Сәрсенбі, 22 Мамыр 2024
1581 0 пікір 27 Тамыз, 2022 сағат 16:19

«Мектепке жол»: Ассамблея игі істе қалыс қалмайды

Жаңа оқу жылы басталарда мектеп жасындағы балалары бар ата-ананың мойнындағы жауапкершілігі арта түседі. Балаларын мектепке қамдау керек. Жылда бағасы өсе түсетін мектеп формасын, оқуға қажетті құрал-жабдықты сатып алуға кез-келген отбасының қалтасы көтере бермейді. Сондықтан жыл сайын елімізде көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларға көмек ретінде «Мектепке жол» акциясы өткізіледі.

Бұл бір реттік науқан емес, дәстүрге айналған шара. Күз басталып, тіршілікке жаңа күшпен кірісер уақытта бұл  ата-ана мен балаға берілген мүмкіндік іспетті.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша «Қазақстан - 2050» Стратегиясында белгіленген балалардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жаңа әлеуметтік саясатты іске асыру мақсатында болып жатқан игі шара тамыздың бірінде басталды, 31 тамызға дейін жалғаспақ.

Бұл науқанның басты мақсаты әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан, түрлі себеппен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған мектеп оқушыларына жаңа оқу жылына сақадай-сай болуы үшін көмек көрсету. Акция аясында халқымыздың салт-дәстүрін қастерлеу, үлкенге құрмет, кішіге – ізет көрсету, жас ұрпақ бойына рухани адамгершілік қасиетті сіңіруге бағытталған шаралар жүргізіледі. Халқымызға тән ұлттық ерекшеліктерді, мейірімділік, қайырымдылық, әділдік сынды ең асыл қасиеттерді насихаттау кеңінен өріс алады. Науқан аясында балалар мектепке қажетті оқу-құралдар, мектеп формасы, спорттық киімдермен қамтамасыз етіледі. .

Республикалық «Мектепке жол» акциясы еліміздің түкпір-түкпірінде іске асуда. Биылғы балалар жылында бұл акция «Мектепке жол – Шекарасыз жақсылық» ұранымен өтіп жатыр. Науқанға кез келген адам және үкіметтік емес ұйымдар қатыса алады. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиевтің айтуынша, осы акция арқылы біз Қазақстандағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына көмектесіп, олардың мектепке бармай қалуының алдын аламыз.

«Акция аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қажетті көмек көрсету мақсатында өткізіліп отыр. Балаларды жаңа оқу жылына дайындауға кез келген адам көмектесе алады”,-дейді комитет төрағасы.

Ол өмірде қиын жағдайға тап болған, көмекке мұқтаж отбасының балаларына бей-жай қарамайтын меценаттар, кәсіпкерлерді акцияға қосылуға шақырды.

Бұл іске облыстық, аудандық әкімдіктен бастап, басқарма, департаменттер, түрлі мекеме, ұйымдар белсенді түрде атсалысып келе жатқанын айта кеткен орынды. Сол сияқты науқан көпұлттың басын қосқан еліміздің маңызды ұйымы – Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында да сәтті жүзеге асып отырған жайы бар.

«Мектеп жол» акциясының аясында республикалық Достық үйінде «Қоғамдық келісім» РММ мен «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігімен бірге ұйымдастырылған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мектепке жол» акциясы өтті. Іс –шараның барысында көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына жаңа оқу жылына арнап қажетті мектеп құралдары табысталды. Шараға «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Шахисмаил Асиев, көп балалы және аз қамтылған отбасылар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері қатысты.

27 тамыз күні Жамбыл облыстық М.Қашғари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі акция аясында оқушыларға оқу құрал-жабықтарын таратты. Мектепке сақадай сай бүлдіршіндер Достық үйінің ішін аралап, жайылған дастархандағы тәтті-дәмдіден ауыз тиді. Балалар ана тілдерінде жаттаған өлең шумақтарын айтып, кішігім мерекеге айналдырған.

Ал, 24 тамыз күні Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мектепке жол» акциясы болды. Науқанның негізгі мақсаты айқындағандай, іс-шара аясында  көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына қайырымдылық көмек көрсетілді. Іс-шараға Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығы төрағасының орынбасары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Абдулхалил Долкунтай қатысып, жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттағалы отырған балаларға тілегін арнады.

«Бүлдіршіндер, сіздер биыл алғаш рет мектепке барасыздар. Сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Қазіргі уақытта білімді болу өте маңызды. Сондықтан талмай оқып, еңбектеніңіздер», - деді ол. Шара барысында балалардың көңілін көтеретін ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды.

Сондай –ақ Тараз қаласының Өзбек мәдени орталығы «Мектепке жол» акциясын өткізіп, оқушыларға қажетті оқу құралдарын таратты.

"Мектепке жол" акциясы аясында №4 орта мектептің аз қамтылған және мұқтаж оқушыларына демеушілік көмек көрсетілді. Балаларды мектепке дайындауға көмектесетін меценаттар арасында Шамұхтар Шаюнусов, Мирусман Қасымов және Шаниер Шосабиров бар»,- деді Өзбек мәдени орталығының төрағасы Абдурахман Зайнутдинов.

Бүгінде Тараз қаласының Өзбек мәдени орталығы 7 оқушыға көмек көрсеткен.  Жаңа оқу жылы қарсаңында ҚХА меценаттары, Жамбыл облысының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері "Мектепке жол" дәстүрлі республикалық қайырымдылық акциясына белсенді қатысып жатыр.

Жамбыл облысындағы "Радонеж" орыс кеңесінің мүшелері осы айда  жағдайы төмен отбасыдан шыққан балаларға мектеп және спорт киімдерін, құрал-жабдықтарын алып берген болатын.

Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестік өкілдері де науқаннан қалмай, қайырымдылық акциясы қатысып жатыр.

«Мектепке жол» акциясының аясында облыстық өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, «Үлес» қайырымдылық қорының төрағасы Райымжан Қошқаров әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасында тұратын 150 оқушыға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын алуға демеушілік жасады.

Облыс бойынша акция басталғалы 15 күнде демеушілер 778 балаға 19 млн 309 мың теңге көлемінде қаржылай қолдаған.

Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жыл сайын мұқтаж жандар мен көп балалы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсете отырып, еліміздегі қайырымдылық пен меценаттықты дамытуға ерекше назарын аударған.

"Мектепке жол" акциясының 10 жылында 2 миллионнан астам балаға материалдық көмек көрсетілген екен.  "Мектепке жол" акциясына қатысу үшін білім басқармалары мен ұйымдарына хабарласу қажет.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2249
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2604
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2583
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1690