Сейсенбі, 29 Қараша 2022
Әдебиет 3416 12 пікір 12 Мамыр, 2022 сағат 12:17

Кене Ханның кегі. Мәміле

Жалғасы...

Басы: Кене Ханның кегі 

Жалғасы: Кене Ханның кегі. Шабуыл

Шолжаңдаған шора мен шоңдары және тұтас бір рулы жұрт ашулы қазақтардың айдауында кетіп бара жатқанын көрген елдің игілері мен бишікештері соңдарынан түре ілесіп, ағайындарына араша сұрады. Жалы тізесін қапқан алааяқ торы жорға атпен суыт жеткен Шыжым би сарбаздардың сілтеуімен әуелі Шиырбайға жолықты:

– Уа-а, ағайын жұрт, қазақта «мал ашуы – жан ашуы» деген сөз бар, ал хан ашуы одан да күшті екенін білеміз, шығар жан – шықты, өлер хан – өлді, басымызды кесеміз десең, міне – мойным, – деді ер үстінде алға еңкейіп.

– Сен кім едің?! Бөденедей қадірі жоқ басыңды тым қатты бағалап жібердің? Ханның басқан ізіне тұрмайтын сенің мойның осылды не, қурай сынды не – айырмашылығы жоқ. – Аталық биінің жанары жалт етіп, тоқпақ торының үстіндегі дембелшеге жаратпай қарады.

– Мен – елдің мұңын сөйлейтін Шыжым едім, талай жерде сөзбен қамал бұзып едім. Ашулыны жадыратып, қасты досқа айналдыратын нығыз едім. Қырғыздың бітімгер биімін, шешемін келенің түйінін.

– Аһ-аһ-һой, сөзің жөн секілді. Түйінді шешкіш болсаң, Кене ханның кезінде неге шешпедің?

– Әр кезде аумалы-төкпелі заман болады, ауызы ала адам болады. Адам мен заман қабыспаса, ақыры – жаман болады. Кешегі күннің билігі – басқада, бүгінгі күннің билігі – екеумізде. – Сүт ұрлап ішкен мысықтай бұғып, қалпағының астынан қарады.

– Қырғыздан жібі түзу біреу шыққан екен. Шыжымыңнан тартып артыңда манабың отырмаса, жүр, әуелі сөз жүрмей іс бітпейді.

Шиырбайдың сөзінің жаны бар еді. Қоқанға қашып барып, жиендерінің қанатының астына бас сауғалаған Орманбет, Жантай, Жанқараштар Шыжымды балақбауынан ұстап, шүйлеп-шүйлеп Алатаудың жотасына келген наймандарға қарсы жіберген. «Елді қырғыза көрме, сұрағандарын беріп, болмай бара жатса аздап қан шығарып, алдаусыратып аттандырып сал» деп, мойнына міндет жүктеген.

Шиырбай Шыжымды бастап, Кекілінің жотасындағы «Әулие төбедегі» Абылайша тігілген оқшау киіз үйге келді. Айнала тосқауыл сарбаздар.  Қырғыздың адамдарын арқан бойы тұсқа қойып, өзі Тәнеке болыс пен Барақ сұлтанға хабарға енді. Екеуінен «кірсін» деген пәрмен алғаннан соң, қайта сыртқа шығып, Шыжымды ертіп әкелді.

– Ассалаумағалейкүм, қазақ бауырлар! – деп, табалдырықтан аттасымен ақ қалпағын басынан шешіп, Тәнекенің алдына лақтырып тастады да екпеттей иілді.

Шапаны шұбалаңдаған, мұртты қараға төрдегілер барлай қарады.

– «Айыбымыз жоқ, тек жапа шеккен жұртпыз» деп айта алмаймын. – Маңдайын жерден көтермеген қалпы міңгірлей сөйледі. – Арадағы жанжалды ұшындырған сөзге еріп, бір жағына қиқайған шоң мен шоралардың қылығы – бізді осыған әкеп отыр. Қазақты да судан – таза, сүттен – ақ деуге және келмейді. Айып-анжы екі жақтан да бар. – Енді басын көтеріп, көзінің астымен төрге қарады. – Қазақ жаппай қырды, қырғыз да жаппай қырды. Қырғыздардың бір асатыннан кеткені – сұлтандары мен қосып, ханның басын алғаны.

– Ханның басы қанша тұрады?

Лекіте сөйлеп, қамшы салдырмайтын Шыжым би абдыраған қалпы жүрелей отырды. Себебі, бұл сауалдың екі мәні бар еді. Бірі – «орыстан қанша пұл алдыңдар?», келесісі – «ханның құнына не бересіңдер?» деген мағына жатты. Қарашығы әрі-бері қыдырыстап тоқтамай, керісінше тілі байланды. Үнсіздікті Тәнеке өзі бұзды.

– Бұраттардың мықтылары үш мың сом күміс ақшаға бола қара қанды суша ағызып, Кенесарының сұраған басқұрау жөніндегі бітімге мәміле бермеді. Аз ақшаға орыстың қолындағы алмас қылышына, жаналғышына айналды.

– Қазақтың бір ұлысы болған қырғыз, қашан да қазақтан үйреніп келеді. – Сөз шымбайына батқандықтан ба Шыжым тамағын кенеп, бір-екі жұтынып алды. – Манаптардың істеп жүргендері, төрелерден көріп үйренген тірліктері ғой. Қалың қазақтың ортасындағы сұлтандар сатқындыққа барып, Кенесарыны көзіне шұқып қудаламағанда, қырғыздар да жат мінез көрсетпес еді.

– Қазақ пен қырғызда «өкпеге қиса да, өлімге қимайды» деген сөз бар емес пе? Сендер жазғырсаңдар да, жек көрсеңдер де орынды еді, бірақ бұраттар қатыгездікке барып, қазақ халқының ханын өлімге қиып жібердіңдер. Ханның басын тек хан ғана алатынын ұмыттыңдар!.. – Болыс мысасына міне тіл қатты.

– Иә, Тәнеке би, тілімізден байланып, дәрменіміз құритын осы – жер. Кенесары-Наурызбайды тірі қойғанда, қырғыздың ақ қалпағы сіздердің аяқтарыңыздың алдында жатпас еді. Кек қуып келгендеріңізді біліп отырмыз, бірақ, қанға – қан деп елімізді қансыратпадыңыздар, тек айыптыларды жиып, матап алдыңыздар. Боданға берген бұзаудың да сұрауы бар, мына ұйлығып кетіп бара жатқан рулы жұрт, маталған манаптарды босатыңыздар, айыбын төлейік.

– Ондай ықыластарыңыз болса, күнәһар манаптардың көзінше кесім айтып, ұйғарымға тоқтайық.

Бәрі Абылайша тігілген киіз үйден сыртқа шықты. Алатаудың үстіндегі қоңыр жазықтың самалы ескен дөңесіне айыптыларды алдырды. Тіз қатар жүрелетіп отырғызып қойды.

Күміс кемер белбеуі мен кісеге тағылған күміс қынды алмас қанжары күнге жарқырап, төбесі көк мақпалмен қапталған құндыз бөрікті сұңғақ бойлы Тәнеке бұрынғыдан да еңселі көрінді:

– Біз қазақ пен қырғыздың арасын ашуға, ортасына жік салуға келген жоқпыз. Ел ішіндегі шектен шыққан содырларды сабасына түсіріп, тәубасын ұмытпауды ескертуге келдік. Ханымыз Кенесарының, сұлтандардың, сарбаздардың өліміне кінәлілерді іздеп, кек алуға келдік. Кінә – халықта емес, халықтың арасындағы бишікештерде – Орманбетте, Жантайда, Бәйтікте, Жанқарашта, тағы сол сияқтыларда. Ел іргесінің бекемдігін сақтай отырып, қолы қанды қарақшыларды жазалауымыз керек.

Сен, Төрегелді – Кенесары ханның өзін, ал сендер, Дайырбек пен Қалша – Наурызбайды жабылып тұтқындадыңдар. Дөнентай, сен – қоқанды соғысқа шақырдың, ал Бөлекпай – ханның ең сүйікті жылқыларын ұрлаттың, екі елдің арасындағы жанжалдың қайта басталуына сеп болып, ауыр күнә арқаладың! Айыптарың бар, сол айыпқа қарай жаза кешулерің керек. Ал, ханның құнын қалай қайтарасыңдар?! – деді Тәнеке қырғыздар «Әулие төбе» деп атайтын асудың үстіндегі биік шоқыда тұрып, алдарында жүрелеп отырған құныкерлерге.

– Көкжал Барактан башталган кыргыз-казак согушу 77 жылдан кийин каһарлы Кенехан, Норузбай, Эржан, Кудайменде төрөлөрдүн кыргыздан өлтүрүлгөнү менен токтосун, – деді Шыжым. – Өлгөн өлдү, калганыбыз журт бололу, казак менен эл болуп туралы. Айыбымызды мойнымызға алып, акүйліге қазақ жұрағатқа жүз адам аксүйегімізден берейік. Содан кейін, – түлкінің көзіндей қиық жанары бір жылт етіп, сәл іркілді, – жиырма жігітімізді осы жерде бауыздаймыз. Бұл – ханның құны үшін. Олардың арасында Орманбеттің де, Жантайдың да, Жанқараштың да ет жақын туыстары болады.

– Мақұл, дауды өрбітіп, кек қуалап, шиеленісе бермейік. Қанды қанмен бөгеп, ақүйліге адам алып, қайта бауырласайық. Бұдан былай арамыз ажырамасын! – Барақ сұлтан күркірей тіл қатты. – Тағы не айтасыңдар!

– Сұлтандардың құны үшін – бір мың жылқы. Ал, қыршынынан қиылған сарбаздардың өтеуіне он ақ орда жиһазымен, он қыран, он тайған. Жарықтықтардың аруағы разы болып, ұрпағы мың үйге айналсын.

– Хош, осыған тоқтайық. – Көкшіл көзінің қарашығы қиығына қарай жылыстаған Тәнеке, Шыжым бидің шешіміне дүние қуып келмегенін аңғартты. – Ең бастысы Кенесары-Наурызбайдың қылышы мен найзасын қайтарыңдар.

– Алдияр болыс, ол бұйымдар біздің қолымызда емес, Орманбет пен Жантай манаптарда. – Тағы да қарашығы тоқтамай, жасық баланың кебін кешті.

– Жарайды, бұған да келісейік. Бүгін болмаса – ертең, ертең болмаса – бүрсүгіні қайтарыңдар.

– Алла бұйырса қайтарамыз. Ал мына манаптардың айыбын кешіп, босатуларыңыз үшін – әрқайсына бір үйір жылқы.

– Бұлардың нақты кінәсі бар, қос халықтың алдындағы айыбын сезініп, бұдан былай екі елдің татулығын түгендеуге аянбай атсалыссын. Бірақ, бұл мәміле Төрегелді мен оның жұртына жүрмейді.

Қырғыз биінің көзі бағжаң етті.

– Бопты мырзам. – Шыжымның өңіне лып еткен күреңіткен рең жүгірді.

– Қырғыздағы барғының Шонығы мен біздің шанышқылы Бердіқожа батырдан басталған соғыс – осымен тоқталсын!

– Әумин!

– Ақсарбас!

– Енді өздерің атаған құнды әкеліп, табыстауларыңа бір күн уақыт береміз.

Жалғасы бар...

Әділбек Ыбырайымұлы

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Әне, көрдің бе?

Орыс патриотизмі және яхта

Есбол Үсенұлы 1507
Қазақтың тілі

Қазақтың тілі өлмесін десек...

Камшат Тасболатова 1597
Соғыста жүрген сұлулар

Майдандағы Украина арулары: Маргарита Ривчаченко

Айжан Темірхан 1762