Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2777 0 пікір 5 Қазан, 2012 сағат 06:27

Қажығұмар Шабданұлы. АҒАЙЫНДЫ АПАТТАР (жалғасы)

ҮШІНШІ БӨЛІМ

 

АҒАЙЫНДЫ АПАТТАР

 

І

 

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

1959-шы жылдың февралы жартылай бере мекемеміздің қызметі қайтадан басталғаны естіліп еді. Қалпақшылар қайтадан Самсақ сторжының қолына өтіпті. Соның әмірімен сынық зәмбілдерімізді қайтадан көтеріп шықтық. Жан алып - жан беріп өндірген «құрышымыз» мекеме ауласының бұрыш-бұрышын түгел иелеп болған екен. Енді соны тағы бір жаққа тасимыз-ау деп күлісе жетіп едік.

- Ол немеде нелерің бар!- деп Самсақ әфәнді зекіріп қалды. - Қар тасыңдар, қар! Арттағы сәйлікке апарып төгесіңдер!

- Әфәндім, маршалымызды «неме» демеңіз!- деп Құйынсоққан әдейі түсін бұза қарады оған. Сыр тартпақ екен. Самсақ сторжы «маршал» атауына тіпті шамданды.

- Қой маршалыңды, бір жапырақ нан болмайтын немеңді маршал деп тағы... Қар тасы деймін мен саған!

Қыс бойы аулаларды басып қалған қарды жұл-жұл зәмбілімізбен сырттағы көк азық атыздарына таси бердік сөйтіп.

ҮШІНШІ БӨЛІМ

 

АҒАЙЫНДЫ АПАТТАР

 

І

 

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

1959-шы жылдың февралы жартылай бере мекемеміздің қызметі қайтадан басталғаны естіліп еді. Қалпақшылар қайтадан Самсақ сторжының қолына өтіпті. Соның әмірімен сынық зәмбілдерімізді қайтадан көтеріп шықтық. Жан алып - жан беріп өндірген «құрышымыз» мекеме ауласының бұрыш-бұрышын түгел иелеп болған екен. Енді соны тағы бір жаққа тасимыз-ау деп күлісе жетіп едік.

- Ол немеде нелерің бар!- деп Самсақ әфәнді зекіріп қалды. - Қар тасыңдар, қар! Арттағы сәйлікке апарып төгесіңдер!

- Әфәндім, маршалымызды «неме» демеңіз!- деп Құйынсоққан әдейі түсін бұза қарады оған. Сыр тартпақ екен. Самсақ сторжы «маршал» атауына тіпті шамданды.

- Қой маршалыңды, бір жапырақ нан болмайтын немеңді маршал деп тағы... Қар тасы деймін мен саған!

Қыс бойы аулаларды басып қалған қарды жұл-жұл зәмбілімізбен сырттағы көк азық атыздарына таси бердік сөйтіп.

Қалпақсыз қызметкерлердің бастаған қызметі тағы да жүрек тапсыру екен. Мойындарын іштеріне тығып келе қызмет бөлімдеріне кіріп шығып, жиын залына қарай шұбайды. Қып-қызыл жүректің үлкен суреті әлі де сол залдың төргі қабырғасында. Біздің үстімізден жазылған қара бояулы дазыбаулар қара бауыр бүйіше қаптап әлі тұр. Мақұлбек пен Құлжанның қолдары әлі де драп пальто қалталарында. Басқа қызметкерлер қарапайым келте бешпет-сымымен қалтақтап, жүргенде ол екеуі тіпті сіресіп, талтаңдай басатын болыпты. «Оңшыл», «жерлік ұлтшыл» қалпақ кигендердің қызмет орнына солар көтерілгені естілді.

Менің январьда Сорбұлақтан жазған арыздарыма жауап қайтаратын ешкім табылмады. Естуімше бар сенгендерімнің өздері де зәмбіл көтеріп жүр екен. Сөз өткізерлік адам, мәселе айырарлық дұрыс таразы қалмағанын білген соң шағыну мен ашынуды менің де тоқтатуым қажет болды. Нерв ауруы - бір танысып алған соң жуырманда соңынан қала қоймайтын ауру. Ашу-ызамен қайғы-қасірет көрсе мойныма жайдақ міне шабатын жын. Сабыр - салмақ  желпуішін қолдан тастамай желпініп, кең тынысты, көңілді жүруді басыма мықтап орнатуға тырыстым. Оны ұмытсам, бір құйынға шыдамай жындансам, кек үстіне кек кетпей ме. Жандарын жалдап жүріп оқытқан ата-ана, аға-бауырдың күткен үміті селге, өз арман-мұратым желге кетпей ме!... Қайткенде де артын шыдаммен күтуім қажет!

Маңайдағы барлық қораның қар-мұзын таситын ұзақ жүрісті осы жұмысымызға бір аптадан соң Ынтықбай да келіп қатынасты. Бірге жүрдік. Бірақ, қайталап басталған «жүрек тапсыру» әрекеті бізге тағы да пышақ қайрамай қояр ма, тағы да қосақталып бауыздалмау үшін бір-бірімізден тағы да алыстай жүрдік. Артымыздан аңдитын «авчарка», аузымызды аңдитын тыңшы жоқ, ыңғай қалпақты іріктеліп шұбасақ та, басқа сөз сөйлеспеуге түгел келісіп алғандаймыз. Сөйтсек те жай қалжың мен жаймашуақ күлкіден айрыла қоймадық. Бұрынғы қалжыңшыл Нұралы ғана қалыпты одан. Былтырғы жазда тышқақтаған сиырша бәрімізді бір-ақ былғағаны үшін «оңшыл-ұлтшылдар» оны түгел-ақ шықбайталға айналдырып шеттетіп тастаған жайы бар. Оған әсіресе Қалық пен Өлзебаты суық қарайды екен.

- Егер сен болмасаң мына ит бәрімізді құртады екен!- деп Өлзе күбірледі маған.

- Онсыз да бізге көзігіп келген апат қой, «шекараңды айырғаныңды көрсет» деп оны бізге зорлап салғаны белгілі. Нұралы сонда да біздің жаладан құтылу жағымызда тұрды: әлгі «программа» болмысындағы балалардың ұрлығын сол программаны жоққа шығаратын факт ретінде маған әдейілеп ұстатып тұрмады ма... Ондай бишараға өштесудің қажеті жоқ! -дей жүре беріп едім, Өлзе қайтар шақта мықтап ескерте кетті маған.

- Аса кешірімшіл екенсің Биған, Нұралыға қалай қарасаң да өз ішіңде болсын! Белгілі болды ғой, оған мұнан соң жақын жүруші болма, әлі де былғай беретін тышқақ ол. Мыналардың бәрнің де қорқып жүргені осы тыңшы!... Ал, тергеумен аңду мұнан соң тіпті күшейетін сияқты. Құрыш қорытуы масқараға ұшырап, халық алдында жек көрінішті болып қалмады ма. «Таз ашуын тырнадан алады», енді бізге артады бұл сәтсіздігін. Мұнан соң тіпті қысады. Сенімділеріне де сенбей, қайтадан жүрек тапсыртып, тексеріп жатқанда бізді оңдыра ма!... Саған тіпті көзігеді. Алды-артыңды қазбалап, ұзақ тексереді. Ендігі батырлық - ызаға шыдауда ғана болып қалды. Әйтеуір денсаулығыңды мықтап сақтағайсың!. Қалықтың да Юсуп Қасымның да саған айт деп тапсырғаны осы!...

Ертеңіне түске жақын көк азық атызында демалып отырған бізге Самсақ жақындап келіп, ақыраңдай шақырды мені.

- Биғабіл, мұнда кел! - Жақындай бергенімде тағы да ақыра бұйырды. - Сенен анықтайтын мәселе бар, тез жүр! -«Анықтайтын мәселе» дегеніне асыға жүгіріп жеткенімде күбірледі. -Біздің үйге, ешкімге көрінбей кіріңіз! -Осыны айта сала үлкен көшеге қарап жантаңдай жөнелді Самсақ. Артқы қақпадан байқап тұрып, босағадағы кішкене есікке сып ете түстім. Келіншегі табалдырықтан амандасып, шыға жөнелді. Балшық пештің далдасында Гүлниса отыр екен. Күлімсірей түрегеліп амандасты. Созған қолымды бос қана ұстады. Үйреніскен сырлас досым болғандығым үшін жандаса келіп отыра қалып едім. Сәл сырылып алыстаңқырап отыра күлді.

- Бек жақын отырмайықшы, және ауырып қалармын!... Бір ай жатып әрең жазылдым!

- Балғынтайдан қайтқаныңнан бері тілейтінім, осылай сауығу еді, қуандырдың қарындасым!... Ал, Мичуандағы «құрыш қортуға» бар деп қузамады ма өзіңді?

- Әлгі полковниктерің үш рет шақыртты, бармай қойдым. Шақыртқан мақсаты белгілі. Қызметінен қуса, қуа берсін, енді қуыршақ болмаймын!... Ешқандай жігіттің де қажеті жоқ!

- Қажеті жоқ емес, ол табиғат заңы ғой. Бірақ асықпай таңда!

Көз қиығын жалт еткізіп бір қараған Гүлниса төмен қарап күбірледі.

- Таңдап болғанмын, енді қойдым!- дей сала көтеріліп, сөзді басқаға аударып әкетті. -Жу внлай зұңлидің жаңа бұйрығын естідіңіз бе?.. Бүгін соны сізге жеткізіп қояйын деп шақырттым, кешіріңіз!

- Мына Самсақтың үйіне шақыртқаныңыз... жала болып жабыспай ма?

- Жоға, бұл менің шешеме жерлес, бауыры. Маған қас қылмайды!

- Ал, Жузұңли не бұйрық шығарыпты?

- «Еңбекпен өзгертуден» басқа «еңбекпен тәрбиелеу» деп атап, тағы бір жаза орнын құратын болыпты. Еңбекпен өзгерту дегендері заң жазасына кесілген қылмыстылар баратын, нақтылы түрме ғой. Ал, «еңбекпен тәрбиелеуі», қылмысы заң жазасына толмайтындар баратын, мекемелердің әкімшілік жазасы ғана екен. Уақыт мүддесі үш ай, алты ай, ең көп болғанда тоғыз ай ғана екен. Жексембі күндері үйіне келіп тұрады. Тәрбиелеу мүддеті біткен соң еңбек ақысы бұрынғы дәрежесі бойынша толық қайтарылып, бұрынғы қызметіне орналасады екен.

- Мұны кімнен естідіңіз?

- Кеше ханзуша радиода Жузұңлидың өзі сөйлепті. Сізге жеткізіп, көңіліңізді орнықтыру үшін келдім. Қылмысыңыз жоқ қой, ең қиын болғанда сол лаужяуына[1] барып қайтарсыз, одан артық не істемек!... Әйтеуір басқа қастықтарынан сақтана жүрсеңіз болғаны!... Денсаулығыңызға мәңгі тілеулеспін!

- Рақмет қарындас, сенің денсаулығыңа мен тіпті тілеулеспін! Сол үшін өзіңе ең лайықты бір орынды ойлай беретін болдым.

- Соны айтпаңызшы, менен құтыла алмай жүрсіз бе? - Гүлниса назбен еркелеп бұртия қарады маған.

- Құтыла алмағандық емес, құтты орнына қонбай, әйел заттың бақыты орнықбайды ғой. Аяулы қарындасының келешегін ойламайтын аға бола ма, сенің денсаулығыңның шартын білгендігімнен алаңдаймын.

- Алаң болмаңыз, ес қатармын әлі! - Гүлниса осыны күле айтып қалды да мен күле иіліп шыға бердім.

Жүрегін жүгендей алмай, жастықтың жалынымен қателесіп, мол ақылын сезімге тұтқындатып алған сұлу ғой бұл.  Сауықтым дегенімен де тез айыға алмас. Құштарлықтан жүдеп барып мүлде ақымаққа айналып кетпеуі үшін өз теңдесін тезірек табуын шынында да жиы ойлайтын болып қалып едім. Менен өзін толық жиып алуын, бұл кездесуде де үзіл-кесіл, жақсы айтып шыққандаймын. Бірақ, «құтыла алмай жүрсіз бе» деген назы мен «ес қатармын әлі» деп ескертуі мені тіпті ойландырды: «маған деген көңілін мүлде орнықтырып, арман-тілегін менен айнымастай байлағаны емес пе?... «Ес қатар» бір кезеңін мөлшерлеп, содан тосатынын білдіргені ме?... Осылай үміттеніп жүріп, шыдамы таусылғанда Нұрияшыма қас қылар ма екен?... Қой, көңілін жыртпай-ақ күдер үздіремін деп жүріп, көкейіме найза ұрғызып алмайын! Өзі де жастық өмірін жаңсақ үмітпен зая кетіріп алмасын, мүлде торықтырып, енді көріспей қояйын!»

«Лаужяу» жөніндегі хабарды Мақпалға кешкі кең уақыттан пайдаланып жеткіздім. Балам мен әйелімді екі тіземе қондыра құшақтап, алма кезек сүйе отырып баяндадым. Көкірегіме басын сүйей тыңдаған жар, белімнен құшақтап қыса түсті. Аянышын сездірмей, қимастықпен қысады. Аумақты дөңгелек көзі тұна жаудырап, ой тереңіне батып барады. Аппақ маңдайына ернімді басып сора беріппін. Онымды көріп, Асқар да маңдайын сипай қыңқылдатты. Күліп жіберіп оған да соны істедім.

- Сендейлерге келгенде «үш ай, тоғыз ай» дейтін кесімін бұзады ғой!- деп күрсініп қалды Мақпал. -Сені үкімет те «қимас», қара қақпасына бір апарып алса, босатпай қояр ма екен!... «Зор секіріп ілгерілеуі» қиындаған сайын қысатын шығар!... Өйтетіні халық тұрмысы нашарлап, наразылық көбейген сайын, ең зор хаупі сендерде болады ғой. Қымырлаған пұта басынан селк ететін болып отырғанда жастармен оқушыларды көтеріп жібереді деп қорықпайсың ба!... «Бауырына» баса түсер сені!... Мейлі, секіру түгіл аяқ баса алмай тұралағандарында көрісерміз. Ол да алыс емес. «Оңшылдар» пікірінің дұрыстығын сонда түсініп, сонда босатар. Әйтеуір денсаулығыңды дәл осылай сақтай білсең болғаны!... Мен, өз күткенімнен де бақыттырақпын жаным. Оқыттың, мұратыма жеткіздің. Енді тозағына да шыдайтын сенімім бар, әрқандай жағдайда да Асқар екеуімізден алаңдамайтын бол!...

Мен, өзіне төнуі мүмкін болған қастандықтан, әсіресе, Күләннан басқа әйелдерден сақтана жүруді сонан соң айтып едім.

- Менің күндесім соншалық көп пе еді?- деп Мақпал күліп жіберді.

- Көп,- дедім мен. - Сенің күндесің ғана емес, менің өз күндестерім де саған зиянкестік істеуі мүмкін. Сені жойса мені де жойғаны болып есептелмей ме. «Мұратқа» солай жетпек болатындары бар. Ал, сені, еркек күндестерім өз қолдарымен жою орайын таба алмаса әйелдерді салуы мүмкін. Басқа әйелдердің қолынан, тексермей су да ішпе!...

- Өзіңе менің де бір ескертпегім осы еді, жақсы айттың!...

Қандай сезімнің күші екені белгісіз, осы кештен бастап түн бойы құшақ жазбай аймаласатын болдық.

Гүлнисаның жеткізген сол хабары екі-үш күннен соң газеттерде де жарияланды. Жузұңли ол сөзінде еңбекпен тәрбиеленушілердің қырық проценттік құқығы сақталатындығын да анықтап айтқан екен. Еңбекпен өзгеру шарты қойылған жау емес, жартылай құқығын сақтап тәрбиеленіп, қайтадан халық қатарына қосылатын адамдар екендігін осылай түсіндіріпті.

Март айының соңғы күндерінің бірінде, Мақпал, мектептің үлкен залында «жүрек тапсырғанын» айтып келді. Не деп тапсырғанын жазбасының қалдығынан маған да оқып берді: «мені феодализм бұғауынан - күңкілдіктен азат еткен, тек, компартия ғана. Бесіктен белі шықпай жатып малға сатылып кеткен бір күңді төңкеріс сабына - партия қатарына тартып, ата-анам оқытпаған мектептен оқытып, ғылым сабына қосқан да компартия. Бұл жақсылыққа мәңгілік жақсылықпен жауап қайтаруға ант етемін! Бұл сынды ұлы мұратқа опасыздық істеген қаскүнемдерге тілі тәтті, іші у, екі тілді орайшылдарға, компартия үшін де айқайлап жүріп сіңіп кіріп алып, компартияның сіңірін қиғысы келетін тап жауларына, өздерінің ұсақ мүддесі үшін қоғамдық ұлы істі былғап жүрген қара күйелерге, азғындарға, жалақор жандайшаптарға жан ұжданыммен от ашамын! Ондайлардың өзім білетін мәселелерін асықпай толықтап жазып әшкерелеймін!» - Мақпал осы жазған антын залдағыларға толық естірте анықтап оқып беріпті де жоғарырақ сенімді біреуінің қолына ұстатыпты. - «Мынау сізде тұрсын, осы антыма титтей қайшылық істесем табанда жазалануға ырзамын, деген антымды оған да дауыстап айтып тапсырдым!»- деп күлді Мақпал.

Басқасына ауыз былғамай, социализм мен коммунизмге мәңгілік адал болатындығына ғана ант еткеніне мен де сүйіне күлдім. Мақұлбек пен Құлжанның қылмыстарын нысаналағаны ғой!

- Ал, бұл ант бойынша әшкерелеуге тиісті факттерді толық білемісің?- деп сұрады өзінен.

- Мақұлбек пен Құлжанның барлық сөз-әрекетін білемін. Уақыты, орны, кімдердің алдында қандай жағдайда сөйлегендіктерін де ұмытқаным жоқ!

- Өшігіп өзіңді күреске тартса қайтесің?

-  Бірінші, мен сайрап қалпақ киген емеспін. Екінші, үкіметке тілім тимейді. Үшінші, қолымда Асқар бар, маған не істемек. Күреске тартса тіпті жақсы, айқындап тереңдете қазбалаймын!... Осы антымды сөйлеп болған соң маған сұрау - тергеу жүргізе алмай қалып еді. Менің соңымнан іле шала «жүрек тапсырған» Ақияға қатты тиісті...

- Не деп?

- «Жүрек тапсыру деген құрғақ ант беру емес, тапсыр мәселеңді!» деп бір тобы шу ете түсті. -«Сен, Биғабіл ұйымының негізгі мүшесісің, оның фактілері көп!», «Құмардан шекараңды айырғаның рас болса, оның мәселесін тапсырасың!», «Биғабілдің көне досысың, оның да мәселесін тапсырасың!» деседі. «Биғабілдан да Құмардан да кері төңкерістік ұйым түгіл бірер кербақпа сөз естігенім жоқ!» деп Ақия алғашында шорт қайырды жауабын. Үш рет солай тойтарды. Соңында: «егер Құмардан мәселе табылса, партия мүшесімін ғой, әрине айрылысамын. Олай болмаса... некеленіп қойғанымнан соң айрылыс дегендеріңіз - заңсыздық болады» деп ескертті. Қарсы топ сонда да шуласып қалды: «егер шекарасын айырмаса, Құмар түгіл басқаларының мәселесінен де ештеңе әшкерелемейді. Төңкеріс мәнпағаты үшін әкімшілік бұйрықпен ажырату қажет!» десті.

- Бұл талапқа Ақия не айтты?

- Ақия, неліктен екендігін білмеймін, соңында әлгіндей босырақ жауап айтып қалды: «Құмар күреске түскеннен бері өзім де шекара бөлып тұрмын. Анықталған соң бірақ көремін!» деді. Мәселе жоқтығын анық біледі ғой, Құмарды сол бетімен үзіл-кесіл ақтап тұрып алуы қажет еді. Сөйтсе, менің кейінгі керісінше әшкерелеуімде де пайдасы тиетін еді!- деп күрсінді Мақпал. - Өзінің қызмет орны мен партиялылығын қимайтын көрінеді.

- Бізден шекараны қаншалық айырғандарыңмен де мәселе тауып бере алмай қорлайсыңдар ғой оларды,- деп ойлана жымидым. - Қайтадан қуарлайтындай болса сенде соның жолына түсіп, «шекара айыра» тұрғаның жөн сияқты!

- Жоқ, менің одан басқа жөнім көп!- дей салған Мақпал, Ақия жөнінде бір сезгенін айтты. -Ақияның өзі қорқатын бір мәселе бар сияқты, жылай береді.

- Ақияның қорқатыны, Асылқанның үйінде Құлжанмен «саражол» туралы айтысқан сөздері болса керек. Оның өзіне айтып қой, ол сөздерін Күлән сонда «жауды жабайылықпен жеңуге болмайды» деген мағынаға аудармап па еді, мәселе болып түсе қалса, Ақияның өзі де осы жолмен жауап берсе болғаны, қорқарлық мәселе емес!

- Басқа мәселесі болмаса, оны ұмытқаным жоқ. Ондағы пікірін менің де қуаттаған сөзім бар болатын: «жау тапты түгел аң деп, істі сол аңның өзінше жүргізсек, жер шары жабайы аңның ғана мекені болып қалмай ма» дегенмін. Біздің үйде Құлжан партияға қарсы былжырап алып, сенен қуаланды болған соң, Асылқанның үйіне барғанда саған жағайымсып, жоғары таптарды үрім-бұтағымен қырып-жоятын ең тұрпайы солшылдыққа бірақ көшкен. Біз сондай екі бетті ұждансыздығына қарсы шыққанбыз. Солай емес пе?

- Дәл солай. Ал сендердің сол жабайылыққа қарсы сол жауаптарыңды партия қазір де теріске шығара алмайды. Өйткені, өздерінің сорақы солшылдығын әлі де мойындамайды. Түйенің үстінде тұрып, жаяу адамға бұқ-бұқ дейтін түйсіксіздің өзі осылар болып қалмадыма!

Екеуіміз ұзақ күлістік бұл мәтелді теңеуге...

Қар ерігеннен соңғы бірнеше күндік мезет шөл де көл бойындай ылғалданып, желіндей қалмай ма. Дәл сол шақта Жаубасар тағы да шаңқылдап екі аяқтылардан ешкімімізді қалдырмай қуды. Зордан да «зор секіріп» барып, Үрімжінің күншығыс жақ сыртындағы су шықпайтын тастақты таз қыраттарды түгелімен ормандыққа айналдыра қоюға бұйырды. Бірақ, тағдыр менің ащы терімді бұл тандырға нәсіп етпегендей. Енді қазып болған шұңқырыма қара ағаш пұтағын қадай бергенімде шақыра жөнелді біреуі келіп. Жақын маңымдағы «оңшылдар» түгел солшылдарға үдірейе қарап қалыпты. Күбірлеп қана мекемеге қайтарып әкетті. Түске жақын әрең жетіп едік. Жаубасар кабинетінде Айғайкөкке иек қақты да шыға жөнелді. Сол орынбасары жеткізді үкімімді.

- Бүгіннен бастап сақшы назаратының қарамағына өттің. Еңбекпен тәрбиеленуге барасың, жоғары жақтан бұйрығың шықты. Ендігі ісіңді сол орын басқарады!

- Бұйрыққа қол қойған кім екен? - Тісімді-тісіме басып, бәсең үнмен сұрадым.

- Автоном райондық партком!- деді ол, қайтесің дегендей нықтап тұрып. Айырым бастығының атын атамады. - Қазір жүресің, үйіңе бар да тез дайын бол!

Үйге қайтып барып жайшылықси естірттім Мақпалға. Қызара қалса да ол да абыржығанын сездірмей құшақтады. «Денсаулығыңа мықты бол» деп күбірледі жалғыз-ақ. Алқымынан әлде не тіреп, сөзге келтірмей қойғанын ұқтым. Менімен бірге «секіріп» жүрген көрпені екеулеп таңдық. Үлкен жол сумкама керек-жарақтарымды салып, дайындап қойды да ұйықтап жатқан Асқарды оятып әкелді. Екеуін қоса құшақтап, кезек сүйіп тұрғанымда мекеменің ханзу тілмашы кіріп келді. Ол да күлімсірегендей шырай көрсетіп, иегімен ымдады, «жүр» дегені еді. Буыншағымды көтеріп шығарып велесипетіне таңды. Сумкамды өзім көтеріп шыға бердім.

- Бізден алаң болма!... Мүлде алаң болма!... Денсаулығыңды... денсаулығыңнан басқаны ойлама!- деп үзіп-үзіп әрең айтты Мақпалым. Мен де сондай бірдемелерді айта күлімсіреген сияқтандым. «Асқар бар ғой, әрқандай жағдайда да күреске түспейтін райда бол!» дегенім ғана анық. Ол да күлімсіреп бас изеді.

Асқардың қолын өз қолымен қоса көтеріп, бұрма көше мүйісінен өткенімше сермей бергеніне жалтақтап мен де қол сермей беріппін. Терезелерінен қарап тұрған көршілердің ешқайсысы шыға алмады.

Үрімжінің күншығысынан күнбатысындағы қызыл таудың дәл түбіне, үлкен көпірмен айнала жаяулап барып, «жаңа өмір машина ремонт завоты» дейтін вывиска жазылған қара қақпаға бір-ақ тоқтадық. Тілмаш кіріп жолдау қағазымды тапсырысымен ішкі босағадағы әйнекті үйшіктен автоматын көлденең ұстаған әскери пос шыға келді. «Лаужяусо»[2] сы осы екен. Мұның да нақтылы түрме екендігін, түгімді қоймай тінтуінен толықтап түсіндім.

Ішінен жанмылтық асынған бірі «зу!»[3] деп шақ ете түсті сонан соң. Биік қорғанның оңтүстік жақ бүйіріндегі шағын ғана ішкі қораға айдап апарды. Бір жатақтың сәкісіне нәрселерімді қойғыза сала тіпті қатал бұйырды. «Зу!».

Тағы да айдай жөнелді. Айдағаннан айдап, қызыл таудың солтүстік жағындағы бір шоқыға өрлетті. Алыстан шаршап келгендігімнен тіземді қолыммен тірей өрлеп әрең шыққанымда күн күреңітіп батып бара жатты. Менің теңдестерім быжынап сол шоқының арғы, тік беткейіне орман егіп жүріпті. «Зор секіріп ілгерілеудің» әкесін енді көрдім: су жұқпас айна таздың жалтыр төбесіне шаш еккеннен де қиын, шоқы қиясын шақылдатып тас босатып, жиде ұрығын көміп жүр.

Қосылған әтіретімнің көбі  бала. Көшеден жиып алынған қалтамандар мен сотқарлар екендігі сұрқтарынан көрініп тұр. Ал, қатарымыздағы әтірет, шашын бұйралата бергендіктен сыпыра үйіткен басқа айналып кеткен бұзық әйелдер әтіреті болып шықты. Күлейін бе, жылайын ба!...

Еңбек уақыты бітсе де құйрығымды жерге тигізбей айдап, «ескерту» үшін әкеліпті. Солармен бірге тізіліп, қайта қайттым. Солармен таласа-тармаса тұзсыз-қатықсыз көкбұршақ ұнның қаракөк умашын ішіп, солармен бірге үйрендім. Алдымен түрменің тәртіп-ережесін оқытты. Бір сәкідегі он төрт лаужяудың арасына сынаша қағылып кіріп ұйықтап, құзғын сәріде ақырған дауыстан солармен бірге үркіп түрегеліп, кетпен, керке көтере жөнелдім. Әйтеуір артымыздан лаугайдағыдай[4] шошиған ұзын мылтық көрінбей, сары шапан етектерінен автомат пен жанмылтықтың тұмсықтары ғана жылтыңдады. Шірік жүгері ұны лайлаған сарысумен ашып кеткен сары момысы артымыздан ере барып, сол шоқы үстінде үлестірілді. Күн де сарғайып шығып, бәрімізді сарғайта көтерілді.

Тышқақтан күлгін сарыға айналған арық қара жігіт қатарымыздағы үйітілген бастардан ұялғандай, дәретке алыстап барып отыра қалып еді. Сары шапанды ұйжаңымыз соңынан ақырып барып, теуіп тұрғызды. Айдап келді де осы қазған жеріңе отыр деп, желкесінен басып шұңқитты. «Тыңайтқыш керектігін де білмейтін мал!» деп ескертті маған қарап.

Әйелдер әтіретіне ең жақын шеттегі бір ретте тұрған ұйғыр жігіт бұл оқиғаны байқамаған сияқты. Үстімізден төніп тұрған сары шапандыларға «рұқсат па» дегендей қол көтеріп ишаралай қойды да штанының бауын ұстай жүгірді ылдиға. «Хұйлай!»[5] деп ақырды дүйжаң сары. Дәреттен қысылған жуан қара жігіт әйелдерді көрсетіп, ұят болады дегендей өз бетін түрте сала тағы жүгірді. Ол құйрығына далда тауып отырып болғанша сары киімдіден екеуі түсіп тепкілей жөнелді отырған жерінде. «Біз адамбыз!» деп қана айқайлады ашынған жігіт. Әлуетті көрінеді, тепкендеріне қымырламай отырып, «мәселесін» бітіріп түрегеліп еді. Сарылардың бірі жанқалтасынан арқан шығарып, қолын желкесіне қайыра байлады. Құйрыққа теуіп айдап әкеліп тергеді. Қылмыскердің тағы да сондай адамгершілік қағида сөйлегеніне шамданды. Түскі келген норма момысын бергізбей, байлаған күйінде тұрғызып қойды да кешке қайтып барғанымызда түрмедегі жалғыз қара ағаш пұтағына байланған қолынан асып қойып шықпыртты.

Елуінші жылы қыздай мінезбен сызылып келіп, «халықтың өгізіміз» дейтін «халық азаттық армиясы» осылар еді. Енді бүгін далаға дәреттенгені үшін ғана қасқырша жұлып, мұншалық жауыздық көрсететінін кім ойлаған!...

- Үй мынау, қасапқа келген мал емес қой, іш ауру лаужяуды бұлай жазалай ма екен, айтсаңдаршы! -деп қалып едім, естіп тұрғандар көзін қысып, аузын басып, бастарын шайқап, шошына қарады маған. - «Лаужяудың қырық проценттік құқығы сақталады» дегені қайда?» деп еселегенімде группа бастығым болып көрінген бір хұйзу жеңімнен тарта жөнелді жатаққа. Мұндай сөздің үлкен қылмыс болатындығын түсіндрді. Мұндағы тамақ пен тәртіптің өзара қайшылығы аса қатерлі екен. «Денсаулық!», «денсаулық!», «денсаулық!» деп үш қайталап серпілдім ашудан. Машина ремонт әтіретінде істейтін еріктілеу бір лаужяу техникке жалынып, сақтық үшін іш ауру дәрісін алдырып ала қойдым.

Жаңа келген лаужяуды бір айға дейін семья адамдарымен көрістірмейтіндігі естілісімен Мақпалға ұқтырып хат жазып жөнелттім. Алаң болмауы үшін «жақсы орналасып, жайлы тұрғаным» баса айтылды.

Ашып кеткен жүгері үні ішімізге тоқтамай, шыға қашып әурелеп жүргенде ол да таусылыпты. Оның орнына күп-күрең болып «түтігіп» қызыл каулен ұны келе қалды. Мал да жемейтін «сыпыртқының басы» қастерленіп қасқанға түсіп, қатты пысқан бауырдай кертіліп-кертіліп жетіп келгенде тұнжырай түсті лаужяулар. Сөйтсе де кеңірдектерінен зорлап өткізісімен іш аурулардың қабақтары ашыла қалды. Жаңа тамақтың қасиетін құрсақтарының құрылдап-шұрылдамай қарсы алғандықтарынан сезе қойыпты. Ондай ауруды тас төбесінен ұрғандай тоқтата қоятын «дәрі» екен. Сол күні еңбек майданынан таяқ жемей бәрі де аман қайтты. Тіпті лаужяулықтарын да ұмытып, рахаттанғандай, жайраң күлкілері естілді.

Кеште қайтып келе сала сол дәм-тұзсыз «бауырды» қан күрең умашымен дымдап қылғып едік. Таң ата үрке түрегеліп дәретханаға барсам, әтірет бойынша өшіретке тұра қалыпты. Алдымен кіргендері орын босатар емес. Күшенеді. Ыңқылдайды, ышқынады. «Сыпыртқының анасын» тілдей отырып қыңқылдайды. Бақсам, «босана алмай», түгел толғатып жатыр екен. Кешегі жеген «сыпытрқы басы» бүгін сыпыртқының сабына айналыпты да ішектерімен бірге суырмаса түспейтіндей сіресіпті. Бар қаһарларын жиып бірнеше рет ышқынғанда сол жуан «саптан» лақтың құмалағындайы ғана әрең үгітіліп түседі екен.

Өшірет тиісімен мен де сөйтіп бір көріп, оңай шешілетін мәселе емес екендігін білген соң көп отырудан намыстанып шығып едім. Шоқыға өрлегенімде кереметін көрсетіп, көзіме қарашұбар жылан болып ұялады. Бізден бұрын жетіп істеп жатқан «үйітілген бастардан» ұялар жайым қалмады. Жиде егетін қорым тасты керкемен тыжырына қопарып, кенерелей сала, шапанымды желбегей жамыла шоңқидым. Ішегімдегі «спыртқы сабын» қатындар үркетіндей қаһармен мытқылап үгітіп түсіріп, есімді әрең жиып қарасам, әтіретіміз түгелімен-ақ шоңқиған екен. Ең «қуанарлық» жайыт, бізге күлетін әйелдердің өздері де шоңқиғаны болды.

Ендігі мұқажырымыз, іш тоқтататын дәрі емес, іш жүргізетін дәрі болып тамсандырды. Кешке қайтып бара сала сүргі іздедік. Жүгерінің шіріген ұны да жоқ, оның дәрі болып жасалғаны табыла қойсын ба!...

Ертеңіндегі таң бозында сәкіден бәрінен бұрын үркіп түрегеліп, дәретханаға бәрінен бұрын орналасып едім. Менен кейін келіп өшіретке тұрғандардың арасынан таныс дауыстар естілді: «дәретке бір отырғаны тұрмай қоятыны несі ей?» - Жақанның үні. - «Мына тықыршып тұрғандарына, күлкі үшін қысас қылғандары шығар!»- деп жауап бергені Тоқбай сияқты. -«Бір дәретке бір сағаттан отырып, күн өткізуді де ойлайтын шығар!»- деп күлген анық Қапас екенін таныдым.

- Жоқ шырақтар, жауаптарың дұрыс емес!- дей түрегелдім орнымнан.

- «Үй мынау Биған аға ма?», «соның үні ғой!» -десіп күбірлесіп тұрғандарында дәретханадан шыға келдім.

- Еңбекпен тәрбиеленушінің дәретте де жұмыссыз отырмайтындығын ертең таңертең түсінесіңдер!

Күлісе, шұрқыраса амандастық. Әлгі сөйлеген үшеуінен басқа Асылбек, Ақбай, Зарықбек, менің қызметтестерімнен «Құйынсоққан» да бар екен. Өткен іңірде айдалып, біз жатқан соң жетіпті. Ысқырық тартылып, ахуал сұрасуға мұрсамызды келтірмеді. Бірқаншасы қарнын, бірнешеуі штанының бауын ұстай жүгіріп, тізіле қалды.

Дүйжаң сары тізімге қарап, мені Биғабили деп шақырды да, Құйынсоққан екеуімізді  көк азық егу группасына қосты. Жаңағы күрескен алты оқушымды түнде солармен қатарлас келген он шақты ұйғыр «ұлтшылға» қосып, кірпіш құю группасын құрды. Таудан әр күні түнде машина-трактормен ұрдалып тасылып жатқан қарағайларды далдалы қораға тасуға бір группа. Қайдан келетіні белгісіз, түн сайын көбейіп жатқан таза құмды қалтарыс бұрышқа тасуға тағы бір группа... Сөйтіп, қилы-қилы кәсіптен он шақты группаға бөлді. «Қосымша кәсіп әтіреті» деп аталатын осы әтірет сан қилы, сан сырлы кәсіптердің әтіреті екендігін сонда түсіндік. «Зор секіріп ілгерілеу» де әйтеуір сақшы назаратынан озатын ешқандай ұшар қанаттың жоқтығына күмәніміз қалмады. Өйтетіні, шебер ұрының барлығы лаугайда. Олардың жеткіншектері де лаужяуға жиналып жатыр. Өз кәсіптеріңмен секіріп ілгеріле десе, олардың қайсысы тартынбақ...

Сүргі дәрісін іздегендердің жан дауысы түрме басшылығына енді естілгендей, ұлттық кадр атаулыдан көрінген жалғыз татар гансысын сол күні кеште жіберіпті. Тәлім-тәрбие гансысы екен. Келе сала группаларды түгел жиғызып жіберіп, жаңа шыққан үгіт қолданбасын оқуға кірісті. «Астық - гауһардың гауһары» деген тақырыбын тамсана жариялағанда арт жақта отырған «оңшыл-ұлтшылдар» күле қарасты бір-біріне. «Енді түсініпті!», «енді түсініпті!» деп күбірлеседі. Былтырғы жариялаған сыңаржақты «құрыш-маршал» ұранының тамақ болмайтындығын енді түсініпті дегені екенін мен де түсініп жымидым.

«Елімізде астық тапшылығы былтырғы құрғақшылық апатынан пайда болды» деп шімірікпей жариялады кадр. - «Алдымен астық жағынан секіріп ілгерілемесек ашаршылық туылатындығын» сөйлей келе, алақандай бос жер қалдырмай егіндікке айналдыруға үндегенде күлкі тағы көтрерілді. «Зор секіріп егеміз деп, қалған түйірін енді тақыр далаға шашып құртады-ау!» деген күбірге күлісті... «Бар жерден бір-ақ өндіреміз деп бірінен де өнім ала алмай тоқитады ғой енді!», «күреп аламыз деп тұмсығын тасқа тіреп жығылатын ауру ғой бұл!» дескен күрсіністер де естіледі.

Біздің аурудың емін кадрымыз ең соңында айтты. Сыпыртқы ауруының кесірін лаугай әтіреттерінен көріп келген сияқты: «іш айдайтын дәрі бұған шипа болмайды екен. Мұнан соң лаж жоқ, табылғанынша каулен жейміз. Оны бір күні сүргімен айдай берген адам... өледі. Ең жақсы дәрі - қайнақ су екен. Көп ішу керек. Ішкің келмесе де зорлап іш!» -деп өзі де күрсініп шықты.

«Астық - гауһардың гауһары» екендігін барлық группа «үйренуге» осыдан бастап кірісіп, іңірлерде барлық жатақ «жарыса сайрайтын» болды. Бұл тақырып, қарындары ашқан адамдар сөйлегенде тіпті зор секіріп сөйленетін тақырып екен. «Құрыш маршалды лаугайға алып, орнына астық гауһарды қоймаса, ол гүй[6] құйрығымызға сыпыртқының сабын тығады екен» деп сайрады сотқарлар.

Мұны әнеу күні далаға отырып қойып таяқ жеген жуан тышқақ, жас содырларға сыбырлап сөйлетті. Аты Тоқты Басит екен. Сол таяқтан иығы шығып кетіп, таңдырып, еңбектен қалған болатын. Немен болса да қарынын толтырмай тоқтамайтын қомағай жігіт, басқалардан қалған кауленді де жұмарлап қылғып жүріп, ең көп «толғататын» да сол болған. Оның ішіне өнген сыпыртқы сабы, жеген жесіне қарағанда, сексен жылдық қарағайдан кем түсе қоймайтындығы, дауалға шалқалап сүйеніп, күндіз-түні отыратындығынан дәлелденіп еді. Әлгі сөз әтіретке түгел тарап барып, басшылықтың тергеуіне түскенде, «үш қызыл туға қарсы бұл кері төңкерістік үгіттің» түп атасы сол болып шыға келді. Күреске бір кеш тартып жіберіп анықтап, ауруына қарамай айдады еңбекке. Біздің көк азық группасына қосып айдады.

«Астық - гауһардың гауһары» ең көп оқылатын группа, осы группа. Түскі демалыс уақытында да демалмай атыз басында «үйреніп» жүргенбіз. Тоқты Басит келген соң кемелдене түсті бұл «оқуымыз». Мұндай өтірік үйренуге келгенде алдына жан салмайтын шешен жігіт екен. Біздің Құйынсоққанның демеуімен тіпті үдеді. Пікірін дәретке асығып, қарнын сипай отырып бастайды да сөз соңын, бір шұқанаққа түсіп, штанын төмен сыри жалғастырады. «Құрыш маршалы құрып кетсін, астық - гауһардың гауһары» деп ышқына-ышқына сайрайды.

- Ей, сен құрыш маршалды жаман айтасың болмайды, осы сөзіңнің өзін сөйлейсің жақсы!» деп ханзу зужаңымыз[7] зекіріп қояды. Группаның басқа мүшелері астықтың гауһарлығы жөніндегі құрғақ сөзге жақжұты болғандықтан Тоқтының сөйлеуіне зужаң мұқтаж да күлкілі әңгімелі сөзге біз мұқтаж едік. Осындай жақын далдаға отырып сөйлей беруін, бірге істеп жүрген үйткен бас әйелдер де құптады.

Гауһардың гауһарын «үйрене» жүріп, көк азық егетін ұңғыл-шұңғыл атызды көбейте бердік. Санпаку деп аталатын бұл сайда біз игермеген «тың» қалмады. Құлағалы тұрған жардың асты мен үсті. Суды аспаннан құймаса маңайынан тышқан да кіре алмайтын тұйығы. Тастақ белдердің кенезесі кепкен қапталдары, баяғы гомендаң әскерлерінің далдалану үшін қазып кеткен ұяшықтары... дәріпұрыштың[8] жайма дорбаларындай жүз бөлек, мың парша болып «ашылып» тегістеліп, атызымызға айналды. Кетпенмен шауып босатып қырлай салып, ұрық шаша бердік. Қолымен істей алмайтын Тоқты Баситтің жуан аяғы ұрықты көме берді. Әйтеуір оның түскі лекциясында құйрығын малып қойып сөйлейтін қуыстары көбейе берді...

«Зор секіріп ілгерілеудің» құйыны тыныштық бермей бір ай үйіріп, жаздық көк азықты егіп  болғаннан соңғы  бір жексембі күні ғана демалдық. Лаужяуларды семьясынан келгендерімен көрістіретін күн еді бұл. Шақырды дегенге Мақпал келген екен деп жүгіріп едім, дарбазаға келіп тұрғандардың арасынан қызыл жаулығын иығына салған Гүлниса ғана танылды. Балғынтайда бір киіп көрінген қызыл пүліс көйлегі, сол шырайы, сол көзі, кереметті сол шашы.... Мен сескене қарап кілт тоқтап едім. Көрістіруші кадрға айтып, Гүлнисаның өзі табалдырықтан аттай жүгірді. Қолында мықшия көтерген үлкен сумкасы бар, тамақ сияқты.

- Мақпалмен ұлыңыз аман!- деді қос қолымен амандасып. - Бірақ, бүгін мұнда келуге рұқсат ала алмады! - Маңайдағы бар көзді өзіне тартып тұрған «қарындасым» күбірлей сөйлеп, жан-жағына қарап қойды да бүктелген хат ұстата жалғастырды күбірін. - Мақпал екі-үш күннен бері күреске түсіп жатыр,- дегенінде жүрегім зу ете түсіп еді, - одан қауіптенбеңіз!-деді іле-шала. - Жеңіп шықпай қоймайтындай пікірі күшті, алымды болып шықты, өзіңізден де қиын екен. Сөзі мен үнінің сыпайылығы арқылы ешкімді ашуландырмай мойындатады! Әйелдердің бәрі қорғайды оны, бәрі жақсы көріп қалды!

- Не жауап айтып жатыр?

- «Көрген - білгенім» деп әшкерелеп, Мақұлбек пен Құлжанның рәсуасын шығарды. Оның толық ақтайтыны сіз, Күлән, Ынтықбай үшеуіңіз ғана. Вечеркаларыңыздағы[9] болған барлық сөзді сол болған қалпымен сөйлеп берді. Барлығы дәлелді. Өз уақытында жазып жүрген сияқты!

Нұрияшымды мақтаған мақтасына қарап, осы сұлудың өзі жөніндегі күмәнім жеңілдеп сала берді. Жеке жер болса маңдайынан сүйіп, сылап-сипап қойғым да келді. Және сұрадым.

- Ал, күреске тартушылар одан енді не талап етеді?

- «Шекараңды айыр!», «бай шаруаның қызысың, өз мәселеңді тапсыр!», «Күләннің мәселесін тапсыр!», «Тапсырмасаң, екеуіңді айырмай төңкерісіміз аяқтамайды» дейді!... Оған Мақпал титтей де қысылар емес. Ыңғай «бірінші, екінші» деп ретімен анықтап сөйлейді екен өзі! «Бірінші» мен бай шаруаның қызы емес, мал құмарлардың бай шаруаға сатқан лағымын. Баласы болсм сатама!... Менің әке-шешем, автоном райондық партком мен партия мектебінде... Кімнің баласы екендігімді солардан сұраңыздар! Екінші, мен, өзім ақтап тұрған адамдардан шекараны мүлде айыруым мүмкін емес. Себебі, олардың қалпақты нахақ жаладан кигендігіне көзім жеткендігі үшін ақтап тұрмын, фактым толық. Олар кейін мәселе өткізіп қоймаса, мәңгі ақтағаным - ақтаған! Қойған дәлел - факттерімді сондағы басы қасында болған адамдардан өтірікке шығаратындар болса, қане, алдыма әкеліп сөйлетіңіздер» дейді!

Осы хабарды Гүлниса күле баяндап тұрғанда көрісу уақытымыз біте қалыпты. Қақпа алдында тұрған кадр қузасымен сумкамды алдыма қоя салып, асыға сөйледі.

- Мақпалға алаң болмаңыз, оның қорғаушысы көп. Ешкім айқайламайды, оған қарсы ұрандамайды. Және күреске Асқарды ала келіп, алдындағы столға отырғызып қойып сөйлейді. Оған ештеңе істей алмайтындығына сол жігіт кепіл!... Ал, әйеліңіз сізге келе алатын болғанша мен келіп тұрамын. Сумканы кейін алармын!... Аман тұрыңыз! - Гүлниса көзіне жас ала күлімсіреді.

- Рахмет қарындас, мың рахмет!- қолын қыса қоштастым.

- Есқата ала ма екенмін?- деп Гүлниса баяғы сөзін растағандай сық етіп күле бұрылды қақпаға. Мен қайта тоқтатып, жақындай түсіп сөйледім.

- Келешек күйеуіңмен өзіңе, тірі болсам мен де есқатармын, қарыздармын!... Мұнан соңғы демалыс күндеріңді маған сырап етпе, осының да жетті! Мұндағы тұрмысымда қиыншылық жоқ. Жалғыз-ақ өтінерім: Мақпалға «ес қат!» қорғаушы, қамқоры бол! Оны - мен деп таны, егер ол олай-бұлай болып кетсе, мені де өлді деп біле бер!.. Ал, қош!...

Гүлниса велосипетінің қасына барып, маған қарап тұрып қалды. Көзін сүртті. Қол сермеп тастап, сумканы көтере жөнелгенімде ғана қолын, бас ие көтеріп, велесипетін жетектеп шығып кетті.

Мақпалдың хатын жатаққа кірген соң аштым: күреске түсіп жатқанын жай ғана іс ретінде жазып, ештеңе болмайтындығын ескертіпті. «Жалғыз-ақ, саған барып қайтуыма тиым салып тұрғаны болмаса, болттары босап қалды. Көргенімді түгел айттым. Сенің соңғы ескертуің бойынша, қатты мінез көрсетпей-ақ түңілдіретіндігіме сенімім толықтанды. Көпшілік мен жаққа шықты!» -депті. Ынтықбай мен Құмардың, Юсуп Қасым, Ясындармен бірге «төменге түсіп», басқа бір еңбек лагеріне кеткенін жазыпты сонсоң. Қай жердегі, қай лагер екендігін біле алмапты. Күлән да өз орнында күреске түсіп жатыр екен. Оның үстіндегі күрес тіпті қатты сияқты. Мекемесінен бір ауыз үй беріп, шығармай тексеріп жатқанын Мақпал біреуден естіпті.

Мақпалдың өкпелі досының бірі Ақия көрінеді: «мені көрсе жылап сырт айланып кетеді. Әлдекімнің қыстауымен бізге жала жабуға беті шыдамай жүрген адам тәрізді. Сен айтатын қасқыр мен қошқар жөніндегі әлгі бір анегдоттағыдай салбырап кеткен екен. Үзіліп түсіп, аш қасқырға жем бола ма деп қорқам. Мен оның Асылқан үйінде Құлжанмен айтысқандағы сөзін де айқындап ақтап шықтым. Ондағы біздің пікіріміздің дұрыстығын көпшілік қыза құптады. Ақияның енді неден қорқатыны тіпті түсініксіз!» деп жазыпты. Соңында менің денсаулығымды қайталап-қайталап тапсырып, «өзіңнің екеуің» деп қана қол қойыпты.

Хат сыртына словян жазуымен жазған қосымша сәлеміне үңіле түстім. «Мына қыз сені қоғамдық ой-пікір жөнінен ең жақын аға тұтатын идеясын сыйпаттап, маған көп ақыл қосып, көмектесіп жүр. Әлиядан мүлде басқаша жан көрінеді. Күрестен құтылғанымша сенен хабар алып тұруын өтіндім. Әлгі бір айтқаның сонда да есімде, алаң болма!... Жақында бір ебін тауып өзім де барып қайтармын» деп ескертіпті.

Сол демалыс кешіндегі жиында әтірет бастығымыз «секіріп ілгерілеудің» жексенбілерден секіріп өте беретін құқыққа ие екендігін ресми мәлімдеді: мұнан соң «үлкен жексембі» күні ғана демалыс беріледі деді. Газетте жарияланғандағыдай жексембі сайын үйіне барып тұратын құқық тек жасырын еңбек сіңіру арқылы сенімге ие болған бірен-саран лаужяуға ғана беріледі екен. Ол да «үлкен жексенбіге» байланды. Ал, үлкен жексембі дегеннің өзі ғайыптан жаралатын, әтірет бастығының шеңгеліндегі бір «жарықтық» сияқты. Қай күні демалыс жарияланса сол күнді үлкен жексембі деп түсініңдер дей салды соңында.

Бұл тәртіп, Үрімжі өзенінің арғы қабағындағы дәл тұсымыздан төтелеп жүргенде екі-ақ шақырым жердегі семьяммен көрісіп тұруды тағдырдың жұмбағына айналдырып қойды. Егіп болған атыздарымыздың су бармайтын бөлшектеріне шелекпен су тасып суғаруға кірістік. Бұған осы группа ғана емес, бүкіл әтірет жабылса да орындалатын жұмыс емес екен. Қапалтадағы атыздарға су тіпті алыс. Бастығымыз басқа әтіреттерден көмек сұрап шапқылап жүр. Оңайлықпен «үлкен жексембі» берер түрі жоқ.

Әпкіш пен екі шелекті иығымнан түсірмей сенделтіп қойған рақымсыз «кішкене жексембі» күнінің түске жақындаған шағында Гүлбикемнің[10] тағы да келе жатқаны көрінді. Бұл жолы ерекше сұр бешпет, сым мен сары шапка киіп шығыпты. Жол үстінен сай табанындағы бұлаққа қарай өтіп бара жатып танып тұра қалдым. Шағын жәшік бөктерген велосипетпен ағызып келіп түсе қалып амандасты да менің көрсетуіммен, төбе басынан қарап тұрған зужаңыма қарай жүгірді.

- Жолығуға дүйжаңыңыздан алған қағазым бар, бұлақ бойына түсіп отыра тұрыңыз!- дей жүгірді.

- Шаршап қаласың, жүгірмей бар! - Бұл менің ішімнен елжіреп аяуым еді. Өткірлігі мен спорлығына таңдандым. Әнімен сахнадан көп көрініп, көпке таныс болған сұлу, осы беделімен әлі талай «есқатар». Бірақ, басқаларға қарындасым деп сендіруге бет-жүзіміздің парқы көп еді. Сұм қыз мұны да күнібұрын ойлап қойған екен. Зужаңға қағазын беріп келе сала соны айтты.

- Менің шешем, сіздің шешеңіздің ұйғырға тиген сіңілісі болды!- деп күлді. Бірер метрдей алыстаңқырап отырды қатарыма келіп. - Мұндағы басқарушыларыңыздың бәріне осыны айттым, ұмытпаңыз!... Мақпал мен Асқарыңыз өзіңіз көргендегідей аман. Күрес тоқтаған. Бірақ, үйіңізді тінтіп, қалған кітап-қағаздарыңыздың бәрін тізімдеп, Мақпалға қол қойып беріп алып кетіпті. Кейін «өзіңіз қайтқанда» қайтарып беретіндігін айтыпты - дей келе Мақпалдың хатын ұсынды. - Сіздің жүдегендігіңізді өткен жексембіде оған айтпай, мақтап барып едім. Расында да қалпыңызға келіп, қайтадан өңейіп қалыпсыз!

- Мақпалға қандай шара көретіндігінен сезгенің барма?.. Төменге түсірмес пе екен?

- Оған институттың өзіндегі режимінен басқа жаза қолданбайтын сияқты. Мектеп басшылары «қалпақ кимей қалған жас оқытушыларымыздың ең негізгісі осы еді» деп, ондағы науқан басшылығына пікір көтергенін естідім. Тағы да «өзіміз кепіл болып өзгертіп аламыз» дейді екен. «Көшіріп әкеліп мектеп ішінен үй береміз» деп Мақпалдың өзіне де айтыпты.

- Олай болса, оның біздің ақтағандығымыздың жазасы осы режим ғана болғаны ғой!- деп серпіле, жеңілдей қарадым жан-жағыма.

- Семьяңыз мектеп ішіне көшетін болса, ешнәрселеріңізді шашпай-бұзбай өзім орналастырамын, алаң болмаңыз! - Гүлниса да қарады маңайына. Жоғары-төменгі жағымыздан су алып жүрген лаужяулардың көбі бізге қарап тұрып алғанын көрді де күліп жіберді. - «Ағасы» мен «қарындасынан» күмәнданып аңдығандары ма?

- Жоқ, олар сенің шырайыңа қызығып жүр. Үрімжіде не қилы жігіт бар ғой, бәрі де саған осылай телміреді!

- Сіздің де тәуір көретіндігіңізді білемін!- деп жымиды сиқыр қыз. - Бірақ, асқан берік адамсыз. Мақпалдың ерекшелігін білгенімнен соң сіздің соныңыздың дұрыстығын толық түсіндім. Аяса аяғандай жар екен!... Сіз екеуіңіздей жетік пікірлі зиялылар көп шыққан болсашы! -Гүлниса ойлана күрсінді. Осы тілегінің түбін анықтай түскім келді:

- Олай болғанда лаужяу мен режим тіпті көбейер еді! -дедім әдейі.

- Ақиқатты сөйлеуден қайтпайтын саналы азаматтар көп болса, бұлай қылмыс таба алмай жеңілгеніне де ызаланып жазалай бере алмас еді! Бізге қалпақ та кигізе алмас еді!... Бұл ахуалымызды өзіңіз тіпті толық білесіз. Бұлай қорлауға, тек аздықтарыңыздан ғана ұшырадыңыздар!... Қатты ашынып жүрмін! -Гүлниса соңғы сөзіне келгенде төмен қарап, көзжасын тастап-тастап жіберді. - Бұл тіпті де төңкерістік іс емес! -деді сонсоң. - Ақ пен қараны, пайда мен зиянды айыра алмайтын көркеуде надан мәнсапқорларымыздың көптігінен пайдаланып осыншалық басынды!... Өз басымызды өз жұдырығымызбен ұрып жатыр! Гүлниса енді булыға өксіді. Аяулы басын алдыма алып, Асқарымша әлдилегім, маңдайынан құшырлана сүйгім келді. Тамсана қарадым маңдайына.

Данышпан тергеушім, бұл сырлы дүниеде осындай махаббаттың да болатындығын түйсінген жеріңіз бар ма?.. Сіз, жер жүзіндегі барлық махаббат гүлінің сырын білетін «ғалымсыз, гүл біткен түгел ашылсын» деп отырып, ашылып көріне қалғанда қызылынан басқасын түгел қырып тастайтын, «талғамы күшті данышпансыз». Сондықтан сұрап отырмын!

Махаббатыңыз, тіпті қызылға қызығып байланған да емес, (шындығында жүрегіңіздің қызылға да қарсы екендігі «даяужың» жоспарыңыздан ап-айқын көрініп отыр ғой.) Қарамақсатқа қатерсіз жетудің қамымен әсіре қызыл болып көрінудің жолын тапқан, асқан алаяқ «данышпансыз». Сізден сұрамай кімнен сұрайын!

«Сыпыртқы сабы» өз ішіңізге де кіріп кетуінен қорқып, сасқандығыңыздан ғана астықты гауһардың гауһарына теңеп қалғандығыңызды былай қойғанда, қаражүректің қара темірден басқа гүл-гауһары болмайтындғын жетік білетін ең сұм «данышпансыз», сондықтан сұрап отырмын! Осы сұлу екеуімізді қиуадан қиыстырып, етене аға-бауыр етіп қойған махаббаттың аты кім, қайдан келген құдірет?...

«Оңшыл-ұлтшылдарды» бала-шағаларынан да айырып, тікендей даралап жұлсақ тұқымы тез құриды деп отырғандарыңызда мұны білмейтіндігіңіз өздеріңізді құртатын қылмыс болып жабысар ма екен!

 

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»



[1] Лаужяу (ханзуша, қысқартылған атау) - еңбекпен тәрбиелеу, еңбекпен тәрбиеленуші.

[2] Лаужаусо - еңбекпен тәрбиелеу орны.

[3] Зу (қытайша) - жүр.

[4] Лаугай (ханзуша қысқартып алынған атау) - еңбекпен өзгерту. Еңбекпен өзгеруші - заң бойынша кесілген қылмыскер.

[5] Хуйлай (ханзуша) - қайт, қайтып кел.

[6] Гүй (ханзуша) - албасты. Гүй (ұйғырша) - әйелінің абыройын сатып күн көруші.

[7] Зужаң (ханзуша) - группа бастығы.

[8] Дәріпұрыш (ұйғырша-парысша) - дәрі сатушы (шөп дәрі сататын қырық дорбалы саудагер).

[9] Вечерка (орысша) - кештік сауық.

[10] Гүлниса - Гүлбике мағынасында. (ниса (парысша) - қыз)

 

0 пікір