Жұма, 26 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 3894 43 пікір 28 Қазан, 2022 сағат 14:00

Валдайдағы бәлду-бәлду...

Ресей президенті Владимир Путин "Валдай" клубында сөз сөйледі. Песковтың ойынша бұл баяндаманы халықаралық саясатта әлі сан мәрте тыңдап, зерттейтін болады-мыс. Путин әдеттегідей Батысты айыптап, Ресейді ақтап алуға тырысты. "Олар кінәлі" позициясын күшейте сөйледі. 

Биылғы форумның тақырыбы "Гегемониядан кейінгі әлем: баршаға ортақ әділеттілік пен қауіпсіздік". Төрт күнге созылатын форумға әлем елдерінен 111 сарапшы, экономист, дипломаттар келген. 40-тан астам ел өкілдері қатысуда, олардың ішінде Ауғанстан, Бразилия, Германия, Египет, Қытай, Үндістан, Индрнезия мен Иран, Қазақстан, Өзбекстан, АҚШ, Түркия, Франция және т.б өкілдері бар.

Бұл форумда "Путин не айтар екен" деген сұрақ қана көпшілікті қызықтырды десек болады. Владимир жарытып ештеңе айтпады, сол ескі жыр, сол баяғы "шіріген Батыс пен әділеттілік жолында арпалысып жатқан айбынды Ресей" дегеннің төңірегінде сағатқа жуық сөз сөйледі.

Айтқандарынан боямасыз, қоспасыз тезистер келтірсек.

"Батыс лас, жиіркенішті ойынды жүргізуде. Украинада қақтығыс жасады, Тайуаньды ушықтыруда. Олар әлемге әмір жүргізбек. Алдау, қорқыту әдісін таңдады. Ал мен сау ақыл мен сергек санаға сенетін жанмын", - деп бастады Путин. Осы сөзі арқылы оның бір сағат бойы не айтатыны айқындалған еді.

Артынша әр сөйлемде Батысты тоқпақтауды тоқтатпады. "Батыс әлем елдерінде білгенін істеуде. Иранның генералы Сүлейманиді өлтіріп тастады. Оны ашық мойындады да. Ұят жоқ. Бұл масқара ғой", - деді Ресей басшысы. Тілі, діні, ділі ұқсас көршісіне себепсіз соғыс ашып, қалаларын қиратып, балаларын қырып салып, жерін бөлшектеп жатқанын тіпті есіне де алмағандай...

"Батыста мүлде тұрақтылық жоқ. Бір құжатқа қол қояды, ертең оны орындамайды. Ананы айтады, мынаны айтады. Тұрақсыз. Олармен қалай келісуге болады", - деді Путин. Бұл енді Ресей басшысының үлкен қателігі. Құжатты орындамау жағынан Ресейдің алдына түсер ел жоқ. Украинаның аумақтық тұтастығына кепілдік берген құжатқа  қол қойып, кейін ол кепілдікті өзі жойған Ресей, қандай сенім мен келісім жайлы айтуы мүмкін?! Ресеймен жасалған келісімнің құны, сол келісім жасалған қағаздың құнын да ақтамайтынын көпшілік жақсы біледі. Ал Украина соғысынан кейін тіпті дүйім жұрт ұқты.

"Еуропа мен Вашингтон өзгенің ішкі саясатына араласуды тоқтатпай отыр. Біз біреудің ісіне араласпаймыз. Мүлде екі әлембіз", - деп қалды Ресей басшысы. Күлкілі. Өзгенің қандай тілде оқытып, қандай тарихты дәріптейтінін нұсқауды жаны сүйетін Кремль басшысы осылай дейді. Путиннің айтқаны рас болса, Ресей "русский мир" деген идеологиялық жобадан толық бас тартуы керек емес пе?!

"АҚШ-қа қарсы пікір айтатындар кезінде аз еді. Қазір көп. Бәрі одан жалықты. Вашингтон барлығын басқарғысы келеді, бірақ оның қолынан келмейді. Қате бағытта кетіп барады, мүлде қате", - деп Вашингтонды түйреп алғысы келді. Алайда АҚШ-ты жақтаушыларды аз-кемдігін БҰҰ-дағы дауыс беруден-ақ көре аламыз. Сандар кешегі сандыраққа қарсы сөйлеп тұр.

Путин АҚШ-ты әлемде түрлі режимдерді төңкеріс арқылы ауыстыру технологиясын іске асыруда деп айыптады. Украинадағы соғысқа тікелей сол технология әсер етті дейді, ал "Украина егемендігінің кепілдігі тек қана Ресей бола алады, себебі тарихи тұрғыдан Украинаны құрған Ресей" деді. "Украин және орыс халқы бір, ал Ресей Батысқа жау емес" дейді Владимир. Ол дәстүрлі құндылықтар, сөз бостандығы, Батыстағы диктатура, дінге қысым жайлы да сөйледі. Алдын-ала дайындалған сұрақтарға сарт-сарт етіп жауап берді. 2018 жылы "Валдай" клубының отырысында Путин ядролық соғыс болса Ресей халқы жұмаққа баратынын, ал қарсыластары жай ғана қырылып қалатынын айтқан болатын. Кешегі отырыста ол жүргізушінің "біз жұмаққа асықпаймыз ғой" деген сұрағына үнсіз қалып, әзілдемек болды. Ол клуб отырысында Украина жерінде ядролық қару қолдану саяси не әскери міндетті шеше алмайтынын айтты.

Путиннің кешегі баяндамасын Батыс әлемі қатты талқыға салмады. Соңғы сегіз жылда айтылып келе жатқан кезекті сандырақ дейді олар.

Ка Мырза

Abai.kz

43 пікір