Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Ақмылтық 3381 29 пікір 15 Сәуір, 2022 сағат 12:24

Ақорданың батылдығы. Астарында қандай гәп бар?

Сәуір айының бетін ашқан бұл апта қазақстандық қоғам үшін сенсациялық хабармен басталды. Бұған дейін бұқпантайлап келген Ақорда Ресейдің Украинадағы агрессиясына қатысты ашық пікірін жайып салды. ҚР президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов еуропалық ақпарат желісі – Euractiv сайтына берген сұхбатында «Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын», соғысты – соғыс деп атайтынын және санкция салынған тауарлардың Ресейге өтіп кетпеуіне бар күшін салатынын мәлімдеді.

Ресейдің агрессиялық саясатына қатысты мұндай батыл пікір Ақорданың риторикасында қалай пайда болды? Бұл Украинадағы соғыста қансырап қалған Ресейдің дәрменсіздігін сезініп, Кремльдің «екінші майдан» ашуға қауһары кеміді деген сенімнің салдарынан туған қазақстандық биліктің өз ұстанымы ма?

Қалай болғанда да, бұл – Қазақстан қоғамы көптен күткен батылдық еді. «Бұға берсең – сұға бередінің» кебін биліктен бұрын ашық айтқан қоғам әсіресе Ресейдің «ұлыдержавалық шовинизміне» жауап қатуға сусап жүргені анық. Бұл ретте Ақорданың аяқ астында «мінез көрсетуі» қоғам тарапынан құптарлық әрекет еді.

Алайда жоғарыдағы қос сұрақты мұқият зерделейтін болсақ, бұған дейінгі можантопай Ақорданың астарлы батылдығына күмән келтірудің реті бар. Біріншіден, «жыланды қырық рет кессең де, кесірткелік қауһары қалады» деген қазақы тәмсілдің түп-төркінін түсінетін Тоқаевтың әкімшілігі айды аспаннан шығаруы күлбілте күдікке жетелейді. Қалай десек те, Ақорда «жаралы» Кремльдің кәрін есепке алмауы мүмкін емес.

Осы тұрғыдан алғанда, Ақорданың «батылдығы» Путинмен пайымдас болуы әбден мүмкін. Ол пайымның мақсаты – қайткенде де санкцияларды «айналып өтудің» амалы. Яғни, Қазақстан сөз жүзінде Ресейдің соғыс саясатына қарсылық білдіру арқылы Батыстың алдында «аюдың апанынан» іргесін аулақ салады.

Ал іс жүзінде әзірге санкциядан сау қалған Қазақстан Ресей үшін тыйым салынған шетелдік технологиялық бұйымдарды елге еркін енгізе алады. Ресейдің автоөндірісінен бастап, қаңтарылып қалған соғыс қару-жарақ өнеркәсібіне дейін ол бұйымдар «қаны жерге тамбай» тұрған қажеттілік. Тіпті бүгінде қарапайым дүние болып қалған электронды «чиптің» өзі Ресей үшін шетелдік импортқа тәуелді болғанын ескерсек, Кремль Қазақстанға Сүлейменовтың аузымен өзін «сойып салуға» рұқсат берген сыңайлы.

Мұндай тұжырым далбаса долбардың нобайы емес. Мәселен, былтырдан бері Қостанайдың төңірегінде ресейлік инвестицияның негізінде машина жасау зауыты салынып жатыр. Атауы айтып тұрғандай, бұл қазақстандық-мыс кәсіпорында машина жасау детальдары мен жекелеген автоқондырғылар өндірілмек. Бұл құрылысқа «КамАЗ» акционерлік қоғамының директорлар кеңесіне тәуелсіз мүше болып тағайындалған Иманғали Тасмағамбетовтың қатысы болуы мүмкін деген дерек бар (бұл турасында алда арнайы журналистік зерттеуде айтамыз).

Ал күрделі машина түгілі, қарапайым балтаның басын шығармайтын Қазақстан үшін терең технологиялық қондырғылар не үшін қажет? Иә, түсінікті, сол қондырғыларға қажет технологиялық детальдар шетелдерден алынады да, Қостанайда құрастырылған қондырғы, мәселен, «КамАЗ» бен бронды машинаның гидротежегіші Ресейге экспорттық өнім ретінде «сатылады». Біз бұл зауыттың қитұрқы қисыны турасында бұған дейін де жаздық.

Бір қарағанда, Қазақстан үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететін бұл зауыттың құпиясын неге жайып салып отырмыз? Біз қауіп қылғаннан айтамыз. Бұдан басқа Орал, Ақтөбе және Талғар қалаларының маңында да дәл осы сияқты өндіріс орындары Ресейдің қаржылық инвестициясы есебінен салына бастады деген дерек тағы бар. Бұл инсайд ақпараттың анық-қанығын алдағы күндері айтылады.

Ал қазіргі айтпағымыз – сол салынар зауыттар шығаратын өнімге қажет технологиялық бөлшектер Қазақстанға тағы да «санкцияны айналып» келуі ғажап емес. Егер биттің ішіндегіні күншілік жерден біліп отыратын америкалық «ЦРУ» қазақстандық «айналма амалдың» айласын сезіп қояр болса, санкцияның көкесі сонда болады! Біздің айтпағымыз осы ғана.

Ермұрат Бапи

Abai.kz

29 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1542
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1414
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1166
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1168