Сенбі, 4 Мамыр 2024
3195 5 пікір 25 Қазан, 2022 сағат 14:06

Ұлтты ұйыстырар Республика күні құтты болсын!

Биыл 13 жылдан бері мерекелер қатарынан алынып, тойланбай келген Республика күнін қайта жаңғырды.

Мемлекет басшысының жарлығымен 25 қазан - Республика күні ұлттық мереке қатарына кірді.

1990 жылдың 25 қазаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды.

Сол кезден бастап Қазақстан егеменді елге айналуының алғышартын бастап кетті.

Қазақ КСР-нің егемендігін жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері қаланды. Онда тұңғыш рет қазақ мемлекетінің тұтастығы оның аумақтарының бөлінбейтіндігі және мызғымастығы туралы, Қазақстан халықтарының тілін, мәдениетін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты қағидаттары бекітілді. Сондай-ақ құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дербес шешу принципі жарияланды. Қазақ КСР-і өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал президент әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды.

Осы декларацияның арқасында Қазақстан кеңестік заңдарды тоқтатып, өз заңдарын жасауға кірісті.

Кезінде көптеген сарапшылар бұл декларация Қазақстанның емес, Қазақ КСР-інің егемендігін жариялады деп есептеді. Онда адамдар КСРО азаматтығын сақтай алатыны атап көрсетілді. Ол да Қазақстанның халықаралық қатынастардағы тәуелсіздігіне кепілдік бермеді.

Ел КСРО-дан шығуға құқығы болса да, оның құрамында болды. Қазақстан «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Заң қабылданғаннан кейін ғана әлемдік қоғамдастық мойындаған тәуелсіз мемлекет мәртебесіне ие болды. 1991 жылы 12 желтоқсанда Ашхабадта Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан басшылары бас қосты.

Кездесуде олар КСРО-ның ыдырауы мен славян этносының желісі бойынша бірігуі болашақта этникалық қақтығыстардың көп болуына себеп болады, сондықтан Орта Азия республикаларының басшылары ТМД-ға кіріп, шешімге қосылды деген ортақ пікірге келді. КСРО-ның ыдырауы туралы шешімді Беловежде Ресей, Украина және Беларусь басшылары қабылдады.

Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан басшылары бұрынғы КСРО құрамындағы бұрынғы одақтас республикалар арасында жаңа одақтық келісімге қол қою туралы бастама көтерді. Кеңестік жүйеден азат ету басталды, республикалар өздерінің «кеңестік» және «социалистік» атауларынан бас тарта бастады.

1991 жылы 10 желтоқсанда Республика Жоғарғы Кеңесінің сессиясында «Қазақ КСР» атауы «Қазақстан Республикасы» болып өзгертілді. 1991 жылы 16 желтоқсанда республиканың Жоғарғы Кеңесінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.

1992 жылдан бастап тойланып, 2001 жылы мемлекеттік мерекелер қатарына енгізілген Республика күні, 2009 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен мемлекеттік мерекелер қатарынан алынып тасталған болатын.

2022 жылдың шілде айында өткен Ұлттық Құрылтай отырысында Мемлекет басшысы мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндердің тізіміне бірқатар өзгерістер енгізудің уақыты келгенін мәлімдеді. Ел Президенті мемлекеттік мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды.

Президенттің айтуынша, Республика күні еліміздің мемлекеттілікке батыл қадам жасауының символына айналуы тиіс.

«Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мағынасы сақталады. Бұл күн басты ұлттық мереке болып қала береді. Дегенмен, бұл күнді тәуелсіздікке сүбелі үлес қосқан ұлттық батырларымызды еске алу күні ретінде атап өту керек», - деп түсіндірді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мерекеге айналды.

Мемлекет басшысы бүгінгі ел халқын құттықтау сөзінде “Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке. Біз Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. Барша қазақстандықтар белсене атсалысқанда ғана осы игі мақсатқа қол жеткізе аламыз. Себебі мемлекеттің тірегі де, басты байлығы да – азаматтар!”-деп атап өтті.

Abai.kz ұжымы барша Қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтайды!

 

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1224
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1118
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 858
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1003