Сәрсенбі, 20 Қаңтар 2021
Жаңалықтар 4123 0 пікір 25 Қаңтар, 2013 сағат 09:22

КӨМУСІЗ ҚАЛҒАН КӨСЕМ

21 қаңтар - әлемде алғашқы социалистік мемлекет аталатын Кеңестер Одағының негізін қалаушы, миллиондаған еңбекші таптың «күн көсемі» атанған Владимир Ильич Лениннің қайтыс болған күні.
Бұған дейін Ленин туралы неше түрлі кітаптар жазылып, әртүрлі фильмдер түсіріліп, жыл сайын ойды сан-саққа жүгіртетін қызықты деректердің, сенсациялық жаңалықтардың куәсі болып жүрміз. Әлем тарихында өшпес із қалдырған осы бір кішкентай бойлы, сөзге шешен, іске жүйрік жанның өмірі, қызметі кім-кімге болса да қызықты. Тіпті Ленинді осы күнге дейін өзінің кумирі санайтын, «көсем» көретіндер де арамызда әлі бар. Біз төменде Ильичтің неден өлгендігі, өлгеннен кейінгі тағдыры, оның жансыз бейнесін ғалымдар өзгеріссіз қалай сақтап қала алғандығы туралы аз-кем әңгімелеп бермекпіз.

ЛЕНИННІҢ ӨЛІМІНЕ КІМ КІНӘЛІ?
Бір қарағанда Лениннің өмірі мен өлімі туралы бүге-шігесіне дейін мыңдаған кітаптарда айтылып, жазылып қойған сияқты көрінеді. Дегенмен КСРО құлағаннан кейін әлемдік пролетариаттың көсемі туралы шындықтан гөрі аңыздың көп жазылғандығы белгілі бола бастады. Лениннің өлімі турасында да сондай аңыздар аз айтылмаған екен. Ал аңыз бен шындықтың көп сәйкес келе бермейтіні баршаға белгілі.

21 қаңтар - әлемде алғашқы социалистік мемлекет аталатын Кеңестер Одағының негізін қалаушы, миллиондаған еңбекші таптың «күн көсемі» атанған Владимир Ильич Лениннің қайтыс болған күні.
Бұған дейін Ленин туралы неше түрлі кітаптар жазылып, әртүрлі фильмдер түсіріліп, жыл сайын ойды сан-саққа жүгіртетін қызықты деректердің, сенсациялық жаңалықтардың куәсі болып жүрміз. Әлем тарихында өшпес із қалдырған осы бір кішкентай бойлы, сөзге шешен, іске жүйрік жанның өмірі, қызметі кім-кімге болса да қызықты. Тіпті Ленинді осы күнге дейін өзінің кумирі санайтын, «көсем» көретіндер де арамызда әлі бар. Біз төменде Ильичтің неден өлгендігі, өлгеннен кейінгі тағдыры, оның жансыз бейнесін ғалымдар өзгеріссіз қалай сақтап қала алғандығы туралы аз-кем әңгімелеп бермекпіз.

ЛЕНИННІҢ ӨЛІМІНЕ КІМ КІНӘЛІ?
Бір қарағанда Лениннің өмірі мен өлімі туралы бүге-шігесіне дейін мыңдаған кітаптарда айтылып, жазылып қойған сияқты көрінеді. Дегенмен КСРО құлағаннан кейін әлемдік пролетариаттың көсемі туралы шындықтан гөрі аңыздың көп жазылғандығы белгілі бола бастады. Лениннің өлімі турасында да сондай аңыздар аз айтылмаған екен. Ал аңыз бен шындықтың көп сәйкес келе бермейтіні баршаға белгілі.
Социализм тұсында Лениннің өлімі буржуйлардың жандайшабы Фанни Каплан есімді әйелдің атқан улы оқтарының кесірінен болды деп оқушылар мен жалпы бұқара халықтың миына құйылып келген болатын. XX ғасырдың аяғына қарай бұл ертегіге сенетіндердің қатары сиреп, «күн көсемнің» өліміне қатысты тың деректер пайда бола бастады. Лениннің өліміне Сталинді кінәлаушылар, тіпті зайыбы Н.Крупскаяға да кінә артқандар бар. Сонымен Лениннің өліміне кім кінәлі?
Ф.Капланның 1918 жылдың тамыз айында Ленинді атып, жарақаттағаны рас. Кеңестік Үлкен энциклопедияда айтылғандай: «У жалатылған екі оқ Ленинге тиген. Оның өмірі қыл үстінде жатқан». Бірақ ресми тұлғалардың өтірігі секілді энциклопедиядағы сөздер де өтірік болатын.
Мәселен сол кездегі денсаулық сақтау халық коммиссары Семашко көсемге қарата атылған оқтарға оңтүстік америкалық «кураре» деген шөптен жасалған удың жағылғаны турасында түсінік берген кезде қатты әсірелеп, боямалап жіберген көрінеді. Алайда оқтарды Лениннің денесінен алуға асықпаған. 1922 жылы Ленин бас ауруынан қиналып жүрген кезінде әлгі оқтар қайта еске түскен. Берлиннен арнайы шақыртылған дәрігер Клемперер Лениннің денсаулығын тексере келе оған оқтарды денеден алып тастау керектігі жайлы кеңес береді. Себебі қорғасын денеде тұра берсе, одан уланып қалуыңыз мүмкін депті. Бірақ Лениннің жеке дәрігері Розанов оқ тиген жерге ет өсіп кеткенін, оның аса қауіпті емес екендігін айтады. Дегенмен екі оқтың бірін алу керек деген тоқтамға келеді. Операция оңай өткен, өйткені оқ терінің астында тұрыпты.
Оқты денеден алғаннан кейін арада тура 3 апта өткен кезде Владимир Ильичтің халі күрт нашарлап кетеді. 25-27 мамыр аралығында оң қолы мен оң аяғы жартылай жансызданып, жөндеп сөйлей алмай қалады. Бұл жоғарыдағы «сәтті» аяқталған операцияның нәтижесі екені айдан анық еді. Бір айта кететіні, кейінірек, 1925 жылы дәл сол ауруханада, дәл сол дәрігердің операциясынан кейін атақты орыс революционері М.Фрунзе қайтыс болған болатын.
Ұзақ уақыттар бойы Ленин ми тамырларының тұқым қуалайтын атеросклероз ауруына шалдығып, содан қайтыс болды деген ресми қорытынды үстемдік құрып тұрды. Бірақ соңғы кездері мына бір дәлел жиі келтіріліп жүр. Яғни Ленин 1902 жылы париждік жезөкшеден сифилис ауруын жұқтырып, соның кесірінен өліпті-міс. Лениннің өлімін зерттей келе тарихшы, жазушы Хелен Рапапорт та дәл осындай қорытынды жасапты. Ал 2004 жылы European Journal of Neurology журналында Ленин нейросифилистен өлген деген мақала жарыққа шықты. Мұндай қорытындының шығуына Ленинді емдеу кезінде тағайындалған дәрі-дәрмектер негіз болған көрінеді. Дегенмен олардың зерттеулері мен айтқандары рас болған күннің өзінде, Ресейдегі ұлы төңкерісті ми сифилисіне шалдыққан, есі ауысқан кісінің жасағанына сенгің келмейді.
Өмірінің соңына қарай Ленин адам аярлық жағдайға жеткен. Көсемнің денсаулығы алғаш сыр бере бастаған тұста-ақ қасында жүрген сенімді серіктері билікке таласа бастайды. Ленин о дүниелік бола қалған жағдайда орнын басатындардың көш басында ең алдымен үкімет басшысы Рыков пен революционер Бухарин көп аталатын. Себебі олар орыс ұлтынан еді. Грузин ұлтынан шыққан Сталин, еврей Троцкий мен поляк Дзержинскийдің мемлекет басшысы атана қоюы екіталай көрінген. Алайда, шын мәнінде, саяси күшке Сталин көбірек ие бола бастайды. Ол барлық нәрсені қадағалауды өз қолына алады. Тіпті көсемді емдеуді де.
Денсаулығы сәл дұрысталған кезде дәрігерлер Ленинге 5-10 минут хатшылардың көмегімен қағазға хат түсіруге рұқсат береді. Бірақ хатшылар Ильичтің не туралы жаздырғанын дереу Сталинге жеткізіп отырған. Денесі жартылай жансызданып, төсекке таңылып жатса да, елдің саяси өміріне араласпаса Ленин Ленин бола ма? Ол әрдайым партияның жиындарына арнап баяндама, хаттар жазып отырған. Ол хаттарды әлгі тыңшылар Сталиннің құлағына жеткізетін. 1922 жылдың желтоқсанында Владимир Ильич хат жазысу арқылы Троцкийдің бір келісімін алады. Ол келісім бойынша Троцкий Орталық Комитеттің таяуда өтетін пленумында «сыртқы саудада монополияны сақтау мен нығайту» жөніндегі ұстанымын жариялау керек болатын. Бұл хатты Ленин өзінің әйелі Н.Крупскаяға айтып отырып жаздыртқанымен, хатшысы Фотиева дереу бұл туралы Сталиннің құлағына жеткізеді. Көсемнің Троцкийдің қолымен алдағы пленумда өзін құртпақшы болып отырғанын Сталин бірден сезеді. Ашуға мінген Сталин Н.Крупскаяға қоңырау шалып, Ильичтің тыныштығына қатысты дәрігерлердің нұсқауын орындамай отырсың деп айып тағады. Онымен қоймай партиялық жолмен қудалаймын деп те қорқытады. Одан қалса, революция көсемі қайтыс болған жағдайда Лениннің жесірі сен емес, кәрі большевик әйел Артюхина деп жариялайтын боламыз деп қоқан-лоққы көрсетсе керек. Крупская болса өз кезегінде осы туралы күйеуіне айтып, шағымданады. Ленин осылайша Сталинге әйелінен кешірім сұрауын талап етіп хат жазады. Хатта кешірім сұрамасаң, менімен ат құйрығын кесісесің дегенді меңзейді. Сталин жауап хатта «кешірім сұра десеңіз сұрайын, бірақ не үшін сұраймын және менің жазығым неде екенін біле алмай отырмын» деген сөздер жазады. Ленин мен Сталиннің арасы осыдан кейін түпкілікті нашарлап сала берген.
Лениннің денсаулығының дұрыстала бастауы Сталинге қауіп тудыра бастаған еді. Мұны партияның басы-қасында жүргендердің барлығы білген. Шетел асып кеткен Троцкий сол кездері Сталин Ленинге у беріп өлтірді дегенді айтады. Бұл дәйек осы күнге дейін айтылып жүр. Троцкийге шетелге қашып кеткен Сталиннің хатшыларының бірі жолығып, 1924 жылдың 20 қаңтарында Мәскеу маңындағы Горкиде жатқан Ленинге у беру мақсатымен Сталиннің екі дәрігерді арнайы жібергендігі жөнінде айтып беріпті. Келесі күні Владимир Ильич қайтыс болады.
Лениннің улануы туралы тағы бір деректі айтпай кетуге болмайды. Кировтың өліміне қатысы бар деп 6 жыл түрмеде отырып, кейін шетелге көшіп кеткен Елизавета Лермола абақтыда отырғанында Кремльдің Горкидегі санаториінің бас аспазшысы болған Гавриил Волковпен сөйлескенін айтады. 1924 жылдың 21 қаңтарында сағат 11-де Ленинге екінші таңғы асын әкелген сол болса керек. Кірген кезде бөлмесінде ешкім болмапты. Ленин тұруға ұмтылып, екі қолын созғанымен әлі болмай құлап кетіпті. Қасына жүгіріп барғанда құлап бара жатқан Ильич Волковтың қолына бір қағазды ұстатып үлгереді. Сол кезде Лениннің жеке терапевті, дәрігер Елиастров кіріп қалған. Волковтың көмегімен ол науқасты төсегіне жатқызып, тыныштандыратын ине салыпты. Волков Лениннің берген қағазын тек ол қайтыс болғаннан кейін кешке қарай әрең оқыпты. Онда былай деп жазылса керек: «Гаврилушка, маған у беріп кетті... Дереу барып Надяны ертіп кел... Троцкийге айт... Мүмкіндігің болса, бәріне айт». Дегенмен бәрі кеш болатын. 1924 жылдың 21 қаңтарында кешкі сағат 18:50-де 53 жасында Ленин о дүниеге аттанады.
Қазіргі ғалымдар Ленин шынымен уланған болса, оны шашын зерттеу арқылы дәлелдеуге болады деп отыр. Ондай зерттеу жасайтын құрылғылар да бар көрінеді. Бірақ Ресей басшылығы бұған рұқсат бермей отыр. Яғни, Ленин өмірінің құпиясы оларға да тиімді шығар?!.

МҰЗДАТУДЫҢ ОРНЫНА БАЛЬЗАМДАУ
Кеңестер Одағында өмір сүрген кез-келген азаматтың сол кездегі түсінігі бойынша қайтыс болғаннан кейін Лениннің денесін жерлемеуге бір ғана нәрсе себеп болған. Ол - Ленинмен қоштасуға келген халықтың өте көп болуы. Ағылған халықты тоқтату мүлде мүмкін болмауы. Сосын Лениннің денесін коммунизмнің жаңа ғасырының символы ретінде ғасырлар бойы сақтап қалайық деген секілді КСРО-ның түкпір-түкпіріндегі коммунистердің партия басшылығының атына жазылған мыңдаған хаттары себеп болғанға ұқсайды.
Алайда, шын мәнінде, тіптен бұлай болмаған. Ресми құжаттарға сәйкес ЦИК пен сол кездегі барлау бөлімінің бастығы Дзержинскийдің комиссиясына өңірлердегі мыңдаған партия белесенділерінің жазған хаттары расымен де келіп түсіп жатқан. Бірақ олардың өтініштерінде тек Лениннің атын ғасырдан ғасырға жеткізу үшін архитектуралық нысандар мен үлкен-үлкен мүсіндер жасау керектігі және алыс аймақтардағы, қала, уездердегі делегаттардың күн көсеммен қоштасу үшін Мәскеуге келуіне рұқсат беруі жа­йында болса керек. Ал енді Лениннің денесін ұзақ уақыт сақтау, бальзамдау туралы өтініш бірде-бір хатта жазылмаған екен. Орыс зерттеушілері мұндай хаттарды мұрағаттардан мүлде кездестірмепті. Дзержинскийдің комиссиясында Лениннің денесін бальзамдау туралы мәселе алғашқы аптада көтерілмеген. Дегенмен 1924 жылдың наурыз айына қарай бұл туралы көп айтылып, талқылана бастаған. Партия басшылығы Лениннің денесін бүкіләлемдік коммунистік қозғалыстың символы ретінде ұзақ уақытқа сақтаудан келетін саяси пайданы білгені анық. Сол кездері Сталиннің өзі Ильичтің денесін сақтап қойсақ, Мәскеуге миллиондаған жұмысшы таптың зиярат етіп келетініне куә боламыз депті.
Ленин өлгеннен кейін оның денесін бальзамдау туралы ең алғаш боп мәселе көтерген ғалымдардың бірі химик Борис Збарский болған. Өлі денені бальзамдау арқылы ұзақ уақытқа сақтауға болатынын жақсы білгенімен, Борис Збарский бұл іспен ешқашан айналысып көрмеген-ді. Сол үшін де осы іспен айналысуға музей жәдігерлерін қатырып сақтаудың кәнігі шебері, білімді әрі білікті харьковтық анатом-дәрігер В. Воробьевты көндіріп, уәдесін алады. Мемлекет басшылығы оған дейін денені мұз ғып қатырып сақтауға арналған қымбат тұратын германиялық құрылғыны сатып алып қойса керек. Дегенмен Борис Збарский бальзамдаудың мұздатып қатырғаннан гөрі әлдеқайда тиімді екенін, мұздатқан жағдайда терінің түсі жыл өткен сайын өзгеретінін, бұл әдістің қажетсіздігін дәлелдеп, бальзамдау ісімен айналысуға толық мүмкіндік алады. Ал «көсемнің» жансыз денесі осы уақыттары, наурыз айының аяғына дейін бальзамдаусыз тұрған. Ленин өлген соң тура 56 күннен кейін барып қана ел басшылығы оның денесін бальзамдау туралы шешім шығарады.
P.S. Ресейдің Мемлекеттік думасының депутаты Владимир Мединский Лениннің сүйегін жер қойынына беру керек деген мәселені үнемі көтеріп жүр. Оның айтуынша, Қызыл алаңдағы мавзолейде жатқан «күн көсемнің» бальзамдалған тәнінің тоқсан пайыздан астамы жасанды заттар. Тәнінен түк қалмаған. Іріп-шіріп біткен. Мединскийдің ойынша, Лениннің мүрдесін бұдан әрі ұстау бюджетке де артық шығын, оның үстіне мүрденің идеологиялық артефакт ретіндегі құны қалмапты, сондай-ақ мүрдені жер қойнына бермеу Лениннің туыстары мен коммунистік идеологияға адал адамдарға жасалған қиянат болып табылады екен.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

"Түркістан" газеті

0 пікір