қа жаңа тұтқындардың ай сайынғы квотасын орындауы керек болғандықтан адамдар ұсталып отырған.

Сталин фашистік Германия тұтқындаған, содан кейін Қызыл Армия босатқан барлық кеңес жауынгерлерін ГУЛАГ-қа жіберуді бұйырды. ГУЛАГ-тың құрығынан ешкім аман қалмады. Белгілі кеңестік жазушылар, ғалымдар, спортшылар, саясаткерлер, әскери жетекшілер, бай шаруалар, тіпті ГУЛАГ басшыларының өзі ГУЛАГ тұтқыны болуы әбден мүмкін еді.

Көптеген адамдар кеңестік жүйе немесе Сталин туралы әзіл-қалжыңдары үшін де ГУЛАГ-қа түсті. Кеңестік жүйеге қарсы әзілдеген адам он жылға дейін ГУЛАГ-қа қамалатын.

 

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

1 пікір