Жұма, 26 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 2949 24 пікір 30 Қыркүйек, 2022 сағат 13:22

Мусин мырза, қашқындарға неге құрақ ұшып жүрсіз?

Ресейліктер Қазақстанға жаппай ағылып жатыр. 24 ақпаннан кейін ресейліктердің алғашқы легі Қазақстанға келе бастады, ал 21 қыркүйектен кейін ресейліктердің екінші ағыны басталған еді.

Ресейде Кремль жартылай мобилизация жариялап, соғысқа шақырылу қаупін сезген ресейліктер Қазақстан, Моңғолия, Армения, Грузия, Беларусь шекарасына ағылды. Бір аптаның ішінде Қазақстанға ресми дерек бойынша 98 мың ресейлік келген.

Ресейліктердің жаппай ағылуы елімізде біршама мәселені күрделендірді. Пәтер ақысының еселеп өсуі, такси бағасының қымбаттауы бірден байқалды. Мобилизациядан қашқан қашқындар Қазақстанда ЖСН жасатып, банктік карточкалар рәсімдеуге тырысуда. Ресейдің "Мир" төлем жүйесіне әлем елдері тыйым салуда. Ресейліктер "Мирдан" бас тартып, барушы елдің төлем жүйесін жылдам рәсімдеуге талпынуда.

ХҚКО-лықтарында ұзын-сонар кезек. Мыңдаған ресейліктер жылдам ЖСН жасату үшін жүгіріп жүр. Жүгіріп жүрген ресейліктерге құжатты қалай рәсімдеу керектігін анау-мынау емес, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің өзі барып түсіндіріп әлек. Бұл неткен жанашырлық?!

Министр Мусин өзінің парақшасына былай деп жазба қалдырды:

"Бүгін біз Астана әкімдігімен бірге «Жастар» сарайында жедел түрде ашылған Халыққа қызмет көрсету орталығында болып, жағдайды өз көзіммен көріп қайттым.

Аталған Халыққа қызмет көрсету орталығы негізгі орталықтарға түсетін жүктемені азайту үшін ашылған болатын. Қазіргі уақытта өз отандастарымызға бірінші кезекте, кедергісіз, штаттық режимде қызмет көрсетіліп жатқанын атап өткім келеді.

Ресей Федерациясынан келген азаматтар санының көптігінен, операторлар ұзын-сонар кезекте тұрғандарды қабылдап үлгермеуде.

Бүгінгі күнге дейін жағдай былай өрбіді: Ресей азаматтары ХҚКО-ға келіп, құжаттарын ұсынады, олардың деректері базаға енгізілгеннен кейін қайтып, екінші күні ЖСН алу үшін ХҚКО-ға қайта барады. Бұл олардың да, ХҚКО операторларының да көп уақытын алады. Сонымен қатар, ғимараттағы адам санының көптігіне себеп болады.

Енді ЖСН алуға өтініш берген адамдарға екінші рет келудің қажеті жоқ, ЖСН олардың телефон нөміріне 1414 қызметінен СМС-хабарлама түрінде жіберілетін болады. Бұл дайын ЖСН алу үшін кезекте тұрған барлық ХҚКО клиенттеріне қатысты. Бұл өз кезегінде адамдардың халыққа қызмет көрсету орталықтарында шоғырланбауының алдын алады.

Бүгін біз екінші деңгейлі банктерге ЖСН деректер базасында берілетіні туралы ақпаратты жеткіземіз, нөмірді енгізген кезде кез-келген азамат туралы ақпарат автоматты түрде шығатын болады.

ХҚКО қызметкерлеріне ештеңеге қарамастан, жедел түрде қызмет атқарып жатқандары үшін алғыс айтқым келеді.
Біз жағдайды бақылауда ұстаймыз".

Бағдат Мусиннің астаналық ХҚКО-ға барып, ресейліктерге Ресей тілінде құжатты рәсімдеуге қатысты түсіндірме айтып тұрған видеосы жарияланды. Бұл көпшіліктің ашуын тудырған жайт болды. "Ресейге қазақтар дәл осылай ағылса, бір министр келіп түсіндірмек түгілі, жиналған халықты күзетші қуып шығар еді" дейді көпшілік.

Министр Мусиннің СБЕР-мен келісімді барынша жарнамалап, артынша Украина соғысынан кейін іске аспай қалғаны тағы бар. Енді міне ресейліктер үшін дәріс оқып жүр. Бұны қалай түсінуге болады? Құжат рәсімдеуді түсіндіретін министрден басқа қызметкер жоқ па? Өзге елден көшіп келген қандасқа барып, құжат рәсімдеуді түсіндірмеген министрлер, ресейліктер келгенде елпеңдеп жүргені қалай?! Бұ қалай, Ресейден қашқын келді ме, қожайын келді ме?..Қоғамда сұрақ көп, министрде жауап жоқ!

Abai.kz

24 пікір