Сәрсенбі, 8 Мамыр 2024
«Қаңтар оқиғасы»: 3910 32 пікір 13 Наурыз, 2022 сағат 10:55

Ерлан ҚАРИН: Жаңа реформалар ел дамуына соны серпін береді

Көзі қарақты оқырман жақында қазақтілді сайттар бірігіп қауымдастық құрғанынан хабардар болса керек-ті. Жуырда қауымдастық өкілдері ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қаринмен жолығып, қазақстандық ақпарат кеңістігінің қал-ахуалы жайында пікір алмасты.

Бұл жиынға Abai.kz ақпараттық порталы да қатысты. Аталған жиын соңында Ерлан Қарин мырзаға елішілік һәм халықаралық өзекті мәселелерге қатысты сұрақтар қоюға мүмкіндік болды. Біз бүгін сол жиында Мемлекеттік хатшының айтқан маңызды жауаптарын оқырман талқысына ұсынбақпыз...
Әуелі сөз басы «Қасіретті қаңтар» оқиғасы жайлы басталды. Мемлекеттік хатшы «қаңтар оқиғасының» үш толқынмен жалғасқаны жайлы айтты.

«Қаңтар оқиғасы» туралы жалпы көп айтылды. Оған қатысты қажетті ақпараттар алғашқы күннен бастап беріліп жатты. Мемлекет басшысының өзі де жиі үндеулер жасап, сұхбаттарға шығып, ол сұхбаттардың кезінде ыңғайсыз деген сұрақтарды айналып өтпей, нақты жауап беріп отырды.
Бұрын мұндай үрдіс болмағанын айта кету керек. Өздеріңіз байқасаңыздар, соңғы уақыттары Бас прокуратура бар, басқа да министрліктер баспасөз жиынына апта сайын шығып жатыр. Яғни, осыған дейін ел ішінде болған төтенше жағдайлар кезіндегі билік органдарының ақпараттық белсенділігі мен осы қаңтар оқиғасы кезіндегі билік органдарының ақпараттық белсенділігінде айтарлықтай өзгеріс бар. Қаңтар оқиғалары кезінде оқиғалар толқын-толқынымен дамып отырғанын көрдік. Бірінші толқында біз – көшеге бейбіт шеруге шыққан азаматтарды көрдік. Олармен полиция арасында ешқандай қақтығыс болған жоқ. Менің өзім 3-і мен 8-і аралығында Маңғыстауда болып, үйлестіру штабының жұмысымен айналыстым. Бірде-бір қақтығыс болған жоқ. Неге? Ол кезде бейбіт шеруге шыққан халық мемлекеттік орган ғимараттарына шабуыл жасаған жоқ. Ол шеруге жиналған халық саны басында 15 мың адам болды, кейбір кезде 20 мыңға жетті. Екі тараптан да күштік әрекеттер болмағандықтан, қақтығыс та болған жоқ. Алматыда да бас кезінде солай болды.

Бірақ, екінші толқында көшеге әртүрлі топтар шықты. Былайша айтқанда, жастардың маргиналды топтары дейміз ғой, олардың арасына саяси экстремистер еніп кетті. Олар түрлі ұрандар тастап, бейбіт шеруді радикалды бағытқа бұрды. Сол екінші толқында қақтығыстар орын ала бастады.

Үшінші толқында көшеге криминалды топтар мен түрлі радикалды топтар қосылды. Сөйтіп, өртеулер, қақтығыстар, мемлекеттік билік органдарының ғимараттарына шабуылдар басталды. Яғни, негізгі осы үш толқын. Сондықтан, осылардың аражігін ажыратып айтуымыз керек», – дейді Ерлан Карин.

Мемлекеттік хатшы бұл үш толқынның ізін ала төртінші толқын басталмақ болғанын, террористік топтардың қарулы жиһады жоспарланғанын айтты.

«Төртінші, мүмкін, бесінші толқын да болар еді. Бірақ, оны жүзеге асыруға билік жол бермеді. Ол қандай толқын? Шет елдердегі террористік ұйымдарға мүше боп жүрген қазақстандық азаматтарымыз елдегі жасырын радикалды топтарға үндеу тастап, қарулы жиһадқа шақырды».

Әрі қарай, «қаңтар оқиғасы» кезінде әрбір толқынның арасында өзара байланыс болғанын, қазір құқық қорғау органдары аталған фактілерді жіті зерттеп жатқанын айтады.

Онан соң, ел ішінде жиі айтылатын, «қаңтар оқиғасы» кезінде қайтыс болды деген 220-дан астам адамның тізімі неге әлі күнге жарияланбай келе жатыр деген мәселеге де тоқталып:

«Қаза тапқан азаматтардың тізімі бойынша, басынан бастап тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл сұраққа құқық қорғау органдары өздері де жауап берер. Олармен әңгімелесуден алған түсініктемеге жүгініп айтарым – құқық қорғау органдары қаза болған азаматтардың мәйіттерін көшеден ғана емес, сонымен қатар ауруханалар мен мәйітханалардан тапқан, олардың қай жерде және қандай жағдайда қаза болғанын анықтау үшін тексеру қажет. Олардың тұлғаларын анықтау керек. Аты-жөндерінен бөлек құқық қорғау органдарының базасынан тексереді. ІІМ тіркеуінде болды ма, жоқ па? Сосын ҰҚК базасында тұрғандар болуы мүмкін. Мысалы, түрлі радикалды ұйымдардың мүшелігінде бар ма, жоқ па деген мәселе бар.

Басқа елдер үшін бұл шағын ғана көтеріліс, дүрбелең шығар. Бірақ, біз үшін бұның ауқымы АҚШ-тағы 11 қыркүйек оқиғасымен тең. Бұл бір мезетте Қазақстанның 11 аймағында орын алды», – дейді Мемлекеттік хатшы.

Осы «Қаңтар оқиғасынан» кейін Қауіпсіздік кеңесін қолына алған президент Тоқаев, оған дейін «толық билікті президент болмай келді ме?» деген сұраққа:

«Сол кездегі жағдай Мемлекет басшысынан табанды әрі батыл шешімдер қабылдауды талап етті. Ел тағдыры қыл үстінде тұрғанда Президент барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, дер кезінде әрекет жасады. Сол арқылы оқиғаның бұдан да қайғылы жағдайға ұласып кетпеуін тоқтатты. Ал мұны қосымша өкілеттілік пайда болғаннан деп қабылдау қате болар еді. Өйткені көшбасшының қарым-қабілеті осындай сын сәттерде танылады. Бүгінде Президентке қоғамның қолдауы артуының себебі де осы деп ойлаймыз», – деп жауап берді.

16 наурызда Президент Тоқаев жаңа саяси реформалар пакетін жариялайтынын айтты. Бұған қатысты Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин былай дейді:

«Меніңше Жолдау халықтың көкейіндегі көптеген мәселелелерге жауап береді. Мұнда айтылатын көптеген мәселелер қоғамдық талқылаулар арқылы пысықталған. Мысалы, Ұлттық кеңестің соңғы отырысында 37 мүшесі түгел сөз сөйлеп, ұсыныстарын айтты. Одан басқа сарапшылармен әртүрлі талқылаулар өтті. Яғни, жан-жақты саралау, пысықтау жұмыстары жүруде».

Ел ішінде қызу талқыланған тақырыптардың бірі – Президент Тоқаевтың «Болашақ» бағдарламасына Ресейлік ЖОО-лар санын арттыру туралы бастамасы болды. Мемлекеттік хатшы бұл мәселеге қатысты:

«Батыстық ЖОО-ларды қысқартып, Ресейлік ЖОО-ларды енгізу деген әңгіме болған жоқ. Мәселе – тек техникалық мамандықтарға басымдық беру. Бізде осы уақытқа дейін «Болашақ» бағдарламасымен білім алғандардың 60 пайызға жуығы гуманитарлық бағытты таңдаған. Президент техникалық мамандықтарға басымдық беру туралы айтты. Енді экономикамызды қайта құруымыз керек болатын болса, әрине, бізге инжинерлік-техникалық мамандар керек. Оның ішінде медицина да бар. «Болашақ» жыл сайын әлемдік рейтингтегі 200 университеттің тізімін бекітеді. Яғни, біз елді таңдамаймыз, ЖОО-ның рейтингіне қараймыз», – деді.

Abai.kz

32 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1771
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1749
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1470
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1380