Жұма, 26 Сәуір 2024
Құйылсын көшің 4207 17 пікір 12 Сәуір, 2022 сағат 12:28

«Қасиетті парыз» қағаз жүзінде қалмауы керек!

Халың қалай, Қазақ көші?

ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы
М.Ә. Нұртілеу мырзаның назарына!

12 сәуір күні Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз!» - деген сөзінің жарияланғанына тұп-тура ҮШ ЖЫЛ толып отыр.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тәуелсіздігін жариялай салып, шекара сыртында қалған қандастарын «Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан ата-мекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!» - деп, ағынан жарылып шақырса, Қасым-Жомарт Кемелұлы президент бола салып, «Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз!» - деп, Өзіне салмағы зіл батпан жауапкершілік алды.

Өзіңіз де оқыған боларсыздар, діни әдебиеттерде «Парыз – Аллаһ Тағаланың анық бұйырып, орындалуын талап еткен істері.  Парыздың өтелуінде зор сауап пен жақсылық бар. Мойнындағы борышын өтемегендер ақырет азабын тартады. Айта кететін бір жайт, кімде-кім парызды теріске шығарып, Парыздығын қабылдамаса, діннен шығады. Алайда парыз екенін мойындап, бірақ өтемесе, тек қана мойнының борышы болып қалады. Яғни, мұсылман - күнәһар деп есептелінеді...» - деп жазылыпты.

Қалай десек те, Парыз – мұсылмандар үшін сөзсіз орындалуы шарт етілген жауапкершілігі ең ауыр ұғым!

Бұл сөзді Қасым-Жомарт ағаның аузына Алла салды!

Мен мұны Қасым-Жомарт Кемелұлының президенттік парызымен  қатар, Өзіне нық сене білген нағыз жігіттің сөзі деп бағалаймын!

Енді көшіп келушілердің көрсеткішіне көз жүгіртсек, Нұрсұлтан Назарбаев билік жүргізген отыз жылда шамамен 1 миллион 41853 этникалық қазақ Отанға оралып, Қазақстан Республикасының азаматы атаныпты.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тізгінін қолына алған үш жылға келсек, 2019 жылы 17 661, 2020 жылы 13 046,  2021 жылы 17 540 қазақ Қазақстанға көшіп келіп, қоныстаныпты. Бәрін қоссақ, 48 мың 247 адам.

Қазақ көшінің ең шарықтаған кезеңі – 2002-2006 жылдар аралығы.

Аталған бес жылда 384 мың 106 қандасымыз Атажұртымен қауышқан болатын. Беске бөлсек, жылына 76 мың 821 адамнан тура келеді.

Ал, соңғы үш жылдың көрсеткіші елу мыңға да жетпейді.

Әрине, бұл үшін Қасым-Жомарт Тоқаевты кіналауға болмайды!

Сондай-ақ, Президент Қазақ көші үшін қол ұшын қимылдатпады деуден де мүлде аулақпын.

Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасымен «Оралман» атауы «Қандас» болып өзгертілді; әкімшілік құқық бұзғаны үшін келген еліне шығарып жіберу жазасын қолдануды қандастарымыздан алып тастады; Қазақстан Республикасында тұрақты тіркеуде тұратын қандастарымыз шетелде 183-күннен артық тұрса да, олардың «Ықтиярхаты» жойылмайтын болды; «18 қараша» кәсіби мерекелер мен аталып өтілетін күндердің тізбесіне енгізілуде; «Отандастар қоры» бұрын екі министрлікке қараса, қазір басы бүтін Сыртқы істер министрлігінің құзырына өтті; Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ішінен Көші-қон және демография көмитеті дербес комитет болып бөлініп шыққалы жатыр...

Міне, осының бәрі сол «Қасиетті парызды» орындау үшін жасалып жатқан игі қадамдар деп есептеймін.

Ұлы көштің тоқырауына, ең алдымен, Кәрім Мәсімов пен Тимур Құлыбаев дәуірінен қалған салқындық, сосын этникалық қазақтар мол қоныстанған шығыстағы көршіміздегі  мұсылман ұлттарға жүргізілген саяси қысым, одан қала берді пандемия қатты әсер етті.

Мен соңғы он жылдықта қандастарымыздың мүддесін қорғап, Көші-қон саясатымен тынбай айналысып келе жатқан адаммын. Сыртынан қызықтап емес, ішіне кіріп, көшіп келушілермен үнемі бетпе-бет те, телефон немесе әлеуметтік желілер арқылы да сөйлесіп, азабы мен қайғысын, қуанышы мен жеңісін күнде бөлісіп келе жатқан жанпозбын. Сондай-ақ, астанада болған он екі жылдың ішінде Мәжілістің үш сайланым депутаттарын көбімен жұмыс істедім, биліктің барлық бұтақтарының қабылдауында болдым. Алматыны тастап, Елордаға келуімнің де басты мақсаты –  көші-қон процестерін реттеуге арналған заңдар мен нормативтік құжаттардағы опасыз Кәрім Мәсімов пен қансорғыш Тимур Құлыбаев қасақана енгізген басы артық кедергілерден арылту болатын.

Құдайға тәубе, ол мақсатыма жеттім!

Шекара сыртында қалып бара жатқан алты-жеті миллион халықтың көз жасы мен қарғыс-наласы оңай ма, есесіне «Мұртты» мұрттай ұшырды, Тимур Асқарұлының басынан бағын тайдырып, қарғыстың символына айалдырды...

2022 жылғы 16 наурызда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты тарихи Жолдауын жасады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы аталған Жолдауында «Менің бүгінгі бастамаларым өте ауқымды. Бұл бастамалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертеді. Оны жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет.» - деп, Ұлы реформаның басым бағыттарын атап отырып көрсетіп берді.

Өкінішке орай, сол Ұлы Реформа мен жаңаруға ілікпей, жұртқа тасталған – шекара сыртында қалып отырған алты-жеті миллион қазақтың тағдырына тікелей қатысты Көші-қон саясаты.

Соған байланысты, мен аталған саяси реформа аясында Қазақстан Республикасының Конституциясына «Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде тұратын этникалық қазақтар басқа мемлекеттің азаматы болғандығына қарамастан жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқықты» - деген норма енгізіп, шекара сыртында қалған қандастарымыздың құқығын Ата Заңмен бектіу туралы ұсыныс тастадым.

Ол ұсынысым жазбаша түрде Ақордаға жөнелтілді және БАҚ-та да жарияланды.

Мен көріпкел, әулие емеспін. Қатардағы белсенді азаматпын. Осы Қазақ көшіне кедергі жасаған, тіпті Ұлы көшті тоқтатуға барын салған бұрынғы Үкімет басы Кәрім Мәсімовпен бір кісідей-ақ алыстым, көп сынадым.

Сол барыста БАҚ-та жарияланған  мақалаларымды ақтарып отырып, «Қазақ көші осы беті тоқтатылса, Кәрім Мәсімов екінші голощекин атанады» (23.05.2012), «Қатты қиналайын деп тұрсыз, Карим Кажымканович!» (12.11.2015) деген тақырыптарды оқып, қайран қалдым. Тіпті, «Kerey.kz» порталы басқан бір мақаламның соңын «Сондықтан, Кәрім Қажымқанұлы, өз еркіңізбен орныңызды босатыңыз! Бүйте берсеңіз сіз Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың да, тәуелсіз Қазақстанның да түбіне жетесіз!!!» (14.09.2015) деп, аяқтаппын...

Менің де аузыма Құдай салса керек, Кәрім Мәсімовтың билік басында отырған жылдардағы іс-әрекеттері мен соңғы тағдыры қалай және не болғанын Өздеріңіз көріп отырсыздар...

Мен жапы өте оптимист жігітпін. Өмірдің қараңғы жағынан гөрі, жарық жағын көбірек айтамын. Өздеріңіз білесіздер, осыған дейін Қазақ көшінің енді екінші «Алтын дәуірі» басталады деп ұрандатып келгемін.

Президенттің Жолдауынан кейін мен сол ойымнан қайттым.

Дегенмен, бар үмітім тек Қасым-Жомарт ағаға ғана ілініп тұр!

Кесіп айтайын, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тізгінін ұстап тұрған жылдарда Ұлы көштің жолын ешкім бөгей алмайды және алты-жеті жылда алты-жеті миллион қазақ түгел көшіп те келіп үлгірмейді.

Ал, Қасым-Жомарт аға биліктен кеткен соң шеттен қандастарымыздың шеттен келетін көші тоқтайды. Алты-жеті миллион қазақтан тірідей айырыламыз!

Неге дейсіз ғой, мен Кәрім Мәсімов пен Тимур Құлыбаев дәуіріндегі кедергілер мен қиянаттарды айтпай-ақ қояйын. Тек, Қасым-Жомарт Тоқаев президент болған үш жыл мен осы «Наурыз реформасы» қарсаңындағы жағдайларды ғана санап берейін:

Шеттен оралған ағайындардан Сенатқа немесе Мәжіліске бір депутат сайланған емес;

– Президент әкімшілігі Көші-қон процестерін реттеуге арналған заңдардағы екі мыңға жуық қандасымызды баспана кезегінен айыруға апарып соқтыратын норманы көре тұрып, қисық заңды қаблдатып жіберді;

– Аталған басы артық анықтаманың қандастарымыздың құжаттануына кедері болатынын, жемқорлық пен қағазбастылыққа апарып соқтыратынан айтып, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың атына екі мәрте «Ашық хат» жаздым, пысқырған жоқ; 

– Көші-қон процестерін реттеуге арналған заң жобасы Мәжіліске түседі, бірақ осы саламен айналысып жүрген тәжірибелі мамандардан қандай проблема барын сұрайтын бір депутат жоқ;

– Парламент талқылап жатқан Заңнамаға қандастарымыздан педофилге қатысты сотталған немемсе сотталмағаны туралы анықтама талап ететін норма енгізуге  қарсы шығып едім, Мәжіліс мені жұмыс тобынан шығарып жіберді;

– Көшіп келушілер мен қоныс аударушыларға арнап Үкімет айқындаған өңірлерге салынған үйлердің сапасы сын көтермейді, ақшасын жемқорлар жырымдап жеп қойған;

Шеттен келіп, ауылды жерде мыңдап мал өсірген ағайындарға жергілікті билік жер телімін беруді қойған;

–  Ресей Федерациясының  Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин биыл ақпан айында ресейлік «Независимая газетаға» берген сұхбатында «Орыс тілін білмейтін қазақстандықтардың дені – басқа мемлекеттерден қоныс аударғандар, яғни қандастар. Бұл олардың заманауи қазақстандық қоғамға тез сіңісуіне кедергі келтіреді, бұл ел билігі  үшін айтарлықтай проблемалар туғызады» - деп, қандастарымызды қорлап жатыр, оған қарсы билік тарапынан «Мәу!» деген бір пенде жоқ; 

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурызда жаңа Жолдауын жасап, саяси реформалардың басым бағыттарын атап өтті. Сол Жолдаудың жобасын жасаушылар алыста жүрген алты-жеті миллион қазақты қағыс қалдырып, есесіне Қазақстан халқы Ассамблиясын Мәжілістен Сенатқа секіртті;

– Міне, шекара сыртында қалған қандастарымыздың құқығын Ата Заңмен бектіу туралы ұсыныс жасап, оны БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы жариялап,  тынбай  жазып жатқанымызға екі аптаға таяды. Әншейінде өздерін алашшыл етіп көрсетуге барын салатын, Алаш Орда көсемдерін аузынан тастамайтын, портреттерін кабинеттерінің төріне іліп қоятын депутаттар мен билік өкілдері, сол алты-жеті миллион Алаш баласының тағдырына қатысты мәселеге келгенде, жұмған ауыздарын ашпай қалды;

– Осы ұсынысымызды қолдауын және Президентке жеткізуін сұрап, билік басында отырған біраз тұлғаға хат жаздым, «+7 1414» арқылы көріп отырмын, ол хаттардың бәрі министрліктерге лақтырылып жатыр...

Енді, осыдан кейін ойлай беріңіз, шекара сыртындағы сол алты-жеті миллион қандасымыздың Ұлы көші, қанша жерден жұрт жамандағанымен, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айбарының арқасында ғана отыз жыл жалғасып келді. Сүрінсе, сүрінген шығар, үзіліп қалған жоқ!

Ал, Ұлы көштің ендігі тағдыры тек Қасым-Жомарт Кемелұлына ғана ілініп тұр. Алла қалап, екінші кезекке тағы Президент болып сайланса, там-тұмдап бірер жүз мың қазақ келуі мүмкін.

Қазақ көші қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ғана сүйеніп тұр.

Президенттен өзге билік өкілдерінде қандастарға деген НИЕТ жоқ! Бүгінгі жоқ ниет ертең пайда бола қалмасы тағы анық!

Тағы қайталап айтайын, қашан айттың демеңіздер, Қасым-Жомарт аға биліктен кеткен күні шекара сыртындағы қандастарымыздың Атажұртына оралуы тоқтауға бет алады!

Сондықтан, Ұлы Көшті тоқтатпаудың жалғыз жолы – мен ұсынған Қазақстан Республикасының Конституциясына «Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде тұратын этникалық қазақтар басқа мемлекеттің азаматы болғандығына қарамастан жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқықты» - деген норма енгізіп, шекара сыртында қалған қандастарымыздың құқығын Ата Заңмен бектіу!

Басқа жолы жоқ!

Ауыт Мұқибек,

«Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

17 пікір