Сенбі, 27 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 3427 0 пікір 21 Маусым, 2022 сағат 13:12

Лукашенко тәуекелге бара ма?

Беларусь әскері Украинаға басып кіруі мүмкін дейді батыстық сарапшылар. Оған бірнеше факті мен болжамдар бар.

Беларусь Украинаға соғыс ашушы тараптың бірі. Тікелей агрессияға қатыспаса да, Украинаға шабуыл жасау мақсатында өз аумағын Ресей әскеріне берген ел ретінде аталмыш соғысқа тікелей қатысы бар. Украина жеріне жасалған зымыран соққылары мен әуе шабуылының үштен бір бөлігі Беларусь аумағы арқылы жасалған.

Сарапшылар Украинаға Беларусь әскері ашық соғыс жариялап, басып кіруі мүмкіндігін айтады. Қауіп соңғы аптада артқан. Кремльдің Минскке деген қысымы күшейіп, Лукашенконы соғысқа араласуға үгіттеп жатыр. Ресей билігі Беларусь әскерінің соғысқа араласып, Украинаның солтүстік бағытынан басып кіруіне зәру. Себебі Киев елдің оңтүстігінде сәтті шабуылдар жасап, Херсон облысын азат етуді бастады. Ресей әскері қолындағы Херсон қаласына жақындап, басқыншылардың алғашқы қорғаныс шебін бұзды. Тараптар арасындағы артиллериялық соққы алмасу қарқыны артты. Ресей әскері украин жасақтарын Херсонға кіруіне кедергі жасауда.

Украина жасақтары Мелитополь бағытында да сәтті шабуылдар жасауда. Соңғы аптада қалаға ондаған шақырым жақындаған. Егер Украина жасақтары басқыншы қолындағы Херсон мен Мелитополь қалаларын азат етсе, онда Ресей Қырымға баратын құрлық жолынан айырылады. Ал Киев батыс берген алыс қашықтықтағы нысанды жоюға қабілетті зымыран кешендерінің көмегімен алдағы уақытта Қырым көпіріне соққы жасау мүмкіндігіне ие болады. Егер Мәскеу үшін қорқынышты саналатын аталмыш сценарий іске асса, онда Ресей Қырымға тек қана әуе және су жолымен бармақ. Бұл әскери техника мен жеке құрамды жеткізуге үлкен кедергі деген сөз.

Ресей украин әскерінің назарын басқа бағытқа бұру мақсатында, екінші фронт ашылуы тиіс деп санайды. Сондықтан Беларусь әскері Украинаға соғыс ашып, Киев облысына қайта қауіп төндіре алса, онда Украинаның оңтүстік бағыттағы шабуылы әлдеқайда бәсеңдер еді. Себебі ел астанасын қорғау маңызды болмақ.

Беларусь әскері Ресеймен бірігіп 8 шілдеге дейін созылатын әскери жаттығуды бастады. Онда Минск әскері қалаларды басып алу, өзеннен өту, қорғаныс шебін бұзу, тактикалық шегініс, әуе шабуылдарын жасау мен зымыран соққыларын пысықтамақ. 2022 жылдың қаңтарында басталған Ресей-Беларусь әскери жаттығуының соңы Ресей әскерінің үш бағытта Украинаға басып кіруімен аяқталды. Аталмыш жаттығу Беларусь әскерінің Украинаның солтүстігіне басып кіруімен жалғасын табуы мүмкін.

Алайда Лукашенко билігі Украинаға басып кірсе, бірқатар тәуекелдерге тап болмақ. Әлемдік қауымдастықтың Беларусьты қыспаққа алуы артады және Минск экономикалық қиындықты еңсере алмай, Ресей құшағына енуді жалғастырады. Беларусь әскері Украина жерінде үлкен шығынға ұшыраса, онда Минсктегі Лукашенко тағы шайқала бастауы әбден мүмкін. Себебі режимді ұстап тұрған әскер мен Ресей кепілдігі. Алайда Ресей бұл жолы Беларусь көшелеріне миллиондаған адам шықса, нөпір халықты тоқтатар нөкер жібере алмауы мүмкін. Аталмыш факторларды ескерген Лукашенко тәуекелге бара ма?

Асхат Қасенғали

Abai.kz

0 пікір