Сенбі, 27 Сәуір 2024
Бұ не мазақ? 2238 5 пікір 25 Қазан, 2022 сағат 18:52

Алматыда бақылаушыларды неліктен ұстады?

Жаңа Қазақстанның нышанындай болып, қайта оралған Республика күні мерекесі Алматыда алаңсыз тойланды деп айта алмаймыз. Таң азаннан қоғам белсенділерін полиция топырлатып бөлімшелерге алып барған.

Азаттық радиосының хабарлауынша, арасында "Алға, Қазақстан" ұйымынан Бибігүл Иманғали, белсенді Әсет Әшімов, “Тәуелсіз бақылаушылар”қоғамдық бірлестігі Алматыдағы бөлімшесінің жетекшісі Арайлым Назарова да бар. Полиция оларды бөлімшеде 4-5 сағат ұстап, кейін босатқан.

Алдағы президент сайлауы процесін бақылауға дайындық үстінде жүрген Арайлым Назарова мұны биліктің наразылық өткізуге шақырған белсенділердің әрекетінен сескенуімен байланыстырады. Полиция өкілдері Арайлымнан “ҚДТ”, “Оян Қазақстан” ұйымымен байланысы бар, жоғын сұраған.

Арайлым Назарова бөлімшеден шыққан соң, Facebook парақшасында оқиғаға байланысты түсінік берді.
“Құрметті, достар, баршаларыңыздың қолдауларыңызға көптен көп рахмет!

Себеп сол, бүгін митингке шығады деп ойлағаннан. Түсінгенім бойынша бүгін толқулар болады деп қорқып отыр. ІІБ-да басқа да белсенді азаматтар болды”,- деді ол.
Өзге де белсенділер аман есен үйлеріне оралған.
Айта кетейік, мереке күні сақшылар Алматының ескі алаңына машина өткізбей төрт жақтан күзетіп тұрды.

Еститін үкіметтің қастерлі күн, жаңа мерекеде сөз бостандығына жаңаша қараудын орнына ескі әдіске жүгінуі қоғам наразылығын өршітуі мүмкін.

Елде президент сайлауы өткізілгелі отыр. Бақылаушыларды еш себепсіз, ұстап әкетіп, тергеу үлкен қателік . Онсыз да сайлауға деген қызығушылық аз. Мынандай әрекеттер тіпті ол қызығушылықты азайтады.

 

Abai.kz

5 пікір