Сенбі, 27 Сәуір 2024
Аймақ 6816 0 пікір 1 Шілде, 2022 сағат 13:15

Қазақ қарақалпаққа араша түсе ме?

Қазаққа туыс қарақалпақтың тағдыры қыл үстінде тұр. Анығы Қарақалпақстан егемендігінен айырылып, Өзбекстанның бір аймағы болып қалу қаупі төнді. Мирзиеев ұсынған, шенеуніктері жақтаған Конституциялық реформаға сондай өзгеріс енгізілуі мүмкін. 

Кезінде қазақтың құрамында болып, артынша Сталиннің суық саясаты қазақтан алып, өзбектің құрамына қосқан Қарақалпақстан Өзбекстанның 40 пайыз аумағын алып жатқан алып ел. Елдегі халық саны екі миллионға жуық, табиғи ресурстарға бай. Алайда экономикалық жағдайдың нашарлығы, Ташкенттің соңғы жылдардағы суық саясаты халықтың әлеуметтік жағдайы мен ел астанасы Нүкістің де келбетін көркейте қоймады. Қарақалпақстан халқының басым бөлігі Қазақстаннан қаржы тауып, маусымдық жұмыстар істеуге мәжбүр.

Қазақстандағы Конституцияны өзгерту туралы референдумнан кейін Өзбекстан билігі де референдум өткізуді құп көруде. Конституциясындағы 128 баптың 64 бабына 200-ден астам өзгеріс енгізілмек. Оның ішінде ел президентінің құзіреті мен Қарақалпақстан республикасының статусы да өзгеріске түсуі мүмкін. Конституцияның жаңа мәтіні 25 маусымда жарияланды және талқылау 5 шілдеде аяқталмақ.

Жаңа Конституцияда президент Мирзиеевтің билік еткен уақытын есепке алмай, қайта президенттік додаға түсуге рұқсат ету мәселесі де көтерілген. Бұл 2020 жылы Ресейде өткен Конституциялық референдуммен ұқсас. Ресей билігі Путиннің бұрынғы мерзімін есепке алмай, оған тағы да президенттік сайлауға түсуге рұқсат етті. Өзбекстан билігі де дәл сондай ұсыныс жасауда және президенттің мерзімін бес жылдан жеті жылға дейін ұзартуды ұсыныпты. Егер өзгеріс қабылданса, онда Мирзиеев 2026 жылы болатын сайлауға қатыса алмай және 7 жылдық мерзіммен, 14 жыл тақта отырып, 2040 жылға дейін тізгінді өз қолында ұстау мүмкіндігіне ие болмақ.

Өзбекстан Конституциясындағы 70-75 баптар Қарақалпақстан Республикасына арналған. Онда Қарақалпақстан Республикасы Өзбекстанның құрамындағы суверенді республика екендігі, Өзбекстанның заңдары Қарақалпақстан аумағында орындалатыны, Қарақалпақстан референдум арқылы Өзбекстанның құрамынан шығу мүмкіндігі бары жазылған.

Ал жаңа конституцияда Қарақалпақстанды Өзбекстанның бір субъектісіне айналдыру мәселесі көтерілген. Әрине, қарақалпақ халқы бұл ұсынысқа қарсылық танытып, өз ойларын айтуда. Әлеуметтік желілер арқылы бейнероликтер түсіріп, үндеулер тастауда. Ресей, Қазақстан, тіпті, сонау Оңтүстік Кореядан үн қатып жатқан қарақалпақ өкілдері жеткілікті. Шеттегі қарақалпақ белсенділері мен қуғындағы оппозиция өкілдері де өз наразылықтарын танытуда.

Арасында "қазақтар бұл жағдайға араласуы керек" деген позицияны ұстанушылар да бар. Алайда Қазақстан сөзсіз бұл жағдайды Өзбекстанның ішкі саясаты деп қарастырады және аталмыш мәселені қос бауырлас халық өзара келісім мен түсінік арқылы шешетініне сенім білдіретініне күмән жоқ.

Abai.kz

0 пікір