Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2523 0 пікір 22 Қараша, 2012 сағат 07:45

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

V

V

Биғаділдің қазасын естуімнің алдында Толы қалашығына жасырын барып қана көне достар арқылы Доланмен танысып, олардың көмегімен Қызылтұз, Бортала арқылы Ілеге өтіп кетуді ойлап едім. Енді Дөрбілжінге барып, алыс-жақын туыстардан қалғаны болса, өзіме қажетті ахуалды солардан айқындап ұға кетуіме тура келді. Бұл пікірімді ақылға қайтқан Бақтыбай да, Азыкен де құптады. Азыкен Дөрбілжінге, одан Толыға бастап жеткізіп қайтуға өздігінен белсенді. «Ендігі осы екі аудандағы жолыңыз аса қатерлі. Үлкен жолмен жүруіңізге болмайды. Кішкене жолдардан көрініп қалсаңыз, саяқ жолаушы тіпті күмәнді. Бірге жүрсем, әр жақтылы септігім тиіп қалар!» деп құлшынды ол. Орталау мектепті Толыда бітіріп, одан соң оқи алмай қалған пысық жігіт, осы екі ауданның жолдарына да, әлеуметтік қарым-қатынасқа да недәуір төселіп қалғандығын білдірді. Сол шатқалда үш күн жатып, он алты қарақшының алдымен қолға түскен төртеуі барлық серігін тауып бергендігін Азыкеннің құлағы арқылы естіген соң шықтық сапарға. Таң белгі бере жүріп Жәйірден түстік те, Өшетідегі Азыкеннің таныс үйіне жетіп қондық. Ертеңіне ауыл араларындағы жалғыз аяқ жолдарды қуа жортып, Дөрбілжінге жақын Ақсуға ерте жеттік. Ондағы көптеген таныс білістерден Бигелді ағаның баяғы дүнген помещикке бірге жалданған досының үйін таңдап барып түстім. Әйелінің де, өзінің де сырға берік, көпті көрген білерлігі мол жандар екендігін білетінмін. Бұл үйге шынымды төтесінен айтып, танысып амандастым да, өте жасырын келгендігімді айтып ауыздарын жаптым.

Осы жақында қала көшесіне үкіметке қарсы ұрандар жапсырылып, қарсы үгіт қағазы тараған екен. Оны істеп жүргендерден бір әйел ғана қолға түсіпті. Басқа серіктерін ол мүлде айтпай қойғандықтан, содан бері аудандық сақшы жалданба тыңшыларын тіпті көбейтіпті. Үй иесі алдымен осыны айтып, өзіме де аса сақ болуды ескертті. Сонан соң Биғаділдің қаза болғанын естірту үшін шал мен кемпір тынышсызданып, бір-біріне жалтақтай бастағанда, сезе қойып, оны естіп келе жатқанымды өзім айтып тоқтаттым. Үнсіз ғана жыласып алдық. Биғаділ бірнеше адамды өлтіріп өлген «кері төңкерісші» болғандығынан, жұртшылық оның атын атаудан қорқады екен. Ал, мен, «кері төңкерістік зор ұйым құрған атышулы қандыбалақ» енді қатерім тіпті зор жау болып көрініп тұрыппын. Жазатайым тірі қалған болып келіп амандаса қалуымнан тітірей қашатындардың дәл қазір өте көп екендігі айтылып, ондайларға таныстық беріп амандасуымның қажетсіздігі де ескертілді.

Бұрын маған таныстығы бар зиялылар стиль түзету науқанында түгел күреске тартылып, жұлмаланып, кейі түрмеленіп шыққан екен. «Биғабіл ұйымы» дегенді мойындай алмағандары мұғаллақ болып асылып, мойындағандары қалпақ киіп, әлі де жапасы ауыр еріксіз еңбекпен жазаланып жүргенін айтты үй иесі. Олардан мені Тарымда өліпті деп естігендері өздерінің енді ағара алмай өлетіндіктерін айтып, зар қағыпты. Тірі екендігімді ести қалғандары ашықтан-ашық қуанады екен. «Ол тірі болса, біздің нақақ күйіп жатқанымызды дәлелдемей, ағартпай қоймайды» деген сенімдері әлі өшпепті.

- Ал, бауыр, сөйтіп сені бұл жақтағы кейбір дұспаның ғана емес, жақын таныс-біліс, дос-жарандарың да ұстататын жағдайда тұр! -деді шал. - Достарың қуанғандықтарынан даурығып айқайлап ұстатады да, жалақор дұспандарың өз қылмыстарын жасыру үшін ұстатады. Биғаділ марқұмның Сәрсен атты ең қатерлі жауыңды бауыздап кеткені болмаса, сақшы орындарының арнайы өшіктіріп қойған жендеттері әлі баршылық. Осындағы туыстық жақындығы бар жамағайындарыңнан анда-санда сенің қайда екендігіңді сұрастырып жүргендерін де естідім!...

Биғаділімнің бауыздағаны баяғы Сәрсен саясат екендігін ұққан соң, ол сұмырайдың Биғаділді қалай өшіктірген себебін сұрадым үй иесінен:

- Сәрсен гомендаң шпионы, әрі үш аймақтың соңғы дәуірінде істеген зиянкестіктері бойынша шеттетіліп, қалпақ киіп еді ғой?

- Үрімжіде оңшы, кері төңкерісші болып сен қолға алынған соң, үкімет оны ақтап тірілтіп, «белсенді» сайлап асырай қойған. Осындағы Биғабіл ұйымының мүшелері деген жаламен ұсталғандардың көбінде сол Сәрсеннің қарақолы бар!...

Бұл іңірдегі әңгімеде маған қарайлап қана қалған Биғаділден басқа туыстарым мен шешемнің Қазақстанға аман өтіп кеткенін, рулас ағайындардан қазір Дөрбілжінде кімдердің қалғанына дейін қаныға естідім. Ал, Мақпал мен Асқарымның келіп, үлкен үймен бірге кеткенінен бұл үйдегілер хабарсыз екен.

Мұндағы қала адамдарының да қыс күндері киетін киімінің көбі әскери сары ішік пен сары малақай болыпты. Өзгеше болып көрінбеу үшін мен де соны қайта кидім де, таңертең сәске көтеріле қалаға велосипедпен кеттім. Азыкен аттарды күтіп дайын тұруға қалды да, олай-бұлай ахуал бола қалса көз-құлақ болу үшін шал, «осындағы ең мықтымыз» деп бір ұлын қосып берді. Қалаға жақындаған соң ол менімен бірге жүрмей, сыртымнан күзетіп жүретіндігін түсіндіріп, соңымнан әудем жерден еріп отырды.

Ең шеттегі «қара керек көшесінде» бұрынғы шешен қарттарымыздан жалғыз қалған Ораз имамның үйіне кіріп бардым. Кішпейілдігімен қауқалақтай сөйлейтін, байыпты-салмақты қарт үңіле қарап, сәлемімді бар ықыласымен қабылдады да, төрге, өз қасына шақырып алып, қос қолдап амандасты. Бұрынғы шоқша ғана сирек бурыл сақалы түгел ағарғанынан басқа, қызғылт қоңыр ажары әлі тая қоймапты. Тағы да үңіле түсті. Мен, қарттың төменгі жағында отырған аппақ самайлы қызылсары кемпірге амандастым. Бұл, қарттың бұрынғы кемпірі емес, өзінен жасырақ бір ағамыздың әйелі екендігін жазбай таныдым. Бала кезімізде жеңеше деп атайтыным бойынша тағы да солай атап амандастым. Қарт енді жымия қарады маған:

- Балам, сен... жаңылсам қартайғандығыма-алжығандығыма есеп болсын. Көзің Мәдиенге, жүзің мен дауысың Биғазыға ұқсайды, өзіміздің Биғабіл емеспісің?

- Сол, сол! -деді жеңешем. Бәсең ғана дауыспен келіп бас салып көрісті. Көз жасым ағытылып кеп кетті. Үн шығармасам да бет-аузым төңкеріс жасап, апыр-топыр болып кеткенін біле солқылдадым. Өйтетінім, жеңешенің көрісінде марқұм әкемнен бастап, өздерінен тірі айырылысып сағындырған шешем мен ағалардан да елес бере келіп, Биғаділ жоқталды. Өзінің туыс-туғандары, қайын-бауырларының да жалғыз қалдырып кеткендігі суреттелді.

- Құдай тағала көп зарлатайын деген әйел пендесіне жоқтау жырын аямай береді екен ғой, Нұри, сабыр ет, отыр! - деп Ожаң әменгерін айыра сала, егіліп отырған маған қарады. - Биғаш, мына қарт ағаңның көз жасы таусылып болған. Баяғыда елден айырылып қашып келгеннен бергі көп жылаумен құрыпты. Ал, айырылған аяулылардың қайсысына жылай берерсің, сен де қой! Әсіресе сені жасық кемпірлермен бірге жыласады деп ойламайтынмын. Қара аспан қарсы айырылып түссе де қайыспайтын қаранарым деп, ішімнен сенің ғана тілеуіңді тілеп жүретінмін. Қайсар қайратың жетерлік еді ғой! Жұрт аузында үш өліп, үш тірілгеніңде сенімім тіпті күшейіп еді. Жаратушы ием, міне, аман көрсетіп отыр. Осының өзі үлкен қуаныш, тоқтата ғой енді! - дегенінде «тоқтата қойып», көзімді сүрттім. - Сен үшін, сенің ауырыңды жеңілдету үшін құрбандыққа шалынған алыс-жақын бауырларың аз емес, тілектері ақыры қабыл болыпты марқұмдардың. Бұл жақтағы ел қотарыла қашып, көшіп жатқанда Биғаділ, сені бұл жаққа жалғыз қалдырып кетпейтіндігін айтып, отырып алған екен. Шешесіне келіншегі мен екі ұлын қосып беріпті. Үрімжіден сенің келіншегің мен балаң келіп, бірге кетпек болғанда да мызғымаған. Сенің, «маған қарайламай ол жаққа өте беріңдер, арттарыңнан қашан да, қалай да жетемін!» деген сәлеміңді келіншегің әлденеше рет айтыпты оған. Бигелді ағаң оларды бастап кетіп бара жатып, Биғаділге үш рет қайырылып келіп, көндіре алмай, үш рет жылап қайтыпты. Биғаділ марқұм оған соңында шынын айтып жөнелтіпті: «Жастайымыздан малайлыққа жалданып, әрең оқытқан жалғыз аяулымызды тастап кетіп, ол жақта мен не бітірмекпін! Тірі болса, Биғабілдің өзін, егер олай-бұлай болып кетсе, кегін алмай кетпеймін деп серт еткен жайы бар екен. Ер жігіттің сертіне қылыш өтпепті. Тағдырда солай жазылған ғой, сені өлді деген хабар бірінші рет естілісімен Сәрсенді бауыздап, сертін орындады да, өз жастығын сегіз есе артығымен жастанып қаза болды. Ажалы жеткен адам, есесіз-төлемсіз тегін-ақ өле бермей ме, мұндай қазаға ер туысы өкінбесе керек, Биғаш!

- Қысқаша болса да, Жәйірға келіп естігенмін. Жеңешемнің мына жалпылай жоқтауынан бәрі есіме түсіп кетті. Ал, өзі жерленді ме?

- Осындағы ағайын, дос, замандастары бірлесіп, түнде ұрлап әкеліп жаназалап, әкесінің қасына жерледі. Басына жасырын белгі қойдық! Ал енді Нұри жеңешең екеуміздің сынық шыныша жамалып, мына отырысымыздан-ақ, сопиып-сопиып жалғыз қалғандығымызды байқаған шығарсың. Уақытында естіп дайындалып отырғандары тұра зытып, елге қайтып үлгерді. Етек-жеңін жия алмаған дайындықсыздары қалып еді. «Бөлінгенді бөрі, жарылғанды жау жеп», өліп, көресілерін көріп, қамалып-айдалып жатыр. Алғашында, кеткендер жау аталып еді, енді қалғандары жау аталды: «не міндетпен қалдың», «шеттің қағып кеткен шегесісің», «жаудың көміп кеткен бомбысысың», «қашан жарылып қопармақ едің» деген қатал тергеуге қалыппыз. Қалғандар енді сондай дерттен күйреп жатыр!...

Оразиман қарттан қал-жайды осылай тыңдап отырып, келіні жасаған кең дастарқаннан шай іштік. Кемпірін о дүниеге аттандырып, өзі тұстастардан мүлде адаланып қалған қарт, жалғыз қызы ұзатылып сопиып қалған осы тетелес жесірімен бас қосыпты. Өзінің кеш көрген жалғыз ұлын үйлендіріп, одан көрген кішкентай тұңғыш немересін мына кемпірімен кезектесіп сүйіп, алданыш ететін ғана жайы қалған көрінеді.

Мұндағы бұрын мен көрген жасамыс туыстастардан келіндерінің күтіміндегі екі жесір шал мен кемпірлі екі шал ғана қалғандығын айтты сонсоң. Кемпірлі шал деп атағанның бірі Өкенбай да, бірі баяғы Бағдарқан марқұмның тетелес ағасы Орынқан болып шықты. Өзі қатарлас шалдардан тақыр жерге отырып қалған қарт, бұрын мен көргендегі жап-жас жігіттерді де өзі құралпы шал қатарына қосып ала қойыпты.

- Бұл төртеуінен басқа туыстарыңды танымайсың, Биғаш, сен кеткен шақта кішкене балалар болатын! - деп ойлана қалды қарт. - Айтпақтайын, өзіңнің баяғы үлкен ауылыңдағы ағаң Рысалды марқұмды білетін шығарсың?.. Содан екі ұл қалған екен. Сені көрмесе де үлкені Биғазыға жақын іні екендігінбіледі. Екеуі де жақсы жігіт болып өсті. Осы қораның артындағы қора солардікі. Екеуі де көменес болғандықтан осы райондағы коммуна әтіретінің билеушісі. Біздің қазіргі ең сенімді сүйенішіміз - осы бауырларың болып отыр. Басқамызды үкімет, шыжың[1] дей ме, жын-шайтан дей ме, әйтеуір, ілікке алған емес. Ал, кейінгі жастар сендерше оқи алмай қалғанымен шетінен отты. Заманға кектіліктерінен бе екен, өжет болып өсіп келеді. Өзімнің ынжықтау ұлымнан басқасының бәрінен үміткермін! -деп қарт бұл жайттан да бір тұжырым айтып тастады.

Кеш бата отыннан келген ұлына Ожаң мені таныстырды. Атымды атап кеп қалғанында, селк ете түсті «ынжығы». Әкесіне «ақырын!» деп күбірлей сала қол беріп амандасты менімен.

- Жарайды, әйтеуір атышулы қандыбалақ деп түсінсең де білгеніңе қуандым! - деп жымиды қарт. - Сен құрметтеуге ең лайық ағаң осы, танып ал!

Ұлы екі шыны шай ішісімен мал союға қузаған қарт, «Тәкенді шақырып кел!» деп келінін жіберді.

«Тәкен» атағаны, жаңағы айтылған екі інімнің үлкені екен. Қырыққа келіп қалған қою қара шашты қара жігіт сәлем бере кіріп, төменгі жағыма отырысымен, қарт сұрады одан:

- Тәкен, мына кісіні танисың ба? - Жігіттің білінер-білінбес қана бас шайқағанын көріп, тағы сұрады. - Биғазы ағаңды білесің бе?

- Ә, енді таныдым, енді таныдым, атын атамай-ақ қойыңыз! - Қос қолымен қолымды ұстай алып, сілкілей амандасты жиен. - Аман-есен қайттыңыз ба, аға? Денсаулығыңыз қалай, ауру-сырқаудан амансыз ба? - Қол орамалын алып көзін сүртті. Ытқып шыққан көз жасын тағы сипап тастап, тағы шыққанын тағы қақты. Үнсіз отырып қалды сөйтіп.

- Інісінің қазасын Жәйірден естіп келген екен, -деді қарт. - Ақсуда да естіпті. Не жайттан қаза тапқанын біз де айттық, ол жөнінен қиналмай-ақ қой! Тек, түптеріңнің қаншалық жақын екендігін білмеулерің ықтимал. Олай болатыны, мына оқымысты ағаңның өзі де нағыз көменес еді. Мына көменестерің келуден әлдеқайда бұрын - қаршадайынан егіліп-төгіліп өскен көменес екендігін білетінмін. Сол сеніммен үш аймақ төңкерісіне Үрімжідегі оқушы кезінен-ақ жан сала қатынасып, гомендаңға қарсы бетпе-бет шайқасқа түскен. Қолға алынып, оның түрме қинауын да көп көрген. Бұл жаққа қашып өтіп, мұғалім болған соң да, пәнге қарсы кербақпа, кері төңкерісшілерге, мырза-төрелерге ымырасыз қарсы болып, сайыспен өсті. Сол шақта аюдай ақырып тұрған төрешіл әкіммен бір жиында айтысып қана аударып тастағанына осындағы жұрт түгел таңғалып еді. Сөйтіп елуінші жылға дейін сол оқытушылық қалпымен-ақ осы ауданның маңдайға басар ықпалды қайраткері болып келген. Ішкеріден коммунистер келе жатқанда ауытқыған жоғары тап біліктілерін тапжылдырмай, Уаңжындерге бір тал оқ шығартпай басып берген, өзіміздің осы коммунистер болатын. 51-ші жылы Үрімжіге шақырылып, ағартушылық саласында мықтап-ақ өрлеп шығып еді. Көре алмас күндестері жағынан «оңшы» аталып шырмалды. Ол күндестерін күшейтіп, құрыққа сырық болып жалғанған, әлгі кекті кертартпа жаулары ғана деп естігенмін. Сәрсен дегендерің соның біреуі болатын. Міне, солар бірігіп, мұның өзіне жала жауып, жиырма жылға дейін сүргіндеткен жерінен үш өліп, үш тіріліп қашып, әрең келіп отыр! Қылмысы, тек, ақ-нақағын қайта тексертіп, анықтата аларлық іздеуші-сұраушысының жоқтығы ғана. «Мылқаудың астына, соқырдың қолына түскен» деген осы да!

Ұлы семіз ақ қошқарды үйге кіргізіп, бата істеуді күтіп тұр еді. Сөзінің осы бір буынын айтып бітіре сала қарттың өзі бата берді: «Уа, жаратушым, барлық қырсық, пәле-қазаңнан айықтырып, мылқаудың астынан, соқырдың қолынан құтқара көр!» дегенін жария айтып, бетін сипады. Бата біткен соң Тәкен қарқылдап күліп, ұлы мен келіні жымыңдап сырт айлана бергеніне қарай жалғастырды қарт сөзін:

- Бұл бата, менің күлкі үшін қитұрқылықпен қайталанған жаңағы сөзім емес, балалар, имандай шын тілегім! Мен, ешкім келіп атып-шаппай-ақ өздігімнен орын босатып кеткелі, жасым жетіп отырған шалмын ғой. Тек Биғабіліме өмір берсін! Мен мұның ата-бабаларынан бергі барлық ахуалын білетін қариялардың ең соңымын. Сендер анықтап естіп қалмасаңдар, біріңді-бірің танымай, жат боп кетулерің кәдік. Сол міндетім үшін тағы сөйлейін, Тәкен, не білерсің, не білмессің, естіп қал! Осы жақтағы, тіпті, ол жақтағы туыс-жұрағаттарыңның ішінде де ең жақының, осы бұйра басты кісі. Әкесі құрбылас менің «кісі» атайтын себебім, бұл, қаршадайынан-ақ кісілігін көрсетіп, қарт көздердің сынынан өтіп келеді. Ата-бабалары бағзы заманнан біздің елдің ең қадірлі кісілері - билері еді. Сол себептен бұл шөбересінің аты да «би» болып аталыпты. Бұл, бұрынғы ата-бабаларынан да жоғары қабыл би. Олай болғаны, бұл олардан көп оқыған-зор тоқыған би. Қаңғып жүрсе де, қашып жүрсе де бүкіл дүниеге танылып жүргені содан!.. Айтқанының барлығы дұрыс болып шығып жатыр.

- Әке, мені тым көтермелеп, аспанға шығарып жібердіңіз ғой! - деп күрсіндім мен. - Қайта түсе алмай мертігіп қалар ма екенмін!

- Сөзімді тоса тұр, балам, айтарымды айтып болайын! Тәкен, атаң Рысалды сол билердің қолында, мынаның әкесі Жаппармен бірге өскен. Сөйтіп, біте қайнасқан, ендігі ең жақын туысың осы Биғабіл! Ал, енді сөйлей бер, Биғаш! Осы ауданнан кеткеннен бергі басыңнан кешкеніңді осы оңашада толық сөйлеп бер!

- Мен осы халықтың сыйлауына татырлықтай не істеп бергенімді білмеймін, - деп бастадым сөзімді. - Пәлендей кісілік құрып, үлкен мәселе шешіп, пәлендей тілектерін орындап берген «кісі» емеспін. Ес біліп етек жапқанымнан бері жауапкер болып, тергеуге-талқыға түсіп келе жатқан қылмыскермін. Ал, құлдырап есікке, есіктен далаға, құла дүзге айдалып кеткен мені қайда жүрсем де көпшілік-жұртшылықтың құрметтеп төрге тартып, өрге сүйреп келе жатқаны рас. Сол сүйемелімен, жақсы тілектерімен, сый-сияпатымен қарызға белшемнен батырып болды! Күткен үміттерін неммен орындарымды білмей, қашқан сайын жорытқан сайын есім шығып келеді.

Осы бисмилламен лептелген әңгімем, «ашылу-сайраудан" басталды. Өзіме құнсыз сезілгенімен тыңдаушыларым құныға тыңдады. Ең негізгі, ең зор қылмысым болып есептеліп келген «сайрауымның» нақ өзі баяндалғанда «ып-рас қой!», «шындық қой!», «сол кездегі ахуалда бұдан дұрыс сайрау боған ба!» деп құптаса изектесті. Содан соңғы әңгімеме күрсіністі, ыңыранысты, ышқынысты, көмекейлерінен күңіренісе тыңдады. Қарттың «ынжығы» есік жақта ет мүшелеп отырып, кіжініп қалғанда жалт қарап қойып сөйлей бердім. Тәкен күреңітіп терлеп алыпты.

- Терезеден біреу қарап тұрғандай ма, шығып қарашы, балам? - деп қарт келініне иек қаққанда бір кідіріп, суыған шайды жұттым.

- Басқа адам жоқ, өзіміздің ауылдың екі-үш баласы жүр. - деп келіні қайта кірген соң жалғастыра бердім әңгімемді. Қолға су құйылып, бас пен жамбасы қоса салынған мол табақ ет алдымызға келді. Мені етке қузап жегізе, жей отырып гуілдесті тыңдаушыларым:

- Япырай, жоғарысының да, төменнің де ындыны толған қаскүнемдік екен-ау! Алла-ай, жат жұрттың жат пиғылын жалғызға істеткен істетісі-ай! Айттым ғой, күндестік-көре алмастық пен жоғалтудың ғана қазаны ғой асқандары!

- Қазіргі науқан күрестерінің бәрінің жолы осы емес пе! - деп қана қойды Тәкен.

- Өздері жеңілсе де жемек! Басшысы мен айқайшыларының аталы жауапқа құлақ салары да, әділет пен ақиқат қазығына байланып иіліп ойланары да жоқ, бет орнына тіс ырситқан өңшең қасқырдың ғана қылығы! - Ширығып алған қарт қайталап кіжінді. - Ай-һай-һай-һай...а..й!

- Япырай, көпшіліктің үйілген күлге есеп болып қалғаны-ай! - Қарттың «ынжығы» осыны айтқанда тағы бір қарап қойдым, ынжық емес сияқты. Оған Тәкен жауап қайтарып күлдірді:

- Күлге есептеп тыныш қана үйіп қойса жақсы ғой, бензин құйып сіріңке шағып, сол күлді тағы да лапылдатпай ма!

Әңгімемнің көп бөлімі тамақтан соң жалғасты. Түн ортасына таяғанда осы Ақсуға келгеніме шейін сөйлетіп бір-ақ тынды.

- Аға, сіз сырт көзге енді осы ауылдың «Жәйірден келген құдасы» болып танылыңыз! - деп тапсырды Тәкен, шығып бара жатып. - Ертең және ақылдасамыз ғой.

Ол кеткен соң қарттың үлкен ішігі мен пимасын кидім де, ұлына жол бастатып, зират басына бардым. Күндіз барып, сұқ көзге шалынбауымды қарт та құптады. Қар омбылап барып, әкемнің көнеріп төмендеп кеткен топырағына иіле сәлем бердім де, күнбатыс жағына таяу үйілген топырақ түбіне жүгініп отыра кеттім. Жол бастап келіп көрсетіп берген жігітті үйіне қайтардым да, топырақ үйіндісінің үстіндегі қарды сыпырып тастап, құшақтай жығылдым.

«Қырауың келді, түрігім!» - деп еңіреп жібердім. - «Аман келдім, титтей болса да сезінер ме екенсің, тыңдар ма екенсің зарымды!.. Мені күтіп, анаңнан, бала-шағаңнан айырылып қалуға шыдағаныңда, қаскөйлердің мені өлді дегеніне шыдай алмағаның-ай!.. Бірге туылсақ та шын азаматтың бірге өлуі жоқ еді ғой, бірі өлсе де бірі соның егесімен жасауы қажет еді ғой! Мен келдім, бауырым, бірақ, құшақтасып, сағыныш уын қайтару түгіл, сәби кезіміздегідей құлақтаса да алмаймыз ғой енді! Мені оқыту үшін қаршадайыңнан малай болдың! Мен үшін әскер болып, қанды майданға кірдің! Мен үшін жапа шектің - барлық ауырымды көтердің, ақыры мен үшін кектеніп, мен үшін өлдің. Ал, сен үшін мен не істеп бере алдым!.. Жаны жалғасып біткен жалғыз інім, аға болып не істеп бере алдым саған!.. Сезер ме екенсің зарымды!.. Мына жатқан әкең де менің тірілігімнен хабар ала алмай, ақтық деміне дейін аһ ұрып өліп еді ғой, осыны айтқан өзің едің ғой маған, сол айықпас қасіретімді тағы да қайталатып-жаңғыртып кеткенің не! Қайталанбас өмірде осы қасіреттің қайталанғаны қалай!.. Басқа қасіретім аз ба еді! Мен келіп, үстіңе үйілген суық топырақты құшақтап жатырмын, бауырым, сезер ме екенсің?... «Құрауым аман қайтыпты» деп бір тебірене алар ма екенсің?.. Жоқ, жоқ, сезбейсің енді, осы топырағыңның дәл өзі болып кеттің!»

Осылай солқылдап-солқылдап барып сұлқ жатып қалыппын. Оның кішкене кезіндегі аянышты халдері ап-айқын тізіліп, кино акттерінше өте берді көз алдымнан: ел-жұрт, үй ішінен түгел айырылып келіп, көң-қоқыр күл үстінде жалаңаш түнеп жүрген кішкентай ғана панасыз жетім, тұла бойы күлдей көксұр, қотыр-қотыр, көзіне былшық, аузы-мұрнына әлденедей нәжіс қатып қалған ап-арық, аш баланы Шәуешектің базар көшесінде үш-төрт сотқар қуып келеді, жетіп қалыпты. «Құрау, құрау, қарашы мыналарды, күнде ұрады!» деп шағына, еңірей жетіп, артыма тығылды. Алдымда келе жатқан шешем иығындағы қоржынын тастай салып, құшақтай алды оны. «Биғаділім ғой мынау!» деген ана дауысы саңқ ете түсті.

Түсім сияқты. Биғаділдің үстіндегі мұзды топырақты құшырлана құшақтадым. Көзім қайта жұмылды.

Іш аурудан бұралып, мия төселген аядай атқорада жатқан аш арық бала, тіндей солаңның мені өзен бойынан қуып жібергенін естіп, ыңқылдай қайғырды: «Кішкентай ешкімізді, иттің балалары мініп өлтіреді-ау енді!... Құрау, сен көрінбе енді оларға!» -деп шидей сирағын әрең жиып түрегелді де, ішін баса ыңқылдап, тәлтіректеп сыртқа беттеді. - «Мен байқап келейін, сен шықпа!» - деп шықты.

Құшақтап жатқан топырағымды қыса түстім.

Ергейтіде жалаң аяқ-жалаңбас, мал тезегін теріп жүрген кезіміз. Ерте оянып қарасам, Қасымдағы Биғаділ жоқ. Жер үйден далаға шығып қарасам, шешем өзен жақтан бір дорба тезек теріп әкеліп төгіп жатыр екен. Биғаділдің жоқтығын менен естіп, Бақудың төменгі түбектегі бие бауы жаққа жүгірді. Мен ере жүгірдім. Жарқабаққа тоқтай қалып, бие желісіне қарасақ, жылқышы қосынан «апа-ау!» деп жылаған дауысы естілді. Жүгіріп барсақ, жылқышылар шидей қол-аяғын босағадағы қазыққа мықтап таңып тастапты. Түн жарымында сабадан бір шыны қымыз ұрлап ішіп жатқанында ұсталып байланыпты. Шешем кешірім сұрап босатты. Әрең түрегелген інімді үнсіз қолтықтап, жылай сүйемелдеп келе жаттым. Биғаділ маған жаутаң-жаутаң қарап еңіреді: «Сен шыдаған аштыққа мен қалай шыдай алмаймын!» деп боздап жібергенінде, алдымыздағы шешем де үн сала жылады: «Сенің күтімің тіпті аз, түсінемін балам, түсінемін, бірақ лажым жоқ!» дейді.

Қырық жылдан асып қалған сол оқиға суреті көз алдыма келе қалғанда, көзімді ашып алып, мұз топырақты тырналай, басымды шайқай еңіредім...

Көз жасымды топыраққа төге жатып, ұйықтап кеткен сияқтымын.

«О дүниенің» топырақ астындағы ақымынан күңіренген үн естілгендей болды: «Сен шыдаған қорлыққа мен қалай шыдамадым екен! Өлгеніңнің рас-өтірігін айырғанша күте тұрсамшы, әттең күйреуіктік! Кешір, Құрау, сен тірі бол! Менің арманым, сені ақырғы рет бір көре алмай кеткенім ғана ғой!»

Осы үннің ар жағынан, әлдеқайда алыстан бір мығымырақ үн жеткендей сезілді: «Құлыным, сен енді босай берме, үгітіліп кетерсің, алдыңда қауіп-қатер әлі бар, жи өзіңді!» деп қатал ескерткендей болды. «Сені үздіксіз шырмап келе жатқан қырсық, сан алуан болып көрінгенімен түбі біреу-ақ. Ол, сонау-сонау ел-жұртыңнан айырылуың ғана! Сені сол баспанаңнан, бақытыңнан-құдіретіңнен айырған бас қылмыс менен өткен! Екінші себепкер қылмыс осы Түрігіңнің аңқау-алаңғасарлығынан өткендігін өзің білесің. Біз екеуміз үшін егілме, сенің тірілігің, біздің тіршілік! Қайт, құлыным, қайта ғой, тез жөнел! Екі дүниеде де әкең де, інің де разы саған!»

Ояна кеп жан-жағыма қарадым да жия қойдым өзімді. Таң ағарып қалған екен. Зиратының күнбатыс жағынан ұзын мойынын соза қарап тұрған зеңбіректер де көрінді. Шекара қорғанысының үлкен бір бөлімшесі осында екендігін кеше күндіз көргенмін. Аяздан қатып қалған денемді әрең жиып, бәкімді алдым да екеуінің мұз топырақтарынан екі уыс босатып, қолжаулығыма түйіп алдым. «Сендердің төмпешіктеріңді енді көре алмаспын да! Бақыл бол, әке, бақыл бол, бауырым!» Тісімді-тісіме басып, келген ізіммен ілби жөнелдім.

Келіннің маған арнап төрге жайып қойған жаңа көрпе-жастығына шешініп тастап, құлай кеттім. Недәуір қатты ұйықтаппын. Күн сәскеге көтерілгенде ояндым. Қарт екеуміз әңгімені тағы да кең жайып, шай ішіп отырғанымызда, Тәкен келіп, үйіне шақырды. Күндіз әтірет бастығының өз үйінде болсам, бейғамырақ болатындығымды айтып күлді. Қарт та құптап, өзі бастап апарды да, бала-шағасының әрқайсысының атын атап таныстырды. Ортадағы ауыз үйінің ішкі босағасынан тосып, құшақтай алып жылаған әскери сары киімді, ақшылдау сұр жігіт-кіші жиенім Шәкен екен. Одан кейінірек қатар тұрған үлкен-кіші екі келін оң тізелерін бүгіп сәлем етті. Үлкен келін қазақ салтындағы сәлемнен соң ұмтылып келіп, қос қолдап амандасты. Бұл келінім, осы үйдің құраушысы - ауыл иесіндей ақылгөйі болып таныстырылды. Үш жағы ғана бұйраланып иығына төгілген қырықпа қара шашты жас келін, оқушыдай ізетпен тұрып қалып еді. Өзім барып қос қолдап амандастым. Бұл-менің келінім ғана емес, құдашам екендігі аталғанда көз жасын бір сығып алып амандасты. Жалғыз қарындасым Ғайшаның жақын қайын сіңлісі екен. Олардың арт жағына тізілген біркелкі бес-алты бала - Тәкеннің балалары, үш жастағы ең кішкенесіне дейін үлкен кісіше ізетпен тосып, өшірет бойынша қол берді. Үлкен келіннің «құраушы», «ақылгөй» аталуының бір белгісін осы тәртіптерінен көріп, сүйіне кірдім үлкен үйіне.

Оразиман қарт төрге шығып, менімен бірге шай ішіп қана, Тәкенмен ымдасып қайтқан соң, Тәкен, Шәкен, екі келін жабыла бәйек болып, мені күтуге кірісті. Қос көрпе астыма төселіп, қос жастық арқама, шағын ғана аласа үстел бір жағыма қойылды. Дастарқан екі кісілік қана болып, соның үстіне жайылды да, екінші жағына Тәкеннің өзі отырды. Үстелге алғашында жоғары сортты темекі, сіріңке қойылып еді. Соңынан бөтелке мен екі рюмка, майлы қуырдақ келіп қалды. Қуырдақ әкеліп қойған құдаша келіннің көз жасы әлі де құрғай қоймағанын байқап қалдым.

- Аға, түні бойы суықта зират басында болғаныңызды естідім. Мынадан біраз ішіп алыңызшы! - деп Тәкен рюмка қағыстырды. - Қазір бізге өлу деген арзан, көру аса қымбат болып кетті. Өлімге қайғыра берсек, өзіміздің денсаулығымыз да қалмайтын көрінеді. Ал, сізді аман көруіміз, барлық өлімді жеңетін зор қуаныш болды бізге. Сіз аман болсаңыз ғана, соңғы есепте, өлім егушілердің қолы қырқылды деп қуанамыз. Біз жақтан өлушілердің көбі сізге жабылған жалалардың себебінен өлген.

- Маған естілмей жатқан тағы бір ауыр өлім бар ма, қалай?

- Ауыр деуге болмайды. Өлмес орны бар, арты қайырлы, мықты ұрпақтары қалған өлім, жеңіл өлім ғой. Сіздің алаңдауыңызға лайық аса қайғырарлық мәселе жоқ!

Балаларының ересектерінен үш-төрті қауқалап көтерген бір торсық келіп кірісімен, Тәкен сөзін тоқтата түрегелді. Торсықты ыстық пештің сыртына орналастырып, өзі ауыз үйге шығып күбірлесті де, орнына қайта келіп отырды. Тағы бір-бір рюмка құйып қағыстырып жіберді де, бөтелкені кереует астына тыға салды. Шәкен кіріп, үлкен дастарқан жайып, үлкен табақ қуырдақ әкеліп орналастырды. Үлкен келін әлгі торсықтан бір тегене қымыз әкелді де, құдаша келін бір тізелеп отыра қалып қымыз құйды. Ол, әлгіндегідей мұңлы емес, көңілді ажар байқатты. Ерлі-зайыпты төртеуі, менімен бесеу болып қымыз іштік. Дөрбілжіннің мен сағынған қыстық қымызы сөз болып, осы әтіреттің өзіндегі біреулердің жоңышқаға екі-үш бие байлап сауатындығы айтылды. Шекара район деп үкімет, 1962 жылы ел қашқаннан кейін Құлыстай бойындағы төрт ауданға «ерекше қамдау» саясатын жариялап, ішім-жем жағындағы «нормалы қамдау» қысымын сәл кеңіткен екен. 1964-65 жылдардағы «социалистік тәрбие» мен 1966 жылы басталған «зор мәдениет төңкерісі», «зор секіруді қайта шақырып», қайта қысып, ашаршылық апатын қайталап төгіпті. Толыдағы Доланның дауы өрістей келе, баққан малын ұрлап сауу мен ұрлап жеуге халықтың өзі жасырын келісім жасап ала қойған сияқты.

- Мынау, демалу дегенді білмейтін, ағайынды екі жансебілдің ұрлап еңбектеніп жиып алған жоңышқасына байланып сауылатын үш қысырдың қымызы! - деп жымиды Тәкен. - Сол еңбегінің ақысын өндіріп алсын деп, біз де жасырын рұқсат еткенбіз. Маңайына ынсапты бағамен ғана сатып беріп тұрады.

Тәкен осы әңгімесін айтып бола бере, келініне иегін бір көтеріп қойып, қымыз жұтты. Құдаша келін ашылып, еркелей қарап сөйледі маған:

- Аға, Қайша апай Шәуешекте қызметте еді. 62-ші жылы арғы бетке шешесі мен, ағаларымен бірге өтіп кетті. Үш баласы ес жиып, ержетіп қалған болатын. Бәрі де... Биғаділ ағадан басқасы түгел аман өтті... Олардан хат-хабар алып па едіңіз?

- Ғайшаның жөнін сенен ғана естіп отырмын, келін, рахмет! Қазір мен ешкімнің атын атап сұрай алмайтын болып қалдым. Өлді деген хабар естіп қалармын деп зәрезеп болып қалыппын! -дегенімде үй ішінің жасыра күрсінгені сезілгендей болды. «Ғайшаның күйеуі аман ба?» деп сұрай жаздап, сол қауіппен тағы да бөгеліп қалдым. Келін құдашаның жылап жүргені, бәлкім сол ағасының жөні шығар. Әйтеуір, Ғайшаның өзі мен балаларының аман кеткені күдігімді сәл жеңілдеткендей сезілді. Мына қуанышты үйді тағы да әурелеп жылатпай, «Биғаділ ағадан басқасы түгел аман өтті» дегенін бүгінше малдана тұруым жөн сияқты. Шәкен балаларды шақырып кіріп, ән салғызды, хор айтқызды. Ең кішісінің күлкілі әнін қайталап талап етіп, үш рет айтқыздық. «Көйдіңдей ме, құдамыз менің әнімді жақсы көйгенін!» деп әпеке, ағаларына бүйірін таяна мақтанғанына ду күлдік. Мардымсып талтаңдай басып шыға жөнелді үйден. Мен түрегеліп барып, бәрін құда-құдаша атап, бір-бірден мақтап қол беріп құттықтағанымда күлкі тіпті көтерілді.

Қымыз ішіп болып, дүзге шыққанымда, Ақсудан еріп келген бала жігіт бір жағымнан жымиып қана өте шықты. «Алаңсыз болыңыз!» деген күбірін естірте кетті. Қайта кіргенімде Тәкен созылып жатып дем алуымды тапсырды да, өзі қатарласа жатты. Ұйқым келер емес, екеуміздің сөйлесіп жатқан дыбысымызды естіген Шәкен де кіріп, бір жағымнан отырды.

- Аға, мұнан соң бір жаққа жүргіңіз келе ме, иә, осында дем ала тұрамысыз? - деп сұрады ол. - Егер осында тұрмақ болсаңыз алдын ала қамданып, даярлық жасап қойсақ деп, Оразиман қарт сұрады менен.

Бұл сұрауға жауап бергенімше таяғын тақылдатып қарттың өзі де кіріп келді. Төрден орын босатып отырғыза сөйледім:

- Тарымнан өткен күзде Үрімжіге келісімен Іледегі бір қайынбикемнің сонда барып айтып кеткен сәлемі мен әдірісін алып едім. «Маған келмей арғы бетке өтпесін» деп қатты тапсырған екен. Сезгірлігі зор, білерлігі бар әйел еді. Енді сонда барып, жол болса сол жақтан өтпекпін. Атым да, жол бастаушым да дайын, мені күтіп тұр.

- Япырай ұзақ жол ғой ол! - деп қынжылды қария. - Дәл шекара түбіне келіп алып айланып жүргеніңде, тағы да бір қырсық сап ете түспес пе?

- Жақын болғанымен Шәуешек жолы қазір тіпті қиын, - деді Тәкен. - Шәуешектің бергі жағы да шекара жағы да қатал күзетте. Ал, Дөрбілжінде халықтың қарсылық нысайы көрінісімен әр күні тінту жүргізіп жатыр. Солай болса да, шекара бойымен дәл ағадай қашқын жолаушының Ілеге жүруі бәрінен қатерлі.

Шәкен дастарқан жасап, Оразиман қарияға сақтаған қымызын құйды. Өзінің қорытынды пікірін бір аз кідірістен соң айтты Тәкен:

- Қазірше жүруге асықпай, қар кетіп жердің қараюын осы маңда күтіп тұра тұрсаңыз, Тарбағатайдың осы тұсынан асырып салуымыз оншалық қиынға соқпас!

- Дұрыс! Қар кетіп, жер кеңігенше паналай тұратын оңаша орынды мына Орқашардан табар едік! - деп қария мен Шәкен изектесті.

- Мен Ілеге құр тәуекелмен жүрмекші емеспін, -дедім, жол жоспарымды ашығырақ түсіндіріп, -осыдан Толыға барып, достар арқылы Доланмен таныспақпын. Оның маған сенімді жолқағаз шығартып беруінен үмітім бар. Егер ондай шартым толықтанбайтындай болса, жер қарайғанша паналай тұратын орынды өзім-ақ таба тұрармын!

Күн еңкейе бере Оразиман қарт айтқан жесір шалдар келіп, жыласа-сықтаса амандасты. «Кемпірлі шалдар» бір-бірден кемпірлерін ерте келіп, тіпті шұрқырасты. Кемпір жүрген жер оңа  ма, олар мені құшақтап алып, өткен-кеткендерді түгел тізіп жоқтағанда, Тәкен мен құдаша келіннің естірте алмай жүрген қазаларының бәрі бір-ақ тізіліп әшкереленді. Мен күдіктенген күйеудің аты да, Құрышбек марқұмның жалғыз ұлының аты да аталып кетті. Ғайшаның ері көбінен бұрын өлген екен. Қыстығып, мені қинамау үшін ғана көңілдісініп жүрген құдаша келін, кемпірлер ашып берген жолмен шырқырап шыға келіп көрісті. Мен де ағытылып, егіліп кетіп едім. Тәкен мен Шәкен Өкенбайға кейи күбірлеп тұрғанын құлағым шалып қалды. «Алыстан қиналып келген ағаны бір-екі күн тынықтырып алған соң естіртпек болып, бұл қазаны жасырып тұр едік! Биғаділмен қоса қабат естіртілуі тым ауыр ғой енді!» деп күбірлесті.

- Жоқ, ауырсынбаймын! Таңертең осында келісімен-ақ емеуріндеріңнен сезгенмін! Болар іс болған соң ауыры не, жеңілі не! - деп көзімді сүрте барып амандастым жаңа келгендеріне. - Бәріне де менің қырсығым тиген, себепкер өзім болған соң өкінудің жөні жоқ шығар!

- Міне, өзің-ақ шештің, Биғаш! - деп бастап Өкенбай көңіл айтты. Бұрын бәрінен де қайратты адуын Өкенбай, бәрінен де адуын шешен болып алыпты. Сабырыма сабыр, шыдамыма шыдам қосып, жігерін үстемелеп-үстемелеп септі жүрек-бауырыма. Сөйте отырып, қаза себептерін айқындап сөйлеп берді.

Ескіліктің шырмауынан үш жыл төлем төлеп жүріп әрең құтқарған жалғыз қарындасым, өз еркімен, менің де разылығымды алып, бір суретшімен тұрмыстанған болатын. Екі ұл, бір қыз көріп, аса тату тұрғанын естігенмін. Күйеудің жалғыз айыбы жүрегі әлсіз, қорқақтау көрінеді. Үрімжіде мен күреске түсіп, зор блок-үлкен ұйымның жаласы жабылғанда, Биғабілдің ең жақын сырласы деп оны алдымен Сәрсен әшкерелепті. «Биғабілдің кері төңкерістік ұйымын осы күйеуі мен інісі Биғаділден жетік білетіні жоқ» деп төндіріпті. Содан күреске түсе жүріп, көп қорқудан жүрек қабы кеңейген ауруға ұшырапты. Мұндай ауруға шалдыққан жүрек, тоқтау бермей қинайтын көрінеді. Көзіне дүниенің бар құбыжығын елестетіп, тер ағызып, қанын қашырып, көзін аларта береді екен. Төсегінен ыршып тұра жөнелетін болыпты.

Ғайша күндіз-түні күзетіп, ақыл айтып, қорқыныштан тыя алмапты. «Тіпті өтірік болса да айтқандарын мойындай салып күрестен құтыл, Биғаң өкпелемейді оныңа, ауру жағдайыңды мен хат жазып түсіндіремін оған. Бәрі-бір ол миземейді, пәле-жала көргені бұл ғана емес, шынығып тас болып қатқан жүрек - оның жүрегі. Ақыры жеңбей, ағармай қоймайды ол. Сен мойындай тұр, қайталап тексеру жүргізілгенде бұл өтірікке, ауруға шыдай алмағандығымнан, ақиқаттың өзі-ақ ашылар деп мойындай салғанмын десең болмады ма!» деп Ғайша қайта-қайта жол көрсете беріпті. Бірақ, күйеудің оған да намысы шыдамай, үстінен зор күрес жиыны ашылатындығы естілген күні таңға жақын Ғайшадан ұрланып шығып, екі күре тамырын ұстарамен қырқып тастап, қансырап өліпті. Қанша айтқанына көнбей, балалары мен жарын қиып, өздігінен өле салғаны үшін, Ғайша қатал мінезге мініп, көзінен бір тамшы жас та шығармай жерлете салыпты.

- Біздің барып айтқан көңілімізге сол жөнін айтты! - деді Өкенбай. Бұл қазаға балаларының бірін де жылатпапты. Үлкен үйіңе көшіп келіп алды да, шекара ашылысымен шешесін қолтықтап, туған еліне кете берді. Әйтеуір, балаларымен түгел аман өтіпті! - Өкенбай мұнан соң інімнің жөнін еселеді. - Биғаділіңнің Сәрсенге арнаған кегі сол қазадан өрлей түсті. Үйімен бірге кетпей қалған себебі сол. Сертін маған бұрын айтқан. Сені өлді деген бірінші реткі хабар таралысымен, Сәрсенді бауыздап өлтірген екен. Соңынан қалмай ізіне түсіп алған қызыл қорғаушыларға гранат тастап сегізін сұлатқан соң өзіне оқ тиіпті. Қаза болғанын сол кеште естіп, сүйгеін ұрлап алып қайттық! - деп тоқтатты сөзін.

Қарындасымның жүрегін түсінетіндігім бойынша, күйеу өлімін мен де соның мінезімен елеусізірек қалдыра салдым да, үшінші қазаның жөнін сұрадым.

- Ал, Құрышбектің жалғызы неден кетті?

- Ол Биғаділден кейінірек өлді, -деп күрсінді Өкенбай. - Алдымен сенің жалаң жабылып, күреске қанша түссе де мойындамай қойып еді. Мәдениет топалаңында ол қалпағының үстіне «қашқындардың шекараға жетуіне көмектескен. Шужұңжуидің тапсырмасымен қалған» деген бір жойқын қалпақ үстемелеп киіліп, асқындырған мылқау күрестің тепкісінен өлді!..

Ашыныстан солқылдай қалғанымда, дастарқан жайылып, құран оқылды. Соңынан Шәкен басқарып шай құйды.

- Бұл естігендерің өз жақын туыстарың ғана! - деп Өкенбай жымия қарады маған. - Ал, сенімен таныстығын-достығын бұрынырақ жариялап, мақтанып қойып, тозаққа өздіктерінен ілініп өлген таныстарың тіпті көп. Оның бәрін айта берсек, бүгін біте қоймайды. Өзің әрең келгеніңде шаршатпай қоя тұралық. Бір сөзбен айтқанда, солардың «құныкері» де сенсің, Биғаш! Сондықтан марқұмдардың тілек-мүддесі үшін өзіңді мықтап ұстап, денсаулығыңды құртпай сақтауың шарт! Шешең мен қарындасың бізбен қоштасып кетерінде саған осыны айт деп тапсырған. Біздің де сенен күтетін үмітіміз сол!

Тәкен өзінің таңертеңгі айтқан «қазіргі өлу деген арзан, көру қымбат» деген сөзін осы айтылған көңілдерге жалғастыра қайталап келіп, бұл кісілерді тойға шақыртып келгендігін жариялады. Ым қақты сонсоң есік жаққа қарап. Кәдімгі үлкен тілеудің «ақсарбасын» Шәкен жетектеп кіріп, бата тіледі. Тағы да үлкен қариямызға ымдап орындаттық.

- Осындай оңаша отырғанымызда айтып қояйын, - Тәкен тағы жалғастырды сөзін. - Мұнда басқа, сырт адамдардан да қыдырыстап келе қалатындар болып қалар. Қазірден бастап Биған ағаның аты аталмасын, «Жәйірден келген құдамыз Жалқыбек» деген кісі осы болады. Және бұл кісіден бүгін әңгіме талап етіп, бастан кешкендері жөнінен ештеңе сұрамаңыздар! Ожаң ақсақал екеуміз естідік. Әрқайсыныңызға сөйлеп береміз, уағдамыз осы болсын!

Бәрі құптады бұл уәдені. Отырысымыз «құдалық келісім» тойының қуанышты жиынына айнала кетті. Көл-көсір жасалған мол дастарқанның шайын іше отырып, Жантық ақсақалдың жаттамалы ғибрат өлеңдерін тыңдадық. Күй шертілді, домбыраға қосылып ән шырқалды. Ауыл-үйден әркім кіріп, үлкен үй тола бастады. Жат адам кіргенін білдіретіндей «құда» атым аталмаған соң қатарымда отырғандардан күбірлеп әркімді сұрастыра отырдым. Бұл сұраған адамдарымның ішінде Құрышбек  көне үкіметтің басына салған шойын қыспағынан болған көне аурудан өліпті де, оның досы Құлыпкер Қали жаңа үкіметтің тізеге қаққан шегесінен өліпті. Наурызбай қожа үйінде ясыту намазын жасырын оқып тұрғанында қызыл қорғаушылар кіріп келіп, мойнына шалма тастап сүйретіп, өлігін Маралсу жағасына тастап кетіпті. Осы Дөрбілжінде бірге оқыған екі сабақтасым түнде өз үйлерінде Қазақстан радиосын тыңдап жатып ұсталыпты да, тағы да сүйретіліп барып, көшеде қалыпты. Сұраған тағы бір көне сабақтасым, «үш аймақ төңкерісінде офицер болып, екі ханзу өлтірген» деген фактке, атысқан гомендаң әскерін өлтірдім деп мойындаған екен. Күреске тартылмай, қысымға алынбай жүріп-ақ, көшедегі ағаш бұтағына асылып қалыпты. Ең зерек оқыған аяулы сабақтасым - Ғизатолла Алыбеков Қобықта аудандық үкіметтің кеңсе батсығы болған екен. Күреске тартылып, «жерлік ұлтшыл» деген қылмыстан дәлелмен құтыла бастаған шағында терең құдыққа түнде тоғытылып өліпті....

- Тосын ажал, ыңғай түнде ұрланып жететін болған ба, қалай? - деп күрсіне қарадым Өкенбайға. - Үріп хабар беретін иттеріңіз де «төңкерісші» болып кеткеннен сау ма?

- Жоқ, иттеріміз ашық «кері төңкерісші» болып, алдымен қырылып біткен. Өкенбай күле жауап қатты. - Түнде жортатын екі аяқты иттер, өздерінің төңкерістік міндетіне кесір бола берген соң, қожаларына «құралды кері төңкерісші» деп шағыстырып, алдымен сол жарықтықтардың тұқымын құртқызған. Сенімді күзетшілерімізден солай айырылып, саңырау болып қалғандығымыздан, ыңғай түнде қолға түсетін болдық! Қолға түнде түскен «кері төңкерісшілердің» жәркемделуі тіпті оңай екен. Сұрақ-тергеу, күрес жиындарын ашып әуре болмай-ақ, «қылмысын жасыра кету үшін қашып шығып, өзін-өзі өлтіріп алды» дей салады. Тіпті кейбірін көміп тастап, Советке қашып кетті деген үлкен жаланы өрбітеді де, бала-шағасын тергеп қинайды. Олардың қарсы дау көтергенін «партияға қарсы» деген үкіммен қолға алады...

- Бәрі, бір сөзбен айтқанда, тұқым құрту ғой баяғы! - деп ақын Жантық Өкенбайдың ар жағынан күңгірледі. - Ашаршылық пен қыспақтан құтылу үшін өз еліне кетпек болғанын қашқын деп жазалап, қашпай шыдағандарын «міндетпен қалды», «көмілген бомбы» деп жазалап жатқаны, түгелімен сол саясат емес пе!

- Сөйтіп, қудалап, қыспақтап шыдатпай үркітеді де мұнда қалған мал-мүлкімен ішкеріден шақырып алған көшпенділерін байытады! - деп Өкеңнің кемпірі ашық даңғырлап жіберіп еді. Шалы күлкі үшін зекіді оған:

- Үй-үй, кемпір, қыса сөйлесеңші! Маңдайыңа мен де симаймын-ау осы! - дастарқандастар қарқылдай күлгенде, мен кемпірінің айтқанын өзінен анықтай сұрадым:

- Ана жылғы қашқандардың мал-мүлкі қалып па еді?

- Олар асығыста, әйтеуір басымыз құтылса болды деп жалаңаш-жалпы соқа бастарын ғана әкеткен. Олар кетіп жатқанда келімсектер дайын үйлерге кіріп-кіріп алып, кілем-алаша, сырмақтарын, сауын сиыр, шулаған қаз-үйрек, тауықтарын таласып иеленіп жатты. Бұрынғы иелері сатуға рұқсат ала алмайтын сүт пен жұмыртқа, тауық, үйректерді сол батырлар сатып, қазір қала мен қыстақтардың ауқаттылары түгелімен сол келімсектер болып алды. Үкіметтің қашпаған жерліктерді «шеге», «бомбы» атап, әлі де қорқытып жатқан себебі - содан дәніккендігінен. Қалғандары тағы да үрке жөнелсе, жаңа байлар мал-мүліктерін тағы да бас салмақ!

- Ал, "құда", - деді Тәкен маған қарап, сырттан сенімсіздеу біреулердің келгендігін сездірді. -  «Ауылдың алты ауызы» түгіл, алпыс ауызы айтылып болды. Ендігі кезек сізге келген шығар, «қонақ кәдесі» дейтін бар ғой!

Үнімнен танылып қалмайын деген оймен кеңсіріктете жауап қайырдым:

- Мен, қонақ емес, құдамын ғой, өздерің қыз бер деп қолқалап шақырып әкеліп, оның үстіне ән мен күй сұрасаңыздар, нысапсыздық болмай ма! Қане құда, құдағилар, өздерің төрелік айтыңдаршы!

«Құда-құдағилар» күле құптады кеңсірік жауабымды.

Жазған құлда шаршау жоқ, бүгінгі той қызығы түгел өзімізден! - десті.

- Олай болса, мына бас құдадан басқа, осы кәрілеріңнің бәрі өнерлерін көрсетсін! - деп кәңгірледім. - Өзім пұшық болсам да, нарықтарыңды айыра алатын кісімін!

Ду күлді үй іші.

- Нарық айырыспақ болсаңыз, құдамыздың өнерін біздің де көргіміз келеді, айтысамыз! - екі кемпір ыңғайлана қалды.

- Құда болуға менің өз нарқымды да танымай қолқалаған болсаңыздар, ісіміздің асығыс, әлі де шикі болғаны ғой, олай болса құда деп атасуды қоя тұралық!

- «Қозы Көрпешті айта алмаған бұзып алады» деуші еді. Сынықтан сылтау іздетпей қоя салыңдар енді! - деп Жантық шал домбыра алды қолына. - Құда үшін талаптарыңды мен-ақ орындап берейін! Бір ұзақ қиссаны бастай жөнелді сөйтіп. Аңдушының сұқ көзінен мені аулағырақ қалдыру үшін тапқан амалы екендігін түсініп, кеселді құданың әдетімен шалқалай жатып ап тыңдаған болдым. Бір қызылсары көсе есік жақтан маған үңіле берді. Дүзге шыққанымда масша тәнтіректеген болып ере шықты соңымнан. «Құда-құдалап» алды-артымды орап, ентелей түсті. Осындайда сөзге тартып, жөн сұрамақ сияқты. Дәретханаға жақындай бергенімде ауыл жігіттерінің біреуі келіп, жеңінен тарта жөнелді.

- Маспысың, үй! Дәретке бара жатқан кісінің соңынан ит қана еретін! - осы сөзбен титығына тиіп, қақпадан шығарып әкеткен сияқты еді. Мен қайтып келіп үйге кіргенімде, босағаға келіп тағы да орналаса қалыпты. Қашан той тарқағанға дейін сол орнынан қозғалмай маған қарады да отырды. Дастарқанның соңғы батасындағы «кеткенің келе берсін, кемтігің тола берсін!» деген тілектен басқа ол сезетіндей сөз шықпады туыстардан. Әрең көріскенімізге жарай сөйлесе алмағандықтарына күрсініп, маған жалтақ-жалтақ қарап тарасты. Ал, тыңшының өзі де құлағына іле кетерлік ештеңе таба алмағанына көңілсізденіп шықты. Оны өзінше мас болған кейіппен жас жігіттер қоршап-желкелеп бара жатқанын Шәкен айтып кірді.

- Бұл - осы маскүнемдік бейнемен тіміскілеп жүретін нағыз жалданба тыңшы! - деді Тәкен. - Айлығы елу сомдық тыңшылардан осындай бірқаншасы бар. Күмәнді адам тауып ұстата алса, көбірек нәпақа алады екен. Бүгін бұл үйге қалай келе қалғаны жұмбақ!

- Жоқ, бұрын да терезеден анда-санда сығалап кететінін естіп жүргенмін, - деп Шәкен ағасының күдігіне түзету айтты. - Қай үйде қонақ болса, сол үйді табады. Арақкештігі недәуір үдеген, адам сатып арақ табудан басқа қамы жоқ, әйелінен айырылған бойдақ тыңшы.

Ертеңіне кеште үйіне Өкенбай шақыртып еді. Оның үйі әлі де төмен, «Күрті көшесінің» аяғында екен. Оразиман қарт қалып, екі велосипедпен Тәкен екеуміз ғана бардық. Кешегі тойда бірге болған шал-кемпірлер шанамен бізден бұрын келіп алыпты. Қойға батаны маған істетті. Қаладан тым шеткері, оңаша үйге барған соң бейғамсып, ашық сөйлесе беріппіз. Үрімжі ахуалынан, өз жайымнан сұралған сұрауларға да бүркемесіз жауап қайыра беріппін. Шай дастарқаны жиылған шақта Шәкен келді. Әтірет жұмысы шығып қалғанын айтып, ағасын қайтарды да, орнында өзі қалды.

«Құдалық» дегенді ұмытып, ашық әңгімелесіп отырғанымызда аула сыртынан қаратылған терезеден біреулердің қатқыл үнмен сөйлеген дыбысы естілді:

- Сен кім? Неғып отырсың мұнда?

Күңгірлеп қана жауап қатқан біреуінің сөзі естілмеді. Үй иесі терезеге барып қарап біраз тұрды да, ыңылдап ояна қайтты.

- Өзіміздің балалар ғой. Мас біреу құсып отырған сияқты. Алаң болмаңыздар оған! - дей салды, сөйтсе де. - Тағы да солай болды-ау осы! - Орнына отырып, жай ауыл әңгімесін сөйлей берді. Кешегі көсе сары, сәлем бере кіріп, есік жаққа тағы да отыра қалғанын көрмегенсіп, мүлде елеусіз қалдырды. Терезе сыртынан жаңағы тыңдап отырған осы екендігін сезсем де, сақ Өкеңнің оны елемегенси қалғанына қарап, мен де жастыққа қаперсіз шалқалап отыра бердім. Мұны сыртта тергеген жігіттердің үйге кіргізе салуында да сыр бар сияқты. Дастарқандастар әңгімені Өкенбайдың ыңғайымен жүргізді. Сөйтсе де, сақтықпен тізгінделіп, сараң сөйленіп отырды. Көсе сарының көзі менен ауар емес. Есік жақта бұрыннан отырған қонақ күтушіден менің кім екенімді сұрағандай болды. «Жәйірден келген құдамыз» деп қана қойған күтушіден күбірлеп сұраған тағы бір сұрауына, «Жалқыбек» деген жауап алды. Үй маңайы жым-жырт. Қауіпті бір жайт болса сырттағы қорғаушымнан бір дыбыс келсе керек еді. Көсе сарыға қарамағанымен Өкеңнің құлағы да түрулі екендігін біліп отырмын. Қою бурыл мұрты жыбырлап қояды. Дастарқандас шалдар қарасып қойып, биылғы коммуна «табысын» әңгімелей берді. Демін ішіне тартқан төңірек, құйын боран күтіп тұрғандай, елегізіте берді мені.

- Құда, Жәйірдің қысы қалай болып тұр? - деп үй иесі маған жымиып қарай бере, бергі көзін қысып қалды. «Қауіптенбе» деген ишарасы екендігін ұқтым.

- Таудың биылғы қысы суық, қары тым жұқа, - үнімді тағы да мұрныма жібере жауап қаттым. - Аз жауып, үскірік айдап тұр! Мына қалпында жазда Жәйірге шөп шыға қоймас! - Кемпірлердің күлкісіне қарағанда жауабым мен үнім келісім тапқан сияқты.

Ет ертерек түсіп, табақ тартылды.

Біз де тез қарбытып, тарап кетуге асыға кірістік. Көсе сары табаққа шақырылмады. Әлгі момын күтушімен бірге шағын ғана табақта отырып, тағы бірдеме сұрағандай болды. «Осы кісі Биғабіл ағаға ұқсайды ғой?» деп сұрағанын күтушінің жауабынан ұққандай болдым. «Биғабіл пұшық па еді, не оттап отырсың өзің?», «Е, оқыс болса... күресте мұрын түгіл көз де шығады ғой!» -  деп ашық күлді көсе сары. Өкенбай жымиып қана басқа сөз қозғай берді. Өңінен ешқандай өзгеріс көріне қоймағанынан қуат тапқандаймын.

Бата істелген соң көсе сары тәлтіректей басып шығып кетті. «Мынау енді сақшыға жетер» деген күдік асықтырып, Өкенбаймен қоштасып шықтым.

- Ертең тағы да көрісіп қалармыз! -  деді Өкең, менің қолымды қысып. - Сөйтсе де сақтықта қорлық жоқ. Әйтеуір қайда жүрсең де аман болуыңды ғана тілейміз, бауырым! - дегенінде үні сәл дірілмен жыламсырай шықты.

Шәкен екеуміз велосипедке міне жөнелдік. Көше жолы тайғақ еді. Былай шыққан соң тіпті тайғанай берді велосипед. Түсіп жетектей аяңдадық.

Қараңғы көшенің бір бұрылысынан өте беріп, қайырылып тұра қалдым. Арт жағымнан бір көлеңке көріне салып тығылды. Шәкен алдыңғы жағымда, жол бастап барады. Екінші бұрылыстан өте беріп тағы да жалт қайырылдым. Әлгі қара көлеңке теректер далдасымен соңымыздан әлі де баспалап еріп келеді екен. Ағаш далдасына тағы да тығыла қойды. Тұрқы да, шолақ қара бешпетті киімі де сол көсе сары. Менің бүгін қайда түнерімді білмек сияқты. Велосипедімді бір терекке сүйей сала мен де далдаландым. Қап-қараңғы иен көшеде жайғап тастап кетуге ыңғайланып тостым. Алдымдағы Шәкен де тоқтап қарап тұр екен. Жүре бер дегендей қолымды сермеп қалғанымды байқамады. Көсе сары жасырынған тұстан ыңқ ете түскен дыбыс естілді де шалқалап барып құлай кеткені көрінді. Шәкен жүгіріп менің қасыма жетіп келді. «Кім?», «Көсе сарыны сыртынан біреу соғып кетті!», «Олай болса, жүріңіз, тез кетелік!», «Асықпа, не болғанын біле кетелік!»

Жығылғанның арт жағынан екі адам шыға келді де, екеулеп дағарға тықты. Бірі арқасына молырақ бірдеме жамыла сала арқалай жөнелді. Тыңшы сеспей қатқан екен. Күншығыс жақ шетке шығатын қысқа көшемен әкетті. Біздің қарсы тұсымыздағы терек далдасынан сөйледі біреу: «Тәйни екендігі бүгін толық анықталды. Тезірек жүріп кетіңіздер!» Осыны айта сала, көше теректерінің сыртымен тасалана жүгіріп, әлгі өлікті әкеткен жаққа жөнелді. Бұлар да екеу екен. Бізге танылғысы келмегенін түсініп, велосипедке міне зыттық. Алдымыздан бір бұрылыстан өте бергенімізде терек далдасынан тағы да екеуі шыға жөнелді. Бұл екеуі бізді көрмегендей іспетпен, жаңағылар кеткен жаққа жүгірді...

Біз үйге алқына жеттік. Болған оқиғаны Тәкенге інісі сыбырлай сөйлеп баяндады.

- Советке сақшы тәйнилерінен тағы біреуі «қашты» деші! - Тәкен жымия күлді бұл өлімге. - Бұларды аттандырып жүрген - балалар екен-ау! Жә, шешініп отыра қалыңыз! - деді маған қарап.

Келіндер мен балалар қарсы үйге жатып ұйықтап қалған сияқты. Дастарқанды Тәкеннің өзі жасап жіберіп, дайындап қойған қуырдақ пен арақ құйды.

- Мұндай іс бұл қалада бірнеше рет өтті, -деп күбірледі Тәкен. - Сақшы жақ жасырып өлтірген «кері төңкерісшілерін» Советке қашты дей салатын болған соң, олардың тәйнилерін жастар жағының «Советке жөнелтіп» жатқаны ғой. Сіз қауіптенбеңіз, қорғаушы-күзетшіңіз мол көрінеді. Не істеу керектігін солардан келген хабарға қарай көресіз!...

Ұйқыдан біз оянғанда күн шығып келеді екен. Оразиман қарт кіріп, шайтан арбалы бір бала жігіттің мені Ақсуға шығатын жол аузында күтіп тұрғанын айтты. Апыл-құпыл киіне салып қоштастым. Егер Іле жақтан өте алмайтындай болсам, жаз шыға қайтып келетіндігімді айтып, велосипедті ауыз үйден жетектей шықтым. Қарт жылай тұрып, ықыласқа толы батасын беріп ұзатты.

Ақсудан еріп келген қорғаушым мені көре сала велосипедіне мініп, келген жолымызбен ағыза жөнелді. Асығу қажеттігін түсініп, ере ағыздым. Сөйлесіп, түндегі оқиғаның жөнін айтар түрі жоқ. Бүйрек бетті қоңырша, жап-жас жүзі томсарулы болған соң мен де сұрай қоймадым.

Әке-шешесіне, енді өз жолыма түсетіндігімді айтып қана шай ішіп, Жәйірден киіп келген киімімді кие қоштастым. Маған қорғаушы болған ұлы ләм демей жымиып, қолымды қатты қысып аттандырды. Мені ұзата шығып тұрған әке-шешесінің алдында сырын тіпті жасыратын түрі бар. «Көп жаса, рахмет саған!» деп қана алғыс айттым.

Азыкен аттарды недәуір күтіп баптапты...

Көреген тергеушім, осы балалардың көз ашып көргені, сіздердің тәрбие ғана ғой. «Сасық зиялы» болып кетпеулері үшін өз кереметтеріңізді ғана төрт-бес жыл оқытып, малданбақ болғансыздар. Біздей жүген-құрықсыз оқығандар жойылған соң, дүниеде ата-анасын да білмейтін мәңгүрт-жарымес құлымыз бен малымыз ғана қалады деп, таза-иісмайлы зиялылықпен-ақ тәрбиелеп едіңіздер. Іс жүзінде сіздер жойған ұлтшыл-кері төңкерісшілердің мың еселеп көбейгендігін тәңірлеріңіз де түсінбей өлді-ау деймін. Мәңгілікке бұт-бұрқан болдым деп хрустал әйнек ішінде қаперсіз кердиіп жатқан жатысынан-ақ белгілі ғой.

Қылмысқа кеңірдегімнен малып қойсаңыздар да, сіздерге арнаған, өз денемнен әлдеқайда зор алғысым барлығына сенбессіздер. Сонда да айтайын, біздей арам шөпті тамырымен жұлып, тұқымын құрттық деп жүріп, бүкіл халықты барлық ұрпағымен менің жетілген ізбасарыма айналдырып бергендіктеріңіз үшін, өздеріңізді айландырып жүрген апаттардың бәрінен де борыштырақпын!

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»[1]

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 503
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 261
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 286
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 285