Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 2694 1 пікір 22 Маусым, 2022 сағат 14:28

Жаңа Қазақстанға "идеология қызметкерлері" керек пе?

Енді апта күннен кейін әріптестеріміз кәсіби мерекелерін тойлап, арқа-жарқа күй кешеді. Біреу ел Президентінің қолынан марапат алар, біреуді министр немесе өз аймағының әкімі төрге оздырар, енді біреулер қоғамдық ұйымдардың грамотасын иеленер, қалай болғанда да ізетке найза бойламайды. Иә, елдің бәріне таратылған шүленнен ешнәрсе тимей, көңілі қоңылтақсып қалатындар да кездеспей қалмас. Ол үшін біреулері ренішін білдірер, біреулері еш нәрсесін де білдірмей, ызасын жұмыстан алар. Бұл - жылда қайталанатын көрініс. Көзіміз де, көңіліміз де үйреніп кеткен. Ертесіне қалыпты өмір басталады. Қалай қалыпты өмір басталады, кеше ғана мінберлерден "біздің Қазақстан қоғамының дамуына сіздер - журналистер қосып отырған үлес ерекше" деп жалындата сөйлеген билік өкілдері сол журналистерді тарс есінен шығарады. Мұндай кәсіп түрі бар-ау деп ойламайды да. Есесіне әлеуметтік желіде әлем-жәлем сөз жазып отырғандарға жайылып жастық, иіліп төсек болудың қамына кіріседі. Себебі, қорқады. "Аузы жаман неме бір нәрсені бүлдірер" деп тайсақтайды. Тайсақтайтыны - көпшілігінің арты түскірі таза емес...

Ал, нағыз журналистің аузынан бірінші кезекте жақсы сөз шығады. Ол сын жазып отырғанда да барлық мәселеге обьективті қарауға тырысады. Проблеманың себебін, салдарын іздейді. Хал-қадерінше одан шығудың жолдарын қарастырады. Көпшілікке ой салғысы келеді.

Өкінішке қарай, біздің билік оның жазғанын оқымайды да. Егер пәнәйі бір себептермен оқи қалса... Әсіресе, проблеманы мемлекеттік басылымдар көтерсе, әкімдер қынаптан қылышын қалай суырып алғанын өздері де білмей қалады. Олардың көпшілігінің миының қауашағында "өзіміз қаржыландырып отырған газет неге өзімізді сынайды?" деген жалғыз-ақ ой тұрады. Ол әкімге бәрібір "газетті сіз өз қалтаңыздан қаржыландырып отырған жоқсыз, мемлекеттік басылымдар қазақстандықтардың салығынан түскен ақшаға шығады" дегенді түсіндіре алмайсыз. Әуре болмаңыз.

Сөйте тұра ертең кәсіби мерекесі аталып өтілетін журналистер мемлекеттік мәселелерді көтереді. Басқасын айтпай-ақ қояйын, осы өзім қызмет атқаратын "Оңтүстік Қазақстан" газетінің бетінде талай дүниелерді бірінші болып айттық. Мектептерде ер мұғалімдердің азайып бара жатқандығын, мұның өзі жас ұрпақ тәрбиесіне кері әсер ететінін алғаш біз көтердік. Ер адам - отбасының асыраушысы. Мектепте ер мұғалімдерді көбейту үшін бірінші кезекте олардың жалақысын көтеру керек екендігін айттық. Ол кезде "Педагог мәртебесі туралы" заңның өзі түгілі елесі де жоқ болатын. Бір мақаламен тоқтамай, көпшіліктің осы мәселе жөніндегі ой-пікірлерін ұйымдастырдық. Нәтижесі елдің бәріне белгілі.

Педагогтың мәртебесі демекші, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерінің беделін көтеру үшін мектеп оқушылары арасында батырлар жырын жатқа айтудан "Жақсылар, дастан айтайын..." атты облыстық байқау ұйымдастырдық. Бас бәйге алған оқушының мұғаліміне үш жыл қатарынан "темір тұлпар" мінгіздік. Алдыңғы екі жылында ол үшін бюджеттен бір тиын да алған жоқпыз. Табанымыздан тозып, демеушілерге алақан жайып өткіздік. Бар мақсатымыз - мұғалімнің беделін бір аспандату болды. Мұғалімдердің беделі аспандағаны сонша, қазір олар "ойбай, мыналар бізді газетке жазыл деп зорлап жатыр" деп айқайласа, бүкіл құзырлы органдар солардың сөзін сөйлеп шыға келеді. Оларға бүгінде "сен ауылдағы зиялы қауым өкілісің, зиялы қауым өкілі газет оқып отыруы керек, кітап оқып отыруы керек" дегенді батып ешкім айта алмайды.

"Қазақстан жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алады, ал, қазақтың қой бағатын жері жоқ" деп жайылым мәселесін көтеріп, шырылдадық. Ақырында бұл мәселе де қоғам талқылауына түсіп кетті. Қазір бұл салада біраз шаруалар қолға алынып жатыр.
Журналистер елге қаламымен ғана қызмет етпейді.

Былтыр еліміздің батыс, оңтүстік өңірлерінде қуаңшылық орын алғаны белгілі. Маңғыстау мен Қызылорданың мал баққан шаруалары кешегі күндерді ұмыта қоймас. Маңғыстаудың түйелерінің картон жеп тұрғанын бүкіл Қазақстан көрді. Осы кезде Шымкенттен Құрмет деген мың болғыр бала шығып, өзінің Фейсбук парақшасы арқылы "ағайындар-ау, Маңғыстауға көмек қолын созайық та" деп шырылдады. Сол кезде достығында тіркелген адамдар аз ба еді, әлде басқа да себептері болды ма, әуелгіде Құрметтің жанайғайына ешкім мәу дей қоймады. Сосын іске біздің ұжым - "Оңтүстік Қазақстан" газетінің қыз-жігіттері кірісті. Лездемеде "бәріміз қолымызға шалғы, орақ алып, Құрметке көмек көрсетейік, осы арқылы бүкіл отандастарымыздың назарын қуаңшылыққа аударайық" деп шештік. Ертесіне азанымен айдалада бір өзі не істерін білмей отырған Құрметтің қасынан табылдық. Бір күн бойы қамыс ордық. Сол жерден әріптесіміз Ерболат Айнабеков Фейсбук парақшасы арқылы репортаж жүргізді. Нәтижесінде сол күні-ақ бүкіл Қазақстан Қызылорда мен Маңғыстауға шөп дайындай бастады. "Мешіт жамағатынан едік" деп келген жігіттер 1000 престің ақшасын аударатын болып кетті. Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев қарап жата алмай, қасымызға техникаларымен оншақты жұмысшы қосты. Ертесіне "Оңтүстіктің" жігіттері қалтамыздан кішкене қаражат жинап, трактормен 5 гектар жердің шөбін тағы орғыздық. Ал, содан бүкіл Қазақстан нағыз ынтымақтың үлгісін танытты. Нәтижесін білесіздер.
Мен мұндай істерді басқа аймақтардағы әріптестерімнің де атқарып жүргеніне кәміл сенемін.

Айтайын дегенім, үйінің қамынан бұрын елінің қамын ойлайтын журналистерді біздің биліктің тіпті де көзге ілмейтіндігі. Журналистердің мына мемлекетке керек болмай қалғандығы. Көзге ілгенінің түрі жылына бір рет даңғазалатып, шүлен үлестіретіні. Егер мына билікке журналистің қызметі қажет болса, оның мәртебесін белгілеп берер еді ғой! Білесіздер ме, журналистер не бюджет саласының қызметкеріне, не мәдениет саласының қызметкеріне, не мемлекеттік қызметшіге жатпайды. Бюджет саласы қызметкерінің, мәдениет саласы қызметкерінің, мемлекеттік қызметшінің жалақысы көтерілгенде облыстық газеттің білдей тілшісі Ұлас Үсенбайдың жалақысы 80 мың теңге болып тұра береді. Бұл - көтерілгендегісі!

Мемлекеттік газеттің қызметкерлері статусы айқындалмағандықтан пәтер кезегіне де тұра алмайды. Қазақстандағы мемлекеттік газеттің қызметкерлері тура Қытайдағы жоспардан тыс туған сәбилер сияқты мемлекеттен ешнәрсе дәмете алмайды. Тіпті шығарып отырған газетін жаздырта алмайды. "Газетке жазыл" десе басы дауға қалады. Мына қоғам "анаша тарт!" деп айқайлаған адамға қарағанда "газетке жазыл!" деп айтқан адамды көбірек таяқтайды. Соған қарағанда билік Жаңа Қазақстанды идеологиясыз, идеология қызметкерлерінсіз құрмақ па екен! Түсінбедім...

Осыдан кейін бе, журналистер мерекесі дегенге бұрынғыдай елпілдеп тұрмайтын болыппын. Дегенмен, келе жатқан мерекелеріңіз құтты болсын, әріптестер!

Абай Балажан

Abai.kz

1 пікір