Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Алаң 4840 48 пікір 22 Ақпан, 2022 сағат 12:33

Путин өркениетті әлемге «соғыс жариялады»

Путин өзінің агрессор екенін тағы бір дәлелдеді. Ресей басшысы Украина шығысындағы бүлікші қос аймақты дербес мемлекет деп мойындау туралы жарлыққа қол қойды. Осылайша, ол Украина аумағының тұтастығын талқандау жолындағы әрекетін жалғастыруда. 

Ресей басшысы кеше шұғыл түрде Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді. Отырысқа қатысқан Ресей билігінің ығай-сығайлары: «Луганск пен Донецкте қырғын болып, орыстілді халықты қырып жатыр, бұл нағыз геноцид», - деген өтірікті сапырды. Қатысушылардың барлығы дерлік екі бүлікші аймақты тәуелсіз ел деп мойындауын сұрады. Путин өз шешімін арнайы үндеу арқылы жариялайтынын айтып, Қауіпсіздік Кеңесін аяқтады.

Путиннің Ресей халқына үндеуі 40 минутқа созылды. Көрермен бұрмаланған тарихи фактілерге толы дәріс тыңдады десек те болады. Ресей басшысы өз сөзінде: «Украина деген елді КСРО құрған, Украинаның ядролық қаруды иемденуі біз үшін аса қауіпті, Киев нағыз фашистік көзқарасты ұстануда», - деген бұрмаланған мәліметтерді жанын сала айтып шықты. Ал сөз соңында ол Луганск пен Донецк деген бүлікші аймақтарды тәуелсіз ел деп мойындап, арнайы жарлыққа қол қойды. Жарлыққа қол қою үшін Мәскеуге аталмыш екі аймақтың заңсыз басшылары да келген еді. Путин дереу арада халықаралық қауымдастықпен мойындалмаған екі бүлікші аймаққа көмек көрсету бойынша арнайы қаулы шығарды. Ол бойынша Луганск пен Донецк аймағына Ресей әскері енгізілуі тиіс. Түн ортасында Ресейдің әскери бөлімшелері Украина шекарасынан өтіп, бүлікшілер аймағына кіргізіле бастады.

Әрине, аталмыш әрекеттер әлемдік қауымдастық үшін күтпеген жайт болды дей алмаймыз. Себебі екі бүлікші аймақты дербес ел деп тану туралы ұсыныс Ресей Думасында 15 ақпанда талқылана бастаған болатын.  Оқиғаның осылай өрбитіні белгілі еді. Әлемдік қауымдастық Ресейдің агрессиялық саясатына келесідей жауап қатты.

АҚШ басшысы Джо Байден Ресей аталмыш қадамға барғаннан кейін Украина басшысы Зеленскиймен сөйлесіп, өз қолдауын білдіріп, Ресейді айыптады. Сонымен қатар, ол бірден Луганск және Донецк содырларымен сауда және инвестиция саласында қызмет ететін тұлғаларға санкция салу, олардың шетелдік мүліктерін бұғаттау туралы бұйрыққа қол қойды. Бұл Ресейдің басып кіруіне дайындалған санкциялық пакеттерден бөлек санкция еді.

Канада елі де Ресейді қатаң айыптап, өз кезегінде санкция салатынын айтты. «Біз өз серіктестеріміз бен одақтастарымызды қолдай отырып, Ресейге экономикалық санкциялар енгізетінімізді жариялаймыз», - деді Канада СІМ Мелани Жоли.

Ұлыбритания премьері Борис Джонсон Ресейдің әрекетін халықаралық құқықты өрескел таптау деп атады. Бүгін Лондон өз кезегінде санкциялар салуды бастайды. Сонымен қатар, Ұлыбритания Киевке қару-жарақ жеткізуге ниетті.

Франция басшысы Эммануэль Макрон Ресейді қатаң айыптап, қатаң санкциялар салуға шақырды. Ол БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізуге ұсыныс тастады. Макрон бұған дейін бірнеше мәрте Мәскеу мен Киев арасында келіссөз өткізуге талпынған болатын.

Польша премьері Матеуш Моравецкий Ресейді «агрессор» деп атап, дипломатияға соққы жасады деп айыптады. Артынша Еуропа елдері ауыр санкция салу керектігін айтты.

Қытай болса мәселені дипломатиялық жолмен шешу керектігін ұсынды және жағдайды ушықтырмау үшін келіссөздің маңызды екенін де айта кетті.

Финляндия да Ресейді айыптады. Өз кезегінде Еуропа қауымдастығы бірлесе қататын санкциялық жауапқа дайын екенін және қолдайтынын айтты.

Румынияның ұстанымы да Финляндиямен бірдей болды.

Грузия президенті Зурабишвили: «Грузия Ресейді қатаң айыптайды. Ресей біздің жеріміздің 20 пайызын отарлап алған әрекетті Украинада қайталауда», - деді.

Қазақстан СІМ басшысы Мұхтар Тілеуберді Луганск пен Донецк аймақтарын мойындаудың күн тәртібінде жоқ екенін айтты. Министр былай дейді:

«Өздеріңіз білесіздер, кеше Ресей президенті Донецк пен Луганск халық республикаларын растау жөнінде шешім қабылдады. Сондықтан, қазіргі жағдай күрделі, шиеленісіп бара жатыр. Ал Қазақстанның ресми ұстанымы қазір талқыланып жатыр. 

Мұндай сұрақ (Луганск пен Донецкті мойындау туралы) тұрған жоқ. Ең біріншіден, біз халықаралық құқық негізінде және БҰҰ-ның ұстанымын ұстанамыз».

Ол тілшілердің «бейтарыптықты сақтайсыздар ғой» деген сұрағына «әрине» деп жауап берді. Мұхтар Тілеуберді журналистердің: «Путин өтініш білдірсе, Қазақстан ҰҚШҰ-мен Донбассқа өз әскерін жібере ма», - деген сұрағына: «Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы бар, оған Қазақстан мүше мемлекет. Бірақ, бұл ұйымнан ол жаққа әскер жіберуге құқығы жоқ», - деді.

Ал Украина ше? Украина басшысы Зеленский кеше екі мәрте Қауіпсіздік Кеңесін өткізді. Ақыры ол өз халқына 5 минуттық үндеу жариялап, соңында мәселені соғыссыз, дипломатиялық жолмен шешетінін айтты.

Ал Ресей басшысының шешімін қолдап жатқан елдер де бар. Мысалы Сирия. Сонымен қатар Йемендегі хуситтер мен мойындалмаған Абхазия да Путин дұрыс шешім қабылдады деген ойда.

Ресей басшысының шешімі Ресей рубліне де соққы жасады. Рубль долларға шаққанда құнсызданып барады, ал ірі ресейлік компаниялардың акциялары бір күннің ішінде 20 пайызға құлдырап кеткен. Осылайша Ресей басшысы Луганск пен Донецк аймақтарын дербес ел деп мойындау арқылы, өркениетті әлемге қарсы екенін және халықаралық бірде-бір шартты мойындамайтынын көрсетті.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

48 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2055
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2484
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2074
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1600