Жұма, 30 Қыркүйек 2022
Ақмылтық 2107 14 пікір 19 Мамыр, 2022 сағат 12:52

Бір қайықтағы алтау...

Осы аптада Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) мерейтойлық саммиті өтті.

Бір қарасаңыз, өркениеттік қисынға салсақ, Совет Одағының шинелінен шыққан елдерді біріктіретін ұйымдар біртіндеп келмеске кетуі керек еді ғой. Және де ол процесті Ресейдің аннексиялық құбыжық саясаты жеделдетіп жібергені де мәлім.

Бірақ ҰҚШҰ неге әлі тірі? Неліктен оның құрылтайшылары одан бас тартқысы келмейді?

Соны сараптап көрейік.

ҰҚШҰ, ең алдымен, Ресейге керек.

«Ежелгі орыс жерлерін жинақтаушы» ролін өз мойнына алған Путиннің неоимпериялық, басқыншылық саясатына бұл ұйым дөп келеді. Күштінің дүмі диірмен тартады, кешегі метрополияның ұйым құрамындағы басқа елдерге сөзі өтіп-ақ тұр! Бәрі формальды түрде терезесі тең, тәуелсіз мемлекет болса да, Кремльдің мысы басып тұратыны анық сезіледі. Және де ол бәрін өзіне жіпсіз байлап қойғандай. Әртүрлі тәуелділіктерімен – мұнай мен газ, электр қуаты, қаржылай көмек, әскери қару-жарақ пен техника, «орыс әлемі» факторы – өз уысында ұстап отыр.

Экономикасы мен әскери саласына, соның ішінде Әзірбайжанмен таусылмас тарихи тартысында қол үшын беріп жатқаны үшін оған Арменияның алғысы алабөтен.

Өткендегі сайлау кезінде халқы бас көтерген кезде, билігін сақтап қалуға көмектескені үшін Лукашенко оған «ләббай, тақсыр!» деуден танбай келеді.

Ішкі және сыртқы тірлігінің мықты демеушісі боп отырғаны үшін оған қырғыз ағайын қатты риза.

Сыртқы қаупі төрткүл дүниенің тынышын алған тәлібтермен шекарасын күзетіп жатқаны үшін Тәжікстан оған тағзым етуге дайын.

Жеті жарым мың шақырым ортақ шекарасы, екі елде өз диаспоралары бар, орыс сепаратизмі қаупінің бұлты сейіле қоймаған, экономикалары біте қайнасып кеткен Қазақстанның да таңдауы шектеулі.

Тағы бір факт – әзірше бұл елдердің саяси басқарушы элиталарының да шыққан тегі бір (сынықтан басқаның бәрі жұғады, халықтық революцияның арқасында билікке келген көтерілісші Пашинянның өзі біртіндеп авторитарийге айналып бара жатқаны да рас). Толстойшаласақ, барлық авторитарлық билеуші бірдей бақытты да, әрбір билеуші - өзінше бақытсыз. Бақсақ, олардың өзара табысатыны тілі де, демократияға қарсы ділі де ұқсас. Сондықтан да олар бір-бірін іздейді, бір-бірімен ұжымдасуға құштар.

Ең бастысы – ҰҚШҰ-ға мүше елдердің авторитарлық басшылары ертеңгі күні өз бастарына күн туғанда дәл осы ұйым тарапынан әскери көмек келетінін біледі. Бір қайықтағы алтаудың тағдыры да, болашағы да бірдей болып тұр.

Сол тұрғыдан алғанда, базбіреулер сүйінші сұрап, «ҰҚШҰ тез арада тарайды!» деп, бөркін аспанға лақтыруы әлі де ертерек сияқты.

Ол үшін осы ұйымға мүше елдердің ішкі ахуалы, ондағы биліктердің тұрпаты өзгеруі шарт!

PS. Кейбір ақпарат көздеріне сенсек, осы жолғы кездесуінде біздің президент Путинге ресейлік саясаткерлердің Қазақстанның Тәуелсіздігі мен жер тұтастығына қарсы шәуілдеп, арандатуын тоқтату қажеттігі туралы айтса керек.

Ол да дұрыс болған екен. Оны да жақсылыққа балайық. Бәлкім, еліміздің постсоветтік шарттылықтардан біржолата құтылып, шынайы Тәуелсіздікке қол жеткізудегі алғашқы қадамы осы болар...

PS 2. Өз басым сыртқы саясаттағы асығыстық пен радикализмге қарсымын. Сондықтан да Қазақстанның өз көршілерімен, соның ішінде, Ресеймен достық қарым-қатынаста болу қажеттігін түсінемін. Бірақ ондай байланыстар тең дәрежелі болып, ешбір тәуелділіктерге әкеп соқтырмауы тиіс!

Әміржан Қосан

Abai.kz

14 пікір