Жұма, 30 Қыркүйек 2022
Билік 1862 4 пікір 5 Тамыз, 2022 сағат 14:21

«AMANAT» партиясы азаматтардың мүдделерін қорғау жұмыстарын күшейтеді

Бүгін «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов партия активімен жиын өткізді. Жиынды ашқан ол бүгінде бүкіл еліміз бойынша аманаттықтар азаматтардың мүдделерін қорғауға қатысты жұмысқа баса назар аударуы керек екенін атап өтті.

- Үкіметтің соңғы кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы қоғамды толғандырып отырған бірқатар нақты әлеуметтік-экономикалық проблеманы атап өтті. Олардың ішінде: бағаның өсуі, жекелеген тауарлар түрлерін жеткізудегі іркілістер, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері, халықтың нақты табысының төмендеуі сияқты мәселелер бар. Партия бұл жұмысқа белсенді араласуы керек. Жергілікті жерлердегі ахуалдың тиімді мониторингін қамтамасыз ету маңызды. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы ерекше назарда болуы тиіс. Жүйелі проблемаларды жедел анықтап, олар бойынша өз шешімдерін ұсыну қажет, - деді Е.Қошанов.

Партия Төрағасы бұл үшін аманаттықтардың барлық қажетті ресурстары бар екенін атап өтті: кең филиалдық желі, азаматтар көмек пен қолдау үшін келетін қоғамдық қабылдау бөлмелері, сарапшылар мен белсенді азаматтық ұстанымы бар адамдарды біріктіретін қоғамдық кеңестер.

- Осы қолда бар ресурстардың барлығын қазір алыпсатарлықтың кез келген түрлерімен күресуге бағыттау керек. Партия мүшелері аса маңызды өнімдер бағасын негізсіз көтеруге жол бермей және адал кәсіпкерлердің мүддесін қорғай отырып, тауарды жеткізушілерден дүкен сөрелеріне дейінгі барлық жеткізу тізбегін қадағалап отыруы тиіс, - деп атап өтті Е.Қошанов.

Кеңес барысында партия Төрағасына «AMANAT» қазір жүзеге асырып жатқан әлеуметтік маңызды жобаларға қатысты жұмыстар туралы баяндалды.

«Жер аманаты» жобасы аясында азаматтар үшін ауыл шаруашылығы жерлерінің қолжетімділігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның басты мақсаты — пайдаланылмай жатқан, оның ішінде заңсыз жеке меншікке өткен жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және оларды ауыл тұрғындарына ұсыну. Партия мүшелерінің арқасында 267 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Жұмыс еліміздің барлық өңірінде жалғасуда.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында Үкіметпен бірлесіп ауыл тұрғындарының табысын арттыру және ауылдық округ әкімдерін өндірістік дағдыларға үйрету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, жақын арада арнайы марафон барысында аманаттықтар 179 аудандағы 394  елді мекенге баруды жоспарлап отыр. Бұл 250 мыңнан астам қазақстандықты «Ауыл аманаты»  жобасы туралы хабардар етуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жоба бойынша 2,3 мыңнан астам ауылдық округ әкімдері оқытылды.

Ірі бастауыш партия ұйымдарының базасында бүкіл еліміз бойынша 1 тамыздағы жағдай бойынша 286 қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылды, оған 1200-ден астам өтініш келіп түсті. Тұрғындар көтерген мәселелерді шешу үшін жүйелі жұмыс жасалды. Атап айтқанда, қазақстандықтардың өтініштерін қарау нәтижелері бойынша Батыс Қазақстан облысының Ұялы ауылында электр желілері үшін жаңа бағаналар орнатылды, Батыс Қазақстан облысының Жұлдыз ауылындағы мектепті салған құрылысшыларға жалақы бойынша қарыздар төленді.  Тараз қаласындағы құрылысшылардың да осыған ұқсас мәселесі шешілді. Тек партия мүшелерінің араласуынан кейін ғана Ақмола облысының Красный яр ауылындағы жолдарды жөндеуге қаражат бөлінді.

Партия әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне баға мониторингі бойынша 216 топ құрды. Бір аптаға жетпейтін уақыт ішінде бүкіл еліміз бойынша 1045 сауда нысандарында 700-ден астам рейд жүргізілді. Анықталған фактілердің ішінде ең резонанстысы: белгілі бір тауарлардың жетіспеушілігі, бағасының көрсетілмеуі, белгіленген шекті бағадан асып кету. Әрбір анықталған проблема бойынша жағдайды түзету үшін жедел шаралар қабылданады.

Кеңес қорытындысы бойынша «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов партияның Орталық аппараты мен өңірлік филиалдарының алдына жұмысты күшейту бойынша бірқатар нақты міндет қойды.

 

Abai.kz

4 пікір