Жұма, 26 Сәуір 2024
Құйылсын көшің 4666 40 пікір 16 Қыркүйек, 2022 сағат 15:41

Босқа дүрлікпейік, ағайын!

Осы соңғы жылдары кейбір сауатсыз, арандатушы популистер өзін қазақ көші-қонының жалғыз жанашыры ретінде көрсетіп, қит етсе болды өрге-төмен шапқылап, айқайлап-аттандап шыға келетінді шығарды...

Ондайлардың басты мақсаты саяси ұпай жинап, өздерінің ішкі бықсық есебін жүзеге асырудан басқа түк емес!

Ондай  арам пиғылды  алаөкпелердің уәжіне сенсек, қиыр жайлап шет қонған ағайынды жарылқап жүрген солар ғана екен-мыс... Қазақ билігі мен жергілікті ағайындардың шеттегі қазаққа жаны ашымайды екен-мыс...

Оу, ағайын, шындықтың жүзіне тура қарап, әділін, ақиқатын айтар болсақ, Тәуелсіздіктің алғашқы жылында-ақ (1992!) сіз бен біз, яғни, қазірге дейін Отанға оралып үлгерген  1,5 миллиондай қандастар кісі елінде кісәпір күй кешіп жүрген кезімізде:

Қазақстан Билігін Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткізуге;

Сол құрылтайдың шешімімен шетелде тұрып жатқан ағайындарды Отанға шақырып әкелуге;

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын құруға;

ҚР «Халықтың көші-қон заңын» әзірлетіп, қабылдатуға;

Шетелдерден Атажұртқа (Қазақстан) қоныс аударушыларға арнайы қаржы (квота) бөліп, оларға лайықты материалдық-моралдық көмек беруге;

Шетелдерде өмір сүріп жатқан ағайындардың мыңдаған жас ұрпақтарын Қазақстаннан жоғары білім алуға, және оған жыл сайын арнайы квота бөлгізуге;

Шетелдерден келген ағайындардың ықтиярхат немесе азаматтық алуын жеңілдетуге;

Қандас шаруаларға жайылымдық, егістік жер беруге;

Қандас кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге;

Шетелдерде тұрып жатқан ағайындардың Қазақстанға келіп-кетуіне құжаттық (визалық) жеңілдік жасауға көндірген, ұсыныстар берген, сол жолда шыр-пыр болып жүгірген әсте бүгінгі даңғой популистер емес!

Керісінше осы Қазақстанда «мың өліп, мың тіріле» жүріп, мың сан зұлматта қазақтығын, бауырмалдығын, ел мен жерді сақтап қалған жергілікті бауырларымыз - қазақтың алашшыл ұл-қыздары, зиялылары және Ел ағалары, Үкімет пен Парламент мүшелері болатын!

Ағайындар, Отанға алғашқылардың бірі болып оралған, 30 жыл бойы қазақ көші-қонына қатысты мәселелерді қадағалап, қарап келе жатқан азамат ретінде Сіздерге айтарым һәм өтінерім:

Жергілікті ағайындарымыздың, осында туып өскен Ел ағаларының, Ұлтшыл зиялы қауым өкілдерінің бұл бауырмалдығын еш қашан да естен шығармауымыз керек!

Қысқасы Сіз бен біздің Отанға оралуымызға жағдай жасаған, құшағын ашып қарсы алған, әлі де болса Ел тағдырына, Ұлт болашағына керекті осы Ұлы істі жалғастыруды жоспарлап отырған, әсте  бүгінгі даңғой популистер емес, тағы да сол Ел ағалары, Ұлт зиялылары, Қазақ билігі екенін ұмытпауға һәм түсінуге тиіспіз.

Ал соңғы күндері сол баяғы бірді-екілі сауатсыз даңғой популистер тағы да айғай-аттанға басып, елді дүрліктіріп, ұпай жинаудың қамына кірісіп кетіпті...

Мәселе ҚР Үкіметі (анығында ҚР Еңбек және  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі) әзірлеген «2023-2027 жылдар аралығында қабылданатын көші-қон туралы жаңа бағдарлама» туралы.

Аталған бағдарламадағы «Қандастар белгіленген аймаққа қоныстанып, 5 жыл тұрғаннан кейін азаматтық беріледі» деген ұсыныс, түптеп келгенде Ұлттық қауіпсіздікті ойлаудан туған стратегиялық байлам.

Алайда 5 жыл бойы азаматтықсыз жүру - ағайындардың көптеген тірлігіне қолбайлау болатыны белгілі. 5 жыл ішінде туған ұрпақ кім болады? 5 жыл ішінде зейнетке шыққан ағайындардың зейнетақысы қалай болады? Сайлау-сайлану құқығы қалай болады? т.с.с. мәселелерді жеткілікті талқылау, ақылдасу керек-ақ.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ресми өкілі, Қандастар үшін жанын салып, шыр-пыр болып жүрген қазақтың аялы ұлтшыл қызы Қарлығаш Байбатшақызының хабарлауынша, Қауымдастық төрағасының орынбасары, мемлекет және қоғам қайраткері, мемлекетшіл тұлға Зауытбек Қауысбекұлы аталған мәселеге үлкен мән беріп, қалай да дұрыс шешім шығартуға  білек сыбана кірісіп кетіпті.

Іске сәт дейміз!

Дүкен Мәсімханұлы

Abai.kz

40 пікір