Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2750 0 пікір 21 Шілде, 2009 сағат 08:26

Қамбар АХМЕТОВ. Қарағанды қашан қазақша сөйлейді?

«Жас Отанның» бастауы, Мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі Президенттік қордың қоштауымен республика бойынша жарияланған «Қазақша сөйлесейік» акциясының Қарағанды облысындағы бір күніне куә болғанда ойға түйгеніміз, бұл аса қажет, әсіресе Қарағанды үшін қажет акция еді. Жастар ұйымы халыққа қызмет ететін орындарда қазақ тілінің салтанат құруын қамтамасыз етпек, қателіктерді әшкерелеп, түзетпек. Бірақ көкейде: «Жас Отан» беліне қол көтермейтін дәу шоқпарды байлаған жоқ па?» деген сұрақ тұр. Оған бірнеше себеп бар.

МЕМЛЕКЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР ТЕК ҚАЗАҚ ТІЛДІ БАҚ-ҚА КЕРЕК ПЕ?

«Жас Отанның» бастауы, Мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі Президенттік қордың қоштауымен республика бойынша жарияланған «Қазақша сөйлесейік» акциясының Қарағанды облысындағы бір күніне куә болғанда ойға түйгеніміз, бұл аса қажет, әсіресе Қарағанды үшін қажет акция еді. Жастар ұйымы халыққа қызмет ететін орындарда қазақ тілінің салтанат құруын қамтамасыз етпек, қателіктерді әшкерелеп, түзетпек. Бірақ көкейде: «Жас Отан» беліне қол көтермейтін дәу шоқпарды байлаған жоқ па?» деген сұрақ тұр. Оған бірнеше себеп бар.

МЕМЛЕКЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР ТЕК ҚАЗАҚ ТІЛДІ БАҚ-ҚА КЕРЕК ПЕ?

Расы керек, акцияның Қарағандыдағы алғашқы қарқыны бізге бәсең көрінді. Баспасөз мәжілісінен тек Тілдерді дамыту басқармасының бастығы мен «Жас Отан» төрағасын ғана көруіміз көңілді бір ортайтты. «Жастар ұйымдарының, мемлекеттік органдардың өкілдері болады» деп еді. Бірі де келген жоқ.
Қарағандыдағы қаптаған БАҚ ішінен бар болғаны екі газет пен екі телеарна өкілінің келуі де акцияның маңызын төмендете түскендей.
Әншейінде біреудің өкшесін біреу басып кетсе, сол жерден табылатын ресми тілді БАҚ-тың тым құрығанда біреуі бой көрсетсеші? Жоқ. «Бұл біздің мәселеміз емес» деген-сынды. «Басқа БАҚ-ты неге шақырмадыңыздар?» деп «Жас Отан» төрағасы Мирас Құттыбайдың тамырын басқанбыз: «Шақырғанбыз. Бәрін шақырғанбыз» дейді ол. «Өзгеге өкпелемей-ақ қояйық, қазақтілді басылымдарға не болған?» дедік те қойдық.
«Халыққа қызмет көрсету орындарында мемлекеттік тілдің дұрыс қолдануы туралы үгіт-насихатты БАҚ сүйемелдеуімен жүргіземіз» дейді жас қанат белсенділері. Сүйемелдегісі келіп тұрған БАҚ-ты біз көрмедік. Бұл бірінші кедергі.

ПРЕЗИДЕНТ ЖАРЛЫҒЫ НЕГЕ ОРЫНДАЛМАДЫ?

Екінші кедергі - Қарағанды мемлекеттік тілдің меселі қайтып, өрісі тарылып отырған өңір. «Қазақша сөйлесейік» акциясының алдындағы ең үлкен асу осы болмақ.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Бақытқали Мұсабеков: «Төрт жыл бұрын Қарағанды облысында мемлекеттік тілде іс жүргізу 22 пайыз ғана еді, қазір 58 пайызға жетті» дегенде, журналистер қопаңдасып қалған. Алайда ресми мәліметті ысырып тастап, шынайы көрсеткішке үңілсеңіз, қуанышыңыз су сепкендей басылар еді.
Иә, қуанатын түгі жоқ. Шындығында Қарағанды облысында іс жүргізу 100 пайыздық көрсеткішке бұдан үш жыл бұрын жетуі керек болатын. Үш жыл бұрын.
Ел Президенті 2006 жылдың 30 мамырында №127 Жарлыққа қол қойды. Онда: «...Қарағанды облысының жергілікті өкілді және атқарушы органдары іс жүргізуді мемлекеттік тілге 2006 жылы көшіруі керек» деп тайға таңба басқандай жазылған еді. Біздің архивте облыс әкімі Нұрлан Нығматулин 2006 жылдың 15 маусымында бармағын басқан №12/10 қаулының көшірмесі де жатыр екен. Онда: «Қарағанды облысы әкімінің аппаратында, облыстық басқармалар, департаменттер мен бөлімдерде іс жүргізу 2006 жылдың аяғына дейін мемлекеттік тілге көшірілсін» деп пәрмен беріпті әкім. Содан бері үш жыл өтті. Көш болса жарты жолға жаңа жетті. Жұмбақтамай турасын айтсақ, Президент Жарлығы толық орындалмады.
Ешқандай қағазды ақтармай-ақ, ешкімнен сұрамай-ақ, қазақ тілінің жағдайын Қарағандыдағы көшелерге қарап-ақ шамалауға болады. Облыс орталығындағы көшелерінің жобамен 85-90 пайызының атауы өзге тілде. Солардың басым көпшілігі «Песочная», «Бензинная», «Кирпичная», «Вогонная», «Трубинная», «Моторная», «Открытая», «Пищевая» сияқты мағынадан жұрдай атаулар. Осыны өзгертуге ешкімнің құлқы жоқ.
- Қарағандыда 2000-нан астам көше бар. Соның басым көпшілігінің атауын ауыстыру керек екені шындық, - дейді Бақытқали Мұсабеков. Тіл басқармасы басшысы бұның көп күшті һәм ақшаны қажет ететін шаруа екенін, жергілікті биліктің ондай қаражатты әл-әзір бергісі жоқ екенін айтады. Ал жергілікті билік болса: «Қарағандыда өзге ұлт өкілдерінің үлес салмағы көп. Атауды өзгерту - ұлттар татулығына нұқсан келтіруі мүмкін» дегенді қайталаудан жалығар емес.
1997-2007 жылдар аралығында Астанада 570 көше жаңа атауға ие болған көрінеді. Сонымен қатар 400-ге жуық нысанға қазақша атау берілген. «Атауларды неге өзгертіп, қазақшалап жатырсыңдар?» деп ренжіген адам болды ма?

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУҒА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР САЛҒЫРТ ҚАРАУДА

Бұл - акцияның жолындағы үшінші кедергі. «Қарағандыдағы көшедегі жарнамалар, мекемелердің маңдайшасындағы жазуларда қателер неге өріп жүр?» Міне, 20 шақты жыл болды осы сұрақтың жауабын ешкім таба алған жоқ. Осыны білмек болған тіл басқармасы жақында ақпарат құралдарын ертіп, жолға шығады. Алдымен, олар жарнама орналастыратын компанияны тауып алған. Компания ақпарат беруден қашпай, жөнін айтып, өздерінің жарнама мәтінін міндетті түрде әкімдіктегі маманға тексертіп отыратынын айтқан көрінеді. Қызықтың көкесі әкімдікке барғанда болыпты. Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданының әкімдігіндегі басшылар жөн сұрай барған бұларды қату қабақпен қарсы алады. Аппарат жетекшісі Дана Әсенова телеарна өкілдеріне ақпарат беруден бас тартып, кабинетінің есігін тарс жапса, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Ақжолова «Жауап бере алмаймын» деп қашқақтайды. «Билбордтардың мәтінін бекітетін соңғы сатыдағы мекеме - құрылыс басқармасы нұсқаны тілдерді дамыту бөліміне жіберместен мақұлдай салатын көрінеді» деп естіген тіл басқармасының мамандары солай қарай беттейді. Алайда қалалық Сәулет және құрылыс басқармасындағы осы жұмысқа жауапты маман Торғын Мағауина да: «Бастығым рұқсат етпей, жауап бермеймін» деп табандап отырып алыпты. Ал бастықты табу мүмкін болмаған.
«Біз барған басшылардың кейбірі ақпарат беруден бас тартса, кейбірі өзіне тиесілі міндетті білмейтін болып шықты» дейді тіл басқармасының өкілдері.
Көптеген жекеменшік нысандардың атауында қателік өріп жүр. Мысалы, «Айгуль» дүкені, «Нургуль» шаштаразы деген секілділер көп. Бұл атауларды әділет басқармасы бекіткен. «Осы турасында, түсінік алайық деп барғанымызда әділет басқармасы есігі түгілі, тесігінен қаратпады. Табалдырықтан қайттық. Басқарманың күзетінен журналист түгілі, шыбын ұшып өте алмайды екен. Мемлекеттік органдардан бұқаралық ақпарат құралдарының ақпарат алуы өте қиын жұмыс көрінеді» деп басын шайқайды тіл басқармасы маманы.

Міне, осы секілді қаптаған қамалды бұзып, Қарағандыны қазақша сөйлетсе, «Жас Отан» ерледі. Біздіңше, бұл - жастар қанатына берілген үлкен мүмкіндік. Егер жастар ұйымы осы акциядан нәтиже шығара алса, қалың жұртшылықтың үлкен сеніміне, қолдауына ие болары хақ. Ендеше іске сәт!
Айтпақшы, «Қазақша сөйлесейік» акциясының алғашқы күнінде «жасотандықтар» мен БАҚ өкілдері Қарағандыдағы «Абзал» сауда дүкеніндегі қазақ тілінің жағдайымен танысты. Қаланың дәл орталығындағы алып сауда орталығында қазақ тіліне босағадан да орын бұйырмапты. Мемлекеттік тілдегі мәтінді емге таппайсыз.
Сауда орнының директоры Рафис Валиев «бір айдың ішінде барлық жазбалар екі тілде жазылатын болады. Бір ай мұрсат беріңіздер» деп ант-су ішті. Дәл осы жерде бір айдан соң, кездесуге уәделесіп тарастық.

Айтарым бар:

Смағұл ЕЛУБАЕВ, жазушы:

- Егер өткенге көз жіберсек, кешегі кеңестік кезеңде солақай һәм керітартпа идеология салдарынан қала, ауыл, көше аттарын көп жағдайда қайдағы бір басқыншылардың есімімен атау дәстүрге енген болатын. Мысалы, сол жылдары 4 миллион қазақты қырған қанішер Галощекиннің атында станса болды. Барлық көшеге қызыл коммунистердің аты берілді. Ал бүгінгі күні Ақсай қаласындағы бір көшеге қайдағы бір ағылшынның атын беру - өте келеңсіз құбылыс. Егер жергілікті әкімқаралардың ағылшын халқына бүйрегі бұрып жатса, онда дәл сол көшені басқа емес, Бернард Шоудың атымен атауға болар еді ғой? Ал енді бүгін бар, ертең жоқ қайдағы бір шетелдіктің атына көше беру, бұл осы шешімді қабылдаған жергілікті билік - әкімдіктің де, мәслихат депутаттарының да немқұрайлығы. Егер біле білсек, Батыс Қазақстан алашорданың батыс қанаты болған аймақ қой. Демек, әлгі көшеге Қазақстанда ақша жасап жүрген ағылшынның атын бергенше, еліміздің болашағы үшін күрескен алашорда қайраткерлерінің есімін беріп, асыл ағаларымызды ұлықтасақ жөн болмас па еді?..

Амангелді АЙТАЛЫ, қоғам қайраткері:

- Әсілінде, көшеге есімі берілетін адам елімізге, жерімізге, халқымызға еңбегі сіңген азамат болуы тиіс. Ал енді Ақсай қаласындағы көшенің қазаққа «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» қайдағы бір ағылшынның есімінің берілуін - Бөрлі ауданын басқарып отырған әкімқаралардың және осындағы мәслихат депутаттарының бейшаралығы дер едім. Егер мұның арғы түп-төркінін «неге бұлай?» деп зерттесек, біздің бүгінгі билік басындағы дәлірек айтқанда, аудандық, облыстық деңгейдегі басшылардың әлі күнге отаршылдық мінез-құлықтан арыла алмай отырғандығын айқын аңғарамыз. Себебі бұрындары ел басқарушылар қаржы-қаражатты Мәскеуден сұраса, қазіргі күні «қолын жайып» инвесторлардан сұрайтын болды. Бұл сол бейшаралықтың көрінісі. Өйткені әлгі инвестор көшені жөндесе, оны қазақтың ақшасы есебінен, қазақтың мұнайын сатқан пайданың есебінен жөндеп жатыр. Айтыңызшы, қайсы инвестор қазақтың көшесін жөндеу үшін өз қалтасынан қаржы бөліп, мырзалық жасай қояды дерсің? Олар көк тиын да бермейді. Мысалы, әйгілі алпауыт Машкеевич Хромтауда мешіт салды. Оған жергілікті халық рақмет айтып, қуанды. Сонда ол мешітті қай ақшаға салды? Әрине, сіз бен біздің, яғни қазақтың ақшасына салды. Себебі ол сол Хромтаудың баға жетпес байлығы - хромды қажетінше пайдаланып, қаржы табуда. Ал хром қазақтікі! Міне, осыған біздің әкімқаралардың ақыл-ойы жетпей отыр. Ақсай қаласындағы мына жайт, соның көрінісі. Әйтпесе, олар әлгі ағылшынға көше бермей-ақ, Ақсай қаласының барлық көшелерін жөндетер еді. Менің ой-пікірім, осы!

P.S: Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мырза ақсайлық әріптестерінің солақай шешімін дер мезгілінде айыптап, мәселенің оң шешімін табуына ықпал етер деген ойдамыз.

Қарағанды,

«Айқын» газеті, 21.07.2009

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2026
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2442
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2031
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1587