Сенбі, 27 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 3441 10 пікір 5 Қазан, 2022 сағат 14:07

Путин аласұрып жатыр

Украина әскері соңғы үш күнде қарсылас шебіне қысымды арттырып, Херсон бағытында шабуылды үдетті. Ресей әскерінің қорғаныс шебін Украина үш бағытта бұза білді. 

Украина әскерінің шабуылы жайлы Ресей қорғаныс министрлігі де, шенеуніктері мен Мәскеу де тіс жармауда. Бұл Харьков маңындағы жеңіліс пен Лиман маңындағы шегіністен кейін, қоғамның Ресей әскеріне қатысты көзқарасын түбегейлі өзгертуі мүмкін деп сескенсе керек. Алайда ұрыс даласындағы қиындық жайлы Ресей қолбасшылары шулап жатыр. Олар Қорғаныс министрлігі тарапынан ешқандай көмек жоқ, авиация соққы беруді азайтты, ал артиллерияға снаряд жетіспеуде деп дабыл қағуда.

Ресей әскерінің мотивациялық көңіл-күйіне ұрыс даласындағы жеңілістен бөлек, Ресей қорғаныс министрлігіндегі былық та кері әсерін тигізуде. Мысалы Ресей депутаттары қазіргі уақытты сарбаздарға арналған 1.5 млн дана форманың қайда жоғалғанын іздестіріп, бас қатыруда. Әзірге екі нұсқа айтылуда, олар: әскери формалар құжат жүзіндже ғана болған, ал шын мәнінде оған бөлінген қаржыны Ресей генералдары қалтасына басқан. Ал екінші нұсқа әскери форманы қоймадан сатып жіберген.

Қай нұсқа болса да, бұл Ресей әскеріндегі жемқорлық көрінісін нақты көрсетеді. Ресей қорғаныс министрлігі Украина азат еткен аймақты "уақытша оккупациядағы аймақ" деп атайтын болыпты.

Украинаға Пентагон соққы жасау мүмкіндіктерін арттыру үшін 625 млн доллар көлеміндегі қосымша әскери көмек берді. Оның ішінде 4 дана HIMARS зымыран кешені, 155 мм болатын 16 дана артиллерия, 1058 мм болатын 16 дана артиллерия, 200 бронды көлік және тағы басқа қару түрін беретін болды. Пентагон "Украина әскері Қырымды, Донбасс пен Хероснды, Запорожье мен өзге де оккупациядағы аймақтағы Ресейдің әскери нысанын соққы астына алуға толық құқылы, өйткені бұл Украина жері" деп мәлімдеді.

Украина билігі, анығы Зеленский Путинмен қандай да бір келіссөз жүргізуге тыйым салатын жарлыққа қол қойды. Бұл Киев пен Мәскеу арасында келіссөз жүргізу мүмкіндігін толық жойды. Анығы келіссөздердің есігін Мәскеу жалған референдум арқылы тарс жапқан болатын.

Батыстық сарапшылар Путин қазіргі уақытта аласұрып, соғысты аяқтау мүмкіндігін іздеп жатқанын айтады. Оның ішінде тактикалық ядролық қару қолдану нұсқасы қаралып жатқанын да айтады. Алайда Кремльдің шешім қабылдар шенділері бұл нұсқаны талқылаудың өзі қауіпті екенін біліп отыр дейді сарапшылар.

Abai.kz

10 пікір