Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6757 0 пікір 10 Желтоқсан, 2012 сағат 07:39

Бақытжан Момышұлы дүниеден өтті

Алтынның сынығы, тұлпардың тұяғы, жазушы, аудармашы Бақытжан Момышұлы 9 желтоқсан күні дүние салды.

Халық қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлының ұлы Бақытжан Момышұлы - 1941 жылы Алматы қаласында туған. Шет тілдер педагогикалық институтын бітірген. Жамбыл облысының Жуалы аудандық газетінде тілші, Жамбыл облыстық газетінде аудармашы, «Ленинская смена» газетінде редактор болып істеген.

«Жанымның жарық жұлдызы», «Когда ты рядом», «Во имя отца», т.б. ондаған кітаптың авторы.

Марқұм Бақытжан Момышұлын қаралы жиын ертең, яғни желтоқсанның 11 күні М.Әуезов атындағы драма театрынан соңғы сапарға шығарып салады.

Марқұмның отбасына, ағайын-туысы мен дос-жарандарына қайғырып көңіл айтамыз!

Abai.kz ұжымы

Төменде Бақытжан Момышұлының 2011 жылы қазан айында берген "Айқын" газетіне берген сұхбатын беріп отырмыз.

Бақытжан МОМЫШҰЛЫ, жазушы: Атақты болғанның азабы көп

Алтынның сынығы, тұлпардың тұяғы, жазушы, аудармашы Бақытжан Момышұлы 9 желтоқсан күні дүние салды.

Халық қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлының ұлы Бақытжан Момышұлы - 1941 жылы Алматы қаласында туған. Шет тілдер педагогикалық институтын бітірген. Жамбыл облысының Жуалы аудандық газетінде тілші, Жамбыл облыстық газетінде аудармашы, «Ленинская смена» газетінде редактор болып істеген.

«Жанымның жарық жұлдызы», «Когда ты рядом», «Во имя отца», т.б. ондаған кітаптың авторы.

Марқұм Бақытжан Момышұлын қаралы жиын ертең, яғни желтоқсанның 11 күні М.Әуезов атындағы драма театрынан соңғы сапарға шығарып салады.

Марқұмның отбасына, ағайын-туысы мен дос-жарандарына қайғырып көңіл айтамыз!

Abai.kz ұжымы

Төменде Бақытжан Момышұлының 2011 жылы қазан айында берген "Айқын" газетіне берген сұхбатын беріп отырмыз.

Бақытжан МОМЫШҰЛЫ, жазушы: Атақты болғанның азабы көп

- Алтыншы мүшеліңізге қарай аяқ басқан екенсіз. Құтты бол­сын...
- Рақмет, айналайын. 70 жыл­­дығым да жақындап қалды. Ортама, айналама кандай пай­дамды тигізе алдым. Бұл күнге қалай келдім? Не бітірдім? Міне, бұл мерейтой осындай мазалаған сансыз сауалдарыма жауап іздеу арқылы өзім үшін есеп беру се­кіл­ді, Осы кезге дейін аудар­ма­ларымды есептемегенде, одан бөлек 30-ға жуық кітабым жарық көріпті. Мұнымен қоса, баспаға әзірлеп, шығаруға дап-дайын ет­іп қойған алты қолжазбам бар.
- Сіз өз туындыларыңызда негізінен ұлы данышпандардың философиялық тұжырымдарына тереңінен еніп, бүгінгі күнмен салыстыра отырып ой толғайсыз. Екінің бірі бірден қабылдай ал­майтын күрделі ойлар сіздің трактовкаңызда кімге болса да түсінікті. Творчестволық бас­тауың­ыз­да осындай жолды таң­дауыңызға түрткі болған кім?
- Кітап оқуға жастайымнан тым әуес болғандықтан шығар. Жата жастана жатып, бас кө­тер­мей кітап оқитынмын. Біреулер күрделі жазасыз деп айтады. Ойыңды әдейі күрделі болсын деп құрмайсың, бәрі құдіретті сөздің қағазға қалай түрленіп түскеніне байланысты. О баста даналардың философиясына жүгінгендегі мақсатым - ұлы ойшылдардың терең нәрінен жастарымыздың бойына там-тұмдап болса да, ең жоқ дегенде бір тамшысы сіңісті болса, жас толқынның керегіне жарап, тура жолды адаспай табуына бір сеп­тігі тисе деген ниеттен туындады. Абай, Шәкәрім шығармалары­нан, шығыс шайырлары мен кө­не ұстаздардың нақылдарын өзім­ше талқылауға тырысамын. 
Жалпы, менің ойымша, твор­­­чество деген дұрыс емес, творец - бұл сөз тек қана 18 мың ғалам­ды Жаратушыға ғана тән айты­луы тиіс атау. Өйткені Жа­ратушы жалғыз. Творчество - із­дену жолы. Бұл ретте өзім тү­сінгендей өзгелер де сол ұлы­­лардың ұла­ға­тымен сусын­дап, рухани кемел­дене түссе екен деп арман­дай­мын. Әсіресе, осынау күрделі за­манда ұлы ұс­таздардын жо­лын, бағытын көр­сеткім келеді оқырманыма. Жа­зу­шы ретіндегі миссиямды кө­п­шіліктің осылай қабылдаға­ны абзал.
- Кейіпкерлеріңіздің дені дерлік ортамызда жүрген белгілі кісілер. Көпшіліктің кейіпкер­лер­ің­ізді күнделікті байқай бермейтін қырларынан аша отырып, оларды биіктерге көтересіз. Сіздің шығар­маларыңызды оқығанда, осындай биік рухты азаматы бар елдің тү­тіні түзу, шаңырағы шайқалмай­ты­нына деген сенім ұялайды кө­кейге. Бұл тұрғыда өзіңіз қандай пікірдесіз?
- Біз көбінесе мансап иесінің шапанын мақтаймыз, оның жаны қандай, оған үңіле бермейміз. Со­дан барып оның жаны, жүрегі на­зардан тыс қалады. Сонда кейіп­кердің ұлылығын ұғынудың ор­ны­на ұсақ-түйек, оқырманға еш ой салмайтын, тек күлкі ту­ды­ратын арзанқол іс әрекетін, сырт­қы көріністі суреттегеннен не ұт­пақ­пыз.
Мүсілім Дайырбеков туралы кітап шығардым. Ол кісі ең әуелі қолжазбаны Олжасқа оқытуға берген екен, «бұл болашақтың кі­та­бы» деп баға беріпті ақын ағамыз. Жер бетінде періштедей, таза жанды кездестіре қою қиын. Әркімнің бір кемшілігі бар, кім болса да қателеседі. Бір-бірімізді құрмет тұтып, сыйлағанда ісіміз де оңға басады, алға жылжимыз. Жанжал, дүрдараздық, есеп айы­рысу, өкпе жүрген жерде, береке қашатыны белгілі. Сондықтан да мен үнемі кейіпкерлерімнен оқыр­­манға нұрлы шуақ шашыл­ғанын, оқырманымның жиренге­нін емес сүйсінгенін қалаймын. 
100 пайыз кіршіксіз таза адам жоқ. Ең аяр қылмыскердің де әйтеуір бір жақсы қасиеті болуы мүмкін. Оны тек көре білу керек. Соған жол таба білу керек. Осы позицияда еңбек етіп жатыр­мын. 
- Бақытжан аға, 30-ға жуық кітабы жарық көрген сізден гөрі, ел ішінде бір кітабымен батыр Бауыр­жанның келіні қандай болатынын көпшілікке дәлелдеген, әрі оқыр­ман­ға өзін жазушы ретінде таныт­қан жеңешеміз атақты секілді?..
- Кейде біреулердің «Зекең атақты болып кетті, көлеңкесінде қалып қойған жоқсыз ба?» деп қалжыңдайтындары бар. Атақта тұрған не бар? Ол май емес нанға жағып жейтін. Кімнің болса да табысына, жетістігіне тек қуану керек, егер ол адал, таза еңбекпен келген болса, кімге болса да игі­лігін көруге нәсіп етсін. Әкеміз ай­тушы еді, «атақтың қасында азап жүреді» деп. Атақты бол­ған­ның азабы көп...
Біз бір-бірімізді емеуріннен түсінеміз. Сонымен адам бақытты. Жалпы, адамның ең үлкен бай­лы­ғы - жанында жақын жан­дардың, әсіресе, түсінетін жандардың көп болғандығында. Талайларды біле­міз, қарым қатынастары жат­тан да алыс. 
Жеңешелерің бір қолжазбаны бітірді. Өзі ол еңбегін «Шуақты күндердің» жалғасы деп отыр. Мен ол ойымен келіспедім. «Бұл жеке бір кітаптың жүгін көтеріп тұр­ған дүние, сәтті шыққан еңбек» деп мақтадым.
- Оқып шықтыңыз ба?
- Иә, әр тарауын мұқият қа­рап шықтым. Жеңешелеріңді ма­ған жолықтырғанын тағдырдың өте сәтті сыйы деп білемін Біздің үйде сенікі, менікі деген жоқ. «Біз - Біздікі» деген ұғым қалыптасқан. Бәрі бір бағытта жүреді, бір арнаға түскен отбасымыз. Көзқарасымыз бірдей. Бірден бәрі дөңгелеп кете қойған жоқ, бір қалыпқа түскенше қажалудай қажалды жеңешелерің. Адамдардың бірін-бірі түсінісуі оңай шаруа емес. Толық түсіністік орнықпаған отбасының берекесі де болмайды. Отбасы - шағын мемлекет. Сол үшін жеңешелеріңе ризамын. Ол да талай азап тартты. Құран оқыған сайын кешірім сұраймын. 
- Бауыржан Момышұлы жай­ын­да жазған әр автор батыр бейне­сін өздері таныған қырынан көрсету­ге тырысты. Ал сіз ең­бек­теріңізде әкеңіздің абыздық қасие­тіне ерекше тоқталасыз. Өмірі қай­шылықтарға толы күрделі бейнені толық ашу мүмкін емес те шығар?
- Әкем жайлы жазатындар көп. Бір рет көргенінің өзін оны ғұмыр бақи білетін секілді ес­теліктер жазады кейде. Кейбір авторлар «Ананы қуып жіберіпті, мынаны боқтап жіберіпті» деген секілді ұсақ-түйек нәрсеге әуес. Оның астарына үңілмейді. Не себепті олай болған, оған мән бермейді, тіпті. Әкемнің сыртқы болмысын ғана суреттейтіндер жетерлік. Тамырларымыздан ақ­қан нәрді түсінбегеннен кейін қиын болады. Әкеміз ғұмыр бойы ұлтын жан-тәнімен сүйіп, оның болашағына алаңдап өткен тұлға. Бір күні былай деді: «Дарвин май­мылдан жаратылған, ал мен қас­қырдан жаралғанмын!» Осы­лай бір ауыз сөзімен Дарвиннің эволю­циясын жоққа шығарып отыр. Өйткені біздің киеміз көк­бөрі болған ғой. «Соны ұмыт­паң­дар!» деген астар жатыр ойында.
Кез келген отырыста, кездесу­лерде жұрт менен әкем жайлы сұ­райды. Ондай жағдайда «Өзіңіз әке­ңіз жайлы не білесіз?» деп қар­сы сауал қоямын. Көбінесе ести­ті­нім, «әкем совхоз директоры болған немесе парторг, министр» деген секілді әңгіме. Парторг, ми­нистр деген қызмет қой. Ал айналасындағылар оның жүрегін көре алды ма? Мәселе осында. Бауыржан аталарың айтқан еді кезінде: «Адамның бетін көру оңай, жүрегін көру қиын» деп. Соны көруге еңбек керек. Көре білер көз керек, сезіне білер сезім керек. Адамның ішкі әлемі шек­сіз, тұңғиық мұхит секілді. Мен оқырманыма кейіпкерімнің руха­ни әлемін кеңінен ашып көрсеткім келеді, жақсы жағын насихаттағым келеді. Оның өзге қызығар қасие­тін алдыңғы планға алып шығуға тырысамын. Өз туындыларымен өзгені қызықтыра алса, онда жа­зу­шының мақсаты орындал­ғаны. 
- Болашақта әке тақырыбына әлі талай оралатын боларсыз?
- Еңбектерімнің бәрінде әкем­нің, анамның аты жүреді. Алай­да жеке өзін бас кейіпкер ету­ге әлі толық дайын емес секіл­дімін. Бар болғаны маған осындай әке бергеніне тәубе деймін. 
- Кезінде Батыр Бауыржанның баласы «орысша жазады» деп сынағандар да болған шығар?
- Орысша жазатыным еш­кімг­е жасырын емес. Оған мен кін­әлі емеспін. Аулада бірге ой­найтын достарым, мектебім, бәрі де орысша, орта солай болды. Алматыда ол кезде бар болғаны жалғыз қазақ мектебі. Анам «Ле­ниншіл жас» газетінде терімші бо­лып қызмет атқарды кезінде. Өте мейірімді, қолы ашық, дас­тарқаны мол кісі еді. «Лениншіл жастың» жас журналистері анам­ды туған апаларындай көретін. Үйге жиі келетінді. Мені туған бауырларын­дай еркелетті. Соны байқаған әк­ем, анама: «Осы ба­ла­ларға есігің ашық болсын әрдай­ым. Мынаған аға болып жүрсін жі­гіттер» депті. «Лениншіл жас­тың» журналис­тері­нің бәрін аға тұ­тып өстім, дегенмен шын мә­нін­дегі өмірлік ағаларым болып қалған - Хайдолла аға Тілемісов­тің, Кәкімжан аға Қазыбаевтың, Саттар аға Бөл­декбаевтардың орны ерекше. Бұл күндері бәрі де марқұм болды. 
Ағаларым кезек-кезек мені театрға, спектакльдерге, опера­лар­ға апаратын еді. Дина апамның концертіне барғаным әлі күнге жадымда. Опера театрының бар­лық репертуарын жатқа білетін­мін. Каникулға шыққан кезде, дос­тарымды ата-аналары Мәскеу, Ленинградты аралап қайтуға жіберіп жатса, мені әкемнің тап­сырмасымен міндетті түрде ауылға аттандыратын. Іштей әкеме рен­жи­тінмін сонда. Ол кезде әкемді түсінбеппін. Ауыл дегеніңіз қай­мағы бұзылмаған ұлттық салт-дәс­түр, наным-сенімнің қайнар бастауы емес пе! Тіл де, діл де осында. Содан әлі күнге әкеме де, анама да, ауылға да ризамын. Әкем­­нің көрегенділігіне таңғала­мын осы күндері. Тамырым кесіл­се де шабылмапты. Өзімнің ең бірінші рухани ұстазым - әкем деп білем әрдайым.
Өз басымнан өткергеннен кей­ін тіл білмегеннің жәйін жақ­сы түсінемін, қиын. Орысқа да бір­жола сіңіп кете алмайды, не толық қазақ болып та жарытпайды, қазақ та дүбәраны қабылда­май­ды.
- Ал енді қазіргі таңда немере­ле­ріңіз қандай мектептерде оқып жүр?
- Ұлымыз Ержанды қазақ мектебіне берген кезімізде, та­ныс­тарымыз: «Бастық бола алмай қалады. Неге олай еттіңдер» деді. «Бастық болу - басты мақсат емес, ең бастысы - адам болғаны. Бас­тық болмаса болмай-ақ қой­сын, қазақ болса болғаны» дедім. Ол мектепті алтын медальмен бі­тірді. Журналистиканы тәмамда­ған Ержаным, кейін келе «папа, мен техникалық оқу орнына түс­кім келеді» деді. Содан Алматы энергетикалық институтын бі­ті­ріп, дипломын әкеліп көрсет­кен­де, анасы; «Балам, енді медицина­лық институтқа түссең қайтеді» деп қалжыңдады. Аллаға шүкір. Балам адал, таза азамат болып ержетті.
Құдаларым да адал, таза жан­дар. Келінім қызым секілді болып кетті.Үлкен немереміз физика-математика мектебінде оқиды. Озат оқушы. Математикаға бейім­ділігі бабасына тартқан. Қимыл-қоз­ғалысына дейін аумайды әкем­нен. Мінезі салмақты, есімі - Нұр­сұлтан. Әкеміз алтын жұл­дыз алып жатқан­да, дүниеге кел­ген Қайрат Саты­балдының ұлы­ның атын Нұрекең «Бауыржан» қой­ып­ты. Біз содан тұңғыш не­ме­ремізге Нұрекеңнің есімін таң­да­дық. Ал екінші не­мереміз Мадияр - әжесінен ау­май­ды. Аузы бір ты­ным таппайды. Әжелерің екеуің­нің батереяларың бітпейді деп мен күлемін. Өте бауырмал, көп­шіл. Кіммен болса да тез арада тіл табысып кетеді. Биыл бірінші сы­ныпқа барды. Екеуі де қазақ мек­тебінде оқиды.
- Баукеңнің 100 жылдық ме­рейтойын бүкіл республика болып атап өткеніне де көп бола қойған жоқ. Бұл тойдың бір ерекшелігі - ру­ханият жағына көп мән берілу­мен есте қалды. Осы той қарсаңын­да Бау­кеңе мәңгілік өшпейтін ес­керткіш іспетті 30 томдығы жарық көрді. Оқырманның пікірі қан­дай?.
- 100 жылдық мерейтойы қар­саңында арнайы бір ғылыми ор­та­лық ашылып, естеліктерін, архив­те бұрын-соңды жа­рия­лан­баған қолжазбаларын шығаруды жоспарлаған болатын. Оған да арнайы дайындық керек. Іштей рухани дәрежеге көтерілу керек. Әсіресе, әрбір материалға қатысты осы оқырманға керек пе, жоқ па, бұл естеліктің шығар мерзімі жетті ме, жетпеді ме деген мәселені ал­дын ала талдап, талқылап, зерде таразынан өткізе білу керек еді.
- Кешіріңіз, көп томдық көңі­ліңізден шықпады ма?
- Жоқ, шыққан жоқ. 30 том шы­ғарды, көп нәрсені бүлдірген. Менің қолымда «Бауыржан Мо­мышұлы архивінің заңды мұра­гері» деген қағаз бар. Мемлекеттік архив ешкімге менің рұқсатымсыз бір жапырақ қағаз да бермейді. Алайда мен архивтен әкемнің қа­ла­ған қағаздарын алуға рұқсатым­ды бердім. Ресейде бұл заңның та­лаптарына аса жауапкерші­лік­пен қарайды. Бізде оған онша мән бермейтін секілді, мұның өзі заң­ды дұрыс білмегеннің салдары. «Бәрі де оқырман үшін ғой, жақсы етіп шығарсыншы» деген оймен үйдегі архивті де бердік. Қысқасы, 30 томдыққа сүзгіден өтпеген дү­ниелер де еніп кеткен. 
- Сіз саясатқа араласпайсыз, көпшілік алдына да көп шыға бермейсіз. Не себепті?
- Ешқандай саясатқа аралас­қан емеспін. Көппен бірге комсо­мол қатарына өткенім болмаса, жас кезімде де. Партияға өтуге ұсы­ныс түскенде, бас тартқан бо­латынмын. Құдайсыздығын жүре­гі қабылдамады.
Жазушылар одағының бас­шы­лары айтады: «Бәке, сіз 50, 60 жылдығыңызды атап көрмедіңіз. Енді, міне - 70. Тағы да бас тартып отырсыз. Неге?» дейді.
Маған оның қажеті шамалы. «Көзі тірісінде естіп қалсыншы өзі жайлы не айтатынымызды» де­гендей, сахнаның төріне отыр­ғызып қойып, бірінен соң бірі іліп алып мақтағаннан не шығады. Құр босқа кеткен уақытқа обал. Оның орнына сол уақыттың ішін­де бір бет болса да, жазу жазғаным пайдалы.
Кіндік қаным тамған жер - Алматы. Жазатыным да Алматы жайында. Әрине, өз көрген-біл­ге­ніңді, өмірден түйгеніңді жазасың. Біреулер ана бастықты, мына бас­тықты жамандайды, сынап жата­ды. Ешкімнің есігін ашып көрген жоқпын. Қай бастықтың қандай екенін де білмеймін. Теледидардан көріп, газеттен оқығанның бәріне сене беруім қиын. Жалпы, саясат­тағы көп нәрсені түсінбеймін. Тү­сінбей тұрып жазғанның өзі - күнә.
«Сіздің жазғаныңыз біз үшін ескерткіш» дейді оқырмандарым. Иә, ол рас, кітап - мәңгілік ес­керткіш. Айталық, әйгілі адам­дар­дың қаланың кез келген бұрышында тұрған қоладан құ­й­ыл­ған ескерткіштердін, тас мү­сіндерін бір рет көру үшін адамдар іздеп барса, ал кітап - әр үйге оқырманын өзі іздеп келген ес­керт­кіш. Әрдайым қасыңнан та­былады, оның кереметтігінің өзі осында. Мысалы, мен әкемнің кітаптарын сағынғанда жиі қолы­ма аламын. Қайталап оқыған сай­ын қуаттана түсемін. Тағы бір қо­лыма қайта алғанша аялап орнына қоямын .
Мемлекеттік баспаларда кітап шығарудың бұрынғы тәртібінен еш жұрнақ қалмаған, қысқартып есті шығарады. Демеуші табылса, жекеменшік баспаларда шығарған тиімді, тиражыңды үйге әкеп бе­ре­ді.Оны мен автор ретінде мек­тептерге, колледждерге, оқу орын­дарына тегін таратамын. Же­ке өз басым одан материалдық пайда көріп жатқан жоқпын. 
Ақ қағаз күтіп жатқан секілді.Таң азаннан тұрып, құранымды оқып, сосын жұмысқа отырамын. Жұмыссыз, яки жазусыз өткен күнімді сызып тастауға әзірмін. Жаратқан Ием ғұмыр берсе, тағы бір оншақты кітапты дүниеге әкел­сем бе деп ойлаймын. Мен­дегі арман әзірге осы.

Сұхбаттасқан Ұлбосын АЙТӨЛЕН

"Айқын" газеті

0 пікір