Жұма, 26 Сәуір 2024
Арылу 2438 7 пікір 10 Қазан, 2022 сағат 12:35

Әкім болғым келеді. Архимедтен қай жерім кем?!

Иә, жасырмаймын, әкім болғым келеді. Кез-келген облыстың. Астана мен Алматы шаһарларын берсеңдер де ренжімеймін. Дегенмен, маған жақсы бір облысты, дұрысы Қостанай облысын берсеңдер, алғыстан басқа айтарым жоқ.

Неге дейсіздер ғой. Құпиялап айтайын. Маған ең бірінші осындағы Архимед демалатын (бұл ежелгі грек ғалымы емес, осындағы облыстың әкімі. Сірә, әкесі ол ғалым болмаса да облыс әкімі болатындығын сәби кезінде-ақ білсе керек) өзі қарағайлы орман ішінде орналасқан, аумағы ат шаптырым, ішінде не керектің бәрі бар үлкен резиденциясы ұнайды. Сосын әрине әкімнің 2 миллион теңгелік жалақысы да тақияма тар келмейтін шығар. Ал ең бастысы, нені бүлдірсең де ештеңеге жауап бермейсің, сенен ешкімнің де «бұл қалай» деп сыпайы сұрауына да дәті бармайды. Сондықтан да ұйқың тыныш, тәбетің жақсы. Алдағыны ойлап, басыңды қатырмайсың.

Мәселен, өткенде осындағы Аманқарағай орман алқабында алапат өрт шығып, 43 мың гектар алқап жарамсыз болып қалып, 100 бірдей үй жалынға оранып, талай жандар баспанасыз қалып, қарапайым жұрт қаңғып кетер күй кешкенде Арекеңнің мұртын балта шапқан жоқ. Осында асығыс-үсігіс жеткен Мемлекет басшысы бұған қаһарын төкпек түгілі, тіпті, ескерту де жасаған жоқ. Бейне бір бұл апат Қостанайда емес, жырақ бір жерде болғандай.

Тоқаев өрттен зардап шеккендерге тез арада үй салып беруге салтанатты түрде уәде етті. Уәде берген екен, өзі орындасын, бұл жерде Архимедтің қандай қатысы бар. Әкімнің өзге де шаруасы жетеді. Мұны бір деңіз.

Өткенде Қостанайда былтыр ғана 4,5 миллард теңгеге салған мұз сарайының биыл пайдалануға жарамсыз екені байқалып, істен шығып қалды. Бұл жерде Архимедке біреу бірдеңе деген жоқ. Архимед үшін 4-5 миллиард теңге деген не тәйірі? Соны да сөз етіп. Қазақ деген көре алмайтын халық емес пе, көр-жерді әңгіме етіп. Әу, Ақорда жақтан тырс еткен дыбыс шыққан жоқ қой. Немене, сонша дүрлігіп?

Осы журналист дегендерің де тыныш жүрмейді. Өткенде «31-арна» дегеннен Қостанай облысын мұндағы еңбек ететіндердің жалақыларының ең төменгі деңгейіндегі өңірлердің қатарына қосып қойыпты. Онысымен тұрмай, «мұндай жағдайда қазақтарды солтүстік облыстарға қалай көшіреміз» деп пәлсапа соғатындығын қайтерсің. Осы жұрт пәле іздемесе, жүре алмайды-ау, деймін.

Ау, жақында ғана осында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов әдейі ат басын тіреп, Тоқаевтың тапсырмасының қалай орындалып жатқандығын көруге келіп кетті емес пе? Осы мәселені айтса қайда қалды? Кім аузына қақпақ қойыпты?
Қой ағайын, не болса, соны сөз етпей. Архимедтің ұйқысы бұзылады. Ол елімізге аса қажет кадр. Осында әкім болып, міне, бақандай сегіз жыл отырды. Қажет болса, тағы да сегіз жыл отырады. Режісең, көшіп кет! Анау Қорғаныс министрі айтпақшы.

Айтса, айтқанның аузы жаман. Дегенмен, үнсіз қалуға болмайтын бір жайтқа тоқталып өтпесем, әңгімеміздің аяқталмай қалатын түрі бар. Ол мынау. Осы Қостанай қаласында облыстық балалар аурханасы деген жақсы бір ғимарат бар. Алайда міне, екі жыл болды, оны «қатырып жөндеп, шақалақтардың емделуіне аса қолайлы жағдай туғызамыз» деп жедел қарқынмен басталған күрделі жөндеу жұмысы мүлдем тоқтап тұр. Өйткені осындағы аурухана басшылығы неше түрлі сылтаумен мердігерлердің аяғына тұсау болып отыр. Арнайы экономикалық соттың судьясы бар жұмысын жинап қойып, обьектінің басына барып, мән-жаймен өзі танысып, кінә тек қана бас дәрігердің қызметін атқарушының кінәсінен екендігін анықтап, жөндеу жұмысын жедел аяқтау керектігін айтып, үкім шығарды. Алайда оны құлағына қыстырған аурухана басшылығы да, оған бақылау жасайтын облыстық денсаулық басқармасы да жоқ. Ал енді осындағы ата-аналар нәрестелерін емдейтін орын таба алмай, сенделіп жүргендігі ешкімнің де ойына кіріп шықпайды. Енді осыны да Архимед шешуі керек пе? Ау, оның басқа да жоғары жаққа көзге түсуге жарамды үлкен-үлкен істері бар емес пе? Осындай көр-жерді сөз қылып. Бұл жұрт еріккен сарттың ермегін істемесе, іштері ауырады ғой деймін. Тағы да айтамын, оның мазасын алмаңдар. Сендер сайлаған жоқсыңдар, ендеше сендерге есеп беруге міндетті емес. Неужели, осыны түсіну қиын.

Міне, біздегі жағдай осындай.

Ал мен әкім болам деп әлі армандап жүрмін. Әлде қашпаған сиырдың уызынан дәмелімін бе? Әлде, мүмкін, Кемелұлының көзіне түсіп қалармын. Алда сайлау да келе жатыр дегендей. Кім біліпті, үмітсіз анау кісі ғой, өздерің білесіңдер. Әйтпесе, мені бірауыздан сайлап жіберіңдерші. Нелерің кетеді. Назарбаев отыз жыл бойы омалып отырды ғой. Отыз жыл орынтағынан айырылмады. Оның қасында, ойбай-ау, мен күнәсіз періштемін ғой. Әкім болғасын бұзылып кетпесем. Алдымен көріп алайықшы. Ал, кеттім!

Айтпақшы, жақсы жаңалық та бар. Өрттен зардап шеккендерге Құдай қарасқан секілді. Өйткені міне, екі айдан бері Қостанайда бұрын-соңды болмаған жанға жайлы жаймашуақ күндер орнап тұр. Осының арқасында және баспана салуға тартылған құрылыс компанияларының жедел де сапалы жұмыстарының нәтижесінде тұрмысқа аса қолайлы жүзге тарта үйдің бітуіне азғантай ғана қалды. «Жыртық үйдің құдайы бар» деген осы да.

Жайберген Болатов

Abai.kz

7 пікір