Сенбі, 27 Сәуір 2024
Алаң 4840 83 пікір 2 Мамыр, 2022 сағат 10:34

Қазақтар: "орыс сыныбын ашыңдар", - дейді...

Мемлекеттік тілдің мәртебесі 30 жыл ішінде нақтыланбады. Тиісті тұғырына қона алмаған қазақ тілі бүгінде қоғамның жартысы үшін үлкен мәселе, ал жартысына мүлде керек емес сияқты. Тіпті қазақ тілін бүгінде кей қазақтың өзі қажет етпейтіндей.

Нұр-Сұлтан қаласында қазақ мектебінде орыс сыныбын ашу керек деген мәселені көтеріп, бір топ әйел дау шығарған. Барлығы дерлік қазақтар. Бұл туралы қоғам белсендісі, ұстаз Аятжан Ахметжанұлы былай деп жазба қалдырды:

“Бүгін бір мектепті қазақ етіп сақтап қалу үшін жиналыс болды. Мәжіліс депутаттары қатысты. Бұндайға ысылдық қой, заңдық тұрғыда біраз ата-аналарды орнына қойдық.

Тіл жанашырлары біраз лекция оқыды. Қырғын дау болды. Әлім келгенше бала құқы бұзылмайтынын заң бойынша түсіндіріп, басқа мектепке барасыз. Бұл мектеп таза қазақ боп қалады деп кесімді сөз айттым. (Бір ресми мен шешетіндей)

Ең өкініштісі орыс сыныбын талап етіп отырған кілең қазақ. Сол қазақтың бірі жиналыстан шыққасын есік алдында тұрып, бүгінгі сөйлеген сөздердің бәрін түсіріп алдым. Толық видео жасадым. Ресейге, Путинге тіке жіберем, - дейді. (қазақ әйел). Депутаттарымыздың көзін бақырайтып қойып, Путинмен қорқытты. Баратын жеріңе бар дедім күйіп кетіп”.

Оқиға Нұр-Сұлтан қаласындағы №93-мектебінде болған. Аталған мәселеге байланысты мектеп басшылығы ашық жиын өткізіп, жиынға тілге жанашыр болып жүрген қоғам белсенділері, депутаттар қатысты. Олардың арасында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, Жанарбек Әшімжан, Аманжол Әлтай, Мақпал Мыса және ақын Дәулеткерей Кәпұлы, Қазақ тіл қоғамының мүшесі Серік Ерғали, Химия ғылымдары бойынша PhD докторант, Нұр-Сұлтан қаласында №90 мектеп-гимназияның директоры Аятжан Ахметжанұлы болған.

Жиын қызу талқымен өткен. Тіпті бір ата-ана жиынды толық видеоға түсіріп алғанын, видеоны Путинге жіберетінін айтқан. Қазақ тілі қоғамының мүшесі Серік Ерғали бұл мәселеге қатысты былай деп жазды:

“Тіл мәселесі майданға айналып барады... Жасыратыны жоқ. Бүгін ғана астаналық жаңа ашылғалы отырған 93-мектептің тағдыры көкпарға түсті. Оншақты қазақ келіншегі келіп, өздерінің құқықтарын алға салып, орыс сыныбын ашуды талап етті. Бұл жайтты алдын ала естіген зиялы қауым, бір топ мәжілісмен және қалалық шенділер, тіл жанашырлары бірігіп, іріткіге қарсы тұруға тура келді. Әлгі оншақты келіншек қазақша жақсы түсінеді, жартысы сөйлейді, бірақ балаларын орыс сыныбына беруге барын салды. Ортасында бір жігіт бар. Байқағаным және бір келіншектің айтуынша, күйеуі офицер екен, соған қарағанда барлығы да қазақ әскерінің қызметшілері секілді. Кезек пе кезек сөйлеп арындарын басқандай болдық. Әсіресе Аятжан Ахметжанұлының сөзі нақты әрі шешімге толы болды: заң бойынша радиусы 2 шақырымға дейінгі маңайдағы кез келген мектеп таңдай беруге болады екен. Сотта бұл жағынан жеңе алмайсыңдар деп Аятжан маңдайға ұрғандай етіп айтты. Ал бұлар жаңадан салынған Браво тұрғын үй кешенінің жанындағы 1200 орындық мектепті иеленгісі келеді. Үй ішінен үй тіккісі келеді. Төрт келіншектің есімдері - кәдімгі Жәмилә, Самал, Әйгерім, Шолпан! Рулары – уақ, қыпшақ, арғын, біреуі руын білмейді – ресейлікпін дейді. Бұлар – біздің соңғы 30 жылдық тәуелсіздік дәуірінің ұрпағы. Бұларды кінәлауға бола ма?! Меніңше жоқ. Оларға бір сұрақ қойып, үш аргумент айтуларын сұрадым: Неліктен баласын орысша оқытпақ? Бүгінгі бұл оқиға, парламентте майшаммен қарауға тұратын мәселе барын аңғартты!” - деді.

Өкінішке орай мемлекеттік тілге қатысты қоғамдағы қайшылықтар саны артуда. Мысалы Жезқазған қаласында "Доброцен" сауда үйінде мемлекеттік тілде бағалардың жазылмағанын айтқан тұтынушы мен сатушы арасында жанжал шығып, төбелес пайда болған. Оқиғаның видеосы желіде тарап, қоғамды дау тудырды. Артынша оқиғаға байланысты Жезқазған қаласының баспасөз хатшылығы келесідей хабарламаны таратты:

"Бүгін Жезқазған қаласы әкімшілігімен, прокуратура және полициямен "Доброцен" сауда үйінің басшыларымен түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Түсіндірме жұмыстары дұрыс қабылданып, болған оқиға бойынша өкініш білдіріліп, жақын арада тіл мәселесі бойынша туған кемшіліктерді жоятындығы туралы мәлімдеді.

Құрметті желі қолданушылары біз көпұлтты мемлекет екенімізді ұмытпауымыз керек. Сондықтан ұлттық, нәсiлдiк, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттерге жол берілмеу қажет".

Қазтай Жанерке Жандосқызы

Abai.kz

83 пікір