Сенбі, 27 Сәуір 2024
Апат 2694 5 пікір 8 Тамыз, 2022 сағат 14:16

Қытайдың тағдыры энерияға тәуелді. Ал қазақтың ше?

Соңғы мыңжылдықта моңғұлдар құрған Юань, манжүрлер құрған Чынь империясы Қытай териториясын кеңейтіп, елін тұтастырып бергенімен, қытайлар «алтыбақан алауыздықтан» көз ашпаған сорлы елдер санатында күй кешіп келгенді.

1949 жылы, Қытайда коммунистер билігі орнаған соң жүргізілген ширек ғасырлық саяси репрессия ұлт элитасын отады, асыра сілтеу науқаны салдарынан 50-60 млллион адам аштықтан қырылды. 1976 жылы Мао өлген соң, билікке Дэнь келіп, басты міндеті халықтың қарнын тойдыру екенін нақты түсінді де, реформаны біртіндеп ауылдан бастап, корпоративтік «тайқазаннан» құтылуды көздеді. Жердің пайдалану құқығын әр отбасы мүшелерінің санына, жердің сортына қарай 30 жыл мерзімге бөліп берді. Бас-аяғы 3-5 жылда дихандар өз еңбектерінің жемісін көріп, адал еңбектің дәмін тата бастады. Дэнь реформасының екінші басқышы теңіз жағалауы аймағындағы қалаларды түйін етіп, онда ерекше экономикалық аймақтар ашуды қолға алды. «Есікті айқара ашып» шетелден инвесторлар тартуды қолға алды. Ол үшін инвесторларға тиімді заңдар қабылдап, қаржысын қорғауына, әрі пайда табуына көздерін жеткізді. Елдің қаржылық һәм кадрлық ресурстарын осы өңірге шоғырландырды. Дэнь «алдымен бір бөлім адамдар байысын, сонан соң олар басқаларын сүйемелдеп баю жолына түсірсін» деген ұран тастады. Осылайша «ерекше аймақтар» ел экономикасының локомотивіне айналды.

Дэнь Қытай экономикасын дамыту үшін, Батыс инвестициясының, әсіресе, АҚШ-тың маңызын түсінеді де, Ақ үймен байланыс орнатуды көздеді. 1979 жылы АҚШ-пен ресми дипломатиялық байланыс орнатып, БҰҰ-ға мүшелікке қабылданды. АҚШ-тың көңілін табу үшін, Кеңес Одағынан алшақтап, сол кезде АҚШ-тың «жауы» саналатын коммунистік Вьетнамға қысқа мерзімді соғыс та ашты. Осы арқылы АҚШ-тың үлкен сеніміне кірді. Реформаның сәтті не сәтсіз болуы тікелей кадрге тіреліп тұрған сәт еді. АҚШ жыл сайын мыңдаған гранттар бөліп, қытай жастарының ұтқыр мамандықтар бойынша АҚШ-та білім алуына мүмкіндік туғызды. АҚШ қаржы институттары мен халқаралық валюта қоры да Қытайға жеңілдетілген несиелер беруін күшейтті. Соңы, АҚШ пен тұтас Батыс инвестицияларының Қытайға ағылуына ұласты. Қытай үкіметі инвесторларды тартымды заңдармен қамтамасыз етуін жалғастырды. Арзан еңбек күші, үлкен нарық - ішкі-сыртқы инвесторлар үшін бас тартуға келмейтін мүмкіндіктерге айналды. Нәтижесінде, Қытайдың ЖІӨ-нің дамуы жылына 10-13%-ға өсіп отырды. Компартияға бағынышты ұлттық кәсіпорындар мен қаржы институттарынан басқа салаларға шетелдіктер инвестиция салуға, ашық жұмыс істеуге мүмкіндіктер алды. Шамасы, он жыл өткенде, Қытай «әлем фабрикасы» атанды. 2001 жылға келгенде, Қытай үкіметі уәделерін үйіп-төгіп ДСҰ-ға мүшелікке өтті. Яғни, ДСҰ Қытайдың нарықтық экономикаға айналмағанын біле тұра, 15 жылдық бейімделу мерзімін беріп, ұйымға мүшелікке қабылдады. 2017 жылы, ДСҰ-ның жүргізген ревизиясының рәтижесі бойынша «Қытай әлі нарықтық экономикалы ел емес» деген қортынды жасалды. Осылайша, ДСҰ-ға мүшелікке қабылданған Қытай, әлемнің түкпір-түкпіріне арзан тауарларын жеңілдікпен, кедергісіз экспорттап, долларлық түсімін күрт еселеді. Нәтижесінде, Қытайдың шетел валюталық резервіне 4 триллионнан астам доллар жиналып, әлемдегі ең үлкен шетел валюталық қорына айналды. Қытайдың ЖІӨ-і Жапониядан асып, әлемдік екінші экономикаға көтерілді. Міне, осыдан бастап Қытай жүйесінің іште бұққан геосаяси амбициясы сырытқа шығып, «жал біте» бастады.

1989 жылы, Қытайда демократияны талап еткен студенттер жанышталғанда, Пекиннің бұл қарекетін АҚШ бастаған Батыс әлемі тым қатты айыптамады да. АҚШ, Қытайдың саяси жүйесі экономикалық даму арқылы Жапония мен Оңтұстік Корея сияқты эвалюциялық жолмен өзгереді деген үмітте болды. 2001 жылғы АҚШ-тағы 11 қырықүйек оқиғасы, Қытай мен Ресейдегі диктаторлық жүйенің күшеюіне мүмкіндік туғызды. АҚШ-тың геосаяси стратегиясы өзгеріп, Азия-Тынық мұхиты аймағынан Таяу Шығысқа бағытталды. Қытай мен Ресей, АҚШ-тың «террормен» күрес бастамасын қолдай кетті. Бұл екі ел де екі бағыттағы нәтижеге жетті: өз елдері ішіндегі саяси түйін – мұсұлман азшылықтарды «террор» айдарымен «тәртіпке» салды, әрі Батыспен энергия, шикізат, сауда жақтағы іскерліктерін еселеді. Ал, Батыстың алға ұстар «адам құқығы, демократия» атты әсілгі басты құндылықтары көмескіленді. АҚШ-тың 15 жылға созылған «террормен» күрес стратегиясын ұтымды пайдаланған Қытай мен Ресей «ет алып, күш жинап» үлгерді. «Әлем қаншалықты астаң-кестең болса – бізге соншалық тиімді» дейтін Пекиннің көктен тілегені жерден табылды. АҚШ Қытаймен шаруасы болмады. Қытай орайды ұтымды пайдаланды. Қытай экономикасының күрт күшейгені соншалық, дамыған елдердің ірілі-ұсақ кәсіпорны еңбек күштің арзандығы мен нарықтың үлкендігі себепті бәсекеге төзбей банкротқа ұшырады немесе Қытай жеріне көшуге мәжбүр болды. Дамыған Батыс елдері мен Қытай сиям егіздей ажыратуға келместей піте араласып үлгерді. Тұтас әлемнің негізгі тұтыну тауарлары Қытайға қарап қалғандай күй қалыптасты. Сондықтан да Қытайдан енді бас тарту жәй саяси шешім шеңберінде іске аса қояр шаруа еместі. Батыс саяси стратегтері көз алдыдағы пайда мен глобализация ұранының жетегінде кетті. Бүгінгі қалыптасқан жағдай Қытай мен Ресейге ұстанған стратегиялық саясаттарының қателігін көрсетуде. Кеш болса да геосаяси стратегиясының бағытын Таяу Шығыстан Үнді-Тынық мұхиты аймағына бұрды. Тұтас Батыс өркениетінің ендігі мақсаты - әлем тыныштығының басты қатеріне айналған Қытай мен Ресейді ауыздықтауға бағытталғаны байқалады.

Өкініштісі, АҚШ-тың ширек ғасырлық қолдауы - Қытай экономикасының күрт күшейтіп, Пекин билігінің іште бұққан амбициясын ояттып жіберді. Енді АҚШ-тың қабағын бағатын, сынын ескеретін Қытай жоқ. Керісінше қалауы бойынша, әлемге қожалықты АҚШ-пен бөлуді көксей бастады. Бұған энергия экспортынының буына «масайған», имперлік амбициясы асқынған Ресейді қосар болсақ, АҚШ бастаған Батыстың тап болған қатерінің салмағын бағамдау қиын емес. АҚШ-тың ендігі ісі - өңірлік, әлемдік қауіпсіздікке қатер төндіріп отырған Қытайдың амбициясын қалай тоқтату болатыны анық.

Қытайдың күші экономикасында. Сол экономикасының тұрақты дамуның басты кепілі ендігі жерде импортталатын энергиясының қауіпсіздігі болмақ. Қытай экономикасының қозғаушысы болып отырған қажетті шикізат пен энергия ресурстарының 70% шеттен импортталады. Сол үшін де, стратегиялық ресурсттарының импорт қауіпсіздігін қамтамасыз ету - Қытай экономикасының тағдырын шешпек. Осы аса маңызды стратегиялық бағытты ерте түсінген Қытай билігі, энергиялық импорт тасымал жүйесін әртараптандыру жолында үлкен тәуекелдерге барған-ды. Төменде, Қытай энергия импорт логистикалық жүйесінің негізгі бағыттары:

1. Оңтүстік Теңіз бағыты арқылы келетін энергия торабы. Бұл аймақтың Қытай үшін геостратегиялық маңызы өте зор. Қытай шикі мұнай импортының 60%-ы мен сауда кемесінің 80%-ы осы су жолы, яғни Малака бұғазы (Strait of Malacca) арқылы тасымалданады. Маңыздылығы соншалық, аймаққа қожалық жүргізу үшін Шығыс Оңтүстік теңіздегі көршілері: Филлипин, Индонезия қатарлы елдердің ұлттық мүдделерін белден басып, солардың меншігі немесе аймақ елдеріне ортақ саналатын аралдарға Қытай тарапы жеті жасанды аралдар тұрғызып, онда әскери инфрақұрылымдар салып тастаған. Соңғы жылдары Шығыс Оңтүстік теңізінен табылған мол мұнай қоры мен басқа да байлықтар өңірге деген талас пен бәсекелестікті күшейте түсуде. Стратегиялық маңызы өте зор, Қытайдың басты энергия, шикізат логистика торабы – Малака бұғазын (Малайзия, Инденезия, Тайлает және Сингапур елдерінен өтетін) бақылау үшін болатын ықтимал талас, Қытай билінінің мазасын кетіргені соншалық, бұл торапқа балама тасымал жүйелерін іздеуге ерте кіріскен-ді. Қытай үшін аса маңызды бұл торап - әлемдік судағы тасымалдың 40%-ын ұстайды. Аймақтағы әлемдік геосаяси тартыста АҚШ-тың бақылауына өтіп кетуі мүмкін. Тұтас аймақ елдерін Қытай қысымына қарсы, қазірдің өзінде АҚШ желеп-жебеп отыр. Аймақтың геосаяси тізгінін ұстауға талпынып отырған Жапония, Үндістан мен Аустралияның амбициясын да қаперден шырармау керек. Болашақта болатын геосаяси тартыстар Қытай энергиясының тасымал қауіпсіздігіне төте қатер төндірері белгілі. Салдарынан, Қытай энергиясы дағдарысына ұшырайды. Бұл экономиканың қалыпты өсуін тежеп, кәсіпорындар тоқтап, жұмыссыздық күрт артып, Қытай елінде саяси кризиске апармақ. Міне осы үшін де балама энергия тасымал жүйелерін орнатып, бекемдеп алуы Қытай жүйесінің басты жұмысына айналған.

2. Оңтүстікте Непал арқылы Үнді мұхитын жалғастыратын мұнай-газ құбырлары. Малака бұғазы тасымал торабының қауіпсіздігінен алаңдаған Пекин билігі, ғасыр басында энергия логстикасының балама торабын әртараптандыруға мән бере бастады. Ілгерінді-кейінді шығыс-солтүстікте Ресейден, оңтүстікте Непал мен Пәкістаннан, батыс-солтүстікте Қазақстаннан құрлықтағы құбыр арқылы шикі мұнай мен табиғи газ тасымалын іске қосты, қосуда. Шығыс-оңтүстіктен Малака бұғазы су жолы арқылы мұнай таситын негізгі торабының жұмысын жалғасып жатқанмен, оның қауыпсіздігіне деген сенімсіздік - оңтүстікте Непалдан мұнай-газ құбырын тартуға тәуекел етіп, Үнді мұхитына шығатын бұл мұнай-газ құбырын салуға 5 млрд $ жұмсады. Құбыр 2013 жылы іске қосылып, Африка энергетикасын тасымалдайтын, Қытайдың энергия тасымалындағы 4-ірі торабы саналуда. Қытай-Непал мұнай-газ құбыры Малака бұғазын айналып өтетін, қауыпсіздігі жоғары, Қытайдың геосаяси ықпалын кеңейтетін, стратегиялық бірегей инвестициялық жоба саналуда. Яғни, бұл жоба Қытайды АҚШ-тың Тынық мұхитындағы энергиялық құрсаулау қысымынан жеңілдетеді.

3. Оңтүстіктегі көршісі Пәкістанмен саяси-экономикалық жақта өте тығыз байланыста. Бұның нақты мысалы, құны 46 млрд $-ды құрайтын, ұзындағы 3 мың км тұратын «Қытай-Пәкістан экономикалық каридоры» жобасы. Бұл Ши төраға ұсынған «БББЖ» саяси-экономикалық жобасының бір мысалы ғана. Осы каридор арқылы Қытай Үнді мұхитына шығып, Парсы шығанағындағы энергия көздеріне қол жеткізе алады. Осы мақсатта Пекин билігі Пәкістанның батысындағы Gwadar портын ұзақ мерзімге жалға алуға қол жеткізді. Құны 3 млрд $-лық Қашқар-Gwador мұнай-газ құбыры тартылуда. Іске қосылған жағдайда, энергияның тасымал құны 85%-ға төмендемек.

4. Батыс-солтүстігінде Қазақ-Қытай мұнай-газ құбырларының стратегиялық маңызы зор. 2009 жылы іске қосылған шикі мұнай құбыры жылына Қытайға 20 млн тонна мұнай жеткізсе, 2013 жылы іске қосылған, жылына бір млрд текше метр газ тасымалдайтын, Орта Азиядағы Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан газын Қазақстан территориясы арқылы, ABC үш құбырмен Қытайға жеткізетін үлкен нысан, бірегей стратегиялық жоба.

5. Сібір аймағынан мұнай-газ тасымалдайтын құбырлар. Бүгінде, Ресей Қытай үшін ең үлкен мұнай мен газды экспорттаушы ел. 2011 жылы іске қосылған Сібір-Қытай мұнай құбырынан тыс, 2019 жылдан бастап жұмыс істей бастаған, 55 млрд $ инвестиция құйылған, ұзындығы 3 мың км тұратын газ құбырының Қытай үшін геостратегиялық маңызы өте зор. Бұл құбыр арқылы бастапқыда жылына 5 млрд текше метр газ тасымалданса, жоба толық аяқталатын 2023 жылға жеткенде, жылына 38 млрд текше метр газ тасымалданатын болады. Қытайдың Ресей газына сұранысының жоғарлығы сондай, 2014 жылы алдын-ала 30 жылға арналған, құны 400 млрд $-лық келісім де жасасып қойғанды.

Қытайдың күші – экономикасында, оның жаны – шикізат пен энергия дедік. Импортқа байланған энергия мен шикізат ұлесі 70%-ды құрайтынын айттық. Қытай үкіметі стратегиялық энергия, шикізат ресурстарын қамтамасыз ету үшін үлкен қадамдар жасағанын да жаздық. Ел тыныштығы үшін экономикасын тұрақты дамыту, тоқыраудан сақтау, өндіріс ошақтарын тоқтатпаудан басқа Қытай үкіметінің амалы да жоғын жеткіздік. Қытай осы арқылы ғана әлемдік нарықтағы үлесін сақтап, тұрақтылықты ұстап тұра алмақ. Осы мақсатта, 2013 жылы 14 мамырда, Ши төраға «бір белдеу, бір жол» экономикалық жобасын ұсынды. «БББЖ» жобасының сәтті не сәтсіз болуы «Қытай арманының» іске асу-аспауын шешпек. Қытай билігі әлемдік үдерістерді қадағалап, әлемдік үлы істерге араласуға тырысуда. Әрі әлемді АҚШ-пен бөлісуді көздей бастағанын білеміз. Дегенмен, аталмыш «БББЖ» жобаның құрылуынан бастап оған деген құдік-күмәндар сейілген емес. Жобаға берілген сарапшылар бағасын жинақтап келгенде: «Еуропа нарығына ену, артық өнімдерді экспорттау, юаньді әлемдік валютаға айналдыру, әлемдік энергия қорларына қол жеткізу, АҚШ-тың әлемдік жетекші орнына таласу, соңында әлемнің қожасы болу» дегенге саяды. Қытайдың «БББЖ» жобасын саяси-экономикалық қақпан деушілер де көп. Бұл жобамен байланысатындар негізінен авторитарлы, жемқорлық жәйлаған елдер. Жобадағы екі тараптың сыбайлас жемқорлығы - нысанның өзіндік құнын арттыруда. Тендерде мөлдірліктің жоқтығы, жобаға шарты бойынша қажетті құрылыс материядарын Қытайдан таситыны, қоршаған ортаға жеткізетін залалы тб осылардың бәрін саралай келгенде жоба тиімділігі Қытай үшін 80%-ға шейін жететін болған. Борышты ақтауға қауқарсыз, тиімсіз жоба-нысандар банкрортқа ұшырап, шарасыздықтан Қытайға ұзақ мерзімге жалға берген елдер де жетерлік. Кей елдер жоба игілігін көрмек түгілі портын, кенін, электр станциясын тб нысандарын Қытайға ұзақ мерзімге жалға беру арқылы Қытай алдындағы борышын өтеуге мәжбүр болуда. Осы арқылы Пекин билігі осы елдерге болған ықпалын арттыруды көздесе, екінші бір жағынан «БББЖ» жобасын қолдау қоры - «Азия инфрақұрылыды дамыту банкі» арқылы көздеген елдеріне несие беру арқылы ықпалын арттыруда. Мақсаты - осы «жақтастарының» дауысы арқылы халқаралық аренада АҚШ-пен бәсекеге түсу болған. Бұған Қытай жүйесінің ұтқыр идеологиясын, үгіт-насихатын және асқынған ұлтра ұлтшылдығын қоссақ, Қытайдық бас нысаны болып тұрған АҚШ-тың төзімінің де түбі көріне бастауға тиіс. Бұл АҚШ-тың түп мүдесіне төнген қатер. Сондықтан кештеу болса да Қытайдық асқынған амбициясын орнына қою – АҚШ-тың басты ісіне айналғандай. Осы мақсатта, Қытайдың әлемдік амбициясын ауыздықтау үшін, АҚШ укіметі мына амалдарға жүгінуде, немесе ықтимал:

1. Қытайдың экспортын азайту арқылы экономикасын тежеу. Яғни экспорттан түсетін үлкен қаржы көздерін шектеу. Ширек ғасырда, Қытай АҚШ-қа жасаған экспорттан жылына 500 млрд $ пайда тауып отырған. Екі ел арасындағы саудадағы теңсіз баланысты жою үшін, 2018 жылы АҚШ үкіметі қытай тауарларына кедендік салық ставкасын көтерді; Одақтастарымен келісе отырып Қытайдағы Батыс зауыт-фабрикаларын Шығыс-Оңтүстік Азиядағы өздеріне одақтас Вьетнам, Үндістан, Инденозия қатарлы елдерге көшіруді бастады. Бұл қарекеттері арқылы Қытай экспортын тежеп, экономикасын әлсіретіп, оған балама бәсекелес қалыптастырмақ.

2. Технологиялық құрсауда ұстау. АҚШ билігі: «Қытай жаңа технологиялық патенттеріміз бен технологиямызды қолды етуден жылына 500 млрд $ зардап шектіріп келді» дегенді айтуда. Осы себепті, ұтқыр технологияларын Қытайға экспорттауға шек қоюда, әрі одақтастарын бір сапта әрекет етуде. Осы арқылы Қытайдың әскери әлеуеті мен өндіріс нысандарын әлсіретуді көздеуде. Мәселен, соңғы жылдары, АҚШ Қытайға электронды мишықтарды экспорттауға тиым салды. Huawei сияқты саяси-әскери астары бар Қытай компанияларының қызметіне шектеу қойды.

3. Энергия импорт логстикалық тораптарына кедергі келтіруі ықтимал. Жоғарыда Қытай энергиясының 70%-ы шеттен тасымалданатынын, ол негізінен бес логистикалық бағыттан тұратынын атағанбыз. Қытайдың саяси амбициясын тежеу үшін, АҚШ оның тоқтаусыз дамып отырған экономикасына тосқауыл қоюды басты мақсат тұтары, оны жүзеге асыру үшін экономикасының локомативі - энергия импортына кедергі жасары анық. Бұны іске асыру үшін де екі қадамға баруы мүмкін: бірі, Қытайға мұнай-газ экспорттаушы елдерді АҚШ өзінің геосаяси ықпалына алып, саналы түрде келісімді бұздыру; екіншісі, осы елдерде саяси тұрақсыздық тудыру арқылы Қытай инвестициясын нолге айналдыру. Бұған Ливия мен Ирақтағы жағдай мысал бола алады. Сондай-ақ, энергия тасымалдайтын аймаққа, торапқа бақылау орнату арқылы да Қытайды тұсап, бөгеп отыра алады. Мәселен, Қытайдың Тынық мұхиты су жолы арқылы келетін энергиясы шикізат көлемі тұтас Қытай энергия импортының 60%-ын құрайды. Егерде, АҚШ дәл осы Малака бұғазын өз бақылауына алар болса (аймақтағы елдерді толық өз одағына тарытқан жағдайда), онда Қытай энерия импорты тығырыққа тірелері анық. Осы ықтимал тығырықтан сақтану үшін Пекин билігі үлкен қатерге қарамастан энергия тасымал жүйесін барынша әртараптандыруға тәуекел етуде. Энергия қауіпсіздігі – Қытай экономикасының кепілі. Қытай билігінің ендігі бас ауруы - энергияға қол жеткізу және оның логстикалық қауіпсіздігін қорғау жолындағы күрес болмақ.

P.S: Энергия экспорты мен импортын әртараптандыра алған елдің ұтары мол. Энергия импортын әртараптандыруда Қытай үлгі. Қазақстан энергия экспортында Ресейдің жетегінде кетті. Қазақтың 80% энергия тасымалын Ресейге ұстатып қою - бұл үлкен геосаяси стратегиялық қателік болып, бүгін соның зардабын тарта бастадық. Энергия экспортында балама тасымалдың әлсіздігі ел экономикасы мен қауыпсіздігіне теріс әсерін тигізуде. Қытайдың энергия импорт торабын әртараптандыру рухы, энергия қауіпсіздігін қамтамасыздандырудағы стратегиясы мен тактикасы біз үшін үлкен сабақ. Әсілі, Қазақ өз энергия ресурстарының экспортын әртараптандыру арқылы ұлттық мүдесін қорғауы керек еді, өкінішке қарай қорғай алмады. Бүгінде қазақ экономикасының жаны – энергия экспортының артуына, қауіпсіздігіне тікелей байланғаны тағы шындық. Саяси жалтақтық пен стратегиялық жобалаудағы көзсіздік – елімізді ырықсыз күйге, экономиканы тығырыққа тіреуде. Қазақ энергиясының экспорт логистикасы Каспий-Грузия-Түркия, Каспий-Иран-парсы шығынығы, Каспий-Ресей арқылы еуропаға және Қытайға тасымалдайтын тораптарға теңдей мән беріп, геосаяси құбылыстарға бейімділігін күшейтудің маңызы аса зор екенін уақыт дәлелдеуде. Алдағы күндері тек стратегия мен тактиканы қабыстыру арқылы ғана қазақ энергия экспортының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экономикалық, саяси мүдделерімізді лайықты қорғай алатын боламыз.

Бақан Берікжан

Abai.kz

5 пікір