Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2335 0 пікір 7 Қараша, 2012 сағат 09:10

Жігер Қайратов. Кедендік одақ: кім төлесе – сол қожайын

Өткен, 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан, Беларусь және Ресей Федерациясы арасындағы Кеден одағы жұмыс істей бастады. Алғысөздерді шұбыртпай, осы интеграциялық құрылымның Қазақстан үшін қаншалықты пайдасы бар дегенге тоқталып көрелік. Өйткені, мәселені көп айтсақ та шынайы талдаған адамдар саны аз. Білікті адамдардың бәрі де президенттің «пайдасы шаш-етектен, тауар айналымы өсті» деп жасайтын мәлімдемелеріне қарсы келмей, үнсіз бас шұлғиды. Ал біліксіз топ құр бақырғаннан басқаға өрісі жетпейді.

Өткен, 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан, Беларусь және Ресей Федерациясы арасындағы Кеден одағы жұмыс істей бастады. Алғысөздерді шұбыртпай, осы интеграциялық құрылымның Қазақстан үшін қаншалықты пайдасы бар дегенге тоқталып көрелік. Өйткені, мәселені көп айтсақ та шынайы талдаған адамдар саны аз. Білікті адамдардың бәрі де президенттің «пайдасы шаш-етектен, тауар айналымы өсті» деп жасайтын мәлімдемелеріне қарсы келмей, үнсіз бас шұлғиды. Ал біліксіз топ құр бақырғаннан басқаға өрісі жетпейді.

Алдымен ресми статистикаға жүгінейікші. Бір қызығы бір жылдың, яғни 2011 жылдың 1 шілдесінен 2012 жылдың 1 шілдесіне дейінгі деректерді Статистика агенттігі ешқайда жариялаған жоқ. (Осының өзінен-ақ біраз сырды аңғаруға болады). Сондықтан тек үзіп-жұлып жарияланған деректерге ғана малданамыз. Сонымен, 2012 жылдың қаңтар айындағы мәлімет бойынша Қазақстанның Кеден елдерімен өзара тауар айналымы 1 млрд. 475 млн. долларды құрапты. Бұл өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 12,9 пайызға артық. Бірақ, қуанбай тұра тұралық, өйткені экспорт 487,5 млн, өсімі 4,5 пайыз ғана, ал импорт 988 млн. өсімі 24,1 пайыз. Бұл - Қазақстанға Ресей мен Беларусьтің Еуропаға шығаруға жарамайтын, ондағы бәсекелестікке қабілетсіз, сапасыз тауарлары ағылды деген сөз. Енді, күнделікті дүкенге қараңыздар. Бір уақытта шетелдің сабын, сусабын, иіссу, (тіпті қағазға дейін) т.б. сапалы туалеттік бұйымдарына қолымыз жетіп, мәз болып қалсақ, енді Ресейдің сапасыз, иісі жағымсыз сондай тауарларына душар болып қалдық. Тамақ өнімдері де сондай. Ең ақыр аяғы латыштардың шпротын да ала алмайтын болдық, оның орнында орыстың бүлініп, иістеніп кеткен балықтары жатыр. Статистиктер Ресейден келетін тауарлардың арасында минералды өнімдер 30,5 пайызға артқанын айтады. Бұл тұз, күкірт, минералды сулар, фосфор және т.б. деген сөз. Осылардың бәрі өзімізден де шығып, ішкі рынок түгілі сыртқа шығаруға жетіп артылатын дүниелер. Ал олардың Ресейден келіп жатқан себебі, біздегі осындай өндірістерді ресейліктердің басып кеткендігінің көрінісі. Өзіміздегі өндірісті қолдайтын жалғыз рычаг - кедендік тарифтер еді. Соны көтеру арқылы сырттан келетіндерді қымбаттатып, өзіміздің тауарөндірушіге бәсекелестікке төтеп бере алатын жағдай туғызатынбыз.  Қазір ол бізде... мүлде жоқ.

2012 жылдың қаңтар-ақпан айларындағы мәліметтерге қарағанда кеден одағындағы әріптестерімізбен сауда айналымы 3,1 млрд. доллар болған, соның ішінде экспорт 977 млн., ал импорт 2 млрд.129 млн. долларға тең. Демек сататынымыздан сатып алатынымыз екі есе көп. Ресей мен Беларусь Қазақстан рыногын жоғарыда аталған сапасыз тауарларымен толтырып тастаған. Бұл тенденция уақыт өткен сайын ұлғая түсуде. Барлық азық-түлік өнімдері де солардан келетін болды. Соның ішінде ет және ет өнімдері 3 есе, қант 23 есе артқан. Бұл позициялар бойынша Қазақстан көршілеріне ештеңе де сата алмаған, өйткені, олардікінің бағасы төмен. Ол ол ма, сатып алынған  дизельдік отынның өзі 6,5 есе, мазут 30 есе артқан. Әлгі, мұнай шығаратын елміз, барлық мұнай өнімдерін экспорттайтын болдық деп мақтанатынымыз кәне? Ресей етті Аргентинадан алады, оның орнына біз 60 мың тонна ет сатып, оларды біздің еттің астында қалдырамыз деп биліктің мақтанатыны қайда?   Бізде тіпті бензиннің өзін Беларуссиядан сатып алып жатқан фактілер бар. Әрине, біз де сатып жатырмыз ғой. Бірақ оларымыз сол баяғы - мұнай, мыс, астық, күріш сияқты шикізаттар.

Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смаиловтың айтуына қарағанда 2012 жылдың қаңтар-тамыз айларында кедендік әріптестерімізбен тауар айналымы 4,5 млрд. долларды құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 12 пайызға төмендеген. Ал экспорт, яғни біздің өнімдерімізді алу тіпті азайып кеткен, оның қаншалықты құлдырағанын Ә.Смайылов айтуға да бата алмады. Қазақтан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің барлық сөздерінде Кеден одағының арқасында тауар айналымының өскенін көп айтады. Соның ішінде қыркүйек айында Павлодарда В.Путинмен болған кездесуінде оның 11 млрд. долларға жеткенін айтты. Бірақ ол тауар айналымы экспорттың мүлде азайып, Ресей мен Беларусь импортының өсіп жатқандығының есебінен ғана шарықтап жатқанын ауызға алмайды. Қазақстандық тауар өндірушілердің өз өнімдерін сыртқа шығаруы төмендеп жатқандықтан, ішкі рынок қорғаусыз қалғандықтан қаншама кәсіпорындар жұмысын тоқтатып, жұмыссыздықтың көбейіп жатқанын, соның кесірінен халықтың әл-ауқаты төмендей бастағанын Президент не білмейді, немесе білгісі келмейді. Оған Қазақстандағы трансұлттық компаниялар мен жергілікті олигархтардың бизнестері жанданса, дамыса, сөйтіп олар күннен күнге үстеме пайда (сверх прибыль) тапса болды, басқа ештеңе керегі жоқ сияқты. Өйткені, өзі де олардың үлкен акционері екені белгілі.

Президент Назарбаев Путинмен маусым айында Астанада болған кездесуде тіпті жылдық тауар айналымын 40 млрд. долларға жеткіземіз деді. Бұл Қазақстанды ресейлік тауарлармен мүлде басып тастауға әкелетінін ағамыз мүлде ойлап тұрған жоқ. Дегенмен, аймақтық тауар айналымдары ессіз-бассыз көбеймей, қалыптасып қалған тәртіппен ғана жылжуда. Мәселен, Қазақстан мен Орынбор облысы арасындағы тауар айналымы биылғы жарты жылда былтырғымен салыстырғанда еш артқан жоқ.

Қазақстанның Ресейдегі елшісі, екі ел арасындағы сауда ахуалын жақсы білетін Ғалым Оразбақов «Российская газета» басылымына берген сұхбатында (29.06.2012 г.): «Наши казахстанские бизнесмены хотели бы везти в Россию продукты питания, которые у нас отличного качества, строительные материалы, изделия кабельной промышленности. А от вашей страны мы ждем технологии и инвестиции, машины и оборудование» деген еді. Бұл қазақ жағының орындалмайтын арманы болып тұр. Ресей рыногына қазақстандық азық-түліктен арақ-шарап қана жетуде. Қалған дүниені олар керек қылып тұрған жоқ. Ал өздерінің артта қалған технологиялары мен жабдықтарын үш еселенген бағаға сатуға оларға мол мүмкіндік туды. Өйткені, қазақстандықтар қазір Ресейлік кедендік тарифтердің жоғарылығынан шетелдік сапалы техникалар мен технологияларға қол жеткізе алмай қалды.

Ұлттық экономика ішкі рынокты азық-түлік өнімдерімен 60 пайыздық үлестен кем қамтамасыз етсе, азық-түлік қауіпсіздігіне үлкен қатер болатынын талай экономистер айтты. Біздің экономикамыз қазір елді азық-түлікпен 30 пайыздан кем көлемде ғана қамтамасыз етіп тұр, қалғанының бәрі Ресей мен Беларусьтан келеді. Демек, азық-түлік қауіпсіздін біз еш қамтамасыз ете алмай тұрмыз, соған жеттік. Сөйтіп, 20 жыл бойы біршама тәуелсіз өмір сүргенде жақсы дамып келе жатқан экономикамыз 21 жылдан бастап құлдырау жолына түсті.

Қайда асығып барамыз?

Кеден одағы 2011 жылдың шілдесінен бастап іске кірісті, арада жарты жыл өтпей жатып 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап ол Бірыңғай экономикалық кеңістікке ұласты, ал 2015 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа жеткізілетін көрінеді. Қайда асығып барамыз? Барлық фактілерге қарағанда біз егемендігімізден айрылуға, ал Ресей бізді қайтадан қосып алуға асығып бара жатқан сияқты. Ресейліктер қазірдің өзінде Еуразиялық экономикалық одақ дегенді «Еуразиялық одақ» деп танып, «экономика» деген сөзді алып тастап, КСРО-ның жаңаланған формасы түрінде танитынын жасырмайды. Өзге емес, Путиннің өзі 2011 жылы «Известия» газетіне берген мақаласында осылай деді. Міне, осындай жағдайда Назарбаев Путинге 2025 жылға арналған экономикалық әріптестіктің стратегиясын әзірлейік деген ұсыныс айтты. Бұл не деген дедектеу? Басып алғысы келген елге бата береміз бе? Әлде Путин асықтырып бара ма?

Еуроодақ елдері өздерінің экономикалық тұрғыдан одақтасуына 40 жылдық дайындықтан кейін ғана қол жеткізді. Ондағы мемлекет басшылары ақымақ емес, керісінше әлдеқайда ақылды адамдар. Еуроодақтың бюджетін құрайтын гранттың жалпы сомасы 105 млрд. еуро болса, соның 21,1 пайыздық жарнасын ең үлкен экономика - Германия төлейді. Одан кейінгі Франция -16,4., Италия -13,6., Ұлыбритания-13,05., Испания-8,5., Нидерланды - 5,3 пайыз және т.б. солай экономикалық қуаттарына сәйкес жарна төлейді. Ешкімнің ешқандай артықшылығы жоқ.

Ал біздің Кеден одағының негізгі жарнасы, тіпті барлығы деуге болады - Ресейдің мойнында. Еуропалықтарға еліктеп одақтың атқару органын бұлар да комиссия  («еурокомиссия» деген сияқты) деп атады. Сол комиссияны 87,97 пайызға Ресей, 7,33 пайызға Қазақстан және 4,7 пайызға Беларусь қаржыландырады. Ұлтүстілік (наднациональный) парламент, министрліктер т.б. да қаржыландыратын Ресей. Адамзат тарихында барлық мәселені ақша шешетіні белгілі, «кто платит - тот и заказывает музыку» дейді орыс мақалы да. Ендеше барлық шығынының 90 пайызға жуығын Ресей төлеп отырса ол одақ кімнің мүддесін ойлайды, ең алдымен кімге бүйрегі бұрады, соны ойлап көрдік пе? Әлемнің еш түкпірінде мұндай «одақ» көрмейсің, бұл тең елдердің өз еріктерімен бірігуі (тіпті экономикалық болса да) емес, іс жүзінде Ресейге Қазақстан мен Беларусьтің қосылуы болып табылады. (Егер, барлық шығындарды Қазақстан, Ресей, Беларусь - үшеуі - 33,3 пайыздан өтейтін болса, онда бәлки, тең елдердің экономикалық одағы деп ойлануға болар еді). Сондықтан да Ресейлік истеблишмент «экономикалық одақ» дегенді айналыстан шығарып, Еуразиялық одақ дегенді ашықтан ашық қолданатын болды. Олар бұл одақты де-факто Ресей билігіндегі жаңа КСРО деп қабылдауға толық құқы бар.  Мұндай жағдайда біздің тәуелсіздік туралы үніміз жақын болашақта өшеді. Одақтың тілі, ділі, саясаты, экономикасы, тәрбиесі, қалпы - бәр-бәрі қайтадан «ұлы орыстікі» болады.

Еуроодақтың білікті сарапшыларының айтуына қарағанда Путиннің Кеден одағын құру мақсаты - Қытайдың Орталық Азиядағы ықпалына қарсы тұруға бағыталған. Дұрыс. Ол өзінен экономикалық жағынан қуатты, даму перспективасы жоғары, прогрессивті елдің болашақ экспансиясынан қорқады. Біздің президентіміз экономиканы дамытуға алып рынок («170 млн-дық рынок») керек дегенді аузынан тастамайды. Егер оның сөзі шындық болса, Ресей Еуразиялық одаққа Қытайды да тартып алар еді ғой.  Өйткені Қытаймен қосылса 170 млн түгіл 1,5 млрд-тық рынок туар еді ғой. Бұған Қытай жағы еш қарсылық та білдірмес еді. Бірақ Ресей оған ешқашан баспайды. Неге? Өйткені мұндай одақта оның  жұтылып кету қаупі бар. Ондай одақ бола қалса жетекші рөлді Қытай алып кетеді және қытай өндірісшілеріне қарсы орыстар бәсекелесуге дәрменсіз.

Ал біз неге жұтылып кетуді ойламайсыз, өзіміздің өндірушілеріміздің, экономикалық потенциалымыздың Ресейден әлдеқайда әлсіз екенін неге көре алмаймыз, тәуелсіздігімізден айрылып қалу қаупінен неге жасқанбаймыз? Одақшыл болсақ өзімізбен терезесі тең мемлекеттермен біріксек керек еді ғой. Рас, бір кезде Орталық-Азиялық одақ (ЦАС) бола жаздаған, бірақ оны көршілеріміз керек қылмады. Бұл елдердің басшыларының әрқайсысы алдымен өздерінің экономикасын дамытуды, өздерінің мүддесінің орындалуын қалады.

Одақ деген идеяны президент Назарбаевтың басына сіңіріп жүрген Машкевич, Шодиев және т.б. сияқты Қазақстанды теспей сорып, көмір, темір, мұнай, мыс, мырыш т.б. ресурстарын сыртқа тасымалдаумен ғана айналысып, байлыққа шүйігіп жүргендер. Оларға Ресеймен бір одақта болу өте тиімді, өйткені, біздің елден Ресейге шығарғандағы Қазақстанның қоржынына түсетін баж салығынан босатылады. Ал бұл жылына бәлен млрд-таған доллар. Әйтпесе, «170 млн-дық рынок» іздеп, біздің тауарларымыз қамбамызға сыймай жатқан жоқ, өндірісіміз қалт-құлт етіп, жаңа ғана дамып келе жатқан. Авто, вагон және т.б. құрастырушыларымыз да ішкі рыноктан аса алмайтын.

Ал Беларуссияға Кеден одағының керек себебі, еуродақ сарапшыларының айтуына қарағанда, (нақты айтқанда О.Шумило-Топиола): «для Лукашенко, Таможенный союз является способом, чтобы обеспечить выживание своего режима».  Шын мәнінде солай екені даусыз.

Осыдан қалай құтылуға болады?

Бізге өз билігіміз әлі өзімізде тұрғанда бұл одақтан жедел бас тартуымыз керек. Оның сылтауы табылып та тұр. Ресейдің билік басындағылардың едел-жедел «еуразиялық одақ» құрамыз дегені экономикалық одақ құруды мақсат етіп қол қойған барлық құжатқа қайшы келгендіктен, біз өзіміздің Кеден одағындағы және БЭК-тегі қатысуымызды тоқтатамыз деген мәлімдемемен шығуымыз керек. Референдум өткіземіз деп халықты екі жарудың да қажеттігі жоқ. Сонымен бірге Украина, Өзбекстан секілді елдер қосылып, Ресейдің экспансиясын азайтуға болады деп дәмеленудің қажеттілігі жоқ. ТМД елдерінің бәрі қосылса да Ресей бойымен баса береді. Соны білетін соңғылар ондай одаққа аттап баспайды да. Қытай мен Түркия енеді деп ойлау да утопия. Екеуінің енуіне жоғарыдағы себептермен Ресейдің өзі қарсы шығады. Бүгінгі күні-ақ «экономикалық» дегенді алып тастап, таза одақ құруды ойлап жатқан олардан кім болса аяғын тартады.

Біздің Алла берген ең басты байлығымыз - Тәуелсіздік, одан айрылып қалсақ, қайтадан ешқашан өздігімізден ел бола алмаймыз.  Соны ұмытпайықшы.

Жігер Қайратов, саяси сарапшы,

саясаттану ғылымдарының кандидаты

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2118
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2528
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2231
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1632