Сенбі, 18 Мамыр 2024
Абай мұрасы 2678 2 пікір 16 Қыркүйек, 2022 сағат 13:12

Абайдың Ақшоқысы – поэзияның меккесі!

(ұлы ақынның ұмыт қалған үй-жайы жайында ой-толғау)

Жер шоқтығы – Ақшоқы! Себебі, Абайдың саналы ғұмырының ең ұзақ бөлігі осы ауылда өткен-ді. Ұлы ақын онда отыз үш қысты қыстаған! Мұндай мекен кәне?! Көшпенді дәуірде тобықты жұрты сырт Шыңғыс – кең жайлауға асығатын (қақаған қыстың ұзақ кештерінде сол қызыққа толы үш айды әркім сағына еске алатын). Аптап ыстық басталмай көшіп, сонан, күзгі салқын лебі ескенде ғана Шыңғыстың Ертіс жақ етегі – бауырға қайта оралатын.  Міне, сол бауырдағы күзеу, қыстаудың бірі – Ақшоқы. Ол Абайдың Ақшоқысы, ең бастысы, поэзия Меккесі! Өкінішке қарай, осы жәйт ескерусіз қалуда.

1860 жылдың күзінде Құнанбайдың дәргөйімен жас жұбайлар Абай-Ділдә Ақшоқыға иелік еткен еді (оған дейін бұл маң құладүз еді). Сонан бұл қыстауда Абай ұзақ, 1894 жылға дейін өмір сүрді. Сөйтіп, Абай отыз үш жыл (1860-1893 жылдар аралығы) Ақшоқыда қыстаған, бұл айдай ақиқат.

Жігіт Абай Ақшоқы қыстауында күз, қыс айларын қалай өткізді?

Бұл жайында Көкбай: «Абай ауылы қысы-жазы өте қонақшыл, дәйім күндіз-түні басып жатқан неше алуан кісі болады. ...Ел елдің басты адамдары, ертекші, құсбегі, домбырашы, әнші, не болмаса тоғызқұмалақ, дойбы ойнағыш ойыншылары да жатады», дейді.

Ненің де болса түбіне жетпей тынбайтын Абай әдеті. Құсбегілікті көп қызықтайды. Тоғызқұмалаққа (бұл ойынды «ойшылдар ойыны» дейді) құлай әуестеніп, ақыры жете меңгереді. Тағы Көкбай: «Абай тоғызқұмалақта Тобықты ішіндегі ірі ойыншылардың ең ілгері қатарында болды», десе, мұны Тұрағұл: «Құмалақта әкемді жеңген адамды көргенім жоқ», деп растайды.

Абай 1890 жылға шекті ел жұмысына көп араласты.  Тобықты елінің төбе биі болды. Көкбай: «Билікке келгенде Абайдай әділ де таза, дұрыстығы күшті биді Тобықты іші бұрынғы, соңғы заманның қайсысында болса да көрген жоқ деп айта аламын», десе, мұны Тұрағұл өзінің «Әкем Абай туралы» деген естелігінде бекіте түседі: «Менің әкемнен басқаға разы іздеп жүгінетұғын адамды көргенім жоқ» деп. Абай насихат өлеңдеріне, аудармаға, ән шығаруға бел шеше кіріскен кезеңді көркем тілмен баяндай келе, Мұхаң былай дейді: «Осымен қатар, Абай өзі тілемесе де, ауыр көріп, бойын алып қашамын десе де, еркіне қоймай, бұған масыл болып, асыла жүретін тағы бір міндет, бейнет бар. Ол – ел ішінің дау-шары». Абай ел іші жұмысын көп тындырғанының ресми дәлелі 1890 жылдың қыркүйек айында генерал-губернатор барон Таубе аңшылық мылтықты сыйға тартты.

Абайдың  1893 жылғы өзі туралы «Ойға түстім, толғандым» өлеңінде «...Көрінгенге қызықтым» дегені, сондай-ақ, әйгілі «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңінде:

Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ,
Айлаға, ашуға да жақтым шырақ, -

дегені Ақшоқыда өткен өмірі туралы жоғарыда айтылған жәйттерді бекіте түседі. Арыны басылмаған жастығы да, халық қамқоры  болыс, би болған жылдары да осы қыстауда өтті.

Сонымен, Ақшоқы – Абай әуелі ғылыммен сусындаған, онан соң ақындық қызметіне  бел шеше кіріскен керемет шақтың куәсі, поэзия бесігі. Ондағы отыз үш жылда дүниеге келген өлеңдерінің саны – 103. Оған екі поэмасы мен аудармаларын қосыңыз. 1884-1890 жж. көлеміндегі «Абай – жаңа жазба әдебиеттің атасы», – дегізген классикалық өлеңдердің басым көпшілігі Ақшоқыда туылғаны талассыз. Тұрағұл: «Әкем көбінесе өлеңді қысты күні жазушы еді» дейді. Шыны сол, жаз, күз айларында Абайда уақыт байлығы болмаған, әр тараптан ағылған келімді-кетімді кісілерден босай алмайтын. Тыныштықты Абай тек қысқы Ақшоқыдан табатын. Әйгілі «Абай жолы» эпопеясының «Биікте» тарауында Мұхтар Әуезов  қыс айлары Ақшоқыда қалай өткенін былайша суреттейді: «Ішінде ой шырағы жанғандай болып, салмақпен қараған көздері қарсыдағы терезеге қадалады. Күн түсіп тұрған қарлы адырға ұзақ-ұзақ қарай түседі. Өзінше бір мығым күшпен, ұғымсыз бір мұңмен жұмырлана бүгілген төбе-төбелер. ...Өзімен өзі боп толғана ойланған уақыттарында көз алдына көптен-көп оралатын осы адырлар». Көріп отырмыз, Мұхаң қаламы Абайдың жан дүниесін билеген сезім мен шабытты Ақшоқы табиғатынан ажыратпай, бір бүтін қылып суреттеген.

Ақиқаты, Ақшоқы тек Абай мен Ділдәға ғана тиесілі, олардың меншікті қыстауы. Біле білсек, Құнанбай қажының тұрағы – Бөрілі. Бірақ соңғы жылдары қажының ауылы Ақшоқы сияқтана бастағанына қараңыз (музейі Ақшоқыда бой көтеруі соның айғағы).  Таяуда Семей қалалық ТВК-6 телекомпаниясының тапсырмасымен аталмыш қыстауға барғанда осыған көз жеткіздім. Рет-ретімен баяндап көрейін.

Құнанбай қорымы (пантеон) жөнделген, маңайы да, музейі де жарқырап тұр екен. Туристер легі осы арадан ат басын кері қарай бұрады. Өйткені, Абай ауылы деген көрсеткіш те, оған қарай апаратын жол түгілі соқпақ та жоқ екен. Абай тұрған үлкен үйдің орны, су ішкен құдығы, өлең шығарған төбе қараусыз, мүлдем көңіл бөлінбеген хәлде екен. Жаныма ерген оператор пантеоннан шығысқа қарай небары 200-300 метр жердегі қауғалы құдықты, құдықтан 40-50 метр жердегі жермен-жексен болған үйдің жұртын түсіріп алды. Бұдан бөлек, Абай күнде кешкісін ойға батқан, жаңағы жүзге тарта өлең туылған дөң төбесіне (өлең-төбе) көтерілдік. Оның «Абай жолы» эпопеясында суреттелгенін жоғарыда айттық.

Осыдан үш жыл бұрын «Ау, жарандар, Құнанбай қажы өмірінің соңғы отыз жылы өткен жер – Бөрілі, музей сонда салынса жөн, ал Ақшоқыда қаржы-қаражат Абай ауылын қалпына келтіруге жұмсалғаны игі» деген үніме облыс әкімі, аудан әкімі де құлақ аспады. Не істемек керек?  Еріксіз өз қаржыма «ӨЛЕҢТӨБЕ» деген ірі жазуы бар ескерткіш-конструкция жасаттым. Оны:

Көк ала бұлт сөгіліп,
Күн жауады кей шақта.
Өне бойың егіліп,
Жас ағады аулақта, –

деп өзі айтқандай, ақынның ізі қалған, көз жасы төгілген төбеге апарып орнатқан едім. Сол конструкцияны малдар сүйкеніп құлатыпты (со жолы төрт аяғына бетон құйып бекітуге үлгере алмадым). Сөйтіп, биліктің назарын аударсам деген бұл ісімнен түк те өнбеді.

Біле білсек, Ақшоқы жонында туылған өлеңдер тобықты асып, күллі қазақ көгінде қалықтаған-ды.  Мұны Мұхтар Әуезов: «Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән, сан-салалы жырлар көшіріліп, жатталып, әуендеп толқып тарап жатты» деп көрсетеді (тараудың «Биікте» аталғаны осы себептен). Бірінші қара сөзінде Абай: «Енді мұнан басқа еш жұмысым жоқ» деп ағартушылық арнадан даналық өрісіне қадам басуға шешім қабылдаған жер де – осы Ақшоқы болатын. Олай болса, киелі шығармашылық орнының көмескілене бастағаны несі деген сұрақтың тууы заңды. Гәп сонда, «мұсылманда атақты» (Абай) болған Құнанбай қажы 1885 жылдың тамыз айында Бөрілі аумағында дүние салды. Мәйітін Жидебайға жеткізуге ұйғарылды. Әйтсе де, топырақ Ақшоқыдан бұйырды. Неге? Аптап ыстықта Жидебайға жеткізу мүмкін болмаған.

Қажының жаназасы кезінде өткір тілді қарт ақын Байкөкше: «Құнан кетті – алдынан жарылқасын, артында алтын қалды ат басындай», – деген екен.  Көреген ақын мұны білмей айтқан жоқ, осы кездерден-ақ Абайдың ерекше ақындық қуаты жақын айналасын таң қалдырған.

Реті келген соң айтайық, Абай мен Ділдә алғаш орныққанда Ақшоқы төңірегі елсіз, қарсақ жортпас қара адырлар ғана еді. Соның жайлы қонысқа айналуы – Ділдә ханымның ерен еңбегі. Ақшоқы кезінде «үлкен ауыл» деп аталуына Абай ғана емес, оған күллі ғұмырын сарп еткен Ділдә бәйбіше де себепкер.

«Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» (1886) өлеңінде Абай:

Жоқ болса қатыныңның жат өсегі,
Болмаса мінезінің еш кесегі.
...Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан қапыл қалма, –

дегенді өзінің отбасылық тәжірибесіне сүйеніп айтқан. Яғни бұл шумақта Ділдә бейнесі, оған деген риза көңілі тұрғаны анық сияқты.

Көпке аян, «Абай жолы» эпопеясында поэзия бесігі Ақшоқыға Ділдә емес, Әйгерім иелік етеді (шындығында «кіші ауыл» атанған Әйгерім қонысы Бөрілі маңындағы Аралтөбе деген жер). Мұхаң көбіне-көп Әйгерім бейнесіне екпін түсіруге бейілді. Неге? Бұл көркем шығарма талабы, соның арналы желісіне бейімдеу болар. Екіншіден, Ділдә байдың тұқымы, кеңестік дәуір сөзімен айтсақ, қанаушы таптың өкілі. Ал Әйгерім кедей таптан. Осы жәйтті де Мұхаңның қаперге алуға мәжбүр болғаны шүбәсіз сияқты.

«Ақшоқы Абайдың қыстауы  деп дәлелдеп жатудың қажет пе, ол онсыз да ақиқат» дерсіз, бәлкім. Тағы бір айтайын, Ақшоқы – Абайдың поэзиясы туылған һәм таралған қасиетті топырақ екені көмескілене түсуде. Өкініш пе, өкініш, Гете, Бальзак, Пушкин, Толстой сынды әлем классиктері туған, шабыты шалқыған жердің әр тасына дейін әспеттеліп, көздің қарашығындай сақталады емес пе. Ақшоқыдай киелі жерге жан бітсін десек, Абай үйінің орнына, ең болмағанда, макеті тұрса игі. Үй қасындағы алаң осы аумақтың ханшайымы Ділдәнің, ал шоқының үсті Абайдың мүсінімен көркейіп тұрса несі айып. Дөң үстінен алар әсерің керемет. Арқаның самалы кеудені кереді. «Біз Абайды көргенбіз» дегендей төңкеріліп қойтастар жатыр. Соның бірінде шапанын желбегей жамылып отырған Абайды көзге елестеп, ерекше сезімге бөленесіз. Апырай, кез келген туристке керегі де осы сәтті сезіну емес пе. «Абай жолы» эпопеясында тағы Мұхаң: «Ауылда жүргенде қысы-жазы дөң басында өтетін кеш, қазір тағы да бір өзгеше боп серпілтіп, өз қуатын айрықша білдіріп, Абайға қатты әсер етеді...», – деп білмесе жазар ма еді.

Кешегі кеңестік кезеңде кеткен жаңсақтықты түзететін кез келді.  Әйгілі Жидебай статусы Ақшоқыдан төмен емес. Бірақ Жидебай – 1894-1902 жж. ұлы Абай хакім шыңын бағындырған, әлем ойы алыбына  айналған жер. Оның статусы – даналық Меккесі, даналық Қағбасы. Ал, Ақшоқы «Поэзия Меккесі» екеніне Абай кітабы арқылы көз жеткізу қиынға соқпайды.

Сөйтіп, Ақшоқы қыстауын тек пантеон аумағы деп білу жеткіліксіз. Абайдың үйі, өлең-төбесі туристер көруге асығатын нысанға айналуы керек!  Абайдай өткір сезім иесінің жан дүниесі өрлеуіне қыстаудың топырағы һәм табиғаты өзгеше әсерін тигізгені, шығармашылығында терең із қалдырғаны шүбәсіз ақиқат. Сондықтан мақалада көтерілген мәселеге Абай атын иеленген облыс басшылығы назар аударады, хакім атамыз отыз үш жыл қыстаған үйдің орны жоғалып кетуіне жол бермейді деген сенімдемін.

Асан Омаров,

зерттеуші ғалым

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2143
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2549
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2346
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1655