Жұма, 26 Сәуір 2024
Абайлаңыз 2711 6 пікір 31 Тамыз, 2022 сағат 13:32

Ресей Қазақстаның қос бірдей азаматын соттамақ...

Мен мына хабарды есітіп, қатты мазам кетіп отыр. Осы жақында ғана, бірер күннің шамасында, Ресейдің Омбы қаласында біреулер осындағы әскери комиссариатқа өрт қойыпты.

Бір қарағанда, мұны орыстардың ішіндегі Украинадағы соғысқа қарсылық білдіргендердің ісі екен деп қалдық. Іштей қуанғанымыз рас. Алайда, «Бақсақ - бақа екен» дегендей бұл «ерекше ерлікті» жасаған өзіміздің қазақтар екен. Қазақ болғанда Ресейдің қазағы емес, өзіміздің Қазақстаннан арнайы барған қазақтың қос жігіті.

Ресей баспасөзінің жазуына қарағанда, бұл екі азамат украин блогерінің «мұны жасасаңдар екеуіңе 800 мың рубль беремін» деген сөзіне сенсе керек. Бұлардың аты-жөндерін де алақайлап хабарлап отыр. Біреуі - Аңсаған Молдахметов те, екіншісі - Сейіл Диас деген жап-жас жігіттер көрінеді. Не деген оперативтілік десеңізші. Бір қызығы комиссариат та онша зардап шекпеген. Өртеушілер де жедел ұсталған. Тек түсініксіздігі, олар мұндай мол ақшаны алды ма, алмады ма, белгісіз. Белгілісі - бұл екеуі де бірден ұсталып, енді олар «лаңкестік әрекет жасады» деген айыппен әрқайсысы 15-20 жылды арқалап кете барады екен.

Енді бұлардың осы әрекеті неге әкеліп соқтырады дейсіздер ғой. Біріншіден, онсыз да бізді жау санайтын Ресей пропогандондарының құдайы беріп қалады. «Қазақтар украин ұлтшылдарына енді ашықтан-ашық көмектесіп, бізге қыр көрсетіп жатыр», деп даурығып шыға келері анық. Екіншіден, ондағы ұрынарға қара таба алмай жүрген шовинистердің жергілікті қазақтарға ашықтан-ашық жаулық танытуы әбден мүмкін. Ұлы державалық шовинизм сырқатына ұшыраған тобырдан бәрін де күтуге болады. Бұлар үшін дос деген болмайды, айналадағының бәрі де жау. Туысқан дерліктей украин халқын аямаған халықтан бәрін де күтуге болады.

Абай болайық, ағайын. Арандатушылық ешқашан, ешкімге де абырой әпермеген. Бұзақылықты біреу жасайды да, зардабын екіншілері тартады. Халқыңның қамын ойлсақ, осыны ұмтытпалық.

Жайберген Болатов

Abai.kz

6 пікір