Жұма, 26 Сәуір 2024
Алаң 2566 1 пікір 14 Қыркүйек, 2022 сағат 13:11

Сыртқы саясат ішкі саясатпен қабыспаса...

Президент Тоқаевтың Баку сапары жұрт назарында болды. Ел ішіндегі жағымды пікірлерді айтпағанда, Германияда тұратын Өмірқан Алтын ағамыз Facebook парақшасында: «Туысқан екі ел басшыларының ресми кездесуде бір-бірімен өз ана тілдерінде сөйлесулері аса қуантарлық және ерекше мағыналы бір құбылыс болды», - деп пікір жазды.

«Азаттық» радиосы да артылған қазақ мұнайының Әзербайжан арқылы тасымалданатынын жеткізді. Президенттің кезекті сапары – қасіретті қаңтар оқиғасынан, Путин Украинаға соғыс ашқан күрделі геосаяси жағдайдан кейінгі алғашқы шетел сапары емес екені көпке мәлім. Оның алдында бауырлас Түркия, Қырғызстан, діндес Сауд Арабиясы мен Иранда болды. Аталмыш соғыс («арнаулы соғыс операциясынан») кейін Тәжікстан, Түркіменстан, Иранға ғана сапарлай барған Ресей басшысы Путин және қатаң карантин шараларына байланысты 2020 жылдан бері елінен сыртқа шықпаған Қытай басшысы Си Цзиньпинмен салыстырғанда, Тоқаевтың екі алып көршіміздің басшыларына қарағанда өрісінің кең екенін байқаймыз. Бірақ, назар аударатын бір фактор бар.

Кремлдің Путиннің Украинаға шапқыншылығын айыптайтын елдерді Ресеймен дос емес елдер санатына жатқызып, ұзын-сонар тізім жасағаны белгілі. Петербордағы экономикалық форумда Президентіміз Орыс басшысының көзінше өзінің майданын кесіп айтқаннан кейін, терістік көршіміз Каспий құбыр желісі концорциумының жұмысын тежеп, артынан айыппулға ауыстырған. «Қазақстан мұнайы мен газын Еуропаға жеткізіп, Ресейдің орынын басуға ниетті» деген ақпардан, Тәжік билігі АҚШ пен бірлесіп әскери жаттығу бастағаннан кейін, Ресей Сыртқы істер министірлігі ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерге «Ресеймен дос емес елдермен тым жақындаспауды» айтып, ескерту жасаған. Қарап отырсақ Тоқаев ат басын бұрған елдер Ресеймен достас, мүдделес елдер.

Ақорданың Кремлдің экономикалық құрсауынан құтылу үшін, қызыл сызығын аттамай, оларман дос елдерді дәліз етіп, дос емес елдеріне шығатын жол табуы құптарлық тактика. Кеңес қызылдарының көсемі Лениннің «Сыртқы саясат ішкі саясаттың жалғасы» деген әйгілі саяси нақылы бар. Ресей де, Қытай да сол жолдан айныған емес. Осы тұрғыдан қазіргі ішкі-сыртқы жағдайымызды бағамдасақ, сыртқы саясатта жүрісіміз сәтті болғанымен, Ресейді айналып өту қадамының ішкі саясатта ақсап тұрғанын, сыртқы саясат пен ішкі саясаттың қабыспай жатқанын баса айтуымыз керек. Оның көрінісі ретінде жұрт талқысына түскен екі жағдайды сөз етсек те жеткілікті деп ойлаймыз.

Ресей әскерінің басқыншылығын айыптаған Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевский сезімге бой алдырып: «Біз оларды қанша көп өлтірсек, келер ұрпақтың қарсыласы сонша азаяды» деген мағынада айтқан сөзі екі тілді жұртты тағы да айдай қылды. Ел ішіндегі ұлтаралық жанжалдарда үнсіз қалатын Қазақстан Халықтар Асамблясы елшінің сөзінен фашистік пиғыл байқап, Сыртқы істер минстрлігін елшінің сөзіне саяси баға беруге, наразылық білдіруге мәжбүрледі. Бұл оқиға жайында оппозиционер журналист Ермұрат Бапи ағамыз «Дат» газетінде былай деп жазды: «Орыстың озбырлығымен грузиндер Абхазиядан айырылып жатқанда, Кремлдың кесапатынан молдовандар Днестрдің екі жағына қақ жарылғанда, Ресейлік авиация Сирияның халқын қырып тастағанда қыңқ етпеген ассамблея елі үшін еңіреген елшінің бір ауыз сөзіне бола бұлқан-талқан болғаны қалай? Міне, елшіні біз осы жерде қорғаймыз!» Қоғам белсенділері ассамблея таратылсын деп билікке талап қойып, петица жариялады.

Бірінші пікір талас қазіргі геосаяси жағдайға байланысты туындаса, екінші пікір таластың тарихы тым тереңде, патшалық Ресейдің жерімізді отарлау кезеңіне барып тіреледі.

Жергілікті орыс ұлты өкілдерінің қалалық әкімшіліктің Көкшетау маңындағы Красный яр ауылының атын «Тұран» деп өзгерту шешіміне өре түрегелген видеосын ақын Мерген Тоқсанбай әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Бұрыннан қордаланған түйткіл жайында, нақтылап айтқанда, патшалық, кеңестік кезеңнің символы болған жер-су аттарын өзгерту барысының басы, қасында жүрген Саясаткер Дос Көшім ағамыз «Жас алаш» газетінде жариялаған «Ономастика – тәуелсіздіктің көрсеткіші» атты мақаласында бұл мәселеге егжей-тегжейлі тоқталған.

Сортүстік Қазақстан облысындағы 24 , Батыс Қазакстан облысындағы 14 елді мекендегі кездесуге қатысқан ағамыз мақаласында ұлттарды ұйыстыруға тиіс ассамблея өкілдерінің басқосуда төбе көрсетпегенін жазады. Ол кісінің дерегінше, 1991 жылы Алматыда 1984 көше болса, ол көше атауларының 16 пайызының Алматы не Қазақстанға қатысы болған. Басқа 84 пайызы не Алматыға, не елімізге түк те қатысы жоқ жандардың аттары. 1954-55 жылдары тың игеру кезінде Алматының 300 дей көшесінің аты ауыстырылып, өзге ұлт ұлыларының есімдері берілген. Осыдан-ақ ұлан байтақ жеріміздің өзге өңірлеріндегі жағдайдың күрделілігін бағамдай беріңіз.

Отарсыздану үрдісін Тәуелсіздіктің алғашқы кезінде қолға алмай, тарихи орайды өткізіп қойған ескі биліктің жалтақ саясаты бүгінгі билікті тығырыққа тіреп, алдынан кесе көлденең шығып отыр. Орыс саясаткерлерінің Тәуелсіздігімізге қарсы ақпараттық шабуылы, Батыс санкциясына ұшыраған Ресей азаматтарының елімізге қотарыла ағылуы отқа май құйғандай әсер етуде. «Алдымен экономика, содан соң саясат» деп алдарқатуға қазіргі саяси белсенді жұрт көнбейді. Ел Үкіметтен қымбатшылықты ауыздықтауды ғана емес, саяси реформаны да талап етіп отыр. Ата заңға өзгеріс енгізу жайында референдум жарияланғанда белсенділер талқы аясына кіргізілмеседе Орыс тілінің ресми тіл мәртебесін алып тастауды талап етті. Павлодар мен Петропавл қалаларының атын ауыстыру бітпейтін жыр болып келеді. Сыртқы саясатта ғана емес, ішкі саясатта да батыл қадам жасау уақыт талабы екенін түсінетін кез келді.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

1 пікір