Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4757 0 пікір 21 Желтоқсан, 2012 сағат 11:28

Марат Әзімхан. Жеке тұлға және өмірлік құндылықтар

(Дидар Амантай шығармашылығы хақында)

Бүгінгі көркемдік әлем кеңістігінде автор өзінің құндылықтарын іздеуге көшті. Бұрынғы прозада өмірлік құндылықтар оқиғалар желісімен, кейіпкерлер деңгейлерімен өлшеніп жатушы еді. Тіпті автордың идеялары оқырманын тәрбиелеуге ұмтылатын. Автор кейіпкерлер характерлерін ашуға тырысып жатса қазір бұл дәстүр 180 градусқа өзгерген. Көркем текст  ұзақ сонар баяндаулардан бойын алшақ ұстауда. Бұл мәселе жеке бір зерттеуді қажет етеді. Алайда бүгінгі жазушылардың сөз қолданыстарын ұнатпайтындар да бар. Қазіргі проза сөзбен сурет салуға, табиғаттың небір түрленулерін баяндап жатуды құп көрмейді. Олар оқиға қумайды.   Дегенмен, қазіргі прозада мағына жоқ деп ұшқары пікір айтуға да болмайды. Себебі қазіргі көркем шығарманың бойтұмары болған тұспал мен жұмбақтың бір ерекшелігі оқырманның санасын жетілдіру. Бұл әдебиеттің қай кезеңінде де болған нәрсе, бірақ қоғамдық алмасулар кезеңінде бұндай жағдайлар сөзсіз пікір қайшылығын тудырады. Яғни сана, заманның өзгеруіне байланысты мәтін де жаңарып отыруы ешқандай дәлелді қажет етпейді.  Бейтаныс нәрсені алғаш кездестіргенде абдырап қалған адам сияқты оқырман  бүгінгі авторлар Д.Амантай, М.Омарова, Д.Бейсенбекұлы шығармаларын ұға алмай жүр.

(Дидар Амантай шығармашылығы хақында)

Бүгінгі көркемдік әлем кеңістігінде автор өзінің құндылықтарын іздеуге көшті. Бұрынғы прозада өмірлік құндылықтар оқиғалар желісімен, кейіпкерлер деңгейлерімен өлшеніп жатушы еді. Тіпті автордың идеялары оқырманын тәрбиелеуге ұмтылатын. Автор кейіпкерлер характерлерін ашуға тырысып жатса қазір бұл дәстүр 180 градусқа өзгерген. Көркем текст  ұзақ сонар баяндаулардан бойын алшақ ұстауда. Бұл мәселе жеке бір зерттеуді қажет етеді. Алайда бүгінгі жазушылардың сөз қолданыстарын ұнатпайтындар да бар. Қазіргі проза сөзбен сурет салуға, табиғаттың небір түрленулерін баяндап жатуды құп көрмейді. Олар оқиға қумайды.   Дегенмен, қазіргі прозада мағына жоқ деп ұшқары пікір айтуға да болмайды. Себебі қазіргі көркем шығарманың бойтұмары болған тұспал мен жұмбақтың бір ерекшелігі оқырманның санасын жетілдіру. Бұл әдебиеттің қай кезеңінде де болған нәрсе, бірақ қоғамдық алмасулар кезеңінде бұндай жағдайлар сөзсіз пікір қайшылығын тудырады. Яғни сана, заманның өзгеруіне байланысты мәтін де жаңарып отыруы ешқандай дәлелді қажет етпейді.  Бейтаныс нәрсені алғаш кездестіргенде абдырап қалған адам сияқты оқырман  бүгінгі авторлар Д.Амантай, М.Омарова, Д.Бейсенбекұлы шығармаларын ұға алмай жүр.

Қазіргі көркем шығармаларды біз қоғамдық проблемалардың шеңберінен ғана қарастырып жүрміз. Әлеуметтік процестердің өзгеруін көркем мәтіннен іздейміз. Ал автордың жеке құндылықтары ше!? Қазіргі прозада автор қоғамнан өзін бөліп алып өмірлік құндылықтарын іздестіруде. Сондықтан да болар автор шығарма арқылы өмірдің әр кезеңіндегі ізгіліктерін аңсайды. Ол оқырман үшін емес өзі үшін жазады. Өмірдің айнасын көрсетуді мақсат тұтпайды, керісінше өміріне әсер еткен сұлулықтарды сөз етеді. Мәселен, Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптары». Жазушы үшін гүл  мен кітап  құндылық болып саналады.

Сыншы, мәдениеттанушы Ә.Бөпежанова «Гүлдер мен кітаптар» сынды шығарманы мен қазақ әдебиетінде бұрын-соңды алғаш оқуым» деп ішкі таңданысын жасырмаған. Жазушының айтуынша «әдебиет - сағынышқа құрылған мөлдір әңгімелер».

Романдағы Әлішердің өз-өзіне қол жұмсап өлуі бұл нені білдіреді? Тіпті өмірмен қоштасар сәтінде шығарма қолжазбасын да өртейді. Өртенген қолжазба тек Марфуғаға ғана қажет. «Марфуға тысқа шығып, өртке жақындағанда, қолжазбаның аман қалған бір бөлігі желмен ұшып оның аяғының астына келді. Ол парақтарды жерден көтеріп, кеудесіне басты да, жүрек түкпірінен тұншығып келген ащы өксікті тежей алмай, қыстығып ақырын жылай берді».

Әлішер өмірді әдемі сүргісі келген. Бірақ өмірінде кездескен адамдар оның құндылығы гүлдер мен кітаптарын мойындамады. Мойындамаған кімдер. Автор оны жеке-жеке тарауларға бөліп қарастырады.

«Қазақ ақындары» (Бұлардың аңсайтындары да атақ. Кітабы шыққанын мақтанышпен жуып жүрген Жарқын, Тоқтар, Мадияр).  Әлішер үшін бұндай тірлік мағынасыздау көрінген.

«Сығандар» Әлішердің өмірін дәл болжайды. «Қалағаныңыз бар секілді», «Көңіл бөлмей жүрсіз, айырылып қалуыңыз мүмкін». «Құдай сізге ескертіп отыр, ниетіңізден бас тартыңыз, әйтпесе өміріңізге үлкен қауіп төнеді». Сығандардың бұл сөзіне Әлішер мән бермеген. Ойының бәрін кітап жаулап алған. Құндылық тағы кітап.

«Партия» « - Шіркін, қазақтың бәрі неге қырылып қылмайды екен, билік пен байлықтың бәрі бізге қалатын еді», « - Себебі жаратқанды жоққа шығару санамызға сіңіп кеткен». Бұлар сайлаушылардың сөзі.

«Саясат» Әлішердің Орынбайға жауабын қараңыз: «- Мен ендігәрі бұл топта жұмыс істей алмаймын, - деді Әлішер, - топтың барлық жұмысы тегіс жалған мәлімет пен қоқан-лоқыға құрылған».

«Пәтерақы» «- Ертең төлемесеңіз, біз сотқа береміз. - Беріңіз, деді Әлішер. Үйіңізді тартып аламыз. - Алыңыз. Ешқандай кешірім болмайды.

-          Болмасын»

«Терезе» Терезеден кірген қарақшы кітаптар, гүлдер, қолжазбаларды алмай ақша, асыл тастар, ақық, зүбәржат, гауһар, алтын, күмісті» сұрайды.

«Қарлығаш пен Диана» Бұлар жезөкшелер. Бұлардың да өмірі белгілі. «Суретші болғанда, біздің жалаңаш бейнемізді салып алатын едіңіз»

Тарауларлардың біз бәріне тоқталмаймыз. Себебі бұл жеке бір зерттеуді қажет етеді. Жеке бір тарауын алып оқырман ретінде әртүрлі пәласфаларға бара беруіңіз де мүмкін. Ол оқырманның қиялына байланысты.  Романда барлық  дүние тайға таңба басқандай айқын емес. Бұлдыр. Аңыз әңгімелер мен әбсаналардың элементтер де кездеседі. Дидар романында әрбір қоғамдық мәселелер Әлішердің көзқарасымен тарамдалып отырады.  Әлішер неге өзгермейді деп сын айтуға болады? Расында Әлішердің жүрегін ешқандай адам жылыта алмайды. Ол өлімді ғана ойлайды. Неге Марфуғаны жар тұтпады. Марфуға оның адамгершілік талаптарына сай еді ғой. Адамдар бойында мүлде құндылық қалмады ма? Әлішердің өлімге бет бұруына кінәлі материалдық көзқараста ойлайтын адамдар ғана ма. Бұған тағы бір себеп жалғыздық болуы мүмкін. Дидардың бізге бір ұнағаны романның ара арасында гүлдердің кереметтілігін беріп отыруы. Бұл лирикалық шегіністер. Оқырманын жалықтырып алмай әдемілікке романтикаға икемдеп отыруы. Әйтпесе романның екінші бөліміндегі «жиырма бес жыр» оқырманды шаршатуы мүмкін.

Содан кейінгісі өмір туралы палсафалары жаңашыл. Тараушалардың әрбір тақырыбы оқырманның ойына рухани азық. Сыншы Зейнолла Серікқалиұлы «Дидар Амантайұлы, сөз жоқ, диалогқа әбден ысылып қалған. Езіп отырып алатын мылжың әңгімелер емес, астармен, емеурінмен көп нәрсені ұқтыра салатын сауатты қайырымдар жеткілікті-ақ» («Алтын жамбы», Алматы: Өнер, 2001. «Құс қанатымен» атты мақалада) деп бір кездері жылы лебізін білдірген екен.

Сонымен құндылыққа келейік. Автор адам құндылығын шығармада ашық алаңға шығарады. Кітап, гүл, жазушылар, Әлішердің арманы бұлардын барлығының бояулары қанық. Романда автор бұл құндылықтар адам өмірінің мәні екенін ашық түрде көрсетеді. Себебі бұл дүниелер бұған дейін қоғамда өз орнын жоймаған болатын. Енді олар керексіз. Автор осы жоғалған, жоғалуға айналған дүниелерін іздейді. Дидар өте талғампаз жазушы. Көп жазушылардан айырмашылығы өнерді кең шеңберде қарастырады. Тақырып таңдау кезінде жеке бір мүдде немесе қоғамдық формациялардың кемшіліктері автордың ойлау, жазуына тікелей әсер етпейді. Сыншы Ә.Бөпежанованың «көп қабатты» дегені сондықтан болса керек.

Жеке тұлға ол - Әлішер бәлкім автор. Шығармадағы дискурс осы құндылықтар мен Әлішердін арасында ғана өрбиді. Іс-қимыл, әрекеттер жалпылама ғана суреттелген. Автор барынша кейіпкердің әрбір әрекетін мағынаға ғана негіздейді. Ол сөйлесе де ойлап сөйлейді, адамнын өмір сүру психологиясына талғаммен қарайды. Жоғарыдағы сығандар, талантсыз ақындар, жезөкшелер жеке тұлға үшін мағынасыздық. Осы мағынасыз жандар Әлішерді құндылықтарға қарай ұмтылдыра береді.

Оқырман неліктен сығандар немесе ақындар ойда жоқта Әлішердің үйіне кіріп келе береді деуі мүмкін. Олар сәл де болса оқиғалармен қабысуы керек еді деп түсінбестік танытып жатуы ғажап емес. Бұл шығармада құндылықтан басқасының барлығы жалпылама. Автордың сығандар немесе партия адамдарын сенімсіздеу қылып көрсетуі, Әлішерге қайдан келгені белгісіз ойда жоқта сап ете қалуы жеке тұлғаны құндылыққа қарай апару үшін ғана жасалған қадамдар деп білемін. Басқадай себептері болуы да мүмкін.

Былтыр жазушы Д.Амантайдың «Қарқаралы басында» (2010) атты кітабы жарық көрді. Әңгімелерінің тақырыбы бүгінгі оқырмандардың әсіресе жастардың көңілін-күйін қанағаттындырғандай. Әлбетте әрбір оқырман шығармадан өзінің кеңістігін іздейтіні анық қой. Сол тұрғыдан келгенде автордың: «Мен сізді сағынып жүрмін» повесі мен «Азия кафесі», «Орамалдың шетіне түйдім өрік», «Майда қоңыр», «Жазушыны ешкім оқымайды» «Адасқақ», «Әудемжер» әңгімелері оқырман ойын дәл тапқан. Кейбірінің тақырыптары дәстүрлі әндердің атымен аталса, енді бірінде өзіміз күнде көріп жүрген Алматы көшелерін жазбай танисыз.

Дидарда дәстүрлі дамып келе жатқан стилистиканы бұзу бар. Бірақ бұндай бұзулар ойды мағынасыздыққа ұшыратпайды. «Ерболға қарамай сөйлеп» Дұрысы қарай сөйлеп болу керек еді. Ал автор өз қалауын қойған. Автордың құқы өз еркінде. Егер бүгінгі проза осындай жағдайда болған кезде көркем шығарма мағыналы (оқырман мен автор арасында) сөзжұмбаққа айналады. Көркем мәтінге бұндай лупамен қараған кезде тіл емес ой алға шығады.

Бүгінге дейін Дидар әңгімелеріне мақтау мен сын  айтылып жүр. Кейбіреуі орынды. Кейбіреуінде түсінбестік бар. Ол стильдік жағының нашарлығы. Жазушы Жәди Шәкен «мама биенің бауырына тығылуға талпынған күйі төрт аяғын әсем тастап, шоқытып ақырын желіп бара жатты» деген сөйлемдегі «әсем тастап» сықылды сөздерді сынайды. Мұндай даулар, пікір қайшылықтары әдебиеттің аудиториясында үнемі болып тұрады. Орыс поэзиясына енген жаңа сөз тіркестері туралы кезінде сыншылардың танымы екіге жарылған. Тіл уақыт өткен сайын жаңарып, жасарып отырады. Лидия Гинзбург кезінде поэзияға енген жаңа сөз құрылымдарына талдау жасап, өзінің «О лирике» кітабында сол даулы ниологизмдердің ойдан шығарылмағанын дәлелдеп берді. Біздіңше «аяғын әсем тастап» деген тіркестер көңілге күдік келтіре қоймас. Ж.Шәкен мақаласында тым эмоцияға беріліп кеткендей. Автордың форма табуда жаңашылдығын мойындамайтын сыңайлы. Біржақты қараған.  «Сынның аты - сын. Ол - әдебиеттің құм шарығы. Шарыққа ұсталмайтын шалғы жоқ. Шарыққа ұсталмаған шалғының шаруаның тіршілігіне мүлде қажеті жоқ. Біздіңше, сын атаулыны қиып түсер қылыш деп түсіну - ұшқары ұғым. Қиюды, жоюды ғана мақсат тұтса, сынның болмағаны. Сын қайрақ. Оның от шашқан шақпақ-шарығына түскен қару өткірленіп, үшкірленіп, жүзі қыл қауып, жалтырап тұрсын» деп еді сыншы З.Серкқалиұлы.  Мақсатымыз бен күтеріміз жақсы шығарманы тудыру болса онда авторға айтылған әрбір сын шеберлік пен қанат бітірері анық.

«Abai.kz»

0 пікір