Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3834 0 пікір 15 Қазан, 2012 сағат 08:20

Амангелді Кеңшілікұлы. ПАРАСАТ МАЙДАНЫ

 

Алтыншы сыныпқа көшетін жылы «Жүздесу» атты жинақтан, сол кездері халыққа танымал болып қалған қазақ жазушыларының  біраз шығармаларын оқып шыққан едім. Кітапта жарық көрген көркем туындылардың ішінен бір әңгіме ерекше әсер етіп, балалық көңілімде айрықша ізін қалдырып кетті.  Әңгіменің аты «Оң қол» еді, авторы - Төлен Әбдіков.

Шағын ғана әңгіме мені терең  ойдың иіріміне тартып әкетіп,  жүрегімнің қақпасын қайта-қайта қаққан бір мазасыз сезім ұзақ уақыт жаныма тыныштық бермей қойды. Жатсам да, тұрсам да көз алдымнан, жауыздықтың жазықсыз құрбаны болған Алманың аянышты тағдыры кетпей тұрып алды.

 

Алтыншы сыныпқа көшетін жылы «Жүздесу» атты жинақтан, сол кездері халыққа танымал болып қалған қазақ жазушыларының  біраз шығармаларын оқып шыққан едім. Кітапта жарық көрген көркем туындылардың ішінен бір әңгіме ерекше әсер етіп, балалық көңілімде айрықша ізін қалдырып кетті.  Әңгіменің аты «Оң қол» еді, авторы - Төлен Әбдіков.

Шағын ғана әңгіме мені терең  ойдың иіріміне тартып әкетіп,  жүрегімнің қақпасын қайта-қайта қаққан бір мазасыз сезім ұзақ уақыт жаныма тыныштық бермей қойды. Жатсам да, тұрсам да көз алдымнан, жауыздықтың жазықсыз құрбаны болған Алманың аянышты тағдыры кетпей тұрып алды.

Әңгімеде кәмілет жасынан енді ғана асқан Алма есімді қыздың бұрын-соңды жұрт естімеген жаман сырқатқа шалдығып, психиатриялық ауруханаға түсіп, қалай қаза табатыны жас дәрігердің аузымен баяндалады.  Науқасты  жеке бақылауына алған дәрігер жігіттің айтуынша,  қалың ұйқының құшағына батқан шақта оны қылқындырып өлтірмек болып, қыздың оң қолы ақылға сыймайтын әрекет жасап,  Құдай сақтап, байғұс бала маңындағылардың араласуымен талай рет ажалдан аман қалған. Қыздың өзі болса бұл оқиғаны мүлде басқаша түсіндіреді. Алма: «Маған қастандық жасаған мынау, бұл менікі емес, мүлде бөтен қол, мені өлтіргісі келіп жүр», - деп өзінің оң қолын  көрсетеді. Мұны медицинада ішкі тұлғаның екіге жарылуы деп атайды. Яғни бір дененің ішінде екі түрлі «жан иесі» кезектесіп, не қатар өмір сүреді.

Қанша түсініксіз көрінгенімен, өзін-өзі өлтіру ниеті қыздың миында бар болғанға ұқсайды. Шамасы, бұл қалайда қанмен, тұқым қуалап келген ниет. Алманың шешесі, ия әкесі, немесе аталарының бірі өзін-өзі өлтіруге әрекет еткен.  Енді сол әрекет беймәлім заңдылықпен қыздың миына  ұялап алып,  өздерін-өздері өлтіргілері келеді. Бірақ олардың өздері жоқ. Санасының иесі - қыз өлуге тиісті.

Тосын оқиғаны баяндауымен үйіріп әкететін шығарманың  қызығына шырмала бастағаннан -ақ көңілің қобалжып, әңгіме аяқталғанша бұйралау кекілі бар сұлу қыздың тезірек сауығып, бақытты өмірге оралуын бар ықыласыңмен тілеп отырасың.  Басынан қайғының тұманы тарқамай қойған  Алманы жақынырақ таныған сайын,  қызға деген аяушылығың арта түседі.  Дәрігер жігіт екеуінің арасында махаббатқа  ұқсайтын беймәлім сезімнің ұшқыны тұтанғанда,  сол ұлы құдіреттің бейкүна қызды ажалдан аман алып қалатынына  сенгің келіп, үмітің арта түседі.  Бірақ, оқиға  басқаша аяқталып,  үкілеген үмітіміз ақталмай, қыздың санасына індеп алған зұлымдық ақыры көздеген мақсатына жетті.  Оң қол қалың ұйқының құшағында жатқан Алманы қылқындырып өлтірді. Шығарманың кульминациясында дәрігердің айтып берген қайғылы оқиғасын тыңдаушы кейіпкер, тамақ жеу үшін пышақ ұстаған оң қолына үрейлене қарап, жазушы қызды өлтірген  зұлымдықтың біздің де cанамызға үстемдік етіп жүргенін емеурінмен білдіре кетеді.

Әжемнің әдемі ертегілеріндей аяқталатын хикаяларды қатты сүйетін  сәбилік көңілім әңгіме авторынан  басқаша мағынадағы шындықты сағына күтіп еді. Жазушы Әбдікұлы болса, балалық көңілімді мертіктіріп, әлі де біраз толғанта түсу үшін, ой орманның ішіне мені жападан-жалғыз тастап кетті. Енді ойланғанмен де не пайда?  Тазалықтың символы Алма бәрібір өлді, зұлымдық жеңді. Ал өмір жалғасып жатыр....

Қазақ прозасында құбылыс болған Төленнің осы бір шығармасы  туралы әдебиетімізде аз пікір айтылған жоқ.  Әңгіменің көркемдік табиғатын қазақ сыншылары бізге дейін де талай мәрте талдаған.  Соған қарамастан шығарманың идеялық концепциясын дұрыс түсінбегендіктен, оны толыққанды тануға әлі қадам жасалған жоқ.  «Оң қолды» талдаған сыншылардың барлығы да сол жылдардағы қазақ әдебиеті үшін тосын тақырып болған қостұлғалыққа ғана баса назар аударып,  шығарма авторының айтқысы келген негізгі идеясының түйінін тарқата алмады. Тіпті, әңгімедегі идеяның басқа біреуден алынғанын айтып, жазушыға мін таққысы келгендер де табылды.

Мен суреткердің мұндай тамаша туындыны өмірге әкелуіне Стивенсонның «Доктор Джекил мен мистер Хайдтың таңғажайып оқиғалары» шығармасының  немесе Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» романының әсер етуі ықтимал екенін жоққа шығармаймын.   Бірақ, жазушы шығармасындағы жанымызды дірілдетіп, көңілімізді толқытып, баршамызды баурап алатын сиқырлы құдіретті, тек оның идеяларымен ғана байланыстыру - өнердің ұлылығын түсінбеу деген сөз.  Өнерді шабыттандыратын идеялардың ауқымы өте шектеулі. Оның күші тек сонда ғана емес, суреткердің сол идеяны оқырманға қалай жеткізіп, жалғыз өзіне ғана тән таңбасымен айшықтай алатын шеберлігінде.

Біздің бәріміз де Сервантес пен Рабле,  Гюго мен Бальзак,  Диккенс пен Теккерей,  Толстой мен Достоевский, Мұхтар мен Бейімбет,  Ремарк пен Распутин сияқты өнер аспанындағы жарқыраған жұлдыздардың  сәулесінен  ерекше қуат алмаймыз ба?  Ендеше олардың өнерді арайландырған  ғажайып шуағының біздің бойымызда өз ізін қалдырмауы қалайша мүмкін болмақ.

Шындығында «Оң қол» әңгімесінің жұмбағын, сыншылар айтып жүргеннен мүлде басқа жақта жатқан кеңістіктен іздеу қажет.  Хикаяда   біздің сыншылық жанарымыз қадалғаннан да тереңге жіберілген  шындықтың тамыры қопарылып,  әлемдегі сорақы  қылмыстардың барлығының да ең алдымен адам санасында жасалатыны әшкереленіп,  жазушы Әбдікұлы қазақ әдебиеті үшін тосын жаңалық ашты.  Және ол зұлымдық пенде баласының жан-дүниесін күйретіп, оны өлтірмейінше тыным таппайды екен. Қайтпек керек?

Астарлы ойдың шыңырауына жасырынғанымен, әңгімені оқу барысында біз нағыз зұлымдықты туғызушы кейіпкерді ішкі түйсікпен сезгендей боламыз. Ол - әзәзіл.  Әңгіменің табиғатына одан әрі үңіле түссеңіз, тек тәтті ұйқының құшағына кеткенде ғана Алманы өлтіруге әрекет жасайтын сол әзәзілдің, қыздың санасына ғана емес, бірте-бірте дәрігердің сезіміне де үстемдік ете бастағанын анық байқайсыз.  Сайтанның сыбайласына айналған әзізіл ақыр соңында дәрігердің ақыл-парасатын билеп алып, оған ауыр қылмыс жасатты.  Алманы ұнатқан жас жігіт, әзәзілдің торына түсіп,  қыздың талап-тілектерінің бәрін орындап, кешірілмес күнаға батты.  Дәрігерлік антын бұзып, сорақы қылмыс жасады. Егер жігіт Алманың ішіне жасырынған  әзізілдің сөзін тыңдап демалуға кетіп қалмағанда, мүмкін бәрі басқаша болар ма еді? Кім білсін?

Шын мәнісінде әңгімедегі оң қол  да, бір адамның бойында өмір сүретін қостұлғалық та зұлымдықтың сыртқы сипатын көрсету үшін таңдап алынған символдық белгілер ғана. Бірақ әңгімедегі нағыз қылмыскер олар емес. Нағыз қылмыскер  ақылға бағынғысы, ештеңені тыңдағысы келмейтін - адамның санасы. Қылмыскерді жазаға тартуға болады, ал адамның санасында жасалып жатқан зұлымдықты ауыздықтайтын амал бар ма?

Әдебиет әлемінің есігін аттауға куәлік алған  алғашқы шығармасымен-ақ  жазушы Төлен Әбдікұлы жұрт күтпеген күрделі сауал қойып,  халықты алаңдатып, оқырманды ойландырып тастады. Отыз жыл өткен соң осы әңгімені қайта оқып шығып, ой талқысына тағы бір салып көргенімде, жазушы шығармасында көтерілген мәселенің әлі күнге дейін өзекті болып тұрғанын аңғардым.

Әлемді зар еңіреткен зұлымдықтың ініне су құю мүмкін емес болып шықты. Ол заманнан-заманға аман-есен өтіп, қоғамға үстемдігін жүргізіп, діңкемізді құртып, адамдық болмысымызға тамыры жайылып барады.  Жеңілуді айтасыз-ау!  Еркімізді билеп, бәрімізді маймыл патшалығындағы мұнарасынан бақылап, кекірейіп тұр. Қабылдан қалған пышағын жалаңдатып, көздері қанталап, сұстанып қояды. Бәрібір оған әліміз жетпейтін мына біздерді мазақтап, миығынан мырс-мырс күледі.

Жеңілмек түгіл, қайта заманмен бірге кемелденіп, қоғамға тізесін батырған өктемдігі бұрынғыдан бетер күшейе түсіпті. Бойымызға сор болып жабысқан ол пәлекеттен қалай құтыламыз?  Не істейміз?  Дүниедегі ғаламаттың бәрін ойлап тауып, әлемге қожалық еткен жер патшасы адамның  өз бойындағы зұлымдықтың көзін жоя алмай сорлап, құлақ кесті құлы болып бара жатқанының себебі, сыры неде?

Қарап отырсам, «Оң қол» әңгімесі жазылғаннан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті. Адам танымастай болып, қоғам да өзгеріпті. Дүниедегі өзгеріспен бірге санамыз да жаңарыпты. Бірақ адаммен бірге өмір сүріп келе жатқан зұлымдық, әлі күнге дейін сол баяғы патшалық тағында шіреніп, қоғамды билеп-төстеп отыр.

Еліміз тәуелсіздік алды. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткізу үшін, қазақтың қаны талай рет суша төгілді. 1986 жылғы желтоқсанда әділеттілікті аңсап, алаңға шыққан қаншама жазықсыз боздақтың өмірі қыршыннан қиылды. Міне, осындай ұлы қасіреттен соң да санамыздың бір түкпіріне ұя салған зұлымдық, ақылынан адасқанын мойындап райынан қайтудың орнына, қайта күшейіп, бізді өлтірудің тағы бір айла-әрекетін жасауға қамданып, өрмегін тоқып жатыр.

Ойпырмай, сонда бүкіл әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында құрдай жорғалатып, үстемдігін жүргізген сұмырайды сабасына түсіретін амал мен айланың табылмағаны ма, мына опасыз жалғанда? Өткен ғасырдағы жүзжылдықтың қапырық ымыртында адамзат баласы зұлымдықтың кесапатынан қайта-қайта қанға боялып, қасіретке тұншығып, жан төзгісіз азап шекті. Сталинизм, фашизм, қолдан жасалған ашаршылық, жаппай репрессия, тоталитарлық билік, авторитарлық билік, жеке басқа табынушылық т.с.с  зұлматтың қармағына түскен әлем құрып кетуге шақ қалды. Көзімізге көк шыбын үймелете жаздаған сол азап пен  қорлықтан алған сабағымыз бен түйген қорытындымыз қайсы?   Зұлымдықтың  оң қолымен жабайы тәртіпті қайта орнатқысы келіп арпалысып, әдемі идеалдардың бәрін қиратып, таптап, күлін көкке ұшырып жатқан құдайсыздарға не уәж, қандай ақыл  айтуға болады? Сонда немене, адамзаттың ұлы ойшылдарының жан азабы мен тән азабын тарта отырып, қасірет шегіп, сиямен емес, дәлелдеп, қанымен жазған қағидалары түкке жарамай қалып, күресінге лақтырылмақ па? Шынымен де жүрегіміздегі асыл мұраттардың шырағы сөніп, надан тобырға айналғанымыз ба қайтадан?   Ендігі қалған ғұмырымызда адами қағидаларды аяққа басып, хайуани заңдылықтарды идеал тұтып өтпекпіз бе, жалған тіршіліктен? Жиіркенудің орнына, жан төзгісіз былғаныш қоғамнан ырыздығын теріп тауып жеп, әділетсіздіктерді құптап, адамға қарсы үсті-үстіне жасалған жауыздықтарды  сабырмен «түсінуге» тырысып, тіпті оны заңдастырғысы келіп жанталасып жатқандарға не ақыл, қандай уәж айтуға болады?  Ақыл-парасатынан айырылып, улап-шулап, миғұла-мәңгүрттіктің мекеніне біржола көшіп алған қалың тобырды қалай тоқтатпақ керек? Тоқтату мүмкін бе, оларды?

«Оң қол» әңгімесінен кейін,  отыз жыл өткен соң жазылған «Парасат майданы» повестінде жазушы Әбдікұлы баяғыда көтерген тақырыбына қайтып оралып, осындай бір мұнарлы қайғыны жамылып, кезінде аяқталмай қалған ойының түйінін тарқатып, бала күнімде тастап кеткен ой орманының  ішінен мені адастырмай, қолымнан жетектеп өзі алып шықты.  Өйткені «Оң қол» әңгімесін оқыған кездегі сәбилік санамды сансыратқан сан-алуан сауалдың жауабын мен, отыз жыл өткен соң осы повесттен таптым.   Және сол ұстара сұрақтардың жауабын табу үшін, жазушының ұзақ жылдар бойы шығармашылық ізденістің қасіретіне тұншығып, қалай қиналғанын,  повестті  оқи отырып, шын сезіндім.

«Парасат майданы» көркем шығарма ғана емес  -   жазушының адамзат баласына айтқан ескерту-аманаты. Философиялық туынды. Бұл повестінде басқа шығармаларымен салыстырғанда жазушының жанын кемірген ой-толғаныстары, үміті мен күдігі, ар азабын кешкен шақтағы  уайымы, қоғамның келешегін ойлаған мазасыз қайғысы, жүрегін жаншыған ауыр сезімі бояуы қанық, айшығы анағұрлым анық етіп суреттелген.

Жазушы парасат майданы үшін болған ұрыста неге үнемі жауыздықтың  жалы күдірейіп, жеңіске жете беретінінің себебін іздейді.  Ізгілік пен зұлымдықтың күрделі табиғатына ақындық жанарымен қадалып, ақыл-ойға бағынбайтын қағидалардың кісенін үзіп, құпиясын табуға әрекет жасайды.

Повестте жан азабына душар болған шығарманың бас кейіпкері (жазушы кейіпкерінің есімін құпияда ұстауды жөн көріпті)  ауруханада жатып адамгершілік, тазалық, имандылық, махаббат, бақыт туралы көңіліне ұялаған мөлдір сезімін қағазға түсіріп, күнделік жүргізе бастайды. Бір күні жан дертіне шалдыққан ғаріптің өмірінде күтпеген оқиға болады. Ол күнделіктерін оқып шығып, оған жауап жазған бейтаныс адамнан хат алады.  Бейтаныс кейіпкер оған жазған хатында, өмірден рухани тірек іздеген ғаріптің имандай сенетін әдемі идеалдарын жоққа шығарып, қайта-қайта оны тығырыққа әкеліп тірейді. Міне, осылайша шығармада ізгілік пен зұлымдықтың, адам санасының сарайын жаулап алу үшін соғысқан  парасат майданы басталады.

Ең қорқыныштысы бейтаныс хатты жазушының келтірген қисындары мен дәлелдерінде ақиқат жоқ емес еді.  Бірте-бірте ол ізгілікке ғана емес, зұлымдыққа да сену қажет екенін дәлелдеуге құлшына кірісіп, қарсыласының санасында оны заңдастырып беруге тырысады.  Қарсыласы парасат тауының асқарына көтерілген биік рухтың адамы болғандықтан, бейтаныс хатты жазушының айтқанына көнгісі келмей, көр азабына түскендей қиналады.  Ізгіліктің ғана әлемді құтқарып қалатынына кәміл сенетін ол байғұс,  зұлымдықтың жамылғысын жұлып тастау үшін, бейтаныс хатты жазушымен қайта-қайта айтыс-тартысқа  түседі. Онымен жүзбе-жүз кездесіп, райынан қайтармақ болғанымен, ол әрекетінен түк нәтиже шықпайды.  Бейтаныс хат жазушы кездесуге келмей қояды.

Өкініштісі әдемі қағидалармен жан-жақты қаруланып алған зұлымдықпен тіресіп, оны жығу оңай  іс болмай тұр. Өйткені бүкіл әлемнің жаны көкпарға түскен, адамды Алланың түзу жолына салғысы келген парасат майданында ізгіліктің  нұрлы таңындай дүниеге шуағын шашқан  - адамгершілік, имандылық, мейірімділік, тазалық пен махаббат қана емес, ақыл-ойымыздың егістігіне түсіп, оны шегірткедей жалмаған  зұлымдықтың залым   нөкерлері - арсыздық, опасыздық, сатқындық, жауыздық, екіжүзділік пен жағымпаздық та өз айтқандарының дұрыстығын дәлелдеуге тырысып, бар арамдығын іске қосып жатыр. Және осынау парасат майданындағы қиян-кескі шайқаста бірте-бірте барлық уақытта да залымдығын асыра білген зұлымдықтың күші басым түсіп,  ізгіліктің жаны тұншығып барады. Себебі зұлымдықтың табиғаты адам танымастай болып өзгеріп, баяғыдан мың есе күрделене түскен. Ол біз ойлағандай бағзы замандардағы Люцифердің кейпіндегі қорқынышты құбыжық емес, жұртты алдап  Данте, Шекспир, Достоевский мен Абай болып ойнап, том-том кітап жазып, үнемі ізденістің үстінде жүрген, сайтанға жанын сатқан - Фауст,   Алпамыстың жоғын пайдаланып, қоғамға үстемдігін жүргізіп келе жатқан  - Ұлтан, біресе Адам Құдай, біресе Құдай Адам болып халықты ақымақ қылып, өзіне дейінгі дүниедегі шындықтың барлығын жоққа шығарып, зұлымдықтың тағында патшалық құрған  - адам бейнесіндегі  Алланың маймылы. Патшалық тағында отырып алып ол, біздің адамдық асыл қасиеттеріміздің барлығын аяққа таптап, ойына келген ойранын істейді. Көңілі көтерілсе тозақтан қайтып оралған Мефистофельге ұқсап, бізге қарап  сақ-сақ күледі, ашуланса жұмақтан қуылған Қабылдай, бір орнында тұрмай, алақ-жұлақ еткен ала  көздерімен атып қарайды. Тәуелсіздік дегеніміз құр бос сандырақ қана.  Ақылынан адасқан қоғам тек оның қас-қабағына ғана қарап өмір сүріп келеді.  Оның ұғымында шындықты айтушылардың бәрі - қоғамның азғындары да, өтірік айтушылардың бәрі - қоғамның жарылқаушылары. Шындықты айтушылардың бәрі шетінен қолына кісен салынып, түрмеге қамалады. Көнбесе - өлтіріледі. Өтірік айтушылардың барлығы шетінен биліктің майлы жілігін мүжіп, шен-шекпен алады.

Қоғамды ұлы қасіреттің дауылына ұрындыратын  үлкен трагедиялар Құдайдың қарапайым қағидаларын бұзғаннан немесе пенде баласының,  жексұрын мақсатына жету үшін, оны өзінің ыңғайына қаратып бұрмалауынан басталады.  «Парасат майданы» повестіндегі бейтаныс хат жазушы - қорқынышты құбылыс. Өйткені ол жауыздықтың  да өмір сүруге құқылы екенін дәлелдеп, сұлу сөздерімен оның жалаңаш тәнін жасырып, зұлымдықты мәңгілік патшалығына отырғызып, заңдастырып алмақшы. Тапқан қисындары мен дәлелдері де ұстарадай өткірлігімен жаныңның осал тұстарын тіліп-тіліп жібереді. - Сіз ізгілікке сенесіз де, зұлымдыққа сенбейді екенсіз, - дейді  ол.   - Меніңше екеуіне де сену керек.  Дүниені ұстап тұрған осы екі күш қой. Өмір атты арбаның екі жетегі болса, біреуі -зұлымдық. Бірақ ол, сіз ойлағандай адамға тек жамандық әкелетін зиянды нәрсе емес....

Ал, керек болса?  Зұлымдықтың сайқал табиғатын  ақтап алу үшін бейтаныс хат жазушының келтірген дәлелдері ойлы оқырманды одан сайын үрейлендіре түседі. Шошытады. Төбе шашын тік тұрғызады.  Масқара!  Парасат аспанында шарықтаған ақыл-ойдың да оны тоқтатуға шамасы келмей қалыпты. Сабасына түсіріп, кім енді оны тоқтата алады?  Кім?  Зұлымдықтың шырқау шыңын бағындырған оның, ақыл-парасатқа көнбейтін ақиқат  туралы өз қисыны мен тұжырымы көп.  - Өтірікті жек көреміз. Ал сол Өтірік адамдармен айтысатын болса: -Ау, ағайын! - дер еді. - Бәріңнің күн көріп отырғандарың менің арқам емес пе? Ыңғай шындықты айтамын десеңдер, баяғыда тоз-тоз болып, құрып кететін едіңдер. Менің арқамда қанша рет жан сақтап жүрсіңдер...

Редакциядан:

19-ншы қазан күні Астанада әйгілі жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдікұлының кеші өтеді.

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1402
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1233
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 991
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1065