Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Ақмылтық 3296 28 пікір 29 Наурыз, 2022 сағат 15:47

«Жаңа Қазақстанды» ескі кадрлар құра ма?

«Жаңа Қазақстан» слоганы соңғы уақытта көп айтылуда. Президенттің өзі «Жаңа Қазақстанды» құратын сәт келді», - деп мәлімдеген болатын. Қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін, саяси реформа жарияланып, өзгерістер болатыны жиі айтылуда. Алайда расымен «Жаңа Қазақстан» бар ма?

«Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін президент Үкіметті таратты. Жаңа премьер болып Әлихан Смаилов тағайындалды. Ол бұрын президенттің кеңесшісі, қаржы министрі сынды аса жоғары лауазымдарды атқарған. Былайша айтқанда ескі Қазақстанда да жоғары қызметтерде болған.

Жаңа Премьер министр тағайындалғаннан кейін, министрлер кабинеті де жаңарды. Жаңарғанда ескі кадрлар жаңа кадр болып шыға келді. Нақтылап айтатын болсақ, Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов (қазір тергеуде), ІІМ Ерлан Тұрғымбаев, ауыл шаруашылық министрі Ербол Қарашөкеев, БжҒМ Асхат Аймағамбетов, еңбек және халықты әулеметтік қорғау министрі Серік Шапкенов, Қаржы министрі Ерулан Жамаубаев, ТЖМ министрі Юрий Ильин, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, экология министрі Серікқали Брекешев өз орындарын сақтап қалды. Яғни Үкімет елу пайыз ғана жаңарды. Жаңа министр қызметін алған тұлғалардың арасында вице-министрлер де жетерлік еді.

Қаңтар оқиғасындағы азаптау фактілеріне қатысы бар деп қоғам тарапынан айыпталған ІІМ Ерлан Тұрғымбаев қызметінен алынған сәтте, оны «қандай да бір жауапкершілікке тартады ма» деген сұрақ туындаған болатын. Алайда Тұрғымбаев керісінше Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі болып тағайындалды. Осылайша халықтың «Жаңа Қазақстанға» деген көзқарасы өзгере бастағандай.

Ескі Қазақстанда басты партия «Нұр Отан» болатын, ал Жаңа Қазақстанда «Нұр Отан» атауын «Аманат» деп өзгертті де, басты партияның бірі болып қала берді. Ел аталмыш партияны таратып, орнына бәсекеге қабілетті партиялар құрылады деп сенген болатын.

Президенттің наурыз айындағы жолдауы саяси партияларды тіркеу мен құруға жеңілдіктер ұсынса да, «Аманаттың» бәсі жоғары болатыны бүгіннен белгілі.

Партиялар демекші, Қазақстан Халық партиясына Ермұхамет Ертісбаев төраға болып сайланды. Бұл өзгеріске халықтың жартысы күле қараса, жартысы күмәнмен қарауда. Себебі Қазақстан Халық партиясы аты өзгерсе де, халық жадында коммунистік партия болып қала бермек.

«Жаңа Қазақстанда» әлі облыс әкімдері ауысқан жоқ. Облыстардың барлығында ескі Қазақстанның сүрлеуімен жүрген, ескі мақтау-мадақтауды жақтайтын, ескі әдіспен жұмыс істейтін кадрлар отыр. Сонда «Жаңа Қазақстанды» ескі кадрлар құрмақ па?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

28 пікір