Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2373 0 пікір 5 Қазан, 2012 сағат 06:56

«Д Е З Е Р Т И Р Л Е Р» үшін жас офицер неге жазықты болады?

Биыл Қазақстан шекарасында екі бірдей оқыс оқиға бірінен соң бірі орын алды. Бірі - сырттан жау шаппай-ақ, Арқанкергенде бір топ шекарашылардың жұмбақ жағдайда қырылып қалуы.  Екіншісі - шекараны ашық қалдырып, сарбаздары әскери қызметін тастап қашқан Терісайрық шекара заставасындағы масқара оқиға. Бірінші жағдайда, шекарашылардың қазасы үшін қатардағы жауынгер Челахқа сегіз түрлі бап бойынша айып тағылуда. Ал Терісайрыққа келсек, бұрынғы застава бастығы, 26 жастағы аға лейтенант Әнуар Хамитов пен екі келісімшарт бойынша қызмет етіп жүрген солдат тергеу изоляторында қамауда отыр. Қазір екі айға созылған тергеу ісі аяқталды. Тергеу - бастапқы айыпты өзгерте алмады. Қазір айыптау қорытындысы прокуратураға тапсырылған. Әне-міне сот болады.

Қарапайым отбасында дүниеге келген (анасы - мұғалім, мұнан бес жыл бұрын дүниеден озған әкесі -құрылысшы) Әнуар жоғарғы сыныпта оқып жүргенде-ақ, офицер болуды, онда да, шекарашы болуды армандады. Сол арманы орындалып, енді ғана офицерлік жолын бастағанда, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупіне тап болды.

Биыл Қазақстан шекарасында екі бірдей оқыс оқиға бірінен соң бірі орын алды. Бірі - сырттан жау шаппай-ақ, Арқанкергенде бір топ шекарашылардың жұмбақ жағдайда қырылып қалуы.  Екіншісі - шекараны ашық қалдырып, сарбаздары әскери қызметін тастап қашқан Терісайрық шекара заставасындағы масқара оқиға. Бірінші жағдайда, шекарашылардың қазасы үшін қатардағы жауынгер Челахқа сегіз түрлі бап бойынша айып тағылуда. Ал Терісайрыққа келсек, бұрынғы застава бастығы, 26 жастағы аға лейтенант Әнуар Хамитов пен екі келісімшарт бойынша қызмет етіп жүрген солдат тергеу изоляторында қамауда отыр. Қазір екі айға созылған тергеу ісі аяқталды. Тергеу - бастапқы айыпты өзгерте алмады. Қазір айыптау қорытындысы прокуратураға тапсырылған. Әне-міне сот болады.

Қарапайым отбасында дүниеге келген (анасы - мұғалім, мұнан бес жыл бұрын дүниеден озған әкесі -құрылысшы) Әнуар жоғарғы сыныпта оқып жүргенде-ақ, офицер болуды, онда да, шекарашы болуды армандады. Сол арманы орындалып, енді ғана офицерлік жолын бастағанда, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупіне тап болды.

Қазір Терісайрық заставасының бұрынғы бастығы ҚК-тің  380-1 бап, 2-бөлімінің «в» тармағы бойынша айыпталуда. Яғни, ол офицер бола тұра, әскери тәртіпті сақтамаған. Қол астындағы сарбаздардың бірнеше рет соққыға жығылғанын елеусіз қалдырып келген. «Әскери қызмет пен мемлекет мүддесіне зиян келтіретін іс-әрекет жасады» делінген айыптау қорытындысында.

Осы дезертирлер дерегі орын алардан сәл бұрын, яғни,  2012 жылдың 5-сәуірінен мамырдың 30-на дейін аға лейтенант Әнуар Хамитов кезекті демалыста болып,1 маусым күні қызметіне кіріседі. Мұның қарсаңында, 27 мамыр күні әскери қызмет мерзімі аяқталған шекарашылардың орнына жаңа сарбаздар келеді. Командир олармен жеке-жеке танысып үлгереді.

Ал 15-16 маусым күні майорлар  Юсупов пен Красниковтер келіп,  жас солдаттардың өне бойында соққыдан түскен көгерген таңба бар-жоғын тексеріп кетеді. Тексерушілер таңба таппай қайтады. Әнуар үшін мұның бәрі дағдылы, әдеттегідей қызмет қарбаласы еді

Ешкім күтпеген оқыс оқиға 18 маусым күні  орын алды: таңғы сағат 4-те жаңадан келген 11 сарбаз застава ұйқыда жатқанда,  шекараны ашық тастап, қашып кеткен!  Олар «қарт» солдаттардың әлімжеттілігінен (айналасы екі-үш жетінің ішінде!) зардап шеккендіктен  қарусыз қашып барып, комендатураға  бар жағдайды айтпақ болған-мыс.

Ал әскери постыны тастп кеткен қашқындар табылып, олардың «зәбір көргені» анықталған соң, 21 маусым күні застава бастығы аға лейтенант Әнуар Хамитов «әскери қызмет пен мемлекет мүддесніе зиян келтіретін іс-әрекет жасады» деген ауыр айыппен қамауға алынады.

Застава бастығы мен оның қоластындағы екі сержанттың ісі тергеуге түсіп, қамауда отырғандарына үш айдан асты.   Дүйім жұртқа қашқын атанып,төрт сағат бойы шекараны ашық қалдырған (!) 11 сарбаздың  10-ы өз қызметін жалғастыруда. Олар:  Н. Ақайдаров, Е. Төлепбергенов, Қ. Сембинов, С. Исламғалиұлы, Е. Әшіров, Д. Рүстембек, А. Назархан, Ж. Мақсатов, М.Құдайбергенов, А. Ахметбаев. Ал «ең ауыр соққы көрген» Ағзамов, бүгінде әскер қатарында мүлдем жоқ: денсаулығына байланысты әскери қызметтен біржола босатылған!

Әнуар Хамитовтың қорғаушысы Сағиеваның айтуынша, Хамитовқа қатысты айыптау негізінен осы Ағзамовтың жауабына қатысты біржақты жасалған.

Заңгер Сағиева айыптау қорытындысымен толық  келіспейтінін Бас әскери прокуратурасының тергеу және тергеу топтарын бақылау басқармасына жолдаған  Талап-тілегінде көрсеткен  тұжырымдауы бойынша, Хамитовқа  «өкілеттігін асыра пайдаланды, қылмыстық әрекеттер жасады» деген бап (380-1 бап, 2-бөлімнің «в» тармағы) негізсіз тағылып отыр. «Тіпті, Хамитов айыпты дегеннің  өзінде,  ол  ҚР ҚК 380-2 бабының 1-бөлімі бойынша анықталуы тиіс» дей келіп, қорғаушы бұл баппен де келіспейді. Себебі, айыптау қорытындысында көрсетілгендей, Хамитовтың іс-әрекетінде және әрекетсіздігінде  ешбір қылмыс құрамы жоқ. Өйткені, «зардап шекті» деген сарбаз Ағзамовтың дене жарақатына байланысты 2012 жылдың  20-шілде күні жасалған  сот-дәрігерлік сараптама бойынша, дене жарақаттары былай тұрсын тіпті оның ізі де  анықталмаған. Ағзамов бұдан бұрын да ҚР ҰҚК Орталық әскери госпиталінде  құлақ ауруынан емделген екен. Дәрігерлер оның құлақ ауруы бұрыннан бар созылмалы науқас түрі екенін анықтаған.

Сондай-ақ, әскери қызметтен қашқан шекарашы Ағзамовтың  2012 жылдың 27 мамыры мен  маусымның 18-і аралығында ешкімнен соққы  көрмегенін де сот-дәрігерлік анықтамада көрсетілген. Сонда, созылмалы құлақ ауруы бар Ағзамовтың о баста әскери қызметке, тіпті, оның ішінде шекаралық қызметке  қалай алынғаны түсініксіз! Шекарашы деген әрбір сыбдырды сезетін сақ жауынгер болуы керек еді ғой? Яғни, құлағында бұрыннан мүкісі бар жігітті әскер қатарына шақырған әскери комиссиариаттағылар да жауаптан тыс қалмауы керек!

Бірақ осының бәріне қарамастан, Ағзамов өзінің сержанттардан таяқ жегенін, ол жағдайды застава бастығына айтқанын, ал аға лейтенант Хамитов мұның шағымын елеусіз қалдырғанын айтады. Ал бұған байланысты Әнуардың қорғаушысы: «Бұлай болуы мүмкін емес, себебі застава бастығының атына жазылған баяндама жоқ. Ал ауызекі айтты-айтпады - ол мұзға жазып, күнге қойғандай тірлік» дейді.

Оның үстіне, Ағзамовтың жарақат алғаны туралы командирге баяндама жасағанын көрген куә жоқ. Қызметтестері оның «соққы мен жарақат туралы айтқанын» Ағзамовтың өз аузынан ғана естіген. Бар-жоғы он шақты солдаты бар шағын әскери бөлімде бұлай болуы мүмкін бе! Оймақтай ғана заставада, тіпті кімнің дәретханаға кіріп-шыққанына дейін көз алдыда өтетін жағдай екені алақандағыдай десе де болады.

Үшінші бір күмәнді жағдай - Ағзамов таяқ жеген-мыс күні командир шара қолданбаса, заставада орын алған әлімжеттілік жағдайды комендатураға, отрядқа, әскери полицияға неге жеткізбеген? Себебі, Ағзамов қолында арнайы техникасы бар байланысшы қызметін атқарған солдат. Егер ол таяқтан көз аша алмай жүрсе,15-16 маусым күні заставаға арнайы келіп, «дедовщина» мәселесін тексерген майорлар Юсупов пен Красниковке жағдайды неге баян етпеген? Екі майор жаңадан келген солдаттарға: «Сендерге әлімжеттік жасау дерегі болды ма?» деп сұраған. Бірақ, солдаттардың ешқайсысы, тіпті бас шұлғып, ишарат та білдірмеген екен. Заставаға келіп-кетіп тұратын фельдшерге де ешкім жарақат туралы шағым айтпаған. Неге?

Шындап келгенде, қызметін тастап қашқан 11 сарбаз бірдей зардап шекпеген және Ағзамовтан өзге бірде-бір сарбаз застава бастығын кінәлап отырған жоқ. Ал Ағзамовтың бар айтып отырғаны -застава бастығы оның «шағымын жерде қалдырғаны» ғана! Сонда, соған бола офицерге 5 жылдан 10 жылға дейін жаза берілмекші ме?  Оның үстіне, «соққы алдық» деген сарбаздар  Е. Әшіровтің, А. Ахметбаевтың және А. Назарханның денесінен ешқандай жарақат табылмаған! Осы айғақтарды келтіре отырып, қорғаушы Сағиева Әнуар Хамитовқа тағылған айыптың негізсіз екенін, сондықтан бұл істі өндірістен қысқартуды  сұрайды.

Біздіңше, бұл оқиға қылмыстан гөрі, арандатуға көбірек ұқсайтын сияқты. Қандай жағдайда арандату орын алуы мүмкін? Қорғаушы айтып отырғандай, аға лейтенант Хамитовқа қатысты  айып тек қана Ағзамовтың жауабы негізінде жасалған. Ағзамов болса, қазір бұрыннан бар науқасына қатысты әскери қызметтен босатылған. Сонда, қашқындықты ұйымдастыру   Ағзамовтың әскерде қызмет етпеу туралы ішкі ойынан туындауы мүмкін бе?! Қашқын атанған 11 сарбаздың арасында жас жағынан алғанда, ең үлкені Ағзамов. Ал Ағзамов пен застава бастығының жас айырмашылығы небәрі үш жас қана.

Арандату ма, деген ойға жетелейтін тағы бір жағдай - 11 сарбаз «қашқан болып», әудем жердегі тоғайға барып,тығылып тұрып, қайтып оралуды ғана жоспарлағанына ұқсайды. Және  бұл істі олар өздері емес, біреудің ақыл-кеңесімен жасауы әбден мүмкін. Бірақ кімнің ақыл-кеңесімен?

Дәл осы арада шекара әскерлері арасында болған «Арқанкерген оқиғасы» мен Шымкенттегі шекарашылар жанжалы еске түседі. Осы екі оқиға мен Терісайрық оқиғасының уақыт арасы бір-біріне өте жақын. Ендеше, бұл оқиғалар Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаевқа қарсы жасалған арандату әрекетінің тізбегі емес пе? Мәселен, ел саясатында орын алған соңғы жағдайларды еске алсақ, ҚР президенті әкімшілігінің бұрынғы басшысы Аслан Мусин мен ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаевтың арасында қатты тартыс болған. Әрине, ол тартыстың тақырыбы жалпақ жұртқа жария емес. Бірақ, қалай болғанда да, Мусин лауазымды қызметінен кетті. Бірақ, «екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі» демекші, бұл текетіресте жас офицер неге зардап шегуі тиіс?

«Зардап шегу» дейтініміз - Аслан Мусиннің сенімді серігі Бергей Рысқалиевтің «Атырау лаңкестігі» оқиғаларына қатысы болуы мүмкін деген жорамал бар. Тіпті, Бергейдің бандиттері «Жаңаөзен қырғынына» да қатысты болуы ықтимал деген жорамалды жоққа шығарған ешкім жоқ. Ал Бергейді Жаңаөзен жаққа жұмсаған кім? Ендеше, «шекарадағы шатақтар» Әбіқаевты құлату үшін, Мусиннің ымымен жасалмағанына кім кепілдік бере алады?

Расында, егер Терісайрық оқиғасы осындай саяси ерегестің нәтижесінде ұйымдастырылған әрекет болса, шекара әскерлері басшылығының, барлауға қарсы қызмет басқармасының арасында Мусиннің сенімді серіктері болуы мүмкін. Себебі, мұндай «оқиғаны» арнайы мамандардың қатысуынсыз ұйымдастыру мүмкін емес.

Алда болатын сот кезінде, осы жорамалдарға көңіл аударылуы тиіс шығар. Айыпталушылардың адвокаттары бұл жағдайды назарға алады деген ойдамыз. Егер сот барысында «Терісайрық оқиғасына» басқа күштердің араласуы анықталса, қылмысты жауапқа тартылған азаматтар ақталуы керек болады. Мәселен, оқиғадан бір күн бұрын екі бірдей майордың алыс заставаға бас сұғу себептері де тексерілуі тиіс...

Соғыс уақыты болса, 11 солдаттың мемлекеттік шекараны тастап кетуі сатқындық ретінде қаралар іс еді... Құдайға шүкір, қазір соғыс уақыты емес, бірақ бұл дезертирлік жасауға  ешбір құқық бермейді!  Тұтас бір мемлекеттің бір пұшпағындағы қауіпсіздікті жалаңаш тастап, бассауғалап кету - әсери анттың рухына сай болмайтын әрекет болса керек.

Айтпақшы, жас солдаттар қабылдаған әскери антта: «...Әскери қызметтің ауыртпалықтары мен қиыншылықтарын табандылықпен көтеруге ант етемін!» деген серттің сөзі бар. Ендеше,сол «ауыртпалықтар мен қиыншылықтарға» төзбеген солдаттардың еркелігі жас офицердің тағдырын тәлкек етуі керек пе?

Мәселеге өзге қырынан келетін болсақ, әскерден қашу - ойыншық емес. Әскерден шын қашқысы келген адам - еш кідіріссіз қашады. Ал мына «қашқындар» шекарадан алысқа кетпей,  тоғайда  бір сөтке тынығып жатқан. Олар неге түнді пайдаланып, жол ұзартпаған? Әскерден шындап  қашқан адам «мені ұстап алмаса екен» деп қашады, «мені қашан ұстайды» деп күтіп, тасада жатпайды! Ал біздің «дезертирлер» өз қуғыншыларымен «құшақтасып көріскен». Шекара емес, қуаласпақ ойнап жүрген балалардың ойыны дерсіз!

Ал Хамитовтың анасы  әлгі 11 сарбаздан: «Неге бұлай істедіңдер?» деп сұрағанда: «Біз мұның соңы осылай... сотқа  айналып кетеді деп ойламадық(?!)» деген! Осы тұрғыдан келгенде: «Неге тек қана менің ұлым ғана жазалы болуы керек? Ендеше шекараны ашық тастап кеткендері үшін қашқындар да неге жазаланбайды?» деген офицер анасының көкейіндегі ащы сұрақты түсінуге болады. Жауынгер үшін, бірінші кезекте командир жауапты екені Әскери Жарғыдан белгілі, бірақ жауынгердің де Отан алдында Ант берген өз жауапкершілігі бар емес пе?  Қалай болғанда да, 11 сарбаздың ойланбай от басқаны, болмаса біреулердің айдауымен «отпен ойнағаны» түсініксіз болып тұр.

Қалың жұртты дүрліктірген оқиғаға қатысты тағы  бір көңіл аударатын жағдай - №2017 әскери бөлімі командирінің міндетін уақытша атқарушы майор Е. Әбішовтың аға лейтенант Хамитовқа берген мінездемесі.

Уақытша командир өзінің Хамитовты қанша уақыттан бері білетінін мінездемеде көрсетпейді. Бірақ, «ол өз міндетін толық орындай алмайды» деген баға берген. Сөйте тұра, «Хамитов кәсіби дайындығы жақсы, ұйымдастырушылық және командирлік қабілеті жеткілікті» дейді. Кәсіби дайындығы, ұйымдастырушылық және командирлік қабілеті жеткілікті басшы неге «өз міндетін толық орындай алмайды»? Мінездеменің осылайша бір-біріне қайшы келетін тұстары көп.  «Оған сеніп тапсырылған жұмыс қалай болса солай орындалады, көбіне жоғарғы бастықтардың жетекшілігімен жүзеге асырылады» (?!) деп тұрып, «Әскери ұжымды жұмылдыруда өзінің бастамасына сүйенеді және қоластындағылардың өзіндік шешіміне сүйенеді» деп жазады. Біздіңше, тіпті, Жарғы бойынша да, командир кіші командирге сенім артады және жауапкершілікті де содан сұрайды. Сонымен бірге: «Өз жұмысына қатысты мәселені өз бетінше шеше алады. Өз жұмысын жоспарлап, жоспарлы түрде іске асыра алады» дей келіп: тағы да: «Өз қызметіне қатысты қауіпсіздік талаптарын нашар біледі, дұрыс түсінбейді» деп кетеді.

Егер Әбішовтың желкесінен біреу төніп тұрып, Хамитовты қайткенде қаралау үшін жазғызбаса, бір сөзі бір сөзіне қайшы келетін, іштей байланысы жоқ мұндай  мінездемені майор шеніндегі  сауатты офицер жазды дегенге сену қиын! Оның үстіне, курсант кезінен бастап есептегенде, сегіз жыл шекара қызметінде міндетін адал атқарып жүрген жас офицердің осыған дейінгі  қызметтік өмірбаяны мінсіз екен.  Ол бір жылда жоғары басшылар тарапынан төрт мәрте марапатталған.  Айта кету керек, Шығыс Аймақтық Басқармасына  бес  шекарашылар отряды, оның әрқайсысында 20-дан астам застава бар. Осылардың арасынан суырылып шығу оңай болмаса керек! Оның үстіне, Хамитовтың  марапатқа «емін-еркін» ие боларлықтай,  арқа сүйер  «әскери династиялық тарихы» да жоқ!

Аға лейтенантХамитов Терісайрық заставасына басшылық жасаған аз уақыттың ішінде, Қытай жағынан шекара бұзуға екі рет әрекет жасалып, екеуінде де шекара бұзушылар ұсталған! Ал сонда тергеу тобына тапсырылған мінездеме бойынша, Хамитов осындай жетістіктерге қол жеткізе алар ма еді?! Әлде, Хамитовты «орынсыз марапаттап», Шығыс Аймақтық Басқармасы ай қарап отыр ма?!

Сонымен сөздің қысқасы,  ендігі жерде болашағынан көп үміт күттіріп келген, бала кезінен Отанын қорғауды армандаған жас офицердің тағдыры не болмақ? Әрине, біз Хамитовты біржола жақтайық, ақтайық деп отырған жоқпыз, істің ақ-қарасын анықтайтын әділетті сот бар деп ойлаймыз. Бірақ  тәуелсіз Қазақстан рухымен, өз елімізде оқып-тәрбиеленген ұлттық кадрымыз - жас офицердің  осындай шытырман жағдайға тап болғаны, кімді де болсын өкіндіретіні рас...

Гүлмира ТОЙБОЛДИНА.

«Общественная позиция» (ДАТ),

4-қазан, 2012 жыл

0 пікір