Сенбі, 4 Мамыр 2024
Дат 4215 19 пікір 19 Ақпан, 2022 сағат 15:27

Үш алшақтық немесе артқы топтан адасу

Басы: Аса байлық не керек...

Жалғасы: Сөздің басы - Елбасы...

Датым бар!

Дәстүрлі қазақ қоғамында «Дат!» сөзі тағдыранықтағыш сәтте қолданылды. Ол – әділдікке қол жеткізудің соңғы амалы. Көбінесе билеушіге қарата айтылған екен.

Менің «Датым!» тек билеушіге бағытталмаған. Оны «Абай.kz» порталының барлық оқырмандарына, солар арқылы қазақтың зиялы қауымына жолдап отырмын. Ең бастысы – жеке басымның тағдырына ғана тіреліп тұрған шаруа емес. Денім сау, отбасым аман, біреуден ілгері, біреуден кейін жүріп жатқан орта таптың өкілімін. Бар мақсатым, Абайдың сөзімен айтсам, «ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ».

1. Біздің мақсатымыз бен жауларымыз

Байырғы қазақ жерінде мемлекеттілігін құрған Қазақстан халқының басты мақсаттары Ата Заңда – Конституцияда нақты дәйектелген. Мемлекетіміздің көздегені демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік құбылыс ретінде өркендеу, ал оның ең қымбыт қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

Менің ойымша, Конституцияны қабылдағаннан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, осы межелердің жартысы да орындалмай, қағаз жүзінде қалуда. Түбінде жүзеге асатынына күдігім бар. Басқа-басқа, демократиялық, құқықтық елге айналу үшін азаматтарымыз періште болуы керек қой. Өмір жолын құдайдың құдіретімен бастаған Адам ата мен Хауа ана пейішке сыймаған соң, бүгінгі ұрпақтары туралы не айтуға болады?

Әрине, жер бетіндегі жалғыз homo sapiens ретінде жақсылыққа ұмтылу керек. Мұнсыз жауыздық бел алып кетуі әбден мүмкін. Адамның жыртқыш аңнан айырмашылығы қалмас еді. Сөйте тұра, Конституциялық мәртебесі бар Қазақстан жолы тығырыққа тірелгені неден? Досқа күлкі, дұшпанға таба болатындай не жазып едік? Дертімізді анықтамай, немен жазылатынын білмей ертеңгі күнге дәмемен қарау – бекершілік. Басты себеп, пайымдауымша, мынада: қандай елде, қай дәуірде болмасын тарихты түзетін үш күш бар; біреуі – халық, екіншісі – билік, үшіншісі – тұлға. Осылардың шешімімен, қолымен, ақылымен материалдық және рухани байлықтар өндіріледі, жаңалықтар ашылады, қоғамда ілгерілеу, тоқырау немесе іркіліс орын алады. Тарихты түзуші үш күштің өзара қарым-қатынасы мен ықпалдастығы үздіксіз жетіліп, үйлестіріліп, нәтижесінде бәсекелік қабілетін сақтай алғанда, тарихтың қозғалысы сын-қатерден биік тұрады. Біз  адам факторы, яғни халық пен тұлғалардың жасампаздық әлеуеті толық ашылмағандықтан, биліктің қоғамдағы басқа тетіктермен дұрыс ықпалдаспағандығынан барша халық мақұлдаған конституциялық талап үдесінен шыға алмадық.

Тәуелсіздіктің бірінші онжылдығында ұлттық тарихымыздағы өзгерістерде жасампаздық мазмұн басым еді. Жұмыссыздыққа, кедейшілікке, қаулаған қылмысқа қарамастан ғасырлар бойы қордаланып келген ұлттық, тілдік, рухани, кадрлық, ақпараттық, қауіпсіздік, халықаралық қарым-қатынас мәселелерінің оңтайлы шешіле бастауы халықтың көңілінен шықты, зиялыларымызды қанағаттандырды, биліктің дұрыс жолда екенін куәлендірді.

Әрине,  сол онжылдықтың өзінде уақыт өте келе тәелсздіктің жауына айналған сын-қатер төбе көрсетті. Атап айтар болсақ, саяси элитаның билік пен байлыққа таласы Назарбаевтың Қажыгелдинмен, Нұрқаділовпен, Рахат Әлиевпен жанжалынан көрінді. Жекешелендіру сылтауымен саяси басқарушы интеллигенция бірнеше ұрпақтың еңбегімен қалыптасқан байлықты қолына қаратып алды. Ханталапайдан қара халық пен зиялы қауым сырт қалды. Аграрлық экономиканың талқандалуымен қазақтың қалаға қарай шұбыруы басталды.

Дегенмен ертеңгі күнге деген сенім біржолата жоғалған жоқ еді. Мұнай бағасының жоғары деңгейде сақталуы, шетелдік инвестицияның көптеп келуі, нарықтық экономикаға жеделдетіп өтуіміз, Назарбаевтың сыртқы саяси бастамалары (Азиялық кеңес, әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының съездері, т.б.), ішкі жиынтық өнімнің он пайызға дейін өсуі – бәрі Қазақстанның жұлдызы жанғандай әсер етті.

Сөйтсек, тап осы онжылдықта тәуелсіздіктің ғана емес, бүкіл адамзаттың, прогресс атаулының жаулары қоғамымызды иектеп алған екен. Заманында осынау мәселенің төңірегінде Абай да ізденген тәрізді. Әйтпесе «күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар... әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық» деп жазар ма еді.

Дүние өзгерді. Абай заманындағы адамзаттың жаулары да өзгешеленді. Адам баласының бүгінгі жаулары, менің ойымша, мыналар:  1. Монополияның жүгенсіз өктемдігі. 2. Адамдардың жатсынуы(биліктен, саясаттан, идеологиядан, қоғамдағы көпе-көрнеу келеңсіздіктерден) . 3. Заңның сақталмауы, құқықтық қорғансыздық.

Қазақстанда биліктің қолдауымен монополияның орнықпаған саласы жоқ. Ауылдағы шабындық және егістік жерлердің аса үлкен ауқымда латифундистердің қолына өтіп кеткені, Алматыдағы «Алтын орда» сынды табысы мол базарлар Болат Назарбаевтың құзырында қалғаны, халық қалаулысы Н.Нығматуллин Қарағандыны майлы шелпекке айналдырғаны, «КТЖ-дай» алпауытты экс-премьер А.Мамин бірнеше триллион борышқа батырғаны, тұңғыш президенттің үш қызы мен күйеу балалары мұнай, газ, қаржы, банк, несие салаларын тышқан жорғалатпай бақылауында ұстағаны енді ғана ашық айтыла бастады. Осындай момнополистер құрылыста, байланыста, кеденде, БАҚ-та, тіпті спорт пен жарнама да миллардтарды судай сапырғандықтан не нәрсенің болсын бағасы аспанға шарықтады. Мұның бәрінің бастау-бұлағы билік атаулының сыннан, бақылаудан, заңнан, жазадан биік тұрғанында. Шалғайдағы ауылдағы балабақшаның меңгерушісінен министрліктің жауапты шенеунігіне дейін өзін тоғыз қылмыс жасаса да жазаға тазартылмайтын Шыңғыс ханның ұрпағындай сезінді.

Жоғары билік пен монополия формасындағы жойдасыз байлықтың арасынан қыл өтпестей одақтасуы және ықпалдастығы заңға қайшы келеді. Әлем мойындаған ұстанымдар – биліктің бизнестен оқшау тұруы, экономикаға араласуының айтарлықтай шектелуі бұзылғанда қарапайым адамдардың құқықтарын қорғау екінші қатарға ысырылады екен. Жуырда  ҚР Президенті Қ.Тоқаев тікелей өндірушілерді қанау ортағасырлық деңгейге түскенін бір ғана дерекпен ашып берді: бүгінгі Қазақстанда еңбекші халықтың жартысынан астамы 50 мың теңге айлықпен жүр екен. Қалай үнемдесең де бұған күн көру мүмкін емес. Заң бойынша да бұл барып тұрған әділетсіздік. Заңның жұмыс істеуден қалғанын Ішкі істер және Қорғаныс министрлерінің, ҰҚК төрағаларының, олардың орынбасарлары мен лауазымды қызметкерлерінің сотталғанынан байқауға болады. 30 жыл ішінде экономикалық қылмысы үшін жауапқа тартылған мемлекеттік қызметшілерді санап тауысу мүмкін емес.

Қазақстан тарихында заңды мұншама таптау бұрын-соңды орын алмаған кереғарлық. Осының бәрін көріп-біліп, басынан өткеріп отырған халық пен зиялының әлеуметтік, саяси, кәсіби құлшынысы су сепкендей басылмай тұрмайды ғой. Мәдени-имани көзқарасы дағдарысқа ұшырайтыны да ақиқат. Турасын айтсақ, біз 80-90-шы жылдар межесінде дүниеге келген бір ұрпақтан айрылдық. Қазақ тілін менсінбейтіндер, батыстық атаулыға құлшылық ұратындар, көшелерде жартылай жалаңаш, түнгі клубтарда тыржалаңаш жүретіндер, деструктивті діннің құрбандары – осылар. Ахуалды экстремистік пиғылдағы күштер өз пайдасына шешіп кетті. Әділетсіздіктен бойын ашу-ыза кернеген жандар «қаңтар қасіретінің» бел ортасында жүрді. Билік атаулыға сенуден қалған, мемлекеттік құндылықтардан жатсынған ұлттық, діни, ізгілік ұстанымдары шайқалған бұл қауымды өркениетті ортаға қайтару монополияны жоюдан, заңның салтанатын орнатудан әлдеқайда қиын әрі ұзақ уақытты талап етеді.

Монополия құбылысы, жатсыну мен заңға жүгінбеу қазақ топырағында пайда болған жоқ. Олар – әрісі отарлық дәуірден, берісі – кеңестік тоталитаризмнен жеткен мұралар. Тәуелсіздік тұсында жаңа сипаттармен байыды. Демек, отандық тарихты түзушілер әрекетіне терең ізденіс, тыңға түрен салу, жаңашылдық серік бола бермеген.

2. Үш алшақтық немесе артқы топтан адасу

Тәуелсіздіктің басқа да жаулары баршылық. Біразын қаңтар-ақпан айларында ҚР Президенті Қ.Тоқаев Парламент Мәжілісінде,  бизнесмендермен кездескенде, «Хабар» телеарнасына сұхбатында, Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстарында қадап-қадап көрсетті. «Самұрық-Қазынаға», шетелге ауған қаражатқа, түрлі салықтарға, автокөлік өнеркәсібіне, кеденге қатысты берген тапсырмалары елдегі күрделі жағдайды оңалтатынына сенеміз. Биліктің кадрлық корпусы жаңа есімдермен толығуда.

Дегенмен, Қазақстан халқы өтпелі дәуірдің аспалы көпірі үстінде тұрған қауымды көзімізге елестетеді. Оның шарқ ұрған жан дүниесін, арпалысқан ой әлемін Абайдан қалған мына сөздер дәлме-дәл суреттеген: «Дүниеде ешбір қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да бұрыла алмайды, егер сөз айтсаң, түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап отырады. Енді не қылдық, не болдық!».

Бұл сұрақтарға жауапты Қ.Тоқаев табады деген бейғамдықпен отыра берген жөн емес. Бүкіл қоғам болып іздеуіміз керек. Үлкенді-кішілі ұжымдар мен өндіріс орындарындағы, біз тәрізді тығырыққа тірелгенмен шығар жолды тапқан елдердегі тәжірибені ми қазанында қайнатудың нарқы жоғары.

Тәуелсіздігіміздің монополия, жатсыну, заңнан аттау тәрізді жаулары аяқ астынан шыққан жоқ. Пайда болуы, қалыптасу дәуірлері, ресми бекемделуі, халықаралық аренаға шығуы сынды мәнді белгілерін тиянақтау – ғалымдарымыздың мойнындағы міндет.  Оларды дүниеге әкелген, жеті басты жалмауызға айналдырған себептердің тұтас жүйесі, қайнар көздері бар. Ең маңыздылары мыналар: 1. Билік пен халықтың арасындағы байланыс және кері байланыстың әлсіреп, бір-бірінен алшақтауы; 2. Н.Назарбаев анықтаған мемлекеттік ішкі және сыртқы саясатты жүзеге асыру барысында сөз бен істің сәйкес келмеуі. Ғылым тілімен айтқанда, теория мен практиканың арасындағы алшақтық. 3. Ат төбеліндей ғана қоғам мүшелерінің заңсыз байыған үстіне баюы, есесіне байырғы халықтың, әсіресе ауыл-село тұрғындарының кедейленуі, елде антагонистік көңіл-күйдің және қатынастардың орнығуы. Яғни байлық пен кедейліктің асқына алшақтауы.

Бірінші алшақтықтың мәні мен әкелген зардабын Абайдан асыра айтқан ешкім жоқ, сірә. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деуімен кімнің жоғын жоқтаушы екенін айқындап алған ақын Ұлы даладағы берекесіздіктің шығу тегін елдің сөзін ұстағандармен байланыстырған ғой:

Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?

Арада ғасырдан астам уақыт өтсе де ақиқат ақиқат күйінде қалуда. 1995 жылы қабылданған Конституция Қазақстанда суперпрезиденттік билік институтын орнатысымен үлкенді-кішілі бастықтар Назарбаевтан көргенін өз ортасында айнытпай қайталауға кірісті. Ол отырған ғимаратта кіріп-шығатын бөлек есік пен дәліз, мініп-түсетін бөлек лифт пен баспалдақ, қызметтік көлігінің есігін ашып, бастықтың портфелін, көзәйнегін т.б. қолына алатын көмекшілер пайда болды. Қыздан да қылықты орынбасарлары ол күлсе күлді, ашуланса ашуланды. Бастығынан жарты қадам алға озуға жүректері дауаламады. Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ билік кімге пана болсын, ақырында осынау кеудесін керген билік халықтан алшақтады.

Бұл объективті түрде сөз бен істің алшақтауына әкелді. Қазақта: «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сөз бар. Бізде ғана емес, барша әлемде осылай. Есеп пен бақылау кеткен жерде бассыздық басталады. «Пәлен елде парақорлық жоқ, түген елде жемқорлық жойылған, бастықтары сүттен ақ, судан таза» деген сөздер олардың періште қалпында сақталып қалғанынан емес, заңға жығылғанынан. Байлықтың үстінде отырған билік иелерінің әрбір шешімі, қадамы, табысы қатаң бақыланатынынан. Ал біздің елге келсек, Президент лауазымында отырғандағы Н.Назарбаевтың сөзінде, баяндамаларында, кітаптарында мін бар ма? Қылаудай мін таппайсыз. Ал ісі... Қыздарының, күйеу балаларының, інілерінің халыққа тиесілі байлықты аш қасқырдай талап жатқанын көрмей, білмей отырды дегенге кім сенеді!

Билеуші әділдіктен тайған сәттен мемлекетті тонау басталатыны, ондай мемлекет адамдарды тыңдаудан қалатыны, бір ұрты қан, бір ұрты май билік пен байлық иелері қылмыс әлемінің ерекше артықшылықтарға ие қауымына айналатыны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Байлар мен кедейлердің тұрмыс деңгейі, өмір сапасы бойынша бір-бірінен алшақтауы осыдан. Басқа құпиясы да, формуласы да жоқ. Жалпы, биліктегі адамның бай болғаны абзал. Не киемін, не жеймін, не ішемін деп алаңдамаған жан өнімді еңбек ететіні бесенеден белгілі. Бірақ биліктің мүмкіндігін асыра пайдаланумен байлық жию байлықты шашумен билік баспалдағына көтерілу жүзден-жүйрік, мыңнан-тұлпар шыққанның белгісі емес. Мамандардың есептеуінше, байлар мен кедейлкердің арасындағы алшақтық 8 (сегіз) еседен асқанда ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін ахуал қалыптасады екен. Қазақстан бұл межеден ХХІ ғасырға аяқ басқанда-ақ аттап өтті. Бүгінде алшақтық 80 (сексен) есеге жеткен болар. Ақиқатын экономистерден естірміз.

Үш алшақтықтан халық жапа шекті. Сүрінді. Бірақ жығылмады. Ширығып алды. Нағыз адасқандар, ұтылғандар – билікті былғағандар мен монополияның майын ішкендер. Бұлар халық қазынасын, қазақ даналығын демейік, Асан Қайғыны да оқымаған-ау. Төл мемлекетіміздің тұңғыш идеологы:

Арғымаққа міндіп деп,
Артқы топтан адаспа.
Күнінде өзім болдым деп,
Кең пейілге таласпа.
Артық үшін айтысып,
Достарыңмен санаспа.
Ғылымым жұрттан асты деп,
Кеңессіз сөз бастама.
Жеңемін деп біреуді
Өтірік сөзбен қостама, - деген ғой. Әлін білмейтін Аяз билерге басқаша қалай айтсын.

2014 жылғы 17 қаңтар күні Н.Назарбаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялап, «Мәңгілік ел» ұлттық идеямызды дәйектеген еді. Арада тура 8 жыл өткенде тұңғыш Президенттің жіберген өрескел қателері бумеранг болып оралып, тәуелсіздігіміздің іргесін шайқады. Қазақстан отқа оранды.

Мен Назарбаевтың ұлттық тарихымыздағы есімі мен ісін өшіргенді қаламаймын. Жағымсыз нәтиже де нәтиже әрі тәжірибе. Тарихи әділеттілік пен ақиқат салтанат құрмай Мәңгілік ел бола алмаймыз. Бүлікке дейінгі Қазақстан енді қайтып келмейді. Дей тұрғанмен, тұңғыш Президентіміз, егер осы мәртебемен қала бергісі келсе, «Дат!» дейтін уақыты жетті. Өзі жаққан отты өзі өшіре алатын мүмкіндік туып тұр. Мәселе мынада: болған іске жауапкершілікті мойнына алып, барлық байлығымыздың жартысын ұстап отырған, өз қолтығынан шыққан 162 олигархты өндірістерін, заңсыз тыққан қаражаттарын елге қайтаруға көндірсін. Солардың қатарында өзі де, әулеті де болуы керек. Сонда елі сүйген, елін сүйген Елбасы екеніне халқы, барша әлем сенетін болады.

Айтайын деген «Датым!» осы еді.

Ханкелді Әбжанов,

ҰҒА академигі

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1217
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1111
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 847
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 992