Жұма, 26 Сәуір 2024
Қауіп еткеннен айтамын 5813 33 пікір 26 Мамыр, 2022 сағат 13:14

Ресейліктер Қазақстанға қаптап жатыр...

Қалай тоқтатамыз?

Өткен аптада Алматы қонақ үйлерінде бос орын болмады. Бірнешеуін арнайы аралап шықтық: естігеніміз – «Орын жоқ!». Қонақ қабылдау сыйымдылығы ең мол және жамбасақысы қымбат «Қазақстан» қонақ үйінде бос орын болмаған соң, басқаларынан не қайыр?

«Неге? Алматыға қонақ толып кеткені қалай?» – деп сұраймыз тіркеушілерден. «Ресейден орыстар қаптап келіп жатыр...» – дейді олар жағдайды түсіндіріп.

«Олар демалыс күндеріне ғана келген бе?».

«Жоқ. 10-15 күнге, тіпті бір айға орын алғандар аз емес...».

Осы қысқаша диалогтан ресейліктердің Қазақстанға ағылып келіп жатқанын аңғару қиын болмаса керек. Тіпті, өткен аптада орыстың атақты әншісі Лев Лещенконың Қазақстанға келіп, банкіден шот ашу үшін ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) ашқаны жөнінде желілер жаппай жазды.

Расында да жағдай нақ осылай ма?

Иә, ресми ақпаратқа қарағанда, Ресей Украинаға соғыс ашқан ақпан айынан бері Қазақстанға 160 мың ресейлік келген. Ал биресми ақпарат бойынша, «соғыстан қашқан» ресейлік орыстардың мөлшері 250 мыңға жуықтаған.

Ал Қазақстан құрамына енген Еуразиялық экономикалық одақтың шарты бойынша, біз бұл жөңкіліске қарсы қайла жасай алмайды екенбіз: екі ел арасында «виза» режимі жоқ, одақ азаматтарының екі ел арасындағы жүріс-тұрысына шектеу қоюға болмайды.

Ендеше, өз елінің опасыз окупациялық соғысынан қашқан орыстарға қалай тоқтау жасауға болады? Олардың бір қатары ертеңгі күні Қазақстанда іріткі салатын «зеленный человечектерге» айналып кету қаупі жоқ па?

Бұл сұрақтарға әзірге жауап беретін ешқандай мемлекеттік орган жоқ. Әйтеуір «Азаттық» радиосы таратқан хабарған қарағанда, «қазақстандық банктер санкция қаупіне байланысты ресейліктерге төлем карталарын беру тәртібін қатайтты. Кейбір банктер жұмыс орны мен ықтиярхатты (Қазақстанда тұрақты тұратын шетел азаматтарына берілетін құжат) талап ете бастаған. Қаржы ұйымдары карталарды жөн-жосықсыз тарата берсек, санкцияға ілініп кетеміз де деп қорқады» деп хабарлады «Азаттық» жергілікті КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Экономист Арман Бейсембаевтың айтуынша, санкция тізіміне ілінген азаматтарға карта беріп қоймас үшін, өтініш берушіні толық тексерістен өткізу – қалыпты процедура. «Егер сіз санкция тізімінде бар Ресей азаматына есеп-шот ашсаңыз, оған барлық функционалды пайдалануға мүмкіндік берсеңіз, онда сол банктің есепшоттары бұғатталуы мүмкін. Бұл өте қауіпті», – дейді экономист.

Сонымен бірге, «Ресей Украинаға басып кіргеннен соң, Батыс санкциялары салынған ресейлік компанияларымен Қазақстан тарабы өте сақ жұмыс істеп жатыр», дейді Eurasianet басылымы. Қазақстандағы Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі Ресейге санкциялар салынғандықтан, Магнитогорск металлургия комбинатына өнім жеткізуді тоқтатқан екен.

Әзірге осының өзін дәтке қуат етуден басқа амал жоқ. Ал ресейліктердің ағылып келуіне байланысты қазақстандық мемлекеттік органдар не айтар екен?

Ермұрат Бапи

«DAT»

Abai.kz

33 пікір