Жексенбі, 19 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3510 0 пікір 19 Қазан, 2012 сағат 08:14

Анарбайдың Димашы. «Үштұғырлы тіл» идеологиясының жаңылысуы

Үштұғырлы тіл саясатын насихаттау мақсатында түсірілген сюжеттер телеарналарда жиілеп барады. Үштілді әліпбиді есептемегеннің өзінде жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде өтілетін кәсіптік пәндерді көбейту керектігін білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов та көп насихаттайтын болды. Үштұғырлы тіл - дамыған мемлекет құрудың алғышарттарының бірі екенін билік жандайшаптары да көп тілге тиек етеді. Шын мәнінде, үштұғырлы тілдің идеологиялық мақсаты не?

Бәрі неден басталды?

Үштұғырлы тіл саясатын насихаттау мақсатында түсірілген сюжеттер телеарналарда жиілеп барады. Үштілді әліпбиді есептемегеннің өзінде жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде өтілетін кәсіптік пәндерді көбейту керектігін білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов та көп насихаттайтын болды. Үштұғырлы тіл - дамыған мемлекет құрудың алғышарттарының бірі екенін билік жандайшаптары да көп тілге тиек етеді. Шын мәнінде, үштұғырлы тілдің идеологиялық мақсаты не?

Бәрі неден басталды?

Қазіргі кезде Қазақстанның этникалық саясаттағы теңдессіз тәжірибесіне әлемдік қауымдастық жоғары баға беріп, этносаралық және конфессияаралық мәселелерді шешудегі жаңа бағдар ретінде мойындап отыр-мыс. Өйткені тәуелсіздігімізді жариялаған күннен бастап-ақ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының негізгі басымдықтарын анықтай отырып, солардың арасынан үш негізгі құндылықты атап көрсекен еді. Ол - саяси тұрақтылықты, азаматтық қоғамдағы бейбітшілікті және ұлтаралық келісімді нығайту. «Мен елдің Президенті ретінде тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайтуды өзімнің негізгі міндетім деп білемін», - деп сол кезде мәлімдеді Н.Назарбаев Қазақстан Халқы ассамблеясының ең бірінші құрылтайында. Бұл міндет 1993 жылы қабылданған «Қоғамды идеялық жағынан топтастыру - Қазақстанның дамуының негізі» атты тұжырымдамада көрініс тапты. Сол 1993 жыл этносаралық және конфессияаралық төзімділіктің Қазақстандық үлгісін қалыптастырудағы үлкен жұмыстың басы болатын. Өйткені сол жылы президент қоғамды біріктіретін қуатты құрылым - Қазақстан Халқы ассамблеясын құру идеясын ұсынды. Қазақстан халқының алғашқы форумында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы былай деді: «Біздің ең қымбат қазынамыз - халықтар достығы. Оны қалыптастыруға бірнеше буынның өкілдері атсалысты. Ал бүгінде өз тарихымызды қайтадан сүзгіден өткізіп қарасақ та, біз бұл байлығымызды, ізгі дәстүрлерімізді жоғалтуға қақымыз жоқ». Осылайша Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан Халқы ассамблеясын құруы ұлтаралық келісімді нығайтудың, шындап келгенде, саяси тұрақтылықты сақтаудың бастамасы болатын. Кейіндеу президенттің бұл ісіне шетелдік қуыршақ сарапшылар жақсы баға беріп, елбасының бұл ісі өте зор жетістік екенін айтып жатты.

Қазақстан Халқы ассамблеясы халықтар досытығын нығайту мақсатында құрылғанын айта өттік. Алайда, осы ассамблея кейіннен қазақтың ұлттығына, тіліне қазылған көр сияқты болды. Президент осы сияқты ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында, саяси тұрақтылықты сақтау мақсатында бізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Американың тәжірибесіне сүйеніп «Қазақстандық ұлт» жасап шықпақшы болғаны көп зиялылардың әлі есінде. Міне, осы баяндамасын алғаш болып Қазақстан Халқы ассамблеясында жариялаған болатын. Кейіннен президент «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс өткен ХI съезiнiң баспасөз мәслихатында төрінен көрі жақын тұрған мемлекеттік тілді емес, ресми тiлде былай деп айтып едi:

«...Бiз Қазақстанның бiртұтас халқына айналуға бет бұрдық. Мiне, мәселен, американдықтар жүздеген халықтар мен ұлттардан құралған, бiрақ американдықтар деп аталады. Ол жерде ешкiм ешкiмдi де "қытай" немесе "кәрiс" деп бөлмейдi. Ал әркiмнiң ұлты - бұл оның жеке шаруасы... Бұл дұрыс та. Себебi, бiр елде бiр халық болып тiршiлiк етуiмiз керек». Сол жылдары президенттің мұндай масқара шешіміне көрші елдер күліп жатты. Президенттің «Қазақстандық ұлтты» ақыры «ел бiрлiгi» атауына алып барып тiрегенін қатеге жорыған сырткөз сыншылары болды. Бұл қауiптi идея туралы Өзбекстан Республикасының Президентi И.Каримов өз елiнiң депутаттарымен кездескенде былай деген екен: «Көршiмiздi «Қазақстан Республикасы» деп айта алмаймын. Себебi, Қазақстанның жерi, жерасты байлығының 75 пайызы өзге шетел азаматтарының қолына сатылып кеткен. Ендi олар «қазақ» деген ұлтты құртып, «Қазақстандық ұлтпен» паспорт бермекшi. Өздерi осындай жағдайда тұрып маған «Орта Азия Одағын құруға қолдау көрсет» дейдi. Өз ұлтын жойып жатқан елге мен қалай сенуiм керек?». Шын мәнінде, Өзбекстан президенті өте дұрыс пікір айтқан еді. Президент мұндай «Қазақстандық ұлтпен» қазақ ұлты жойылатынын білді ме, білмеді ме, ол жағы маңызды емес. «Қазақстандық ұлтқа» қазақ зиялылары жаппай наразылық білдіріп, тіпті көтеріліс жасауға да баратындықтарын айтып, әйтеуір бұл ел бірлігін сақтайтын «Қазақстандық ұлт» идеологиясын жарыққа шығармады. Президенттің сол кездерде саяси тұрықтылықты сақтау мақсатынды шығарған бұл шешімі, керісінше саяси тұрақтылықтың бұзылуына алып келгенін сарапшылар айтып жатты.

«Үштұғырлы тіл» туралы идеясын да мемлекет басшысы 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында жария еткен болатын. Қарап отырсақ, мұндай қазақ тіліне, ұлтына қауіп төндіретін баяндамалардың бәрі осы халықтар ассамблеясында жарық көрген екен. Ал 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты халыққа жолдауында «Тілдердің үштұғырлылығы» атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынған-ды. Қазақстан халқының рухани дамуымен қатар, бұл идея ішкі саясатымыздың жеке бағыты болып белгіленленетінін айтты. Алайда, рухани дамуға тосқын болатынын білмеді. Идеяның негізі мынадай болатын: Қазақстанды бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек. Олар: қазақ тілі - мемлекеттік тіл, орыс тілі - ұлт-аралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі - жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. Басқаша айтқанда, үштұғырлы тіл идеясын мынадай әрі қарапайым, әрі түсінікті формуламен көрсетуге болады: мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз және ағылшын тілін үйренеміз. Алайда, экономика, ғылым т.б. салалардың дамуы тілге байланысты емес екенін басқа елдердің тәжірибесі көрсетіп беріп жатты. Мәселен, технологиядан жаңалық ашуда алдына жан салмайтын, халқының 97% тек өздерінің ана тілдерінде сөйлейтін Жапоияны бұған дәлел.

 

Бүгінде даму Батыста емес - Шығыста

Үштұғырлы тіл жай ғана әдемі тұжырымдама немесе тілдік саясаттың жаңа формасы ретінде пайда болмағанын, ол өмірлік қажеттіліктен туындаған игілікті идея екенін көп шенеуніктер айтып жүр. Оған мысалдар көрсетіп, халықты сендірмекші болатындары да бар. Мысалында, қазіргі кезде күллі әлемге есігін айқара ашып, «ақылды» экономиканы енгізіп жатқан батыс елдері қарыштап дамып жатқанын, бұл бағыттағы толайым табыстарға, ілім-білімге алып барар жол - ғаламшардағы үстемдік құрған тілдерді (ағылшын, орыс тілдері)  үйрену керек екендіктерін айтады. Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырғанын ұдайы назарға алып, ежелгі дүниедегі Мысырдың өзінде бірнеше тілді білетін мамандар иерархиялық сатымен жоғарылап, көбіне салық төлеуден босатылғандығы жайлы осыдан Х немесе ХХ ғасыр бұрын болған тарихи оқиғаларды да айтудан тайынбайды. Әрине, бұл мысалдарды көбінесе қазақ тілінен жұрдай, өзге бірнеше тілді меңгерген шенеуніктеріміз айтатыны белгілі. Алайда, тарихтағы мысырлықтармен  қазіргі дәуірді салыстыруға еш келмейтінін көбі түсіне бермейді.

Бүгінгі Батыс елдерінде көп тілді меңгерушілік жалпыға ортақ норма болып саналатыны рас. Біздің билік осыны назарға алып отыр. Батыс елдерінің дамуының  негізгі себебі кадрларының көптілді меңгергендігі дейді. Алайда, он тілді меңгере ме, жүз тілді меңгере ме, бүгінде Батыс елдері үлкен дағдарыстар мен экономикалық инфляциялардың алдында тұрғанын көптеген білімді сарапшылар мойындауда. Миллиондаған көптілді мамандар жұмыссыз жүргенін күнделікті жаңалықтардан есітіп жатырмыз. Ендеше, бір емес, бірнеше тілді игерген батыс елдер неге мұндай күйге түсуде? Олар көптілді меңгерген емес пе? Әрине, бұл жерде даму, ғылымға бейім болу тілге қатысты емес екені белгілі болады. Әлемдік экономиканың, ғылымның дамуы бүгінде Шығыс Азия елдеріне ауып отыр. Мәселен, Қытай өз тауарларымен әлемді жаулап алды. Тіпті, айдаладағы Африка елдерінің өзінде Қытай тауарлары кездеседі. Бүгінде даму жағынан Қытай алдына жансалар емес. Әлемді басқарыпп жатқан Американың өзі Қытайдың бұл қарқынынан қорқуда. Ал, ендеше, біз мысалға алып отырған Қытай Үштұғырлы тілді қолдап жатыр ма? Әрине, жоқ. Қытайда қытай тілі үстемдік құруда. Тіпті, олар тіліне құрметсіздік танытқан азаматтарды жазасыз қалдырмайтын тіл полициясын құрған. Қытайға бара қалсаңыз ағылшынша білгеніңнің түк те пайда бермейді. Ол жаққа бару үшін Қытай тілін білуіңіз керек. Ендеше, неге біздің билік дамудың басты сатысы Үштұғырлы тіл деп ойлайды? Мәселен, экономика тасы өрге домалаған Корея мен Жапонияны алайық. Бұл елдердің қай-қайсымен болса да Батыс елдері санасады. Себебі, осы елдерден шығатын «Самсунг», «Сони» сияқты компаниялар әлемдік деңгейде мойындалған. Әлемді өзгерткен үшінші алманың авторы Стив Жобстың өзі «Сони» компониясын мотивациялық бағытында үлгі тұтқан. Ал енді аталмыш осы корпороциялар өз тілдерінің атауларымен аталады. Жапонияда да, Кореяда да бүгінде өз ана тілдері салтанат құрған. Және олар ана тілдерін басқа елдерге еш қорлатқан емес. Олар ел бірлігі, саяси тұрақтылықтың кепілі мемлекеттік тіл екенін біледі. Ал бізде ше?

 

Робот ойлап табу үшін тіл емес, талант керек

Қыркүйектің 1-інен бастап еліміздегі бірқатар мектепте бірінші сыныптан бастап ағылшын тілі оқытыла бастады. Ендігі кезекте, алдағы бес жылда кейбір пәндер біртіндеп ағылшын тіліне көше бастайтынын білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті. Заман талабы мен халықаралық стандарттарды арқау еткен осы жүйенің сәтті самғауына, ең алдымен,  ғалымдар мен өнертапқыштар елімізге ауадай қажеттілігі екенін себеп етіп көрсетіп отыр. Сондықтан да Білім және ғылым министрлігі маман даярлауды қолға алатын, ғылым мен өнертапқыштыққа бейім келетін, үштұғырлы тілді қолдайтын ілкі қадамға құлшына кірісті. Алайда, өнертапқыш  немесе жақсы маман болу үшін ағылшын тілін әлбетте білу керек пе?

Қоғам «қостілділік, қостілділік» деуден шаршай бастаған тұста, оның орнын үштілділік басып, бұл да талайлардың басын қатырып жатқаны белгілі. Сондықтан болар, білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Үштұғырлы тіл бағытындағы жұмыстар ешқандай да түсінбеушіліксіз қабылдануы керектігін баса айтады. Тілдік кемсітушілік һәм кемшілікті де болдырмау жұмысына алдын ала жан-жақты қамданып та жатыр. «Әлем деңгейіндегі тоқтаусыз дамып отырған ғылым мен білімнің тілі - ағылшын тілі. Бәсекелестік болашағы осында», - деп түсіндіреді үштұғырлы тіл саясатын жақтаған министр Бақытжан Тұрсынұлы. Ал, жас ұрпақтардың өнертапқыш, не жақсы маман болып жетілуі үшін ағылшын тілінің қаншалықты маңызды екенін сараптамалық түрде дәлелдеп бере алмай жатыр. Себебі, робот ойлап табатындай өнертапқыш болу үшін тіл емес, талант керек екенін білім және ғылым министрлігі ұғына алмауда.

Отандық ғылым көңіл көншітерлік дәрежеде дамымай жатқаны шындық. Жер жүзінде күн санап жаңалықтар ашылып, жаңа техникалар, технологиялар дүниеге келуде. Бұл ретте, біздің билік олардан қалыспаудың амалын жасауға кіріседі. Ғылымды дамытуға бағытталған өзекті мәселелерді қолға алады. Оның бірі - үштұғырлы тіл екені мәлім.Ал тәжірибе жүзінде үш тілді меңгерген адам жаңалық ашуға бейім екенін дәлелдеп беріп жатқан ешкім жоқ. Мен өнертапқыш болу үшін көптіл білу қажет емес екенін сараптамалық түрде дәлелдеп бермекшімін.

Қазір биліктегі ағаларымыз, тіпті президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтің өзі компьютерлік технологияларды дүниеге алып келген Билл Гейтс, Стив Жобсқа қатты қызығушылықпен қарайтынын көптеген сұхбаттарынан байқап қалдым. Мәселен, бір конференцияда президентіміз Н.Назарбаевтің  «Егер қазақтың тілінде Билл Гейтстің жаңалығындай жаңалық ашсаңыздар, бүкіл әлем қазақ тілін үйренеді» деп айтқаны бар. Елімізден осынай Билл Гейтстер, Стив Жобстар шығуын президентіміздің өзі армандайтыны шындық болды. Алайда, бұл аталмыш өнертапқыштар көптіл білу арқылы бұл жетістіктерге жетті ме? Әрине, жоқ. Екі технология реформаторының өмірбаяндарына назар аударсақ, Стив Жобс та, Билл Гейтс те мектеп кезінде нашар оқушы болды. Екеуі де университетте оқыған жоқ. Екеуі де тіл үйренуге құмартпады. Екеуі де дипломды қырық жасынан асқан соң алды. Екеуіне де дипломды ғылым министрлігі өз еріктерімен тапсырды. Ендеше, неге біздің билік өнертапқыш адамдар дайындаудың жолы көптілді меңгеру деп ойлайды? Мәселен, мен өзім туып өскен ауылда өзіммен қатар өскен, техника тілін жетік меңгерген жас буындар болды. Біздің ауыл - троктаристер ауылы деп аталушы еді. 7 жастан 70 жасқа дейінгі аралықта тракторды айдауды, тіпті оны жөндеуді білетін адамдар өте көп болатын. Жетінші сынып оқушысы трокторды шашып, қайта құрастырып жинауды білетін (ҚазҰТУ-да, не басқа техникалық оқу орындарында оқитын студенттер өте көп, тракторды шашып жинамақ түгілі айдауды білмейді).  Ал, сегізінші сыныпта ойыншық машиналардың механизмін құрастырып үлкен ойыншық кеме ойлап тапқан өз сыныптасым болатын. Сабақ жағына келгенде тек екілік еді. Әлгі кемені қалай құрастырғанын сұрасаң өзге тіл түгілі қазақ тілінде жауап беруге қиналатын. Менің бұл сыныптасым ЖОО түсе алмады. Алайда, өзі вулканизация ашып алып, бүгінде жақсы күн кешуде. Одан бөлек, Қызылорда облысында әншейін жүрген шопанның қой санап шығатын таяқ ойлап тапқаны бар. Ал оның бұл технологиясын әлемдік деңгейде дамуына билік көңіл бөле алмады. Ендеше, әлемдік деңгейде өнертапқыштар шығару үшін ағылшын тілін емес, осы сияқты қазақ жерінің түкпір-түкпірінде шашылып жатқан Стив Жобстар мен Бил Гейтстердің басын қосып, оларға қолдау беріп, техника тілін одан әрі жетік білу үшін оқытпай  ма? Неге біздің биліктің осыған басы жетпейді? Неге білім және ғылым министрлігі робот ойлап табу үшін тіл емес, талант керек екенін білмейді? Ол жағы белгісіз.

 

Ағылшын тілінен қорғанып жатқан елдер де бар

Қазақстандағы білім беру жүйесіндегі үштілділік концепциясының жобасын жасауға бастамашы болған А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының маманы Анар Фазылжанова: «Мемлекеттік тіл - елдің негізгі тілі. Ал орыс және ағылшын тілдері - мемлекеттік тілдің өз функциясын толыққанды атқара алатын тілге айналуына көмекші болатын тілдер», - дейді. Аталған тіл тұжырымдамасында білім беру саласындағы үштілділік мәселесі қарастырылады. Онда мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерінде балаларға тек ана тілін үйрету мәселесі айтылады. Халықаралық мамандардың ғылыми зерттеулері бойынша, балаға шет тілін үйрету 9-13 жастан басталу керек. Яғни бастауыш сыныптан өткеннен кейін ғана орыс, ағылшын тілдерін меңгере алатыны аталған концепция жобасына енгізілген. Алайда, Анар Фазылжанова сияқты тілші-ғалымдарымыздың бұл зерттеулерін назарға алып жатқан министрлік жоқ. Әйтеуір, Жұмағұлов мырза алған бетінен қайтар емес.

Осыдан бірер ғасыр бұрын орыс зиялылары орыс тілінің тазалығы үшін күрессе, қазіргі кезде Франция, Германия, Испания бастаған дамыған елдер ағылшын тілінің басқыншылығына қарсы әртүрлі әрекеттердің қамын жасауда. Мәселен, Францияда «Француз тілін байыту туралы», «Француз тілін пайдалану туралы», «Француз тілінің тазалығын қорғау туралы» заңдар бар екен. Сондай-ақ, Франция 1992 жылы Страсбургте қабылданған «Аймақтық тілдердің Еуропалық Хартиясына» енбеген ел. Франция Республикасының Конституциялық Кеңесі: «Француз тілінің Конституциялық мәртебесі бұзылады» деген тұжырыммен аталған хартияға енуге қарсылық танытты. Француз, неміс, испан тілдерінде дүниежүзінің әртүрлі түкпірлерінде миллиондаған адамдар сөйлейді, әрбірден соң бұл үш тіл бірнеше мемлекеттің, тіпті ондаған мемлекеттердің ресми тілі, яғни бұл тілдерге төніп тұрған үлкен қауіп жоқ деп айтуға болады. Алайда, қауіп жоқ болып тұрғанын ескерместен Франция мемлекеті ағылшын тілінен қорғану амалдарын жасап жатыр. Ал біз өте аз халық қазақ тілінде сөйлейтінін білсек те, ағылшын тіліне есігімізді айқара ашып беріп жатырмыз. Ал орыс тілі бұрыннан қазақ тілі қамалының ішінде болатын. Егер Ресейде тұрып, орыс тілін білмесең, Ресей Федерациясының азаматы да бола алмайсың. Мемлекеттілігі бар ұлттарға Ресей олардың тілдерінде мектеп ашпайды. Барлығы тек орыс тілінде. Ресейдің басты тілі олардың «Мемлекеттік тіл туралы» заңында қорғалған, сонымен бірге «Орыс тілі» атты федералдық мақсатты бағдарлама аясында қамқорлыққа алынған. Осы тұста көрнекті жазушы Т.Әбдікұлының: «Көршінің тілімен емес, тәжірибесімен өмір сүрейік» дегені ойға оралады. Ал бізде көрінген 130 ұлттың бәрінің тілін дамытамыз деп биліктегілер көкіректерін керуде. Сол мақсатта, 130 ұлттың бәрінің болмаса да, жартысынан көбінің өз тілдерінде мектептері барына күмәнім жоқ. Жоғарыда аталған мемлекеттердің қай-қайсысында да мемлекеттік тіл дейсіз бе, ресми тіл дейсіз бе, әйтеуір, тілдерінің мәселесі толық шешіліп тұр. Бір қарағанда, оларға алаңдаудың реті де, жөні де жоқ сияқты. Бірақ олар сөйте тұра алаңдайды, дабыл қағады. Өйткені өзінің елі мен жерінде басқаның араласуынсыз, сырттың ықпалынсыз тек бір тілдің - мемлекеттік тілдің ғана салтанат құрғанын қалайды. Әйтпесе, жат тіл қоғамның тұтастығын бұзуы, мемлекеттің іргесін шайқалтуы бек мүмкін. Бұл ретте, үштұғырлы тіл ұлтаралық татулықтың кепілі деп жүрген билік басшылары қателесіп жүргенін, ұлтаралық татулықтың, ел бірлігінің кепілі мемлекеттік тілде екенін естеріне салмақпыз. Сондықтан да өркениетті елдер барды малданбайды, бүгінгі күніне тоқмейілсімейді, болмашыға алақайламайды. Алаңдайды, алдын алады, ойласады, күреседі, айналып келгенде өзінің тілін сақтайды, өрістетеді, өркендетеді. Оларға қарағанда адымы ашылмай жүрген біздің қазақ тілі еселеп қорғауды, айрықша қолдауды қажет ететін - тіл.

 

Үштұғырлы тіл - Онтұғырлы тіл - Жүзтұғырлы тіл

«Көпұлтты Қазақстанның жағдайында «Үштұғырлы тіл» ұлттық жобасы (ұлттық жоба дегеніне түсінбедік) қоғамдық келісімді нығайтудың негізгі факторы болып саналады. Алайда, еліміздегі негізгі үш тілді дамытуға басымдық беру - басқа халықтардың тілдерін назардан тыс қалдыру деген сөз емес. Мәдениеттер мен тілдердің саналуандығы - бұл біздің ұлттық байлығымыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ, мемлекет Қазақстандағы халықтардың барлығының мүдделерін ескере отырып, посткеңестік кеңістікте ең либералдық тілдік саясат жүргізді. Соның дәлелі болар, кез келген этностың өкілі қай тілде білім алатынын, сөйлейтінін, шығарма жазатынын ерікті түрде таңдай алады» - дейді Хабар агентігінің тілшісі бір рэпортажында. Бұл сөздерімен тілші не демекші болды?

Еліміздегі 130 ұлттың мүдделерін қорғаймыз деп, үштұғырлы тіліміз біраз жылдардан соң онтұғырлы болып, ал бір ғасырдан соң жүзтұғырлы тіл болып кетуі мұндай жағдайда ғажап емес. Билік өзінің ақпарат құралдарымен әліден осындай ақпараттарды халықтың бойына сіңдіріп жатыр. Бұл дегеніміз, халық осыған дайын болсын дегені болуы керек. Өзге ұлттың мүдделерін тым бұлай қорғай берсек, еліміздегі өзге ұлттықтар тым мүддешіл болып кететіні де рас. Сол кезде көрерміз, ұлтаралық татулықтың көкесін.

Мына бір деректерге қарасақ, Қазақстанды отаным деп есептейтін өзге ұлттықтар өте аз екенін көрсетеді. Мәселен,  бір ғана мысал, кезінде елімізде жүргізілген әлеуметтік зерттеулерге сенсек, Қазақстандағы орыс ұлт өкілдерінің 70 пайызы Отаным деп Ресейді, 15 пайызы - бұрынғы мемлекет Кеңес Одағын, 3 пайызы- космополиттік сипатта «қазір тұрып жатқан жерім"» деп жауап берсе, небары 11 пайызы менің Отаным- Қазақстан деп санайды екен. Ал орыстан бөлек өзге де азды-көпті диаспоралардың 61 пайызы сырттағы атажұртын өзінің Отаны деп білетін көрінеді. Өзге ұлт өкілдерінің өз Отанын сырттағы елдермен байланыстыруы- алаңдатарлық жайт. Бұл ішкі саясатта шешімін таппай отырған мәселелердің барын аңғартпай ма?! Ендеше, осындай безбүйрек өзге ұлттықтардың мүддесін неге біздің билік ұдайы назардан қалдырмайды? Мұндай жағдайда, әлгі жоғарыда келтірген формула жүзеге асары анық болып тұр.

 

Бағдарламаның бағдарсыз бағдары

Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында тілдерге қатысты жазылған мәтіндерді ұдайы назарға алып мақала жазатын, парықсыз журанлистер көбейіп кетті. Мәселен, орыс тіліне қатысты: «Орыс тілі - ұлтаралық қарым-қатынас пен интеграциялық қызметтердің діңгегі. Ақиқатын айтсақ, ақпараттық кеңістігімізде орыс тілі әлі де маңызды рөл атқаратынына ешкім дау айта алмас. Сондай-ақ, әлемдік алты ресми тілдің қатарына кіретін орыс тілін меңгеруге бәсекеге қабілетті ұлттың кез-келген өкілі ұмтылуы тиіс. Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, орыс тілін оқыту жүйесін одан әрі оқу-әдістемелік және зияткерлік тұрғыдан қамтамасыз етуіміз керек. Бұл мақсатқа жетеміз десек, қашықтықтан оқыту, электронды интерактивті оқулықтар бағдарламасын құру, ұлттық мектептерде орыс тілін оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін енгізу, оралмандарға, шетелдіктерге және халықтың басқа топтарына орыс тілін оқыту курстары мен орталықтарын ашу, халықтың орыс тілін меңгеруіне тұрақты мониторинг жүргізу сияқты іс-шаралар қолға алуымыз қажет» десе, ағылшын тіліне қатысты: «Үштұғырлы тіл» идеясының үшінші құрамдас бөлігі - ағылшын тілін үйрену. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда ағылшын тілін меңгеру дегеніміз - ғаламдық ақпараттар мен инновациялардың ағынына ілесу деген сөз. Оған қоса, ағылшынша білсең - әлемдегі ең үздік, ең беделді жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндігің мол. Тіпті, оқуыңды тәмамдаған соң, біршама уақытқа шетелде қалып, еңбек етуің үшін де бұл тамаша мүмкіндік. Ең бастысы, ағылшын тілін білу - бұл іскерлік қарым-қатынас және әлемнің кез-келген нүктесінде бизнеспен айналысу үшін міндетті талап. Жоғарыдағы мақсаттар  Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында тайға таңба басқандай етіп көрсетілген» - дейді «Ел» газетінің журналисті Таңатар Табынұлы. Орыс тілінің алдың алты тілідің қатарына кіруде қазақтардың үлесі зор екенін мойындау керек. Ал келтірілген 2 мысалында да тілді тек ақпарат алудың амалы ретінде көрсеткен. Алайда, біз ақпарат алуда бір ғана тілді таңдау керек екенімізді айтқым келеді. Не орыс тілін, не ағылшын тілін...

 

Түйін

Парықсыз тіл саясатын жүргізіп жатқан билік осылайша жаңа ғасырдың екінші он жылдығында да нәтижесіз етпекші. Бұл қарқынмен барсақ, 2020 жылы халықтың 95%-ы, мектеп бітірген оқушылардың 100%-ы мемлекеттік тілді меңгеріп шығуы үш ұйықтасақ түсімізге кірмейді. Ақпарат алмасу үшін бүкіл халықты тіл білуге үндеу дұрыс емес бағыт. Мәселен, еліміздің ЖОО-да аудармашы мамандар, тілмаштар не үшін дайындалып жатыр? Сол ақпараттарды қазақ тіліне аударып беру үшін емес пе? Әрине, менің түсінігімнің жеткен жері осы. Ал «Билік басындағы ағаларымыз нені түсініп жүр? Неге солар түсінген нәрсені мен түсінбеймін?» - деген сияқты сауалдар ойымды жегідей жейтіні өтірік емес. Алайда, үштұғырлы тіл саясатын қолдауға қатысты бір ғана қорытынды жасауға болады: не билік басындағылар тым ақылды боп кеткен, не тым ақымақ боп кеткен...

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2147
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2552
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2372
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1661