Жұма, 26 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 2641 0 пікір 20 Маусым, 2022 сағат 12:45

Иран сапары: Қазақстан балама жол іздеуде

Қазақстан билігі отандық шикізатты сатуды сан түрлі жолын іздестіру үстінде. Себебі Ресейдің Украинаға ашық соғыс ашуы транзиттік жолдарды жабуда. Қазақстан шикізатының басым бөлігі Кәрі құрлыққа Ресей аумағы арқылы тасымалданатын. Алайда Ресей соғыс ашқалы өз аумағының транзит жолын бопса мақсатында пайдаланып келеді. 

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иранға барып, келіссөздер өткізді. Ресейдің Петербург қаласында өткен экономикалық форумнан кейін бірден Тегеранға ұшқан Тоқаев бірнеше маңызды келісімдерге қол қойды. Қазақстан Иран елімен сауда қатынасын арттыру жағын қарастыруда. Ол үшін екі түрлі маршрут іске аспақ. Бірінші бағыт Каспий арқылы су жолы болса, екінші бағыт «Қазақстан - Түркіменстан – Иран» теміржолы.

Қазақстан мен Иранның арасындағы сауда қатынасы жыл сайын қарқынды дамуда. Иранға Батыстық санкциялардың салынуы Тегеранға сатылатын тауар түрлерін азайтты, алайда азық-түлік пен әлеуметтік қажеттілікке арналған тауар түрлерін саудалау мүмкіндігі ашық. Қазақстан Иранға астық, сұлы, арпа өнімдерін сату бойынша көшбасшы елдің бірі саналады. Ендігі таңда қой етін жеткізу бойынша жоспарды еселеп арттыру тұр.

Қазақстан басшысы Иранның біз үшін маңызды елдің бірі екенін айта кетті.

«Иран – ежелгі өркениет ошағы. Сондай-ақ Қазақстанның ислам әлеміндегі маңызды серіктесінің бірі. Әйгілі Фирдоуси өзінің «Шахнамасында» Иран мен Тұранның Ұлы Жібек жолындағы тағдырлас елдер екенін атап өткен. Қазақтың ұлы ақыны Абай Сағдидің, Жәми мен Румидің шығармаларын жақсы білген. Шығыс мәдениетіне терең бойлаған. Мұның бәрі байланысымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқанын көрсетеді. Біз осы ынтымақтастықты одан әрі дамыта түсуіміз керек. Біз – Каспий жағасындағы тату көршілерміз. Тарихымыз тамырлас, салт-дәстүріміз бен мәдениетіміз ұқсас. Ашаршылық жылдарында талай қандасымыз Иран жерін паналаған. Оларды құшақ жая қарсы алған иран жұртына алғысымыз шексіз. Оны ешқашан ұмытпаймыз», – деді Қазақстан Президенті.

Иранда 20 мыңға жуық қазақ бар деген деректер кездеседі. Қазақстан мен Иранның арасындағы сауда қатынасын бірнеше млрд долларға жеткізу мәселесі де көтерілді. Ол туралы Иран басшысы Раиси былай деді:

«Қазақстан Президентінің бүгінгі ресми сапары аясында жүргізілген келіссөздер мен қол қойылған құжаттар екі ел үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенемін. Біз өзара тауар айналымын 3 миллиард долларға дейін жеткізуіміз керек. Біздің оған әлеуетіміз жетеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, көлік-транзит салаларындағы мүмкіндіктеріміз мол. Сондықтан бүгінгі келіссөздердің нәтижесі елдеріміз арасындағы тығыз ынтымақтастықтың берік іргетасы болып қаланатынына сенімдімін».

Жалпы жиынтығы Қазақстан мен Иран арасында бірнеше келісімге, құжаттарға қол қойылды. Олар келесідей:

1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты мен Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Саяси және халықаралық зерттеулер институты арасындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Иран Ислам Республикасы Мәдениет және исламдық бағдар министрлігі арасындағы 2022-2025 жылдарға арналған мәдени алмасу бағдарламасы;

3. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Иран Ислам Республикасы Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрлігі арасындағы талдамалық зерттеулер және тәжірибе алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

4. Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы екіжақты сауданы арттыру бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

5. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы джихады министрлігі арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

6. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы мен транзитіндегі Қазақстан-Иран ынтымақтастығы туралы меморандум;

7. «Хабар» Агенттігі» акционерлік қоғамы мен Иран Ислам Республикасы Телерадио хабарларын тарату компаниясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

8. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен Иран Ислам Республикасы Ұлттық мұнай компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

9. «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен Иран Ислам Республикасының Темір жолдары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

Қазақстан өз тарапынан Иран елінің азаматтарына 14 күндік визасыз режим енгізетінін мәлімдеді. Аталмыш шараның барлығы да транзиттік жолды кеңейту және Еуропаға апаратын өзге жолды іздестіру екенін түсіну қиын емес. Қазақстан билігі Ресей аумағын айналып өтетін жол іздеуде, балама қарастыруда...

Ка Мырза

Abai.kz

0 пікір