Жексенбі, 12 Мамыр 2024
Пікір 4105 4 пікір 27 Қаңтар, 2022 сағат 12:56

Ұлттық тұтастық пен Ұлттық мүдде

Қаңтардың алғашқы тұманды күндері мен түндері Алматы үшін тым ауыр, әрі қатерлі боларын кім білген...

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын енді ғана тойлап, одан жаңа жылды жылы қарсы алған қазақ елінің қуанышын көп көрген кім екен?

Қоғамды дүр сілкіндірген оқиғаның себептерін саралап, салдарына баға беру аса маңызды. Бұл ұлт тарихында Қаңтардың қасіретті оқиғасы ретінде жазылып қалары хақ. Президент Қ.К. Тоқаев Парламент Мәжілісі  отырысында сөйлеген сөзінде атап өткендей, бізге керегі – тек ақиқат ғана. Еліміздің заңдарында көрсетілгендей, азаматтар талап арыздары мен пікірін жеткізу үшін, Маңғыстауда шыққан бейбіт митинг еліміздің өзге аймақтарында қантөгіс пен тәртіп бұзушылыққа ұласып, аяғы  кісі өліміне әкеліп соқты. Қан төгілді. Қосақ арасында қаншама қыршын жастың ғұмыры үзілді. Материалдық шығынның орны толар-ау, ал 225 отбасында аңыраған анаға кім тоқтау айта алар, бала әкесіз қалды, жар жасына жетпей жесір қалды...

Қазақстан кәсіби дайындалған халықаралық терроршылардың қаруланған агрессиясына тап болды. Олардың мақсаты заңды билікті құлатып, еліміздің конституциялық құрылымын басып алу болған сыңайлы. Бұл ашық соғыс жариялаумен бірдей жағдай еді. Бәлкім, біреулердің төңкеріс жасау ниеті болды ма екен? Нәтижесінде сүйікті Алматының еңселі ғимараттары өртке оранды, халықты үрей биледі, көшедегі дүкендер тоналды, әскерилер мен полиция қызметкерлері, бейбіт халық оққа ұшты. Айтуға ауыз бармайтын жағдайдың біздің көз алдымызда, сүйікті Алматыда болғаны тым өкінішті.

Осы бір қанды оқиғаның себептеріне үңіліп байқалықшы:

  • экономикалық-әлеуметтік проблеманың шектен шығуы: депрессивті ауылдардың мүшкіл жағдайы, жер қатынастарының дұрыс реттелмеуі (миллиондаған гектар жерлерді жалғыз иемденгендер бар да, 6 соткы жерге жете алмай қиналғандар бар), жұмыссыздық, табыстың аздығы, тауар, азық-түлік қымбатшылығы, халықтың несиені төлей алмауы, жастардың білім алу, жұмысқа орналасу, баспаналы болу мәселелерінің шешілмеуі.
  • елді жайлаған жемқорлық;
  • ұлттық идеологияның болмауы; ұлттық құндылықтардың жеткілікті насихатталмауы;
  • жастардың арасында әртүрлі секталық діни ағым өкілдері уағызының белсенді жұмыс істеуіне мүмкіндіктің берілуі.

Өмір тоқтамайды... уақыт алға жылжи береді.

Президент атап өткендей, ендігі уақытта жаңа Қазақстанда қауіпсіздік мәселелерді қолға алу, экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, ауыл шаруашылығына назар аудару, мәдениет пен білім беру саласын дамыту, мемлекеттік басқаруды жетілдіру, меритократия қағидатын сақтау, бюрократияның орнына цифрландыруды енгізу, жастар арасында жұмыссыздықты жою көзделеді.

Кешегі Қаңтар трагедиясындағы жастардың әрекетіне баға берген көптеген сарапшылар оларды білім беру, тәрбие мәселесімен байланыста қарастыруда.   Рас, қоғамдық тәртіп бұзылды. Бірақ неге бұзылды? Тәртіпті кім бұзды деген сұрақтар да өз жауабын алары анық. Арандатушылардың болған да анық.   Адам өмірі мен денсаулығына қастандық жасау, мүлікті тонауға оңай бару, мүлікті қирату, өртеу – бүгінгі алматылық жастардың қолынан қалай келді? «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген тәмсілді құлағына құя алмай қалдық па?

Президент Қ.К. Тоқаев Мәжілісі отырысында сөйлеген сөзінде сапалы білім беруге ерекше назар аударды. Бұл қоғам үшін аса маңызды сала. Мектепке жақсы мұғалім керектігі, жоғары білімнің қолжетімді болуы туралы айтылды. Ол үшін грант санын арттыру көзделді. ЖОО бәсекеге қабілеттілігі назарда болып, шетелдің жетекші ЖОО-ның филиалдары ашылмақ. Оның ішінде Ресейдің техникалық жоғары оқу орындары да бар. Өндіріске жалпы физика пәнінің мұғалімі емес, нақты мамандық иесі, технологияны меңгерген шебер технолог-инженер керек, яғни, тиісті оқыту базасы қалыптасқан политехникалық, ұлттық университеттер мен колледждер дайындайтын мамандар керек.

Ерекше ескеретін жағдай техникалық пәндерге басымдық берілгенде, руханияттың негізі қаланатын гуманитарлық ғылымдардың маңызы ескерілуі міндетті. Жастар бойындағы отансүйгіштік, қоғамда ізгі қарым-қатынас жасау қабілеті, адамзаттық құндылықтар мен игіліктерді бағалау, ата-баба тарихына, ана тілге, ұлттық дәстүрге деген құрмет гуманитарлық білімнің негізінде қалыптасады. Біз, ең алдымен, маманды емес, АДАМды тәрбиелейміз. Бүгінгі студент ертең толық адам болуға ұмтылуы, ізгілік дәнін себуші зиялы болуға ұмтылуы қажет.

Ұлттық тұтастық ұғымы қазіргі таңда аса үлкен маңызға ие болып отыр. Қиын кезеңді басымыздан өткіздік, осы тұста бәріміз президент реформаларын қолдауымыз қажет.

Ал ұлттық мүдде – жеке адамның барлық мақсатынан жоғары тұруы тиіс.

Ұлттық құндылық тек ұлт үшін емес, адамзаттық мәдениеттің көкжиегінің кең болуы үшін, тынысының кең, тұғырының биік болуы үшін маңызды. Ұлттық құндылықты сақтау – мемлекет үшін маңызды. Адам баласының гармониялы дамуы үшін маңызды. Құндылықты бағалау – өмірдің мағыналы болуын айқындайтын маңызды феномен. Құндылықты бағалау арқылы айналадағы болып жатқан ірілі-ұсақты оқиғалар мен жағдайлардың бағыты мен бағдарын айқындап, әлеуметтік, мәдени, тіпті саяси үдерістердің динамикасын саралап, жүйелі түсінік беруге болар еді.

Құндылықтар сапында ұлттық кодтар мықшегедей бекіген, бекітілген. Құндылыққа айналудың өзі оның бойындағы ұлттың мәдени-рухани кодының болуымен байланысты. Құндылық - дүниетанымның рухани өзегі, қоғамда қалыптасатын сан алуан жағдаяттардың тарихи себептері мен мәнін түсінуге мүмкіндік беретін негіз. Басты таразы осы құндылық болмаққа керек. Өйткені халықтың немесе этностың ерекшелігі мен бірегейлігін айқындайтын  осы - ұлттық құндылықтар. Қазіргі жаһандану заманында ұлттық құндылықтарды зерделеу, оның мәні мен маңызын саралау, рухани-мәдени кодты жүйелеу, дәстүр мен сенімді бағалау, қоғам өмірінде маңызды рөл атқаратын ізгілік қасиеттерді насихаттау - әлеуметтің біртұтас және кең өлшемді әлемінде толеранттықты қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарады.

Бүгінгі қазақстандық жастар үшін әсем Алматы – басты құндылықтың бірі. Туған жердің әр тасы – құнды. Өз басым алматылық жастар қала көшелеріндегі дүкендерді қиратты, тонады дегенге сенгім келмейді, әттең...

Техника мен технологияның үлкен жылдамдықпен қарқынды дамуы мен ақпарат алу жолының шапшаңдығы – жеке тұлғаны өмірге тез бейімделіп, тез жетілуіне, «заманына сай адамы» болуға итермелейді. Мол ақпаратты алып, игеріп қазіргі уақытта жылдам-ақ «білімді», «білікті» болуға жол ашық. Планетадағы бүкіл жаңалықты «көзді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызып отырған» бүгінгі технология жетістіктері арқылы білім алу қиындық келтірмейтіні анық. Қазіргі ғылымның даму деңгейі қоғам дамуын тез өзгертіп, жетілдіріп, оның сан түрлі бағытта өзгере дамуына қол жеткізе алады.

Қазіргі ғылыми технократия мен қоғамда бүгінгі таңда орнығып отырған  «бүгін және қазір» прагматикасын талдаған көптеген гуманитар-зерттеушілер жеке тұлғаның дамуында өмірдің мәнін түсінуден гөрі, жеңіл-желпі күйбең тірлікке салынудың артқанын, рухани құндылықтардың алмаса бастағанын орынды ескертуде. Қазіргі қоғамның белсенді үдерісінде гуманитарлық ғылымның беделінің түсуі, бағаланбауы анық байқалуда. Бұл үдеріс тек біздің елімізде ғана емес, әлемдік кеңістікте етек алып отырғаны рас. Тіпті жапондық кей зерттеушілер әлеуметтік білімді оқытудан бас тартуға шақырғаны да мәлім. «Экзистенциалды философияның» күні бітті деп жорамалдаушы батыстық ғалымдар өмірдің мәнін айқындауға арналған ғылым саласының орнына, неоэкзистенциалдық теорияны ұсынып жүруінде де мән бар. Технократизм культінің орнығуы, тұтынушыға айналған қоғамның «бүгін және қазір» прагматизміне бой ұруы - рухани әлсіздіктің белең алуын алға тартты.  Мұны күнделікті адамдардың бойынан айқын байқап жүргеніміз рас.

Қазіргі ХХ ғасыр мен ХХІ ғасыр тоғысы мен ХХІ ғасырдың басында пайда болған неоэкзистенциалистік теорияға ғалымдар үлкен сеніммен қарауда. Олардың арасында философтар ғана емес, сонымен бірге натурализм мен психоанализ теориялары ұсынған тұжырымдарға қарсы көптеген психологтардың болуы да қуантады. Қазіргі таңда бұл теория батыста белсенді зерттелуде. Экзистенциалды тәсіл философияда, педагогикада, этнографияда, мәдениеттану мен тіпті медицинада кеңінен қолданылады. Экзистенциалдық аксиологияны құру, «құндылықтар» арқылы субъектіге әсер ету дәрежесін зерттейтін арнайы құрылған қағида қазірде ғылыми бағыт ретінде қалыптасып келеді. Ақпараттық қоғам жағдайында үлкен дүниетанымдық маңызға ие. Құндылықтар жүйесін бағалау мен бағамдау адам баласының күнделікті тіршілігінен бастап, үлкен жаһандық мәселелерді шешуге дейінгі аралықтағы барлық әрекеттер үшін маңызды болмақ.

Ұлттың барлығы мен бірлігін танытатын, тұтастығы мен тұғырын анықтайтын – тілі. Сондықтан ұлт үшін ең басты мәдени-рухани құндылық – тіл. Ұлттың ортақ тағдыры бар, ортақ рухани құндылықтары бар, ортақ ділі мен мінезі бар, ортақ ұлттық коды бар. Осының бәрінің басын қосып, тұтастыққа жеткізері, ұстанар ұстанымының таразысы, дүниетанымның темірқазығы – ана тілі, ұлт тілі. Келешек жастарды дұрыс жолмен тәрбиелеудің басты құралы да осы болмақ керек.

Анар Салқынбай,

филология ғылымдарының докторы, профессор. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1946
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2192
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1810
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1540